الله الرحمن الرحيم الملك القدوس السلام المؤمن المهيمن العزيز الجبار المتكبر الخالق البارئ المصور الغفار القهار الوهاب الرزاق الفتاح العليم القابض الباسط الخافض الرافع المعز المذل السميع البصير الحكم العدل اللطيف الخبير الحليم العظيم الغفور الشكور العلي الكبير الحفيظ المقيت الحسيب الجليل الكريم الرقيب المجيب الواسع الحكيم الودود المجيد الباعث الشهيد الحق الوكيل القوى المتين الولى الحميد المحصى المبدئ المعيد المحيى المميت الحي القيوم الواجد الماجد الواحد الصمد القادر المقتدر المقدم المؤخر الأول الأخر الظاهر الباطن الوالي المتعالي البر التواب المنتقم العفو الرؤوف مالك الملك ذو الجلال والإكرام المقسط الجامع الغني المغني المانع الضار النافع النور الهادي البديع الباقي الوارث الرشيد الصبور
+7 (7222) 52-19-11

ҚАЙТАР КҮНГЕ ДАЙЫНДЫҚ

ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ

ҚАЙТАР КҮНГЕ ДАЙЫНДЫҚ

                                    

 

(нақыл сөздер, ғибраттар)

 

Имам Хафиз Әбул-Фадл Ахмад ибн Али ибн Хажар әл-Асқалани

(һижри 773-852 ж.ж.)

 

بِسْــمِ ٱللهِ الرَّحْمٰنِ الرَّحِيـمِ

 

Автор туралы

 Аты-жөні және шежіресі: Имам әрі хафиз, қазылардың қазысы, діннің жарық жұлдызы Әбул-Фадл Ахмад ибн Али ибн Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Али ибн Махмұд ибн Ахмед ибн Хажар ибн Ахмед әл-Кәнәни яғни, Кәнән тайпасынан шыққан, әл-Асқалани яғни, ата-бабасы Палестинадағы Асқалан қаласынан шыққан, сонан соң әл-Мысри әрі әл-Қаһири яғни, Мысырда, Қаһира (Каир) шаһарында туылған. Соңғы лақабы –– әш-Шафиғи яғни, шафиғи мазһабын ұстанған.

Туған жері және жылы: Һижри 773 жылдың шағбан айының он екісі күні Мысырда туылған.

Білімді талап қылуы:  Ибн Хажар ғылым жолында аянбай ізденді. Нәтижесінде көптеген ғылымдардың шегіне жетіп, баға жетпес еңбектер жазып кетті. Жалған хадис таратушыларға қарсы күресті. Саналы ғұмырын хадистерді оқып, зерттеп, басқаларға оқытып, осы салада еңбектер жазуға  арнады. Сол замандағы ғалымдар ибн Хажардың хадис саласындағы аса білімдарлығына куә болып, оған хадис іліміндегі «хафиз» атағының берілуіне бірауыздан келісті. Зерттеушілер түрлі ғылымды жетік меңгерген ибн Хажарды жан-жақты, энциклопедиялық ғұламалар қатарына жатқызады. Өйткені ол хадис ілімімен қоса, фиқһ, араб грамматикасы мен әдебиеті сияқты ғылым салаларын да терең меңгеріп, бұл салаларда да құнды еңбектер жазып қалдырған.

Ұстаздары: Ибн Хажар өз заманындағы атақты ғұламардан тәлім-тәрбие алды.    Айтар болсақ, ас-Садр ас-Сифти, әл-Жамал ибн Заһира, әш-Шәмс ибн әл-Қаттан, ән-Нур            әл-Адами, Сиражуддин әл-Балқини, Иззуддин ибн Жамаға, әл-Һаммам әл-Хауаризми,         әл-Фәйрузабади, әл-Мухиб ибн Һишам, әл-Бәдр әл-Биштәки, Әбу Али аз-Зифтауи, ән-Нур   әл-Бирмаси, әт-Тәннухи, әз-Зәйн әл-Ирақи т.б.

Шәкірттері: Ибн Хажардың көптеген шәкірттері де өзі секілді ислам өркениетінің дамуында өшпес із қалдырған. Олардың арасында Зәкәрия ибн Мухаммад әл-Ансари, Шәмсуддин Мухаммад ибн Абдуррахман ас-Сахауи, әл-Жамал Ибраһим әл-Қалқашанди, әш-Шараф Абдулхақ ас-Сунбати, әл-Бурһан әл-Буқағи, әл-Изз ибн Фаһд тағы басқа ғұламалар бар.

Еңбектері: Ибн Хажар еңбектерінің ең бірегейі ― Бұхаридың Сахихына жасаған түсіндірмесі ― әл-Фатхул-Бари. Онан кейінгі тізбекте сахабалар антологиясы әл-Исаба фи Тәмииз ас-Сахаба, Инбаһ әл-Ғамр би әнбә’и әл-Амр, Тақриб әт-Тәһзиб, Тәһзиб          әт-Тәһзиб, Таажил әл-Мәнфаа би рижали әл-Ә’имәти әл-Арбаа, Булуғ әл-Марам мин Әдилләти әл-Ахкам, әд-Дирая фи тахриж Ахадис әл-Һидая, Раф әл-Иср ан құдати Миср, әд-Дурәр әл-Кәминә фи Аайан әл-Ми’ати әс-Сәминә, Лисан әл-Мизан, әл-Маталиб әл-Алия би зауа’ид әл-Мәсәнид әс-Сәмәния, Нухбат әл-Фикәр фи Мусталах Әһли әл-Әсәр, әл-Қаул әл-Мусәддәд фи әз-Зубб ан Муснад әл-Имам Ахмад кітаптары келеді.

Қайтыс болуы: Ибн Хажар һижри 852 жылдың Зул-Хижжа айының он сегізі күні жұмадан сенбіге қараған түні дүниеден өтті. Алла Тағала оған рахым еткей! Артында қалдырған мол мұрасын мұсылмандардың өз игіліктеріне жаратуларын нәсіп еткей! Әмин.

Кітап туралы: Асқаланидың қосымша ізгі амалдар тақырыбы саласында жазылған, негізінен, ғибраттар мен нақыл сөздерді қамтыған бұл кітабының алғашқы аты «Әл-Истиидәд ли йәумил-миаад» яғни, «Қайтар күнге дайындық» болса да, мұсылман әлемінде «Мунаббиһат» яғни, «Ескертулер»  деген атпен де мәшһүр болған.

بِسْــمِ ٱللهِ الرَّحْمٰنِ الرَّحِيـمِ

 

Екілік бап

Пайғамбар (с.а.с.) былай деген: «Екі қасиеттен абзал ештеңе жоқ: Аллаға иман келтіру мен мұсылмандарға пайда келтіру. Екі нәрседен асқан қасиетсіздік жоқ: Аллаға серік қосу мен мұсылмандарға зарар беру».

****

Пайғамбар (с.а.с.) басқа хадисінде былай деген: «Ғалымдардың мәжілістеріне қатысып, даналардың сөздеріне құлақ қойыңдар. Алла Тағаланың  жауын арқылы құнарсыз топыраққа жан бітіргеніндей хикметтер арқылы өлі жүректер тіріледі».

****

Әбубәкір (р.а.) былай дейді: «Қабірге жол азықсыз (ізгі амалдарсыз) кірген адам ашық теңізде кемесіз қалғанмен бірдей».

****

Омар (р.а.) былай дейді: «Дүние даңқы малмен, ақырет даңқы ізгі амалмен шығады».

****

Осман (р.а.) былай дейді: «Дүниені ойлаумен жүректі кір басады, ақыретті ойлаумен жүректі нұр басады».

****

Әли (р.а.) былай деген: «Білім жолында іздену жәннатты іздеумен тең, күнә жолында жорту тозаққа асыққанмен тең».

****

 

Яхия ибн Муғаз былай дейді: «Асыл жанды пенде Аллаға асылық танытпас, шын данагөй  дүниені ақыреттен жоғары қоймас».

****

Ағмаш былай дейді: «Кімнің байлығы тақуалық болса, оның тапқан діни пайдасын сипаттауға тіл жетпес, ал кімнің байлығы тек дүние болса, оның тартқан зиянын сипаттауға тіл жетпес».

****

Суфиян Сәури былай депті: «Нәпсіқұмарлықпен болған күнәнің кешірілуіне үміт бар, бірақ тәкаппарлықпен болған күнәның кешірілуіне жоқ. Оның себебі, Ібілістің күнәсі тәкаппарлықтан болатын, ал Адам Атаның күнәсінің негізі құмарлықтан еді».

****

Кейбір зәһид-тақуалардан қалған мынадай сөз бар: «Кімде-кім күліп жүріп күнә қылса, Алла оны жылатып тозаққа кіргізеді. Кімде-кім Алла жолында жылап ғибадат етсе, Алла Тағала оны күлдіріп жәннатқа кіргізеді».

****

Кейбір даналар былай депті: «Кішкентай күнәларға салғырт қарама. Өйткені үлкен күнәлар кішкентай күнәлар арқылы көбейіп шығады».

****

Пайғамбар (с.а.с) былай деген екен: «Қайта-қайта істелінген күнә кішкентай болмас, жарылқау тіленген күнә үлкен болмас».

****

Ескіден қалған мынадай сөз бар: «Алланы танушының бар қамы Алланы мадақтау болса, зәһид-тақуаның мұңы – дұға. Оның себебі Алланы танушының бар мұңы – Раббысы, тақуаның бар мұңы – жеке басы».

****

Бағзы даналардан мынадай сөз қалыпты: «Кімде-кім Алладан артық жақыным бар деп ойласа, ол оның Алла жөніндегі танымының аздығын білдіреді. Кімде-кім өзінің нәпсісінен асқан дұшпаным бар деп ойласа, ол оның өзінің нәпсісін танымағандығы».

****

Әбубәкір (р.а.) «Адамдардың істеген істері себебінен құрылықта да, теңізде де бүлінушілік шықты» (Рум, 41) деген аяттағы құрылықты тіл, ал теңізді жүрек деп түсіндіріп: «Пенденің тілі бұзылса, адамдар жылайды, ал егер жүрегі бұзылса, періштелер жылайды», – деген екен.

****

Ескілерден қалған мынадай сөз бар: «Нәпсіқұмарлық патшаларды құл етеді. Ал, сабырлылық құлдарды патша етеді». Жүсіп пен Зылиханың қыссасы бұған айқын мысал емес пе?

****

Ескіден қалған тағы бір нақыл мынадай: «Ақылы көшбасшысы болып, нәпсісі тұтқыны болғанға нұр жаусын! Керісінше, нәпсісі көшбасшысы болып, ақылы тұтқыны болған қандай қасырет!».

****

Даналар былай депті: «Күнәлардан тыйылғанның жүрегі жұмсарар, арамды жеуді тоқтатып, тек адалмен азықтанғанның ой-пікірі тазарар».

****

Алла Тағала пайғамбарларының біріне былай уахи етіпті: «Бұйырған нәрселеріме бойсұн, айтқан кеңестеріме қарсы шықпа».

****

Даналар айтқан мынадай нақыл сөздер бар: «Адам ақылы Алланың разылығын іздеп, қаһарынан аулақтауымен толысады».

****

«Бекзат жан үшін жат жер жоқ, надан үшін Отан жоқ».

****

«Аллаға бойсұнып жақындаған пенде адамдар арасында ғаріп (бөтен) болар».

****

«Тәннің қозғалысы оның тірі екендігін білдіргені сияқты Аллаға бойсұнып, әрекет ету Алланы танудың айғағы».

****

Пайғамбар (с.а.с) былай деген: «Барлық күнәлардың түп негізі дүниені жақсы көруден, барлық бүліктердің түп негізі – үшір мен зекет бермеуден».

****

Бұрынғылардан қалған нақыл сөздер:

«Өзінің кемшілігін мойындаушы әрдайым мақтаулы. Өйткені кемшілікті мойындай білу – көркем қасиет».

****

«Нығметке шүкірсіздік ету – күнә, ақымақпен бірге болу – қасірет».

****

Бір ақын былай деп бәйіт айтқан екен:

Бауырым! Дүниеге мас болып, бойкүйездікке ұрындың,

Қалмағайсың  ғапілетте, салғанша ажал құрығын.

Өлім айтып келмейді, қабірде жолдас – амалың

Дүниеде сабыр қыл, жеткенше уақыт – ажалың.

****

بِسْــمِ ٱللهِ الرَّحْمٰنِ الرَّحِيـمِ

 Үштік бап

 Пайғамбар (с.а.с.) былай деген: «Кім ертемен тұрғанда тіршіліктің тарлығына арызданып тұрса, онысы Раббысының тағдырына арызданумен тең. Дүние үшін өкініп тұрған Аллаға ашуланып тұрғанмен тең. Кімде-кім бір байға оның байлығы үшін жағымпазданса, дінінің үштен бірі кетеді».

 ****

Әбубәкір Сыддық (р.а.) былай деген: «Үш нәрсеге үш нәрсемен жетуге болмайды. Байлықққа арманмен, жастық шаққа боянумен, мықты денсаулыққа дәрі-дәрмекпен».

****

Омар (р.а.) былай деген: «Адамдармен жақсы мәміле жасай алу – ақылдың жартысы, жақсы сұрақ қоя білу – білімнің жартысы, істі жақсы басқара алу – тіршілік етудің жартысы».

****

Осман (р.а) былай деген: «Кімде-кім дүниені тастаса, Алла оны жақсы көреді, кімде-кім күнәларды тастаса, оны періштелер жақсы көреді, кімде-кім мұсылмандардың мал-мүлкіне сұқтануды қойса, оны мұсылмандар жақсы көреді».

****

Әли (р.а.) былай депті: «Дүние нығметін сұрасаң Исламнан артық нығмет жоқ, шұғылданатын іс сұрасаң тағат-ғибадаттан артық амал жоқ, ал, ғибрат боларлық нәрсе сұрасаң өлімнен артық ғибрат жоқ».

****

Абдолла ибн Масғұд былай деген: «Біреулер нығмет-байлықпен мас, біреулер жалған мақтау-дәріптеумен мас, ал енді біреулер күнәларын ешкім білмегеніне мәз».

****

Дәуіт пайғамбар (а.с.) былай деген: «Зәбур кітабында мынадай нақыл бар: «Ақылды пенде үш нәрсемен айналыссын: ақыретіне азық дайындасын, осы дүниенің тіршілігін қылсын, рахат-ләззатқа адал жолмен жетсін»».

****

Әбу Һурайраның (р.а.) риуаятында Пайғамбар (с.а.с.) былай деген екен: «Пендені құтқаратын үш нәрсе, қирататын үш нәрсе, дәрежесін көтеретін үш нәрсе, күнәларын жуатын үш нәрсе бар. Құтқаратын үш нәрсе:

  1. Оңашада да, жарияда да Алладан қорқу;
  2. Кедейлікте де, байлықта да жақсы ниетте болу;
  3. Разылықта да, ашуда да әділ болу.

