Құран оқудан және азан шақырудан жарыс өтті

Жақында ауданымыздың Мәдениет үйінде  Қасиетті Рамазан айының құрметіне аудандық орталық мешіттің бас имамы Нұрзат қажы Қасымұлы, сондай-ақ, Үржар мешіт жамағатының ұйымдастыруымен Құран және азан жарысы өтті. Жарысқа ауданымыздың мешіттерінен дәріс алып жүрген мектеп жасындағы шәкірттер мен  бойына бар жақсылық пен ұлағаттылықты жинаған жастар мен отызында орда бұзған азаматттар қатысты. Шара барысында көптеген қатысушылардың дайындығы жоғары деңгейде екені көрінді. Әлбетте, діни тұрақтылық пен береке-бірлікті насихаттайтын бұл шарада Құран аяттарын жаттаған, сонымен бірге, азан шақырудың әдемі үлгісін көрсеткен шәкірттердің де көп болғаны ауылдық округтердегі мешіт имамдарының жұмыс нәтижесінің жоғары екендігін дәлелдеді.

Жарыстың шарты бойынша медресе оқымаған, мешіт қызметкері болмаған адамдар ғана қатыса алады екен. Шынтуайтында, басқа кәсіпті немесе мамандықты меңгеріп жүрген мұсылманның жүрегіндегі иманды күшейтіп, барлық жаман әдеттер мен істерден аулақ болуға тәрбиелеу, береке-бірлікке шақыру шараның негізгі мақсаты  болып табылады. «Бүгінде Рамазан айының құрметіне өткізіліп отырған шара әрине, барша мұсылмандардың діни сауатын арттырып, жанын ізгілік нұрына толтырары сөзсіз. Осындай имандылық иірімдеріне жәрдемші болып, демеушілік көрсетіп отырған Елтай ауылының тумасы, қазірде Алматы қаласындағы жеке кәсіпкер Шалқар Құттықадамұлы артқа мың шақырымды тастап келіп отыр. Оған Алла разы болсын. Рамазан айындағы ұстаған оразаларымыз қабыл болсын, Алла Тағалам ислам дініне жәрдем берсін,.

            Әрі қарай сайысқа әділқазылық еткен имамдар қауымы жарыстың қорытындысын жария етті. І орынды аудандық Мәдениет үйінің қызметкері, Науалы топырағының тумасы Дарын Шаяхметов алды. Ол УМРАҒА (кіші қажылық) жолдама алды. Ал, ІІ орынды Досхан Ибраев алса (100 теңге), үздік үштікті Абдусамат Абдуллаұлы қорытындылады (70 мың). Бұдан бөлек, 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында өткен сайыста І орынды Жандос Уәлиханға бұйырып, ІІ орынға Бекзат Сыдықов табан тіресе, жүлдегерлердің қатарын Нұрбол Қасымов толықтырып, ақшалай сыйлық берілді. Барлық қатысушылар мен жүлдегерлерге Нұрзат қажы Қасымұлының алғыс хаты табыс етілді.

 Үржар  аудандық мешітінің басапасөз қызметі