Ал  үш қирататын нәрсе:

  1. Қатты сараңдық;
  2. Созылмалы әуейілік;
  3. Өзіне-өзі таң қалу.

Дәрежені көтеретін үш нәрсе:

  1. Сәлемдесу;
  2. Адамдарды тамаққа шақыру;
  3. Жұрт ұйықтап жатқанда намаз оқу.

Күнәні жуатын үш нәрсе:

  1. Суық түндерде дәрет алу;
  2. Жамағат намаздарына бару;
  3. Намаздан соң келесі намазды күту».

 ****

Жебірейіл періште (а.с.) Пайғамбарымызға (с.а.с.) былай депті: «Ей, Мұхаммед! Қалағаныңша өмір сүр, бірақ түбінде сен о дүниеліксің. Қалағаныңды сүй, бірақ түбінде сен одан ажырайсың. Қалаған іс-әрекетіңді істе, бәрінің де жазасы бар».

****

Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Қиямет күні ешқандай көлеңке жоқ, адамдар шақырайған күннің астында тұрғанда Алла Тағала тек үш адамға Өзінің Аршысының астында көлеңке береді. Олар:

  1. Мәкруһ істері үшін дәрет алушы;
  2. Қараңғы уақыттарда (құптан,таң намаздарында) мешітке барушы;
  3. Аш қалған адамды тамақтандырушы». 

 ****

Ибраһим пайғамбардан (а.с.) Алла Тағала қандай қасиетің үшін сені дос тұтты деп сұрағанда ол: «Үш қасиетім арқылы:

  1. Алланың ісін барлық істерден жоғары қойғаным;
  2. Алла Тағала жүктеген нәрселерге ден қойғаным;
  1. Түскі асымды да, кешкі асымды да тек қонақпен бірге ішкенім арқылы», – деген екен.

****

Даналар былай депті: «Қайғы-мұңнан үш нәрсемен арылуға болады: Алланы зікір етумен, Алланың уәлилерімен кездесумен, даналардың сөздерімен».

****

Хасан Басри былай депті: «Әдебі жоқтың білімі жоқ, сабыры жоқтың діні жоқ, тақуалығы жоқтың мейірімі жоқ».

****

Бәни Исраилда бір жігіт білім іздеп шығыпты. Оның бұл ісі сол кездегі пайғамбарға жетіп, ол әлгі жігітке былай деп хат жазыпты: «Ей, жігітім! Мен саған үш қасиет туралы насихат айтамын. Оларда бұрынғылардың да, соңғылардың да ілімі бар:

  1. Оңашада да, жарияда да Алладан қорық;
  2. Жұртқа тіліңді тигізбе, олар туралы тек жақсы сөйле;
  3. Алдыңдағы асыңның адал жолмен келуіне мұқият бол».

Осыдан кейін әлгі жігіт білім іздеуге шықпаған екен.

****

Бәни Исраилда сексен сандық кітап жинап, бірақ сол ілімнен пайда алмаған бір кісі болыпты. Сонда Алла Тағала сол замандағы пайғамбарға былай уахи етіпті: «Әлгі кітап жинаушыға айт! Қанша көп жинасаң да мына үш нәрсені істемей білімің еш пайда бермейді:

  1. Дүниені сүйме, ол мүміннің мекені емес;
  2. Шайтанмен дос болма, ол мүміннің досы емес;
  3. Ешкімге зарар берме, ол мүміннің ісі емес».

****

Әбу Сүлеймен Дарани мінәжаттарында былай дейді екен: «Ия, Иләһім! Менен күнәларым туралы сұрасаң, мен Сенен кешірімің туралы сұраймын. Менің сараңдығым туралы сұрасаң, мен Сенің жомарттығың туралы сұраймын. Ал тозағыңа кіргізсең, мен тозақтағыларға Сені жақсы көретінім туралы айтамын

****

Бұрынғылардан қалған нақыл сөз: «Адамдардың ең бақыттысы – жүрегі таза, денесі сабырлы, қолындағы барға қанағат етушісі».

****

Ибраһим Нахағи былай депті: «Сендерден бұрынғылар үш нәрсемен сәтсіздікке ұшырады:  көп сөйлеу, көп тамақ ішу, көп ұйықтау».

****

Яхия ибн Муғаз ар-Рази былай деген: «Дүниені өзін тастамай тұрып тастаған, өлмей тұрып ізгі амал жасаған, Раббысына кездеспей тұрып Оның разылығына жеткен адам сау болсын».

****

Әли (р.а.) былай депті: «Алланың жолын, Пайғамбарының жолын, әулиелерінің жолын ұстамаған пенде барлық нәрседен мақұрым қалады». Одан Алланың жолы туралы сұрағанда: «Сырды жасыра білу», – депті. Ал Пайғамбарының жолы туралы сұрағанда: «Адамдармен жақсы қарым-қатынаста болу», – депті. Әулиелерінің жолы туралы сұрағанда: «Адамдардың жәбірлеуіне шыдау», – деген екен.

****

Бізден бұрынғылар үш нәрсені өсиет етіп қалдырыпты:

– Кімде-кім ақыретіне амал істесе, Алла Тағала оның дінін де, дүниесін де өз кепілдігіне алады.

– Ішкі дүниесін жақсартқанның Алла Тағала сыртқы (жария) дүниесін де жақсартады.

– Алла Тағала Өзімен арадағы байланысын түзеткен пенденің адамдармен байланысын да дұрыстайды.

****

Әли (р.а.) былай деген екен: «Алла Тағала алдында адамдардың жақсысы бол, нәпсі үшін адамдардың жаманы бол, адамдар үшін адамдардың біреуі бол».

****

Алла Тағала Ұзайыр пайғамбарға былай уахи етіпті: «Ей, Ұзайыр! Бір кішкене күнә жасап қойсаң, сен оның мардымсыздығына қарама, кімнің алдында кінәлі екеніңді ойла. Егер аздаған жақсылыққа қол жеткізсең, оның аздығын ойлама, оны кім бергенін ойла. Егер бір бәлеге тап болсаң, ол үшін Мен туралы бүкіл халыққа арызданба. Өйткені, Маған жамандықтарың туралы хабар жеткенде сен туралы періштелеріме арызданбаймын ғой».

****

Хатим әл-Асам былай деген екен: «Құдайдың құтты күні маған шайтан келіп: «Бүгін не жейді екенсің? Не киеді екенсің? Қайда тұрар екенсің?» – деп азғырады. Ал мен оған: «Ішер асым – өлім. Киер киімім – кебін. Тұратын орным – қабір» деп жауап беремін».

****

Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Кім күнәнің қараңғылығынан шығып, бойсұну, құлшылық жолына түссе, Алла оны мал-мүліксіз де байытады, себепсіз де қолдайды, туыс-таныссыз да абыройын арттырады».

****

Бірде Пайғамбар (с.а.с.) сахабаларына (р.а.) шығып: – Қалай тұрдыңдар? – деп сұрапты. Сонда олар (р.а.): – Аллаға мүмін болып тұрдық, – деп жауап беріпті. Сонда Пайғамбар (с.а.с.): – Имандарыңның белгісі қандай? – деп сұрапты. Сахабалар (р.а.): – Бәле-жалаға сабыр, жағдайға шүкірлік, тағдыр-қазаға разылық білдіреміз, – депті. Сонда Расулалла (с.а.с.): – Қағбаның Иесімен ант етейін, сендер нағыз мүмінсіңдер, – деген екен.

****

Алла Тағала пайғамбарларының біріне мынадай уахи түсіріпті: «Кімде-кім Маған Мені сүйген кейіпте жолықса, оны жәннатыма кіргіземін. Кімде-кім Маған қорқулы күйде жолықса, оны тозағымнан алыстатамын. Кімде-кім Маған ұялған түрде жолықса, жазушы періштелерге оның күнәларын ұмыттырамын».

****

Абдолла ибн Масғұд былай деген: «Алланың парыз еткен нәрселерін орында, сонда адамдардың ең құлшылығы көбі боласың. Алланың харам еткен нәрселерінен тыйыл, сонда адамдардың ең тақуасы боласың. Алланың берген несібесіне қанағат қыл, сонда ең бай адам боласың».

****

Салих әл-Марқади бір ескі жұрттың үстіне өтіп бара жатып: «Сенің алғашқы елің қайда? Сені тұрғызған құрылысшыларың қайда? Сенің кейінгі тұрғындарың қайда?» – деп сұрапты. Сонда: «Олардың іздері жоғалды, денелері топырақтың астында шіріп кетті, олардан бар қалған нәрсе ― мойындарындағы амалдары», –  деген дауыс естілген екен.

****

Әли (р.а.) былай деген екен: «Кімнен үстем болсаң, сен оның әміршісісің, кімге кіріптар болсаң, сен оның тұтқынысың, кімге тәуелді болмасаң, сен оның теңдесісің».

****

Яхия ибн Муғаз былай депті: «Дүниенің барлығын тәрк ету бәрін алумен тең. Кім оны бүтіндей тастаса, бүтіндей иелік еткен болады. Кім оны бүтіндей алса, одан бүтіндей айрылған болады.Оған қол жеткізу – оны тәрк етуде, одан айрылу – оны алуда».

****

Ибраһим әл-Әдһәмге: «Тақуалыққа (зуһдке) қалай жеттің?» – деп сұрағанда ол: «Үш нәрсемен: қабірге қарасам, қараңғы екен, онда жалғыз болады екенмін, ақырет жолы алыс екен, ал менде жол азық жоқ екен, Жаббар Ие қазылық қылады екен, ал пенде Оның алдында ешқандай айғақ келтіре алмайды екен».

 

****

Арифтердің (Алланы танушылардың) ұлысы Шибили өзінің мінәжаттарында былай дейді екен: «Ия, Иләһім! Өзіңе пақырлығым мен дәрменсіздігіме қарамастан Өзіңе барлық жақсылықтарымды ұсынуды жақсы көремін. Ия, Ием! Маған мұқтаж еместігің сияқты жамандықтарымды өзіме қалдыруды қалайша ұнатпайсың?».

****

Шибилидің басқа сөздері: «Аллаға жақын болғың келсе нәпсіңнен аулақта», «Раббыңа деген сүйіспеншіліктің тәттілігін сезінсең, одан айрылудың ащы дәмін де сезер едің».

****

Суфиян әс-Сәуриге Аллаға сүйіспеншілік қалай болатындығы туралы сұрақ қойылғанда ол: «Әдемі жүздерден, сыңғырлаған дауыстардан, шешен сөздерден алыстау арқылы болады», – деген екен.

****

 

Ибн Аббас былай деген екен: «Зуһд (тақуалық) сөзі үш әріптен тұрады: зай: «зәд лил маъад» – о дүниеге жол азық, һа: «һудән лид-дин» – дініңе жолбасшы, дәл: «тәркуд-дүниә» – дүниені тәрк ету».

****

Басқа жерде былай деген екен: «Зуһд (тақуалық)  үш әріптен құралған: зай: «тәркуз-зинә» – әшекей-зейнетті тастау, һа: «тәркул-һауа» – әуейілік, нәпсіқұмарлықты тастау, дәл: «тәркуд-дүниә» – дүниені тәрк ету».

****

 

Хамид әл-Ләффафқа бір кісі келіп, одан өсиет-кеңес айтуын сұрапты. Сонда Хамид: «Дініңе кітаптың сыртындай мұқаба жаса», – депті. Әлгі кісі: «Ол қалай?» – деп сұрағанда Хамид: «Тек зәру нәрселерді ғана сөйлеу, дүниеден тек зәру нәрселерді ғана алу, адамдармен тек зәру қарым-қатынастарда ғана араласу. Ал зуһд-тақуалықтың түп негізі үшеу – үлкен-кіші екендігіне қарамай харам нәрселерден аулақтау, жеңіл-қиындығына қарамай парыздарды орындау, аз-көптігіне қарамай дүниені өзінің тұрғындарына қалдыру», – деген екен.

****

Лұқман Хакім өзінің ұлына былай өсиет етіпті: «Ей, ұлым! Адам баласы үш бөліктен тұрады: үштен бірі Алланікі, үштен бірі өзінікі, үштен бірі құрт-құмырсқанікі. Алланікі болғаны – рухы.Өзінікі болғаны – амалы. Ал құрт-құмырсқаға болғаны – денесі».

****

Әли (р.а.) былай депті: «Үш нәрсе есте сақтау қабілетін жақсартып, сілекейді тоқтатады: мисуак, ораза, Құран оқу».

****

Кәғб әл-Ахбар (р.а.) былай депті: «Мүміннің үш қорғаны бар: мешіт, Алланы зікір ету, Құран оқу».

****

Бағзы даналар былай деген екен: «Алла Тағала үш нәрсені тек сүйген құлына береді: кедейлік, ауру, сабыр».

****

Адамдар Ибн Аббастан күндердің, айлардың және амалдардың ең хайырлылары туралы сұрағанда ол: «Күндердің қайырлысы – жұма, айлардың қайырлысы – рамазан, амалдардың қайырлысы – уақытында өтелген парыз намаз», – деген екен.

****

Ибн Аббастың аталмыш жауабын адамдардан естіген Әли (р.а.): «Бұл сұрақтар Батыс пен Шығыстың ғұламалары мен даналарына, фақиһтарына қойылса да нақ Ибн Аббастың жауабындай жауап бере алмас еді. Солай болса да бұған менің қосарым: амалдардың қайырлысы – Алла қабыл еткені, айлардың қайырлысы – Аллаға қайтып, шынайы тәубе жасаған айың, ал күндердің қайырлысы – дүниеден аман-сау мүмін ретінде шығып, Алла Тағалаға қайтатын күнің», – деген екен.

****

Бір шайыр мынадай бәйіт айтыпты:

Кезегімен күн мен түн қысқартуда аз ғұмырын пенденің

Әуейілікті қой, бауырым, ақылдан қазір кенде кім?

Дүниеге салма көңілді, алданба қызыл-жасылға,

Отан болмас ол мүмінге, айналар түбі жасынға.

Өлместен бұрын амал қыл, құтқар қара басыңды,

Сенбе дос пен жақынға, бірі де қалмас қасыңда.

****

Бұрынғыдан қалған нақыл сөз: «Алла бір пендесіне хайыр қаласа, оның дін туралы түсінігін арттырады, дүниеде тақуа етеді, өзінің күнәларын көрсетеді».

****

Расулалла (с.а.с.) былай дейді:

«Сендердің дүниелеріңнен маған үш нәрсе сүйкімді болды: хош иісті сулар, әйелдер, әсіресе намаз көзімнің қарасындай болды».

Сол кезде Пайғамбардың (с.а.с.) жанында сахабалар отыр еді. Әбубәкір (р.а.) тұрып: «Рас айтасың, Расулалла! Маған да дүниеден үш нәрсе сүйікті көрінді: Расулалланың жүзіне қарау, Расулалланың жолында малымды жұмсауым, қызымның Расулалламен бірге болуы», – деді.

Одан соң Омар тұрып: «Рас айтасың, Әбубәкір! Маған да дүниеде үш нәрсе сүйкімді көрінді: ізгілікке бұйыру, жамандықтан тыю, көнетоз киім», – деді.

Одан соң Осман (р.а.) тұрып: «Рас айтасың, Омар! Маған да бұл дүниеде үш іс сүйкімді көрінді: аш қалғандарға тамақ беру, жалаңаштарды киіндіру, Құран оқу», – деді.

Одан кейін Әли (р.а.) тұрып: «Рас айтасың, Осман! Маған да бұл дүниеден үш нәрсе сүйкімді көрінді: қонаққа қызмет көрсету, ыстық жазда ораза ұстау, Алла жолында қылышпен соғысу», – деді.

Бұлар осылай отырғанда Жебірейіл періште (а.с.) келіп былай дейді: «Алла Тәбәрәкә уа Тағала мына сұхбаттарыңды естіп мені сендерге жіберді. Менен осы дүние өкілі болсам не істер едің деп сұрауларыңды бұйырды».

Сонда олар: «Иә, Жебірейіл, сен осы дүниеде пенде болсаң не істер едің?» – деп сұрайды.

Сонда Жебірейіл (а.с.): «Үш іспен айналысқан болар едім: адасушыларды тура жолға салу, мейірім-шапағаттан күдер үзген өзге жұрттықтарға мейірімділік көрсету, жағдайы қиын көп балалы жанұяларға жәрдемдесу», – деген екен.

Сосын Жебірейіл (а.с.) былай дейді:

«Ұлы даңқтың Иесі Алла Тағала пенделерінен үш қасиетті жақсы көреді: шамасы келгенше Аллаға көп бойсұну, күнәсі үшін өкініп жылау, таршылыққа сабыр ету».

****

Даналардан қалған сөз: «Алланы танудың жемісі үшеу:  Алла Тағаладан ұялу, Алла жолында сүю, Алламен бірге болуды қалау».

****

Пайғамбар (с.а.с.) былай деді: «Алланы танудың негізі – сүйіспеншілік, айқын сенімнің белгісі – ақылдылық, негізі – тақуалық пен Алланың тағдырына разылық».

****

 

Суфиян ибн Уяйна былай дейді: «Кім Алланы жақсы көрсе, оны Алла жақсы көргендер жақсы көреді. Алла жақсы көргендер жақсы көрсе, ол да тиісінше, олардың Алла жолында жақсы көрген нәрселерін жақсы көреді. Алла жолында жақсы көрген нәрселерді жақсы көруші өзі туралы адамдардың білмегенін қалайды».

****

Пайғамбар (с.а.с.) былай депті: «(Аллаға, Пайғамбарға деген) Махаббаттың шынайылығы үш нәрседе көрінеді:

– сүйіктісінің сөзін басқаның сөзінен жоғары қою;

– сүйіктісімен бірге болуды басқалармен бірге болудан артық көру;

– сүйіктісінің разылығын басқалардың разылығынан жоғары қою».

 ****

 

Уаһб ибн Мунаббиһ әл-Йәмәни былай деген екен: «Тәуратта мынадай сөз бар: сараң дүниені билесе де нағыз пақыр, Аллаға бойсұнушы құл болса да дәрежесі биік, қанағатшыл аш болса да бай».

****

Кейбір даналардан қалған мынадай сөз бар: «Алланы таныған пенде үшін жұртпен араласу қызық емес. Кім дүниені таныса, ол үшін дүниеге құмарту болмас. Кім Алла Тағаланың әділдігіне нық сенсе, оның алдына даугерлер бармас».

****

Зун-Нун әл-Мисри былай депті: «Әрбір қорқушы қашады, әрбір сүюші іздейді, ал әрбір Алламен бірге қалуды (зікір, ғибадатты) қалаушы өз нәпсісіне жат болар».

****

Зун-Нунның басқа сөздері: «Алланы танушы тұтқындай болар, жүрегі көрер болар, Алла үшін амалы ерен болар», «Алланы танушы опалы болар, жүрегі зерек, амалы кіршіксіз болар».

****

Әбу Сүлеймен Дарани  былай депті: «Дүние мен ақыреттегі бүкіл ізгіліктің түп негізі – Алладан қорқу. Дүниенің кілті – тою. Ақыреттің кілті – аш болу».

****

Даналардан қалған нақыл сөз: «Ғибадат бір кәсіпке ұқсайды: ісханасы – оңаша болу, қаржылық қоры – тақуалық, соңғы пайдасы – жәннат».

****

Мәлик ибн Динар былай деген: «Нағыз мүміндерден болуың үшін үш нәрсені үш нәрсемен қайтар: тәкаппарлықты кішіпейілділікпен, сараңдықты қанағатпен, қызғанышты насихатпен».

****

 

Төрттік бап

 

Расулалла (с.а.с.) Әбу Зәрға (р.а.) былай деген екен: «Ей, Әбу Зәр! Кемеңді жаңала, шындығында, теңіз тұңғиық терең. Жол азығыңды жақсылап әзірле, сапарың тым ұзақ. Алатын жүгіңді жеңіл ал, жолда өтуі қиын асу бар. Амалыңды шын  ықыласыңмен істе, Ұлы Сыншы әрдайым бақылауда».

 ****

Бір шайыр былай деген екен:

Тәубе ету күнәлардан парыз болса,

Күнәны тәрк етпек лайықтырақ.

Сабыр ету әрдайым қиын болса,

Көп сауаптан айрылу айып бірақ.

 

Замананың жылдамдығы бір ғажайып,

Ғапылдығы пенделердің ғажап бірақ.

Қуаныштар келетін күндер жақын,

Өлім келер күн бірақ жақынырақ.

****

Кейбір даналар былай деген екен: «Төрт нәрсе жақсы, ал төрт нәрсе олардан да жақсырақ. Ұят ерлер үшін жақсы, әйел заты үшін одан да жақсы. Әр адамның әділ болғаны жақсы, алайда әміршілердің әділ болғаны одан да жақсы. Қарт адамның тәубеге келгені жақсы, алайда жас жігіттің тәубе еткені одан да жақсы. Байлардың жомарт болуы жақсы, алайда кедейдің жомарттығы одан да жақсырақ».

****

Даналар тағы былай деген екен: «Төрт нәрсе жаман, ал тағы төрт нәрсе одан да жаман. Жас жігіттің күнә істегені жаман, ал қарттың күнә жасауы одан да жаман. Сауатсыздың дүниеге берілгені жаман, алайда, ғалым адамның дүниеге берілуі одан да жаман. Барлық адамдардың ғибадатқа салғырт қарауы жаман, алайда ғұламалар мен шәкірттердің салғырт қараулары тіпті жаман. Байлардың тәкаппар болғаны жаман, кедейдің тәкаппар болғаны одан өткен жаман».

****

Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Жұлдыздар аспандағыларға (періштелерге)аманат, егер жұлдыздар жойылса ондағылар да жойылар еді. Менің әулетім үмметіме аманат, егер олар құрыса үмметім де құрып кетер еді. Мен сахабаларыма аманатпын. Егер маған бірдеңе болса сахабаларым да жойылар еді. Таулар жер бетіндегілерге аманат, егер таулар жойылса жер бетіндегілер де құрып кетер еді».

****

Әбубәкір Сыддық былай деген екен: «Төрт нәрсенің қателігін толықтыратын төрт нәрсе бар. Намаздың толықтырушысы – сәһу сәждесі, оразаның толықтырушысы – пітір садақасы, қажылықтың толықтырушысы – фидия, иманды толықтырушы – жиһад».

****

Абдолла ибн Мүбәрак былай деген: «Кім күніне он екі рәкәғат сүннет намазын оқыса ерікті намаздың ақысын өтеген болады, кім әр айдан үш күн ораза тұтса нәпіл оразаның ақысын өтеген болады. Кім күніне жүз аят оқыса Құран оқудың ақысын өтеген болады. Кім әр жұмада бір дирхем садақа берсе садақаның ақысын өтеген болады».

****

Омар (р.а.) былай дейді: «Төрт теңіз бар: әуейілік – күнәнің теңізі, нәпсі – құмарлықтың теңізі, өлім – пенделер өмірінің теңізі, қабір – өкініштердің теңізі».

****

Осман (р.а.) былай дейді: «Құлшылықтың тәтті дәмін төрт нәрсе арқылы таттым: біріншісі – Алланың парыздарын орындау, екіншісі – Алла харам еткен нәрселерден аулақ болу, үшіншісі – Алла Тағаладан сауап алу үшін халайықты ізгілікке бұйыру, төртіншісі – Алланың қаһарынан сақтану үшін жаман істерден тыю».

****

Осман (р.а.) тағы былай деген: «Төрт нәрсенің сырты артықшылық, іші парыз. Ізгі адамдармен бір болу – артықшылық, ал олардың ізімен жүру – парыз. Құран оқу – артықшылық, онымен амал істеу – парыз. Қабірді зиярат ету – артықшылық, ал қабір әлеміне дайындалу – парыз. Әл үстінде жатқан аурудың жағдайын білу – артықшылық, ал оның соңғы өсиетіне құлақ асу – парыз іс».

****

Әли (р.а.) былай деген: «Жәннатқа асыққан қайырлы іс жасауға асығар. Тозақтан қорыққан құмарлықтардан тыйылар. Өлімнің келетініне көзі анық жеткенге ләззат қалмас. Дүниені жақсы танығанға оның тауқыметтері жеңіл көрінер».

****

Пайғамбар (с.а.с.) былай депті: «Намаз діннің тірегі, үндемеу абзалырақ, садақа Раббының ашуын басады, үндемеген абзалырақ, ораза – тозақтан қорғар қалқан, үндемеген абзалырақ, жиһад –  діннің биігі, үндемеген  абзалырақ».

 ****

Алла Тағала Бәни Исраилдағы бір пайғамбарға былай уахи етіпті: «Жаман сөздер айтпай, үндемесең, Мен үшін ораза тұтқандайсың, дене мүшелеріңмен күнә жасамасаң, Мен үшін ғибадат қылғандайсың; халайықтан ештеңе дәметпеуің Мен үшін садақа бергеніңдей, мұсылмандарға зарарың тигізбесең, Мен үшін жиһадқа шыққандайсың».

****

Абдолла ибн Масғұд (р.а.) былай депті: «Төрт нәрсе жүректі қарайтады: ашқарақтықпен мөлшерден тыс көп тамақ ішу, залымдармен бірге жүру, өткен күнәларды ұмыту, амал етпей, есекдәмелі үміт ету. Төрт нәрсе жүректі нұрландырады: тамақты тоймай ішу, ізгілермен бірге жүру, өткен күнәларды ұмытпау, амал етіп үміттену».

****

Хатим әл-Асам былай депті: «Кім төрт нәрсесіз төрт нәрсеге жеттім десе, онікі жалған. Тыйымдарынан тыйылмай, Алла Тағаланы жақсы көремін деу – өтірік. Жарлы-жақыбайды ұнатпай, Пайғамбарды (с.а.с.) жақсы көремін деу – өтірік. Садақа бермей жәннатты жақсы көремін деу – өтірік. Күнәларынан тыйылмай, тозақтан қорқамын деу – өтірік».

****

Пайғамбар (с.а.с.) былай депті:

«Сорлылықтың белгісі төртеу:

  1. 1.      Алланың алдында сақтаулы тұрған өткен күнәларын ұмыту;
  2. 2.      Қабыл болғанын білмей бұрынғы жақсылықтарын айту;
  3. 3.      Дүниеде өзінен жоғары тұрғанға қарап өкіну;
  4. 4.      Діни жағынан өзінен төменге қарап шүкірлік ету.

Сонда Алла Тағала: «Мен оны қалап едім, бірақ ол мені қаламады, сондықтан оны тәрк еттім» дейді.

Бақыттылықтың белгісі төртеу:

  1. 1.      Өткен күнәларды еске алып тұру;
  2. 2.      Өткен жақсылықтарын ұмыту;
  3. 3.      Өзін діни тұрғыдан өзінен жоғары адаммен салыстыру;
  4. 4.      Дүниелік  халін өзінен төмен адаммен салыстырып, шүкірлік ету».

****

Кейбір хакімдердің айтуынша иманның төрт нышаны бар. Олар: тақуалық, ұят, шүкірлік, сабырлылық.

****

Пайғамбар (с.а.с.) былай деген: «Төрт биік бар: дауаның биігі, әдептің биігі, ғибадаттың биігі, арманның биігі.

  1. Дауаның биігі – аз тамақ ішу.
  2. Әдептің биігі – аз сөйлеу.
  3. Ғибадаттың биігі – күнәнің аз болуы.
  4. Арманның биігі – сабырлық».

****

Пайғамбар (с.а.с.) былай деген: «Пенденің өне бойындағы төрт жауһар бар. Бұл төртеуін төрт нәрсе кетіреді. Бұл төрт жауһар: ақыл, дін, ар-ұят, жақсы іс. Ақылды кетіретін нәрсе – ашу-ыза, дінді құртатын нәрсе – қызғаныш, ар-ұятты құртатын нәрсе – нәпсі, жақсы амалды құртатын нәрсе – ғайбат сөз».

****

Пайғамбар (с.а.с.) тағы былай деген: «Жәннаттағы төрт нәрсе жәннаттың өзінен артық:

  1. Жәннатта мәңгілік қалу жәннаттан артық.
  2. Періштелердің қызмет жасауы жәннаттан артық.
  3. Пайғамбарлармен көрші тұру жәннаттан артық.
  4. Алла Тағаланың разылығы жәннаттан артық.

Ал, тозақтағы төрт нәрсе тозақтың өзінен де жаман:

  1. Тозақта мәңгілік қалу тозақтан жаман.
  2. Періштелердің кәпірлерді ұрып-соғуы тозақтан жаман.
  3. Тозақта шайтанмен көрші болу тозақтан жаман.
  4. Тозақтағы Алланың қаһары тозақтан жаман».

****

Бір хакімнен  «халың қалай» деп сұрағанда ол: «Иемммен татумын, нәпсіммен аразбын, халайықпен ыстық ықыластымын, дүниемен тек зәру жағдайда кездесемін», – деген екен.

****

Хакімдердің бірі төрт кітаптан төрт сөз таңдап алған екен. Тәураттан «Кім Алланың бергеніне разы болса, дүниеде де, ақыретте де жаны жай табады» деген сөзді, Інжілден: «Кім құмарлықтарын, нәпсісін жеңсе, екі дүниеде де абыройлы болады» деген сөзді, Забурдан: «Кім адамдардан аулақтаса дүниеде де, ақыретте де құтылады» деген сөзді, Құраннан «Кім тілін сақтаса дүниеде де, ақыретте де аман-сау болады» деген нақыл сөздерді таңдаған екен.

****

Абдолла ибн әл-Мүбәрәк былай деген екен: «Бір дана кісі хадистерді оқып шығып оның ішінен қырық мыңын таңдап алыпты. Сосын оның арасынан төрт мыңын таңдап алыпты. Сосын оның ішінен төрт жүзін таңдапты. Сол төрт жүзден қырық таңдапты. Сосын сол қырықтан төртін таңдап шығарған екен. Олардың біріншісі: «Қандай жағдайда да әйелге сенбе», екіншісі: «Қандай жағдайда да малмен мақтанба», үшіншісі: «Асқазаныңа ауыр келетіндей ас ішпе», төртіншісі: «Өзіңе пайда бермейтін білім жинама».

****

Мұхаммед ибн Ахмед «Мырза, нәпсісін жеңген және салихалылардан шыққан пайғамбар ретінде» (Әли Имран,39) деген Жақия пайғамбар жайындағы аят туралы: «Алла Тағала Жақияны Өзінің құлы болса да «мырза» деп атауының сыры ол төрт нәрсені жеңген болатын: нәпсісін, Ібілісті, тілін және ашуын», – деген екен.

****

Әли (р.а.): «Дін мен дүние аман-сау болады, егер төрт жағдай сақталынса: байлар ке-дейлерге сараңдық танытпаса, ғалымдар білгендеріне амал қылса, сауатсыздар білмеген-деріне тәкаппарлық танытпаса (үйренсе), кедейлер дүние үшін ақыретін сатпаса», – деген.

****

Пайғамбар (с.а.с.): «Алла Тағала Қиямет күні төрт түрлі топқа төрт адамды дәлелге келтіреді: байларға Дәуітұлы Сүлейменді (а.с.), құлдарға Жүсіпті (а.с.), ауруларға Аййубты (а.с.), кедейлерге Исаны (а.с.)», –  деген екен.

 ****

Сағыд ибн Біләл былай деген: «Пенде күнә жасаса да Алла Тағала оның төрт нәрсесін үзбейді: оның ризығы тоқтатылмайды, денсаулығына зиян етілмейді, күнәсі халайыққа жария етілмейді және жазасын тез арада татпайды».

****

Хатим ибн әл-Асам былай деген екен: «Кімде-кім төрт нәрсені төрт нәрсе үшін доғарса жәннатқа кіреді. Қабір үшін ұйқыны, амал таразысы үшін мақтаншақтықты, сират көпірі үшін демалуды, жәннат үшін құмарлықты».

****

Хамид әл-Ләффаф былай деген: «Төрт нәрсенің жолын қате ойлап, кейін дұрысын таптық. Байлық дүние жинауда деп ойлап едік, сөйтсек нағыз байлық қанағатта жатыр екен. Жан тыныштығы бай-қуатты тұруда деп ойласақ, керісінше, мал-мүліктің азында екен. Қызық-ләззатты нығметтерден іздеп жүрсек, ол деннің саулығында екен. Ризық-несібені жердің бетінен іздеп жүрсек, оның кілті аспанда екен».

****

Әли (р.а.) былай деген: «Төрт нәрсенің азы да көп: ауру, кедейлік, от, дұшпандық».

****

Хатим ибн әл-Асам былай деген екен: «Төрт нәрсенің қадірін төрт адам білер. Жастықтың қадірін қарт білер. Аман-саулықтың қадірін бәлеге ұшырағандар білер. Денсаулықтың қадірін науқас білер. Өмірдің қадірін өлілер білер».

****

Шайыр Әбу Нуас былай деген екен:

 

Күнәларым қарап тұрсам зор екен,

Рахым-мейірі Раббымның кеңірек.

Үміттенбеймін амалыма жасаған,

Рахметіне үміттенем көбірек.

 

Жаратушым бір Алла нақ Ием,

Құлымын мен бой ұсынып, бас ием.

Кешірімі рахметінен болады,

Кешірмесе пенде гүлдей солады.

****

Пайғамбар (с.а.с.) былай деген екен: «Қиямет күні амалдар таразыға қойылып, тартылады. Намаз оқушылар келтіріліп, олардың амалдары таразыны басып, намаздарының қайырын көреді. Сонан соң ораза тұтушылар әкелініп, амалдары таразыны басып, оразаларының қайырын көреді. Сонан соң қажылық жасаушылардың амалдары тартылып, қажылықтарының қайырларын көреді. Осыдан соң бәлеге (ауру, кемістік) ұшырап, сабыр еткендер әкелінеді. Олардың амалдары таразыға тартыл-майды, қарыздары да есептелінбейді. Бәлемен сыналып, одан иманмен шыққандары үшін оларға есепсіз сауап жазылады. Сонда олардың мұндай есепсіз сауапқа ие болғандарын көрген бәлеге ұшырамағандар солар сияқты болмаған екенбіз деп өкінеді».

 ****

Кейбір хакімдер былай депті: «Адам баласы төрт рет тоналады. Өлім періштесі жанын тартып алады. Артында қалғандар мал-мүлкін бөлісіп алады. Қабірде қалған денесін құрт-құмырсқа талайды. Қиямет күні зияны тиген даугерлері істеген жақсылықтарын тонайды».

****

Бағзы даналардан қалған сөз: «Құмарлықты мақсат тұтқанға әйел керек, есепсіз мал-мүлікті мақсат еткен үшін арам айла керек, мұсылмандарға пайда тигізуді мақсат еткен үшін олармен араласу керек, ғибадатты мақсат еткен үшін білім керек».

****

Әли (р.а.) былай деген екен: «Төрт түрлі жағдайда төрт істі істеу қиын. Ашу үстінде кешірім жасау, жоқшылықта жомарттық жасау, оңашада күнә іс істемеу, өзі қорқатын немесе тәуелді кісісінің бетіне шындықты айту».

****

Зәбур кітабында Алла Тағала Дәуітке (а.с.) былай уахи етіпті: «Ақылды пенденің төрт түрлі сағаты болады: бір сағатында Раббысына мінәжат етеді, бір сағатында өзіне-өзі есеп береді, бір сағатында өзінің айыбын бетіне басатын достарына барады, тағы бір сағатында  нәпсісін адал жолмен дүние қызығына қандырады».

****

Даналардан қалған сөз: «Төрт түрлі ғибадат бар: берген сертте тұру, шектерден асып кетпеу, жоққа сабыр ету, барға қанағат қылу».

****

بِسْــمِ ٱللهِ الرَّحْمٰنِ الرَّحِيـمِ

Бестік бап

 Пайғамбар (с.а.с.) былай деген екен: «Кім бес нәрсені құрметтемесе бес нәрседен құр қалады.

  1. Кім ғалымдарды құрметтемесе діннен құр қалады.
  2. Кім әміршілерді құрметтемесе дүниесінен құр қалады.
  3. Кім көршілерін құрметтемесе  көп пайдадан құр қалады.
  4. Кім күштілерді құрметтемесе олардың қолдауынан құр қалады.
  5. Кім өзінің жанұясын құрметтемесе тыныш өмірден құр қалады».

 ****

Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деген: «Үмметіме бір заман келеді. Сонда олар бес нәрсені жақсы көріп, бес нәрсені ұмытады.

  1. Дүниені жақсы көреді, ақыретті ұмытады.
  2. Үлкен үйлерді жақсы көреді, қабірді ұмытады.
  3.  Мал-мүлікті жақсы көреді, Есеп күнін ұмытады.
  4. Көп әйелі, баласы  болғанын жақсы көреді, әділдікті ұмытады.
  5. Нәпсілерін жақсы көреді, Алланы ұмытады.

Олар менен емес және менің оларға қатысым жоқ».

 ****

Пайғамбар (с.а.с.) былай деген: «Алла Тағала кімге бес нәрсені берсе үстеме ретінде тағы да бес нәрсе береді:

  1. Кімге шүкіршілік қасиет берсе оның ризығын үстемелейді;
  2. Кімге дұғагөйлік қасиет берсе оның дұғасын қабыл етеді;
  3. Кімге истиғфар жарылқану тіленетін қасиет берсе оған кешірім жасайды;
  4. Кімге тәубешілік қасиет берсе оның тәубесінің қабыл болуын даярлайды;
  5. Кімге садақа берушілік қасиет берсе оның садақасын қабыл алуды даярлайды».

****

Әбу Бәкір Сыддық (р.а.) былай дейді: «Бес нәрсе қараңғылық, бес нәрсе сол қараң-ғылықты сейілтетін шамшырақ: дүниені жақсы көру – қараңғылық, тақуалық оның шамшырағы, күнә қараңғылық, ал оның шамшырағы – тәубе, қабір қараңғылық, ал оның шамшырағы – «Лә иләһә иллаллаһ Мұхаммадур-расулаллаһ», ақырет қараңғылық ал оның шамшырағы – ізгі амал, Сират қылкөпірі қараңғылық, ал оның жарығы – айқын иман».

****

Омар (р.а.) былай деген екен: «Пайғамбар (с.а.с.) былай деді: «Ғайыпты болжап айтудың күнә екені болмаса бес адамның жәннаттық болатыны туралы айтар едім:

  1. Көп балалы пақыр кісі;
  2. Күйеуі разы болған әйел;
  3. Жарының жағдайына қарап қалың малын талап етпеген әйел;
  4. Әке-шешесі разы болған бала;
  5. Күнәсіне тәубе жасаған пенде».

****

Осман (р.а.) былай деген екен:

«Мұттақиндердің (аса тақуалардың) белгілері бесеу:

  1. Дініне пайда беретін, беталды сөйлемейтін адаммен ғана бірге отырады.  
  2. Көп дүниеге тап болуын үлкен сынақ деп түсінеді. 
  3. Дініне пайдалы бір аз нәрсені көзі шалса, дереу содан пайда алуға ұмтылады.  
  4. Харам нәрсе араласып кетер деген сақтықпен халал нәрсемен қарнын тойғызбайды. 
  5. Әрдайым басқа жұрт тозақтан құтылды, тек мен ғана тұтылдым деген пікірде болады». 

 ****

Әли (р.а.) былай деген екен: «Бес нәрсе болмаса адамдардың барлығы ізгілерге айналар еді: надандықты қанағат тұту, дүниеқоңыздық, жақсы мінезден алыстау, іс-амалды рия-көрсету үшін істеу, өз пікіріне ғажаптану».

****

Жамиғы мұсылман ғұламаларынан: «Алла Тағала Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.с.) бес түрлі керемет берген: есім, Өзінің тікелей жауап қатуы, мол сый, қателіктің кешірілуі, ризашылық. Есімі туралы айтсақ, Алла Тағала барлық бұрынғы пайғамбарларын өз есімдерімен атап шақырса, Пайғамбарымыз Мұхаммедті (с.а.с.) Расулаллаһ (Алланың елшісі) деп шақырған. Ал өзінің тікелей жауап қатуына келер болсақ, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) қандай дұға қылса да Алла Тағала өзі тікелей жауап берген. Бұл қасиет басқа пайғамбарларға берілмеген еді. Мол сыйға келер болсақ, Алла Тағала оған (с.а.с.) Кәусар бұлағы мен ұлы шапағатты сыйлады. Ал қателікке келер болсақ, Алла Тағала Оның (с.а.с.) бұрынғы-соңғы қателерінің кешірілгендігін айтқан. Алланың разылығына келер болсақ, Пайғамбар Мұхаммедтің (с.а.с.) барлық фидиясы, садақасы, қабыл болынды».

****

Абдолла ибн Амр ибн Ас (р.а.) былай деген екен: «Кім бес сөзді айтса екі дүниеде де бақытты болады: әрдайым «Лә иләһә иллаллаһ Мухаммадур-расулалланы» айтып жүру, бір бәлеге, сынаққа душар болса, «Иннә лилләһи уа иннә иләйһи ражиъун, уа лә хаулә уа лә қуаатә иллә билләһил-ъалийл-ъазим» деп айту, ал нығмет берілсе шүкірлік алғыс ретінде «Әлхамдулилләһи раббил-ъаламин» деу, бір істі бастарда «Бисмилләһир-рахманир-рахим» деп бастау, бір қателікке, күнәға ұрынғанда «Астағфираллаһал-азим уа әтубу иләйһи» деп айту».

****

Хасан Басри айтады: «Тәуратта бес нәрсе жазылыпты: байлық қанағат етуде, амандық дара жүруде, абырой нәпсіқұмарлықтан аулақтауда, қызыққа кенелу көп күндерде (тағат қылуда), сабыр ету аз күндерде (шыдауда)».

****

Пайғамбар (с.а.с.) былай айтты:

«Бес нәрседен бұрын бес нәрсені пайдаланып қал:

  1. қартаймастан бұрын жастық шағыңды,
  2. ауырмастан бұрын денсаулығыңды,
  3. кедейленбестен бұрын байлығыңды,
  4. өлместен бұрын өміріңді,
  5. жұмыстан бұрын бос уақытыңды (Алла жолына, ақыретіңе пайдаланып қал)».

****

Яхия ибн Муғаз ар-Рази былай дейді: «Кімнің тоюы көп болса, денесінің еті-майы көп болады. Ал кімнің денесінің еті-майы көп болса, бойының желігі көп болады. Ал кімнің бойының желігі көп болса күнә-қателігі көбейеді. Ал кімнің күнә-қателігі көп болса жүрегі қатыгезденіп, сөнеді. Ал кімнің жүрегі өлсе, пәни дүниенің апаттары мен өткінші қызықтарының тереңіне батып кеткен болады».

****

Суфиян Сәури былай деген: «Кедейлер бес нәрсені қалады, байлар бес нәрсені қалады. Кедейлер жан рахатын, жүрек тыныштығын, Раббыларына ғибадатты, Қияметте жеңіл есепті, жәннатта биік дәрежелерді таңдады. Ал, байлар жанның шаршауын, жүректің мазасыздығын, дүниеге құлшылықты, Қияметте ауыр есепті, жәннаттың төмен дәрежелерін таңдады».

****

Абдолла әл-Антаки былай деді: «Жүректің дауасы бесеу: салихалылармен мәжіліс, Құран оқу, қарынның бос болуы, түнгі намаз,таңғы мінәжат».

****

Бүкіл ғұламалар былай деген: «Бес түрлі пікір ету бар.

  1. Алланың аяттарына зер салып пікір етуден таухид пен айқын иман туындайды.
  2. Алланың мейірімі туралы ойланудан махаббат туындайды.
  3. Алланың ізгі амал еткендерді жәннатқа кіргізетін уәдесі туралы ойланудан құлшыныс пайда болады.
  4. Алланың залымдарды тозаққа кіргізетіні туралы пікір етуден Алланың айбатын ұғынады.
  5. Өзінің ғибадаттарды дұрыс орындай алмайтындығын пікір етуден Алла Тағаладан ұялу пайда болады».

****

Даналардан қалған сөз: «Тақуаның алдында бес асу бар. Сол асулардан өте алса тақуалыққа қол жеткізеді: рахатты қиындыққа айырбастау, демалысты ауыр еңбекпен айырбастау, өзін жоғары ұстауды төмен ұстауға айырбастау, көпсөзділікті үнсіздікке айырбастау, өмірді өліммен айырбастау».

****

Пайғамбар (с.а.с.) былай деген екен: «Оңаша мінәжат сырларды қорғайды. Садақа  малды қорғайды. Аллаға шынайы ықылас амалдарды қорғайды. Шын сөйлеу сөздерді қорғайды. Көппен кеңес көзқарастарды қорғайды».

****

Пайғамбар (с.а.с.) былай деген: «Дүниені жинауда бес  жаман нәрсе бар:

  1. Оны жинауда шаршап-шалдығу,
  2. Оны түзеймін деп Алланың зікірінен алыстау,
  3. Ұры-қарыдан қорқу,
  4. Сараң деген атқа қалу,
  5. Сол үшін салихалылардан алыстау.

      Ал дүниеден алыстаудан бес нәрсе бар:

  1. Оны іздеп шаршамау,
  2. Алланы зікір етуге уақыт табу,
  3. Ұры-қарыдан қорықпау,
  4. Жомарт деген атқа ие болу,
  5. Салихалылармен бірге жүру». 

 ****

Суфиян Сәури былай дейді: «Осы заманда кімнің малы көп болса, онда міндетті түрде бес түрлі жаман қылық бар: Алланың рахымынан амал етпей есекдәмелілікпен үміт қылу, шектен асқан дүниеқоңыздық, шектен тыс сараңдық, аз тақуалық, ақыретті ұмыту».

****

Бір шайыр былай деген екен:

 

Дүниеге беріліп, мастанушы замандас!

Алдамшы ол, бермес опа, көзіңді аш!

 

Күнде өлтірер жаңа келген ашынасын,

Оны ойлап жаның енді ашымасын.

 

Көріп бүгін бір құрбысын, ертең іздер басқаны

Кешегісі есте қалмас, бәрібір оған жас-кәрі.

****

Хатим әл-Асам былай деген екен: «Асыққан шайтанның ісі. Тек бес жағдайда асығу – келген қонаққа ас беруге, мәйітті аттандыруға, балиғатқа толған қыз баланы ұзатуға, қарызды қайтаруға, істелінген күнәға тәубе жасауға асығу  Пайғамбардың (с.а.с.) сүннеті».

****

Мұхаммед ибн әд-Дури былай деген екен: «Ібіліс бес нәрсемен бейшара болды:

  1. Істеген күнәсін мойындамады;
  2. Күнәсына өкінбеді;
  3. Өзін кінәламады;
  4. Тәубе етпеді;
  5. Алланың рахметінен күдер үзді.

Ал, Адам Ата бес нәрсемен бақытты болды:

  1. Істеген күнәсін дереу мойындады;
  2. Күнә істеп қойғанына қатты өкінді;
  3. Өзін-өзі кінәлап, жегідей жеді;
  4. Тәубе етуге асықты;
  5. Алланың рахымынан күдер үзбеді».

****

Шақиқ әл-Балхи былай деген екен: «Бес нәрсені орындаңдар: қолдан келгенше Аллаға ғибадат етіңдер, дүниеден керектіні қанша өмір сүретіндеріңе қарап алыңдар, азабына шыдайтындарыңа нық сенімді болсаңдар күнә істей беріңдер, қабірде қанша көп болатындарыңа қарап дүниеде ізгі амалдарды сонша көп істеңдер, жәннаттан қандай дәрежесін қаласаңдар сондай лайықты амал етіңдер».

****

Омар (р.а.) былай деген екен: «Көп сырластарды көрдім, бірақ тілімді сақтаудан артық сырлас таппадым. Көп киімді көрдім, бірақ тақуалықтан артық киім таппадым. Көп мал-мүлікті көрдім, бірақ қанағаттан артық малды көрмедім. Жақсы істің көп түрін көрдім, бірақ насихаттан артық жақсылық көрмедім. Көп тағамдардың дәмін татып көрдім, бірақ сабырдың дәмінен тәтті дәм татып көрмедім».

****

Даналардан қалған сөз: «Тақуалық (зуһд) бес сипатты: Аллаға нық сенімділік, халайықтан аулақтық, амалда ықыластылық, зұлымдыққа төзе білу, қолдағы барға қанағат қылушылық».

****

Кейбір тақуалардың мінәжаттарынан: «Ей, Раббым! Пендеңді көпүміттілік алдады, дүниеқұмарлық түбіме жетті, шайтан адастырды, нәпсім шындықтан алыстатты, жаман  пиғылым жамандыққа итерді. Ей, Құтқарушым, өзің құтқармасаң құрыдым! Өзің рахым етпесең, кім рахым етеді?!».

****

Пайғамбар (с.а.с.) былай деген (екінші риуаят): «Үмметіме бір заман келеді. Сонда олар бес нәрсені қатты жақсы көріп, бес нәрсені мүлде ұмытады.

  1. Дүниені жақсы көріп, ақыретті ұмытады.
  2. Өмірді жақсы көріп, өлімді ұмытады.
  3. Зәулім сарайларды жақсы көріп, қараңғы қабірлерді ұмытады.
  4. Мал-мүлікті жақсы көріп, ол үшін беретін есепті ұмытады.
  5. Жаратылысты жақсы көріп, Жаратушыны ұмытады».

****

Яхия ибн Муғаз ар-Рази мінәжаттарында былай деген екен: «Уа, Раббым! Саған мінәжат етпей түнімнің сәні болмайды. Саған құлшылық етпей күндізімнің сәні болмайды. Сені зікір етпей дүниемнің сәні болмайды. Сенің жарылқауыңсыз ақыретімнің сәні болмас. Сені көрмей жәннаттың сәні болмас».

****

بِسْــمِ ٱللهِ الرَّحْمٰنِ الرَّحِيـمِ

 Алтылық бап

 Пайғамбар (с.а.с.) былай деген екен: «Алты нәрсе алты жерде ғаріп (бөтен, жат):

  1. Намаз оқымайтын қауымның ортасындағы мешіт ғаріп.
  2. Оқымайтын адамның үйінде тұрған Құран кітабы ғаріп.
  3. Пасықтың ішінде жатталған Құран аяттары ғаріп.
  4. Оспадар залымның қолындағы жақсы мұсылман әйел ғаріп.
  5. Ахлақсыз, шайпауыз әйелге тап болған салихалы мұсылман ер ғаріп.
  6. Сөзін тыңдамайтын қауымның арасында қалған ғалым ғаріп».

Сосын Пайғамбар (с.а.с.) былай деген: «Осыларды ғаріп күйге түсіріп, жетімсірет-кендерге Алла Тағала Қиямет күнінде рахым етпейді».

****

Пайғамбар (с.а.с.) былай деген: «Алты адамға лағынет айттым. Алла Тағала да, дұғасы қабыл болған күллі пайғамбарлар да лағынет айтты. Олар:

  1. Алла Тағаланың Кітабында жоқ сөзді қосып жазушы;
  2. Алла Тағаланың тағдырын өтірікке шығарушы;
  3. Алла Тағала төмендеткенді жоғарылатып, Алла жоғарылатқанды төмендету үшін қатыгез билік жүргізуші;
  4. Алла Тағала харам еткенді халал деуші;
  5. Менің әулетімнен харамды халал дегендер;
  6. Сүннетімді тәрк етуші.

Алла Тағала оларға Қиямет күні рақымшылық етпейді».

****

Әбубәкір Сыддық айтқан: «Ібіліс алдыңда тұр. Нәпсің оң жағыңда тұр. Әуейілік (желік) сол жағыңда тұр. Дүние артыңда тұр. Дене мүшелерің жан-жағыңда. Жаббар Иең төбеңде. Алланың лағынеті болғыр Ібіліс дініңді таста дейді. Нәпсің асылыққа шақырады. Әуейілік нәпсіқұмарлыққа шақырады. Дүние ақыретіңді өзіне айырбастауыңа шақырады. Дене мүшелерің күнәларға шақырады. Ал, Жаббар Иең жәннат пен жарылқануға шақырады. Алла Тағала Кітабында: «Алла жәннатқа және жарылқануға шақырады» (Бақара, 221), – деген. Кім Ібілістің айтқанын тыңдаса, дінінен айрылады. Кім нәпсісін тыңдаса, рухынан айрылады. Кім әуейілікке ерсе, ақылынан айрылады. Кім дүниенің айтқанын тыңдаса, ақыретінен айрылады. Кім дене мүшелерінің азғыруына ерсе, жәннаттан құр қалады. Кім Алла Тағаланың аятына құлақ асса, оның жамандықтары жуылып, хисапсыз қайырлылыққа кенеледі».

****

Омар (р.а.) былай деген: «Алла Тағала алты нәрсені алты жерге жасырды. Өзінің разылығын тағат-ғибадатында жасырды. Ашу-қаһарын өзіне жасалған асылықта жасырды. Өзінің Ұлы Есімін Құранда жасырды. Қадір түнін Рамазан айларының түндерінің арасына жасырды. Орта намазды күнделікті бес намаздың арасында жасырды. Қиямет күнін күндердің арасында жасырды».

****

Осман (р.а.) айтқан: «Мүмінде алты түрлі қауіп болады. Алла Тағаланың иманын алып қоюынан қауіптенеді. Жазушы періштелердің Қиямет күні масқара ететін күнәларын жазып қоюынан қауіптенеді. Шайтанның өзінің жақсы амалын бұзуынан қауіптенеді.Өлім періштесінің қаперсізде жанын алуынан қауіптенеді. Дүниенің қызықтарына батып, ақыретін ұмытудан қауіптенеді. Өзінің бала-шағасымен болып, Алланың зікірін ұмытудан қауіптенеді».

****

Әли (р.а.) былай дейді: «Кім алты сипатқа ие болса, жәннат бұйырып, тозақтан аман-сау болады: Алла Тағаланы танып, оған бойсұнса; шайтанды танып, оған бағынбаса; ақыретті біліп, оған құлшынып амал істесе; дүниені танып, одан бет бұрса; ақиқатты танып, оның ізіне ерсе; жалғандықты танып, одан аулақтаса».

****

Ол тағы былай деген екен: «Нығметтер алтау: Ислам, Құран, Алланың елшісі Мұхаммед (с.а.с.), бас амандық, Алланың күнәларды жасыруы, адамдарға тәуелді болмау».

****

Яхия ибн Муғаз ар-Рази былай деген екен: «Білім – амалдың жол бастаушысы, түсінік – білімнің қазаны, ақыл – қайырлыққа  бастаушы, әуейілік – күнәға апарар көлік, мал-мүлік – такаппарлардың киімі, дүние – ақыреттің базары».

****

Әбу Зу-Жимһир былай деген екен: «Алты нәрсе бүкіл дүниеге тең: дұрыс тамақ, жақсы бала, лайықты жар, нақты әрі айқын сөйлеу, ақылдың кемелдігі, деннің саулығы».

****

Хасан Басри былай деген екен: «Заттардың күйден-күйге ауысуы болмаса жер де, оның бетіндегілер де құрып кетер еді. Ізгілер болмаса нашарлар құрып кетер еді. Ғұламалар болмаса адамдар хайуандар сияқты тіршілік етер еді. Әмірші болмаса адамдар бірін-бірі құртар еді. Жел болмаса дүние сасып кетер еді».

****

Кейбір даналар былай депті: «Алладан қорықпаған тілінің зарарынан құтылмайды. Аллаға жолығатынын біліп, одан қорықпағанның жүрегі харам мен күдіктен құтылмас. Халайықтан күдер үзбеген есекдәмеліліктен құтыла алмас. Амалына мұқият болмаған риядан құтылмас. Алладан жүрегін таза сақтауды сұрамаған бойындағы қызғаныштан құтылмас. Өзін білімі мен амалы жоғары тұрған адаммен салыстырмаған өз-өзіне тамсанудан құтыла алмас».

****

Хасан Басри былай депті: «Жүректер алты нәрседен бұзылады: тәубені үміт етіп күнә жасау; білімді үйреніп, оған амал етпеу; амалдарын ықыласпен орындамау; Алла берген ризықты жеп, шүкіршілігін жасамау; Алланың бергеніне разы болмау; өлгендерін көміп, одан еш ғибрат алмау».

****

Хасан Басри тағы былай деген: «Кім тек дүниені қалап, ақыретін дүниемен ауыстырса, Алла Тағала оны алты нәрсемен жазалайды. Олардың үшеуі осы дүниеде, үшеуі ақыретте. Дүниедегі үшеуі: шексіз үміт (амал етпей, Алланың рахымынан бос үміт ету), қанағат, тойымы жоқ ашкөздік, ғибадаттың тәттілігін сезбеу. Ақыреттегі үшеуі: Қиямет күні қатты қорқыныш, ауыр есеп, шексіз қасірет».

****

Ахнаф ибн Қайыс былай деген екен: «Қызғаншақта рахат болмас. Өтірікшіде тектілік болмас. Сараңда айла болмас. Патшаларда опа болмас. Мінез-құлқы нашарда басшылық сипат болмас. Алланың тағдырынан құтылу болмас».

****

Бір хакімнен  «Күнәсына тәубе жасаған пенденің тәубесінің қабыл болғандығының білуге бола ма» деп сұрағанда: «Ол туралы үкім ете алмаймын. Бірақ оның белгілері бар», – деген екен. Сол белгілер: өзін күнә-қателіктен тазамын деп есептемеу; жүрегінде қуаныштан гөрі мұңның басым болуы; жақсыларға жақын жүріп, жамандардан алыстау; аз дүниесін көп деп көріп, көп амалын аз деп көру; Алла Тағаланың уәде бергеніне (жәннатқа) амал жасап, жүрегі соны ойлау; Алла Тағаланың өз кепілдігіне алғанын (ризық) ойламау; тілін күнәлі, бос сөздерден сақтап, көп ойлану; істеген күнәсіне қамкөңіл болып, опық жеу».

****

Яхия ибн Муғаз былай деген: «Меніңше, қатты адасуға мыналар жатады: кешірілуіне үміттеніп, күнә істерін жалғастыра беру, Аллаға ғибадатсыз жақындаймын деп ойлау, тозақтың дәнімен жәннаттың миуасын егуді ойлау, бойсұнушылардың әлеміне асылық сипатымен жетем деп ойлау, жақсы амал етпей жақсы сыйдан дәмелену, Алла Тағаладан амал етпей үміт ету».

****

Ахнаф ибн Қайыстан «пендеге берілген нәрсенің ең жақсысы не» деп сұрағанда «таза ақыл» депті. «Ол болмаса ше» деп сұрағанда, «жақсы әдептілік» деп жауап беріпті. «Ол болмаса ше» деп сұрағанда «жақсы жолдас» депті. «Ал, ол болмаса ше» деп сұрағанда «күшті, таза жүрек» деп жауап беріпті. «Ол да болмаса ше» деп сұрағанда «үндемей жүру» депті. «Ол сипат та болмаса ше» деп сұрағанда «онда өлімнің өзі жақсы деп жауап берген екен.

****

بِسْــمِ ٱللهِ الرَّحْمٰنِ الرَّحِيـمِ

Жетілік бап

 

Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай дейді:«Қиямет күні ешқандай көлеңке болмаған кезде Алла Тағала жеті адамға Аршысының астынан көлеңке береді. Олар: әділ имам (басшы да жатады), ғибадатпен есейген жас жігіт, оңашада Алланы есіне алып, қорқыныштан көзіне жас алған адам, жүрегі мешітке байланған кісі, садақаны көп бергені сонша, оның санын білмейтін бай, Алла жолында бір-бірін жақсы көріп, бауырласқан екі жолдас, сұлу әйел күнә істеуге шақырғанда, «мен Алла Тағаладан қорқамын» деп бас тартқан ер».

****

Әбубәкір (р.а.) былай деген: «Сараң адамның тағдыры жеті жағдайдың біреуіне душар болады. Өзі қайтыс болып, малына ие болған мирасқорлары малын Алла Тағаланың жолынан басқаға жұмсап, ту-талақай етеді. Ия болмаса Алла Тағала оған қатыгез билеушіні жіберіп, малын тартып алады. Не болмаса құмарлыққа салынып, мал-мүлкін соның жолына жұмсап құртады. Немесе пайдасыз жерге ғимарат салып, малы босқа кетеді. Не болмаса мал-мүлкі топан су, өрт, ұрлық сияқты кездейсоқ бәлекет себебінен құрып кетеді. Не созылмалы ауруға ұшырап, мал-мүлкі содан емделуге кетеді. Не қазынасын бір жерге тығып, кейін қайда тыққанын білмей ұмытады».

****

Омар (р.а.) былай дейді: «Кімнің күлкісі көбейсе айбаты жоғалады. Кім адамдарды құрметтемесе өзі де құрметтен жұрдай болады. Кім бір нәрсемен көп айналысса сонымен аты шығады. Кімнің сөзі көп болса қатесі де көп болады. Кімнің қатесі көп болса ұяты аз болады. Кімнің ұяты аз болса тақуалығы да аз болады. Кімнің тақуалығы аз болса жүрегі өледі».

****

Осман (р.а.) Кәһф сүресіндегі «Қабырғаның астында ол екеуіне тастап кеткен қазына бар еді. Әке-шешелері ізгі адамдар еді» (Кәһф, 82) деген аят туралы былай деген екен: «Мұндағы қазына бір алтын тақта еді. Онда төмендегідей жеті қатар нақыл сөз жазылыпты. «Өлімнің сөзсіз болатынын біліп тұрып, қаперсіз шат-шадыман жүргенге таңданамын. Дүниенің пәни-өткінші екендігін біліп тұрып, оған қатты құмартқанға таңданамын. Ризық-несібенің тағдыр тақтасында жазылып қойғанын біліп тұрып, одан айрылып қалам деп қам жегенге қарап таңданамын. Есеп Күнін хақ екендігін біліп тұрып, хисапсыз мал жинаудан талмағанға қарап таңданамын. Тозақтың хақ екенін біліп тұрып, күнә жасаудан тыйылмағанға қарап таңданамын. Жәннаттың хақ екендігін біліп тұрып, дүниеде қаперсіз жүргенге қарап таңданамын. Шайтанның нақ дұшпан екенін біліп тұрып, оған бойсұнғанға қарап таңданамын».

****

Әлиден (р.а.) «Аспаннан ауыр нәрсе не? Жерден кең нәрсе не? Теңізден шалқар нәрсе не? Тастан қатты нәрсе не? Оттан ыстық нәрсе не? Аяздан суық нәрсе не? Удан ащы нәрсе не?- деп сұрағанда, ол: «Жазықсыз жандарға таңылған жала аспаннан да ауыр. Ақиқат жерден де кең. Қанағатшылдың жүрегі теңізден де шалқар. Мұнафықтың жүрегі тастан да қатты. Қатыгез билеушінің билігі оттан да ыстық. Қыңырға іс түскен кез аязды күннен де суық. Сабырлылықтың дәмі удан да ащы»,– деген екен. Басқа риуаятта «Өсек удан да ащы» деген.

****

Пайғамбар (с.а.с.) былай деген: «Дүние ақыреті жоқтың үйі, малы жоқтың малы. Оны (шексіз түрде) ақылы жоқ қана жинайды. Оның қызығымен пайымсыз ғана айналысады. Ол үшін білімі жоқ қана біреуді жазалайды. Оны жетесі жоқ қана қызғанады. Оған тек айқын иманы жоқ қана асығады».

****

Жәбир ибн Абдолла әл-Ансари (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай дейді: «Жебірейілдің маған көрші ақысы туралы көп өсиет айтқаны сонша, мен көршім мұрагерім болатын шығар деп ойладым. Әйелдер туралы көп өсиет еткені сонша, мен әйелдерді талақ етуге болмайтын шығар деп ойладым. Құлдар туралы көп өсиет еткені сонша, олардың бас бостандықтары берілетін күн болатын шығар деп ойладым. Мисуакпен ауыз тазалау туралы көп айтқаны сонша, оны парыз болатын шығар деп ойладым. Жамағат намазы туралы көп өсиет еткені сонша, намаз тек жамағатпен ғана қабыл болатын шығар деп ойладым. Түнгі намаз туралы көп айтқаны сонша, тіпті, түнде ұйықтамау керек шығар деп ойладым. Алланы зікір ету туралы көп айтқаны сонша, одан басқа сөз сөйлемеу керек шығар деп ойладым».

 ****

Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Жаратушы Қиямет күні жеті адамға назарын да салмайды, күнәларын да кешпейді: зина жасаушы екеу, қолымен зина жасаушы, жануармен зина жасаушы, әйелінің артынан қатынас жасаушы, бір әйелге және оның қызына үйленуші, көршісінің жұбайымен зина жасаушы, көршісіне ол лағынет айтқанша азар беруші».

****

Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Алла жолында өлтірілгеннен өзге шәйіттердің түрлері жетеу: іш аурудан қайтыс болған – шәйіт, суға батып өлуші – шәйіт, көкірек ауруынан қайтыс болған – шәйіт, обадан өлген – шәйіт, оттан өлген – шәйіт, бір нәрсенің астында қалып өлген – шәйіт, босану үстінде қайтыс болған әйел – шәйіт».

****

Ибн Аббас (р.а.) былай деген екен: «Ақылды пенде жеті нәрсенің орнына жеті нәрсені таңдауы керек. Байлықтың орнына кедейлікті, атақ-абыройдың орнына қарапайымдылық-ты, такаппарлықтың  орнына  кішіпейілділікті, тоқтықтың орнына аштықты, шаттықтың орнына мұңды, жоғарылықтың орнына төмендікті, өмірдің орнына өлімді таңдауы керек».

****

  

بِسْــمِ ٱللهِ الرَّحْمٰنِ الرَّحِيـمِ

 Сегіздік бап

 

Пайғамбар (с.а.с.) былай деген екен: «Сегіз нәрсе сегіз нәрседен тоймайды: көз көруден, жер жаңбырдан, әйел еркектен, ғалым білімнен, сұраушы сұрақ қоюдан, ашкөз дүние жинаудан, теңіз судан, от отыннан тоймайды».

 ****

Әбубәкір (р.а.) былай деген екен: «Сегіз нәрсе сегіз нәрсенің әшекейі. Кедейліктің әшекейі тілемсектіктен бойын тарту, нығметтің әшекейі шүкірлік ету, бәлекеттің әшекейі оған сабыр ету, білімнің әшекейі салмақтылық, шәкірттің әшекейі өзін төмен ұстау, Алладан қорқудың әшекейі көп жылау, басқаға жақсылық жасаудың әшекейі міндетсінбеу, намаздың әшекейі қорқынышпен оқу».

****

Омар (р.а.) былай деген екен: «Кім көпсөзділікті тастаса хикметке ие болады. Кім көп қарауды тастаса жүрегінде Алладан қорқыныш пайда болады. Кім көп тамақ ішуді тастаса ғибадаттың ләззатын сезеді. Кім көп күлуді тастаса айбатқа ие болады. Кім көп мазақ-әзілді тастаса көркемдікке ие болады. Кім дүниені жақсы көруді тастаса ақыретті жақсы көретін болады. Кім өзгенің айыбын іздеуін тоқтатса өзінің айыптарын дұрыстай алады. Кім Алланың тұлғалық сипаттары туралы көп қазбалауын доғарса екіжүзділіктен таза болады».

****

Осман (р.а.) былай деген екен: «Алланы танушылардың (арифтердің) белгілері сегіз: жүрегі бір қауіп, бір үмітте; тілі тек Алланы мадақтауда; екі көзі ұят пен жылауда; бар ықылас тәрк ету мен разылыққа (яғни, дүниені тәрк ету мен Раббысының разылығына) ауған».

****

Әли (р.а.) былай деген: «Қорқу болмаған намазда қайыр жоқ. Бос сөзден тыйылмаған оразадан қайыр жоқ. Құранды мағынасына зер салмай оқудан қайыр жоқ... Тақуалық болмаған білімнен қайыр жоқ. Жомарттық болмаған байлықтан қайыр жоқ. Сақталмаған туыс-бауырлықтан қайыр жоқ. Тұрлаусыз нығметтен қайыр жоқ. Ықылассыз жасалған дұғадан қайыр жоқ».

****

 بِسْــمِ ٱللهِ الرَّحْمٰنِ الرَّحِيـمِ

 Тоғыздық бап

      Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деген: «Алла Тағала Тәуратта Мұса ибн Имран пайғамбарға былай уахи етіпті: қателіктердің негізі үшеу: такаппарлық, қызғаныш, ашкөздік. Олардан алты нәрсе бөлініп шығып, барлығы тоғыз болды. Алтауы: тойып тамақ ішу, ұйқы, ретсіз демалыс, мал-мүлікті жақсы көру, мақтау-мадақты жақсы көру, басшылықты жақсы көру».

****

Әбубәкір Сыддық былай деген екен: «Аллаға құлшылық қылушылар үш түрге бөлінеді. Біріншілері Алладан қорқып құлшылық етеді. Екіншілері рахымынан үміт етіп ғибадат қылады. Үшіншілері Аллаға деген махаббатпен ғибадат етеді. Біріншілерінің үш сипаты бар: өзін-өзі төмен санайды, жақсылығын аз деп есептейді, жамандықтарын көп деп ойлайды. Екіншілерінің де үш белгісі бар: әрбір жағдайларында адамдарға үлгі болады, дүниеде малмен жомарттық жасауда адамдардың бәрінің алдында болады, халайықтың ішіндегі Алла Тағала туралы ең жақсы ойлайтыны болады. Үшіншінің де үш сипаты бар: Алланың разылығы үшін ештеңеге мән бермей, өзінің ең жақсы көретін нәрсесін садақаға береді, Алланың разылығынан соң өзін-өзі қатты сынайды, барлық істерінде, жақсылыққа бұйыруы мен жамандықтан тыюында өзінің Иесімен бірге болады».

****

Омар (р.а.) былай деген екен: «Шайтанның ұрпағы тоғыз: Зәлитун, Уәсин, Лақус, Ағуан, Һәффаф, Мурра, Мусаууит, Дәсим, Уәләһән. Зәлитун базарларда туын тігіп, сонда жүреді. Уәсин – кесапаттардың басшысы. Ағуан билік жақта жүреді. Һәффаф – арақ-шараптың иесі. Мурра – музыкалық аспаптардың басшысы. Лақус – отқа табынушылардың басшысы. Мусаууит болса адамдардың ауыздарынан шыққан негізсіз жалған әңгіме-лердің басшысы. Дәсим үйлерде жүреді. Егер үй иесі үйіне кіргенде Алланың есімін айтпай, үйдегілерге сәлем бермей кірсе, олардың арасында жанжал тудырып, бір-бірлерімен араздастырады. Ал Уәләһән болса дәрет алушы мен намаз оқушыны, ғибадат жасаушыларды азғырып, олардың ғибадаттарына күмән туғызуға тырысады».

****

Осман (р.а.) былай деген: «Кімде-кім бес уақыт намазды уақытында оқып, қалдырмай жүрсе Алла Тағала оған тоғыз түрлі қасиет береді. Олар: Алла Тағала оны жақсы көреді, денесі сау болады, оны періштелер қорғайды, үйіне құт-береке орнайды, жүзінде салиқалылық сипат – нұр болады, Алла Тағала жүрегін жұмсартады, Қиямет күні қылкөпірден жарқ еткен найзағайдың жылдамдығындай тез өтеді, тозақтан аман болады, Алла Тағала оны қорқыныш пен қасыретке ұшырамайтын пенделерінің арасына қосады».

****

Әли (р.а.) былай дейді: «Жылаудың үш түрі бар: Алланың азабынан қорқып жылау, Алланың ашу-ызасынан қорқып жылау, Раббысымен байланысының үзілуінен қорқып жылау. Біріншісі күнәлардың жуылуына себеп болады. Екіншісі айып-кемшіліктерді тазартады. Үшіншісі Раббысының разылығымен уәлилікке жеткізеді. Ал күнәлардың жуылуы ол күнәлардың жазаларынан құтқарады. Айып-кемшіліктердің тазартылуының жемісі – Нағим жәннаттары мен биік дәрежелер. Уәлиліктің жемісі – ақыретте Раббысын көруді нәсіп ету, періштелердің зиярат етуі мен дәрежесінің артуы туралы Алла Тағаланың сүйіншісі».

****

 بِسْــمِ ٱللهِ الرَّحْمٰنِ الرَّحِيـمِ

 Ондық бап

 Расулалла (с.а.с.) былай деген: «Сендер мисуакты қолданыңдар, онда он түрлі пайда бар: ауызды тазартады; Раббыны разы етеді; шайтанды ашуландырады; Рахман мен қорғаушы періштелер жақсы көреді; қызыл иекті қатайтады; сілекейді тоқтатады; ауыздың иісін жақсартады; запыранды сөндіреді, көздің көруін жақсар-тады, ауыздың сасық исін кетіреді және бұл – менің сүннетімнен».

Сосын Пайғамбар (с.а.с.): «Аузын мисуакпен тазалап оқыған намаз мисуаксыз оқыған жетпіс намаздан артық»,–– деген.

****

Әбубәкір (р.а.) былай деген: «Алла Тағала қай пендесіне он түрлі сипатты берсе ол пенде түрлі апаттар мен қауіп-қатерлерден аман болады, Раббысына жақындардың қатарына қосылады, тақуалардың дәрежесіне жетеді. Ол сипаттардың біріншісі – қанағатшыл жүрекпен дәйім шындықты сөйлеу; екіншісі – дәйім шүкірлікпен бірге кемел сабырлылық; үшінші – дәйім кедейлікпен бірге тұрақты тақуалық; төртіншісі – аш қарынмен бірге дәйім ойлылық; бесіншісі – Раббысынан қорқынышпен бірге дәйім мұңлылық; алтыншысы – бағынышты денемен бірге (ғибадатта) дәйім ыждағаттылық; жетіншісі – туыстық қатынасты үзбеумен бірге жұмсақ мінез; сегізіншісі – ұяттылықпен бірге дәйім (Аллаға) сүйіспеншілік; тоғызыншысы – пайдалы біліммен бірге дәйім саналалық; оныншысы – айнымас ақыл мен дәйім иман».

****

Омар (р.а.) былай деген: «Он нәрсе он нәрсесіз дұрыс болмайды. Тақуалықсыз ақыл дұрыс болмайды, білімсіз бола тұра артықпын деу дұрыс болмайды, Құдайдан қорқусыз  жәннатқа жетуге болмайды, әділдіксіз билік дұрыс болмайды, әдепсіз тектілік дұрыс болмайды, амандықсыз қуаныш дұрыс емес, жомарттықсыз байлық дұрыс болмайды, қанағатсыз кедейлік дұрыс емес, кішіпейілділіксіз жоғары дәреже дұрыс емес, Алладан тауфиқ болмай жиһад дұрыс болмайды».

****

Осман (р.а.) былай деген екен: «Он нәрсе жоғалған нәрселер: ешкім ештеңе сұрамаған ғалым, амалға асырылмаған білім, қабыл алынбаған дұрыс пікір, қолданылмаған қару, намаз оқылмаған мешіт, оқылмай тұрған Құран, қайырлылыққа жұмсалмаған мал, мінілмеген сәйгүлік, дүниені қалаушының ішіндегі тақуалық туралы ілім, ақыретіне қам жасалмаған ұзақ өмір».

****

Әли (р.а.) былай деген: «Мирастың жақсысы білім, кәсіптің жақсысы әдеп, жол азықтың жақсысы тақуалық, тауардың жақсысы ғибадат, жолбасшының жақсысы ізгі амал, жолдастың жақсысы көркем мінез, уәзірдің жақсысы даналық, байлықтың жақсысы қанағат, жәрдемшінің жақсысы тауфиқ, тәрбиешінің жақсысы өлім».

****

Пайғамбар (с.а.с.) былай депті: «Үмметімде  он түрлі адам кәпірлер, олар бірақ өздерін мұсылманбыз деп ойлайды. Олар: жазықсыз жанды өлтіруші, сиқыршы, өзінің жұбайын еш қызғанбайтын дәйіс, зекет бермеуші, арақ ішуші, қажылық парыз бола тұра оны орындамаған адам, іріткі салушы, дұшпандарға қару сатушы, әйелдің артынан жыныстық қатынас жасаушы, жақын туыстарына үйленуші. Кім осы істерді халал деп ойласа күпірлікке кіреді».

****

Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деген: «Пенде жерде болсын, аспанда болсын туыстық  қатынастарды сақтамайынша мүмін болмайды. Мұсылман болмайынша туыстық қатынастарын сақтай алмайды. Қашан басқа адамдар оның қолы мен тілінен сау болмайынша мұсылман бола алмайды. Қашан білімді болмайынша мұсылман бола алмайды. Білгеніне амал жасамайынша білімді болмайды. Тақуа болмайынша білгеніне амал жасай алмайды. Харамдардан сақтанбайынша тақуа бола алмайды. Кішіпейіл болмайынша сақтанғыш бола алмайды. Қашан өзін-өзі танымайынша кішіпейіл бола алмайды. Сөзі түзелмейінше өзін-өзі танымайды».

****

Яхия ибн Мұғаз ар-Рази деген ғұлама бір дүниеқұмар фақиһты көріп былай депті:   «Ей, білім мен сүннетке ие болушы! Сарайларың Цезарьдың сарайындай, үйлерің Хосраудікіндей, тұратын жерің Қарун байдікіндей, дарбазаларың Толон патшанікіндей, киімдерің Жалұт патшанікіндей, мазһабтарың шайтани, жоғалтқан нәрселерің дию-перінікіндей, биліктерің перғауындікіндей, қазылық-төреліктерің парақор, жемқорлардікіндей, өлімдерің жәһили. Ал, сонда мұхаммади сипаттарың қайда?». Сосын ол былай депті:

Ей, Раббысына мінәжат етуші әр уақта

Талапкердің шын отаны жәннатта.

Жылдан жылға шегересің тәубені,

Көп жасауға кепілдігің бар ма еді?

Оразамен өткізсең егер күніңді,

Намазбенен өткізсең егер түніңді,

Азайтсаң солай ішіп-жеміңді,

Сонда ғана күшейтерсің сенімді.

Раббыңнан жетер сонда керемет,

Разылығына жетсең, басқа не керек?

****

Бағзы хакімдер былай деген екен: «Алла Тағала он адамның он түрлі қасиетін ұнатпайды: байлардың сараңдығын, кедейлердің кердеңдігін, ғалымдардың ашкөздіктерін, әйелдердің ұятсыздарын, қарттардың дүниеге құмарлықтарын, жастардың жалқаулықтарын, әміршінің қысастығын, жиһадқа шыққандардың қорқақтығын, тақуалардың өзіне-өзі таң қалуларын, ғибадатшылардың ғибадаттарын басқаларға көрсету үшін орындауларын».

****

Расулалла (с.а.с.) былай деген: «Есендікте  болудың он түрлі шарты бар. Оның бесеуі осы дүниеде, тағы бесеуі ақыретте. Дүниедегілері: білімділік, ғибадат, адал ас, қиындыққа сабыр ету, нығметке шүкір ету. Ал, ақыреттегі бесеуі: жан алғыш періштенің рахымды әрі жұмсақ түрде келуі, қабірде Мункар мен Нәкирдің қорқытпауы, Қиямет күнінің қорқынышынан аман болу, жамандықтарының өшіріліп, жақсылықтарының қабыл болуы, Қыл көпірден жарқ еткен найзағайдай тез өтіп, амандықпен жәннатқа кіруі».

****

Әбу Фадл деген ғалым былай депті: «Алла Тағала Өзінің Кітабын он түрлі есіммен атады. Олар: Құран, Фурқан, Кітап, Тәнзил, Һудә, Нұр, Рахым, Шифа, Рух, Зикр. Құран, Фурқан және Кітап бұлар мәшһүр есімдері. Ал Һудә (Тура жол көрсетуші), Нұр, Рахмет, Шифа, Рух, Зікір төмендегі аяттарда келді. Алла Тағала былай деді:«Әй, адамдар! Сендерге Раббыларың тарапынан бір үгіт, жүректегілерге шипа, сенушілер үшін тура жол және рахым (түрінде Құран) келді» (Жүніс, 57);«Расында, сендерге Алладан бір нұр және ашық бір кітап келді» (Мәида, 15);«Саған осылайша бір рух уахи еттік» (Шура, 52); «Саған да адамдар үшін түсірілгенді ашық баян етерсің деп зікірді түсірдік» (Нахл, 44).

****

Лұқман ұлына былай деп өсиет етіпті: «Ей, ұлым! Даналық, хикмет дегеніміз он түрлі істі істеумен келеді. Олар: өлі жүрегіңді тірілтуің; міскінмен бірге отыруың; ұлықтардың мәжілістерінен аулақтау; төмен адамды жоғарылатуың; құлдарды азат етуің; ғаріпке пана болуың; пақырды байытуың; даңқтының даңқын, мырзаның мырзалығын арттыра білуің. Хикмет мал-дүниеден артық. Ол – қауіптен сақтаушың, соғыстағы құралың, базардағы тауарың. Бәлеге душар болғанда шапағатшың, өз нәпсіңе сенімің қалмаған кездегі көшбасшың, киімің болмаған кезде шапаның».

****

Кейбір хакімдер былай дейді: «Ақылды пенде тәубе жасағанда он түрлі нәрсені жасауы тиіс: тілмен истиғфар ету, жүрекпен өкіну, денемен тоқтату, ендігәрі істемеуге нық шешім, ақыретті жақсы көру, дүниені ұнатпау, аз сөйлеу, білім мен ғибадатқа бас қою үшін ішу мен жеуді азайту, аз ұйықтау». Алла Тағала былай деген:«Олар түнде аз ұйықтаушы еді, таңсәріде жарылқану тіленуші еді». (Зәрият, 17,18).

****

Әнес ибн Мәлік былай деді: «Күн сайын жер адамға былай дейді екен: «Ей, Адам баласы! Менің үстімде тіршілік жасап жатырсың, бірақ барар орның менің ішім. Менің үстімде күнә жасайсың, ал оның сазайын ішімде татасың. Үстімде қарқылдап күлесің, ішіме кірсең жылайсың. Үстімде қатты қуаныштысың, ішімде қатты қайғыда боласың. Менің үстімде мал жинайсың, ол үшін ішімде өкінетін боласың. Үстімде харам жеп жүрсің, ал сені менің ішімде құрт-құмырсқа жейді. Менің үстімде кердеңдеп жүресің, менің ішіме түскенде сорлы боласың. Менің үстімде шат-шадыман жүресің, ішімде қатты қасіретте боласың. Үстімде жарық жерде жүрсің, астыма түссең тас түнекте боласың. Үстімде көппен бірге жүрсің, астыма түскенде жападан жалғыз боласың».

****

Расулалла (с.а.с.) былай деген: «Кімнің күлкісі көбейсе, ол он түрлі жазамен жазаланады: жүрегі өледі; жүзінен ар-ұяты кетеді; шайтан оны кекетеді; Рахман оған ашуланады; Қиямет күні оның ісі талқыға түседі; сол күні Расулалла одан бет бұрады; періштелер оған лағынет айтады; аспан мен жердің тұрғындары оны ұнатпайды; ол барлық нәрсені ұмытады; Қиямет күні масқара болады».

 ****

Хасан Басри былай депті: «Бірде мен Басра қаласының көшесімен бір тақуа жігітпен бірге келе жатыр едім алдымыздан дәрі сатып отырған кісі көрінді. Оның жан-жағында ерлер мен әйелдер жиналып қалыпты. Әрқайсысының қолында бір-бір құты, өздеріне керекті дәрілерді сұрап, құтыларға құйып алып жатыр екен. Қасымдағы жігіт сол дәрігерге жақындап барып: «Ей, дәрігер! Сенде күнәларды кетіріп, жүректерді тазартатын дәрі бар ма?» – деп сұрады. Сонда дәрігер: «Бері кел! Менен он түрлі нәрсе ал. Кедейлік ағашының суы мен кішіпейілділік ағашының суын ал. Оларды тәубенің ем суымен араластыр. Раббыңның разылығының диірменіне сал. Қанағаттың сүргісімен жон. Тақуалықтың қазанында қайнат. Оған ұяттың суынан қос. Мұны махаббат отымен қайнат. Сосын оны шүкірлік құтысына құй. Үміт желімен салқындат. Әлхамдының (Аллаға мадақ) қасығымен іш. Егер сен осы айтқанымды істесең осы дүниенің де, ақыреттің де барлық дерттерінен аман боласың», – деді.

****

Бұрынғылардан қалған сөз: «Ертеде бір патша бес ғұлама-хакимді алдына шақырып, олардың әрқайсысынан бір хикмет сөз айтуды бұйырыпты. Сонда әрқайсысы екі хикметтен айтып, барлығы он хикмет болған екен. Бірінішісі тұрып былай депті: «Жаратушыдан қорқу амандыққа жеткізеді, ал одан қорықпау күпірлікке апарады. Жаратылғаннан қорықпау азаттықты білдіреді, ал одан қорқу – құлдық». Екіншісі былай депті: «Алладан үмітін үзбеу кедейлікке ұшырамайтын байлық, ал Одан күдер үзу мол байлықтың пайдасы болмайтын кедейлік». Үшіншісі: «Жүректің бай болуына қалтаның бос  болуы зиян етпейді. Жүректің кедейлігіне қалтаның толық болуы пайда бермейді», – деді. Төртіншісі: «Жүректің байлығы жомарттығымен артады. Қалта толық болып, жүрек пақыр болса пақырлық арта береді», – деді. Бесіншісі: «Жақсы нәрседен аз ғана мөлшер алу көп жамандықты тастағаннан жақсы. Жамандықтың барлығын тастау жақсылықтан аз істегеннен жақсы», – деді.

****

Ибн Аббастың (р.а.) риуаят етуі бойынша Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай дейді:«Үмметімнен он түрлі адам тәубе етпесе жәннатқа кірмейді. Олар: қаллағ, жәйуф, қаттәт, дәббуб, дәййус, артаба иесі, кубаһ иесі, утул, зәним, ата-анасын ренжітуші». Сонда адамдар: «Қаллағ деген кім, Расулалла?» – деп сұрайды. Сонда ол: «Әміршілердің алдында жүруші (жағымпаз)», – деді. «Жәйуф деген кім?» – деп сұрағанда: «Ол қабірді қазушы», – деді. «Қаттат деген кім?» деген сұраққа:«Өсекші», – деп жауап берді. «Дәббуб деген кім?» – дегенде: «Үйіне жезөкшелерді жинаушы», – деді. «Дәййус деген кім?» – деген сұраққа: «Өзінің әйелін қызғанбайтын адам (дәйіс)» , –деп жауап береді. «Артаба иесі деген кім?» – деп сұрағанда: «Барабан соғушы», – дейді. «Кубаһ иесі деген кім?» – дегенде: «Танбур тартушы», – деп жауап береді. «Утул дегеніміз кім?» дегенде сұраққа: «Қателікті еш кешірмейтін, кешірімді қабыл алмайтын адам», – деп жауап береді. «Зәним деген кім?» – дегенде: «Зинадан туған, жолдың шетіне отырып алып, өткен адамдарды ғайбаттаушы», – деп түсіндіреді.

****

Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Алла Тағала он адамның намазын қабыл етпейді. Олар: намазды жалғыз қырағатсыз оқушы, зекет бермеуші, бір қауымға олардың разылығынсыз имам болушы, қашып кеткен құл, арақ ішуші, күйеуі разы болмаған әйел, орамалсыз намаз оқушы әйел, риба жеуші өсімқор, залым әмірші, намазы бұзықтық пен теріс істерден тыймаған адам. Бұлар намаз оқығанмен Аллаға еш жақындамайды».

****

Расулалла (с.а.с.) былай дейді: «Мешітке кірген адам он түрлі істі істеуі керек. Аяқ киімін шешу, оң аяғымен кіру, кіргенде «Бисмилләһ, уа сәләмун алә Расулилләһ уа алә мәләикәтилләһ. Аллаһуммафтах ләнә әбуәбә рахматикә иннәкә әнтәл-уаһһаб»» деп кіру, мешіттігілерге сәлем беру, ешкім болмаса «Әссәләму аләйнә уа ъалә ибадиһис-салихин» деу, «Әшһәду әл-лә иләһә илаллаһ уа әшһәду әннә Мухаммадар-расулаллаһ» деп айту, намаз оқушының алдынан өтпеу, дүние ісін істемеу, дүние сөзін сөйлемеу, екі рәкәғат намаз оқу, дәретссіз кірмеу, тұрғанда, мешіттен шығарда «Субханакаллаһумма уа бихамдика әшһәду әл лә иләһә иллә әнтә, уа астағфирука уа әтубу иләйк» деп айту».

****

Әбу Һурәйра (р.а.) риуаят еткен хадисте Расулалла (с.а.с.) былай деген: «Намаз діннің тірегі, онда он түрлі пайда бар: жүздің шырайлы болуы, жүректің нұры, дененің сергектігі, қабірде жолдас, рахымға ие болу, аспанның кілті, таразының салмақты болуы, Раббының разылығы, жәннаттың бағасы, тозақтан қалқан, кім оны тура ұстаса, діні тура болады, ал кім оны тастаса, дінін қиратқан болады».

****

Айшадан (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деген: «Егер Алла Тағала жәннаттықтарды жәннатқа кіргізуді қаласа, оларға қолдарында сый мен жәннат киімі бар періштелерді жібереді. Олар жәннатқа кірмек болғанда періште оларға: «Тұра тұрыңдар, менде әлемдердің Раббысының сыйы бар», – дейді. Олар: «Ол қандай сый?» – деп сұрасады. Сонда періште: «Ол – он түрлі  жүзік, біріншісінде: «Сендерге сәлем! Хош келдіңдер! Оған мәңгі қалатын түрде кіріңдер» (Зүмәр, 73) деп жазылған. Екіншісінде: «Сендерге енді еш қайғы-қасырет те, уайым-мұң да жоқ» деп жазылған. Үшіншісінде: «Істеген амалдарыңа қарай  мұрагерлері болған жәннаттарың сол» (Ағраф, 43) деп жазылған. Төртіншісінде: «Сендерге көркем шапандар мен әшекейлер кигіздік» деп жазылған. Бесіншісінде «Оларды ботакөз хор қыздарымен үйлендіреміз» (Дұхан, 54) және «Шындығында, бүгін Мен оларды сабыр еткендіктері себепті мол сыйға бөледім» (Мүминун, 111) деп жазылған. Алтыншысында: «Бұл сендердің жасаған ғибадаттарыңның бүгінгі сыйы» деп жазылған. Жетіншісінде: «Сендер жастарға айналдыңдар. Енді ешқашан да қартаймайсыңдар» деп жазылған. Сегізіншісінде: «Амандық-есендікте боласыңдар. Енді сендерге еш қауіп жоқ» деп жазылған. Тоғызыншысында: «Сендердің жәннаттағы жолдастарың пайғамбарлар, шыншылдар, шәйіттер және ізгі жандар» деп жазылған. Оныншысында: «Ардақты Аршының Иесі Рахманның қасында тұрасыңдар» деп жазылған. Сонан соң періште: «Жәннатқа амандықпен кіріңдер» (Хижр, 46), – дейді. Ал олар: «Барлық мадақ бізден қайғыны жойған Аллаға лайық. Шындығында, Раббымыз Аса Жарылқаушы әрі Алғыс Білдіруші» (Фатыр, 34)  және «Бізге берген уәдесін шынға шығарған және бізді жәннаттың жеріне мұрагер еткен Аллаға барлық мадақ лайық. Жәннаттан қалағанымызша орын аламыз. Амал етушілердің сыйлығы қандай көркем» (Зүмәр, 74), – дейді.

Алла Тағала тозақтықтарды тозаққа кіргізуді қалағанда оларға бір періштені жібереді. Оның қолында он түрлі жүзік болады. Біріншісінде былай жазылған: «Оған кіріңдер, онда мәңгілік өлмейсіңдер де, тірі де болмайсыңдар, одан ешқашан шыға алмайсыңдар» деп жазылған. Екіншісінде: «Азапқа тереңірек кіріңдер, сендерге енді еш рахат жоқ» делінеді. Үшіншісінде: «Бұлар Менің рахымымнан күдер үзді» деп жазылған. Төртіншісінде: «Мәңгілік уайым-қайғыға, қайғы-қасіретке батыңдар» деп жазылған. Бесіншісінде: «Тозақтағы сендердің киімдерің от, тамақтарың заққұм ағашы, сусындарың ыстық тер, төсеніштерің мен жамылғыларың от-жалын» делінеді. Алтыншысында: «Бұл сендердің жасаған күнәларыңның жазалары» деп жазылған. Жетіншісінде: «Тозақта сендерге мәңгілік қаһарым болсын» деп жазылған. Сегізіншісінде: «Сендерге лағынет болсын! Үлкен күнәларды қасақана жасап, тәубеге келмедіңдер, тіпті өкінбедіңдер де» деп жазылған. Тоғызыншысында: «Тозақтағы мәңгі сыңарларың –– шайтандар» деп жазылған. Оныншысында: «Шайтанға еріп, тек дүниені қаладыңдар, ақыретті ұмыттыңдар. Міне, жазаларың!» деп жазылған».

****

Хакімдердің біреуі былай депті: «Он нәрсені он нәрседен іздеп едім, басқа он нәрседен таптым. Абыройды тәкаппарлықтан іздеп едім, кішіпейілділіктен таптым. Нағыз ғибадатты тек намаздан іздеп едім, ол сақтықта (тақуалық) екен. Рахатты дүние жинаудан іздеп едім, керісінше, дүниені тәрк етуден таптым. Жүректің нұрын күнделікті жария оқылатын күндізгі намаздардан іздеп едім, оны түнгі оңаша оқылатын намаздан таптым. Қияметтің нұрын жомарттық пен сақилықтан іздеп едім, оны шөлдеу мен аш жүруден таптым. Қыл көпірден аман өтуді құрбан шалудан іздеп едім, оны садақадан таптым. Тозақтан құтылуды мубах істерден іздеп едім, шәһуаттарды тәрк етуден таптым. Алла Тағаланың сүйіспеншілігін дүниені жинаудан іздеп едім, оны зікір етуден таптым. Аман-саулықты көпшілікпен бірге жүруден іздеп едім, оны оңашалықтан таптым. Жүректің нұр-сәулесін уағыз бен Құран оқудан іздеп едім, оны терең ойлану мен жылаудан таптым».

****

Ибн Аббас (р.а.) «Раббысы Ибраһимді сынағанда ол бәрін толық орындады»(Бақара,124) деген аят туралы былай деген екен: «Басқа байланысты бес түрлі сүннет, денеге байланысты  бес түрлі сүннет бар. Басқа байланыстылары мисуак, мадмада (ауыз шаю), мұрын сіңбіру, мұртты басу, шашты алу. Денеге байланыстылары қолтықтың түктерін тазалау, тырнақтарды алу, шапты тазарту, сүндетке отыру, истинжә (асты дәрет алу)».

****

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Кім Пайғамбарға (с.а.с.) бір салауат айтса, Алла Тағала оған он рет салауат айтады. Пайғамбарды (с.а.с.) бір рет сөккенді Алла Тағала он рет сөгеді. Оған дәлел ретінде Пайғамбарды (с.а.с.) бір рет сөккені үшін Уәлид ибн Муғира туралы айтқан Алла Тағаланың аяттарына қара. Онда он сөгіс бар. «Әрбір көп ант ішкіш ынжықтарға бой ұсынба. Өте айыптағыш, өсек тасығышқа. Жақсылыққа тыйым салушы, шектен шығушы күнәһарға. Қыңыр, сондай-ақ, зинадан туған тексізге. Тіпті малы мен баласы (көп) болса да. Оған аяттарымызды оқылғанда: «Бұрынғылардың ертегілері» – деді» (Қалам сүресі, 10-15). Яғни, Құранға сенбеді.

****

Ибраһим ибн Әдһамнан «Маған  дұға етіңдер, (тілектеріңе) жауап беремін» (Ғафыр, 60) деген аят туралы «Біз қанша дұға етсек те, дұғамыз қабыл болмайды» деп сұрағандарға былай депті: «Өйткені сендердің жүректерің он түрлі істеріңмен өліп қалған:

  1. Алланы біліп, Оның хақтарын өтемедіңдер.
  2. Алланың Кітабын оқып, оған амал етпедіңдер.
  3. Ібілісті жау тұттық дегендеіңмен онымен сыбайлас болдыңдар.
  4. Расулалланы (с.а.с.) жақсы көреміз дедіңдер, бірақ оның сүннетін тастап қойдыңдар.
  5. Жәннатқа құлшынамыз дедіңдер, бірақ ол үшін амал етпедіңдер.
  6. Тозақтан қорқамыз дедіңдер, алайда күнәлардан тыйылмадыңдар.
  7. Өлімнің хақ екенін білдіңдер, бірақоған дайындалмадыңдар.
  8. Басқалардың кемшіліктерін айтып, өз кемшіліктеріңе көз жұма қарадыңдар.
  9. Алланың ризық-несібесінен дәм татсаңдар да оған шүкірлік етпедіңдер.
  10. Өлгендеріңді көміп, бірақ одан ешбір ғибрат алмадыңдар».

****

Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деген: «Арафа күніне қараған түні қандай да бір Алланың құлы не күңі мына он сөзді мың рет қайталап, Алладан сұраса, күнәны тоқтатып, туыстық байланысын үзбеген болса оның сұраған нәрсесі беріледі.

Сүбханаллаһилләзи фис-сәмәи аршуһу

Сүбханаллаһилләзи фил-арди мүлкуһу уа қудратуһу

Сүбханаллаһилләзи фил-бирри сәбилуһу

Сүбханаллаһилләзи фил-һәуә рухуһу

Сүбханаллаһилләзи финнари султануһу

Сүбханаллаһилләзи  фил-архами илмуһу

Сүбханаллаһилләзи фил-қубури қадауһу

Сүбханаллаһилләзи рафаъас-сәмәә билә амад

Сүбханаллаһилләзи уадаъал-ард

Сүбханаллаһилләзи лә мәлжәә уа лә мәнжәә минһу иллә иләйһи».

****

Ибн Аббастан (р.а.) риуаят етілген хадис: Расулалла (с.а.с.) бірде Алланың лағынеті болғыр Ібілістен: «Менің үмметімнен дос тұтқандарың қанша?» – деп сұрады.Сонда Ібіліс: «Олар он: қиянатшыл залым билеуші, тәкаппар пенде, малды қандай жолмен тапқаны мен қайда жұмсауына мән бермейтін бай, залым патшаның сөзін мақұлдаған ғалым, алаяқ саудагер, халықты өзіне кіріптар еткен саудагер, зина жасаушы, риба жеуші, малын қалай жинағанын білмейтін сараң бай, арақ ішуші маскүнем». Сосын Пайғамбарымыз (с.а.с.) одан: «Ал үмметімнен кімдерді қас тұттың?» – деп сұрайды. Сонда ол: «Олар жиырма: ең біріншісі сенсің, ей Мұхаммед, мен сені жек көремін. Сосын біліміне амал етуші ғалым, Құранды жаттап, оған амал етуші, бес уақыт намазға азан айтушы, кедейлер мен міскіндерді, жетімдерді жақсы көретіндер, жүрегі мейірімді адамдар, ақиқат үшін кішілік көрсетушілер, Аллаға ғибадатпен өсіп келе жатқан жас, асын тек адалдан жеуші, Алла жолында бір-бірін жақсы көрушілер, намазын жамағатпен оқушылар, адамдар ұйықтап жатқанда намаз оқушы, харамнан бойын аулақ ұстаушы, таза жүрекпен насихат айтушы, әрдайым дәретпен жүруші, сақи жомарт, көркем мінезділер, Алланың уәделерін растаушылар, жесірлерге қайыр істеушілер, өлімге дайындалушылар», – деп жауап береді.

****

Уаһб ибн Мунаббиһ былай деген екен: «Тәуратта былай жазылыпты: «Кім  дүниеде ақыретіне азық дайындаса, онда Қиямет күні Алланың азабынан аман болады. Кім қызғаншақтықтан аулақ болса, Қиямет күні халайықтың алдында мақтаулы болады. Кім билік-құмарлықты тастаса, Қиямет күні Мәлик Жаббардың алдында абыройлы болып тұрады. Кім осы дүниеде көп сөйлеуін қойса, ақыретте ізгілермен бірге болады. Кім осы дүниеде даулескерлігін қойса, Қиямет күні озушылардан болады. Кім осы дүниеде сараңдықтан сақтанса, ақыретте халайықтың алдында беделді болады. Кім осы дүниеде көп рахаттан бас тартса, Қиямет күні шат-шадыман халде болады. Кім осы дүниеде харамды тастаса, Қиямет күні пайғамбарлармен бірге болады. Кім осы дүниеде көзін харамға қараудан тыйса, Қиямет күні Алла Тағала оны жәннатпен сүйіншілейді. Кім осы дүниеде Алла жолында байлықтан бас тартып, кедейлікті таңдаса Қиямет Күні Алла Тағала оған әулиелер мен пайғамбарлардың жанынан орын береді. Кім осы дүниеде адамдардың мұқтаждықтарын өтесе, Алла Тағала оның дүние және ақыреттегі қажеттіліктерін қамтамасыз етеді. Кім өзінің қабірінде жалғызсырамауды ойласа, қараңғы түнде тұрып, намаз оқысын. Кім Рахманның Аршысының көлеңкесінде болғысы келсе осы дүниеде зәһид (тақуа) болсын. Кім өзінің амал есебі жеңіл болғанын қаласа, өзіне және бауырларына насихат айтып жүрсін. Кім жәннатта періштелердің өзіне келіп тұруын қаласа, харамдардан, күмәнді нәрселерден сақтансын. Кім жәннат жазирасын мекен еткісі келсе, Алланы күні-түні зікір етсін. Кім амалының талқыға түспей, жәннатқа тура кіруді қаласа, Аллаға шынайы тәубе жасасын. Кім бай болғысы келсе, Алланың бұйыртқанына разылық танытсын. Кім Алланы жақсы танығысы келсе, Одан қатты қорқатын болсын. Кім хакім болғысы келсе, білім іздесін. Кім адамдардың жаманаттарынан аман-сау болуын қаласа, олар туралы тек жақсы сөз айтсын, неден жаратылдым, не үшін жаратылдым  деп өзіне-өзі есеп берсін. Кім екі дүниенің абыройын қаласа, дүниесін ақыретіне айырбастасын. Кім нығметі таусылмайтын Фирдаус, Нағим жәннаттарында болуды қаласа, ғұмырын тек дүние қызықтарына арнамасын. Кім дүниеде де, ақыретте де жәннатты  қаласа, сақи жомарт болсын. Өйткені сақи жомарт жәннатқа жақын, тозақтан алыс болады. Кім жүрегінің нұрлануын қаласа, Алланың жаратылысы туралы ойға шомып, ғибрат алсын. Кім өзінің тәнінің сабырлы болуын, тілінің зікірде болуын, жүрегінің дәйім қорқынышта болуын қаласа, мүміндер мен мұсылмандар үшін сансыз истиғфар айтсын».

Соңы

Аударған:  Сәбит Замаддинұлы Ибадуллаев