الله الرحمن الرحيم الملك القدوس السلام المؤمن المهيمن العزيز الجبار المتكبر الخالق البارئ المصور الغفار القهار الوهاب الرزاق الفتاح العليم القابض الباسط الخافض الرافع المعز المذل السميع البصير الحكم العدل اللطيف الخبير الحليم العظيم الغفور الشكور العلي الكبير الحفيظ المقيت الحسيب الجليل الكريم الرقيب المجيب الواسع الحكيم الودود المجيد الباعث الشهيد الحق الوكيل القوى المتين الولى الحميد المحصى المبدئ المعيد المحيى المميت الحي القيوم الواجد الماجد الواحد الصمد القادر المقتدر المقدم المؤخر الأول الأخر الظاهر الباطن الوالي المتعالي البر التواب المنتقم العفو الرؤوف مالك الملك ذو الجلال والإكرام المقسط الجامع الغني المغني المانع الضار النافع النور الهادي البديع الباقي الوارث الرشيد الصبور
+7 (7222) 52-19-11

Сүре деген не?

С: Сүре деген не?

Ж: Араб тілінде «сүре» сөзі «дәреже», «орын» деген мағыналарға ие. Ал діни термин ретінде сүре дегеніміз – басы мен соңы бар, өз алдына бір топ аяттар жиынтығы.[1]Яғни сүре – бірнеше немесе көптеген аяттар жиынтығынан тұратын Құранның бір бөлігі.

Құранда бір жүз он төрт сүре бар. Бұл сүрелердегі аят сандары әртүрлі. Ең қысқа «Кәусар» сүресі үш аяттан тұрса, ең ұзын «Бақара» сүресі екі жүз сексен алты аяттан тұрады әрі «Бақара» сүресінің көпшілік аяттары ұзын және Құрандағы ең ұзын аят та осы сүреде. Құран аяттарының әртүрлі болуының сыры бір Аллаға ғана аян болғаны сияқты кей сүрелерінің қысқа, кей сүрелерінің орташа, кей сүрелерінің ұзын болуының сыры да бір Аллаға аян.

С: Сүрелерді жаттаудың қандай пайдалары бар?

Ж: Құран сүрелерін білудің пайдалары:

1. Құран Кәрімді жеңіл үйрену мен тез жаттауға көмектеседі. Егер Құран сүрелерге бөлінбей, бір-бірімен жалғасып кете бергенде, оны үйрену де, жаттау да қиын болар еді.

2. Әр сүреде келген негізгі сөз болған қиссаны, үкімді тез анықтауға көмектеседі. Мысалы, Мұса пайғамбар мен қауымы арасында болған сиыр қиссасы «Бақара» сүресінде қамтылған.[2]

3. Құран сүрелерінің ұзын не қысқалығына қарамай, олардың барлығының муғжиза екендігіне дәлел болады.

4. Құранның бірнеше сүресін жаттаған адам өзін Алланың кітабының бір үлесіне қол жеткізгендей сезінеді. Бұл сезім адамды қуаттандырып, өзге сүрелерді де жаттауға ынталандырады. Сондықтан Әнәс ибн Мәлик (Алла оған разы болсын): «„Бақара“ мен „Әлі Имранды“ оқыған адам біздің арамызда жігерлі жүретін», – деген.[3]

С: Сүрелердің қандай түрлері бар?

Ж: Сүрелердің түрлері

Ғалымдар Құран Кәрімдегі сүрелерді төрт түрге бөлген. Олар: тиуал(ұзын), миун (жүздік), мәсәни (қайталанушы) және муфассал (бөлшектелінген).

1. Тиуал (ұзын) сүрелердің қатарына Құран  Кәрімдегі ең ұзын жеті сүре кіреді. Олар: Бақара, Әлі Имран, Ниса, Мәидә, Әнғам, Ағраф сүрелері және Әнфәл сүресі. Бірақ ғалымдар арасында соңғы сүрені тиуал сүрелердің қатарына қоспайтындар да бар.

2. Миун (жүздік) сүрелердің қатарына аяттар саны жүзге жететін яки соған жуық болатын сүрелер жатады.

3. Мәсәни (қайталанушы) сүрелердің қатарына аяттар саны жүзден кем, миун (жүздік) сүрелерден кейін келетін сүрелер жатады. Бұл сүрелер ұзын және жүздік сүрелерге қарағанда көп оқылатындықтан оларды мәсәни, яғни қайталанушы сүрелер деп атаған.

4. Муфассал (бөлшектелінген) сүрелерге Құран Кәрім кітабының соңғы жағындағы аяттар саны қысқа болып келетін сүрелер жатады. Бұл топқа кіретін сүрелердің арасында «Бәсмәләмен» көп келетіндіктен «муфассал», яғни «көп бөлшектенген» деп аталған. Муфассал сүрелер «мухкәм» деп те аталады.[4]

Муфассал қай сүреден басталатындығына қатысты ғалымдар арасында ортақ пікір жоқ. Кейбір ғалымдар оны ««Қаф» сүресінен басталады» десе, екінші бір ғалымдар оны ««Хужурат» сүресінен басталады» деп есептейді.

Муфассал сүрелер өз ішінен: ұзақ, орташа және қысқа болып үшке бөлінеді. Ұзақ муфассалға «Хужурат» сүресінен «Буруж» сүресіне дейінгі сүрелер,орташа муфассалға «Тариқ» сүресінен «Бәйинә» сүресіне дейінгі сүрелер,қысқа муфассал сүрелеріне «Зилзәлә» сүресінен «Нас» сүресіне дейінгі сүрелер кіреді.


[1]Мұхаммед Абдул-Азим әз-Зурқани. Манаһил әл-Ирфан фи улум әл-Құран. І том, 416-бет.

[2]«Бақара» деген сөз араб тілінде «сиыр» деген мағынаны береді.

[3]Имам Ахмад риуаят еткен. Осы мағынаны беретін риуаят әл-Бұхари мен Муслимде де келген. «Бақара» мен «Әлі Имран» – Құрандағы ең ұзақ сүрелер. Кейбір ғалымдар осы хадиске сүйеніп, «намазда бірнеше аяттар оқығаннан сүрені толық оқыған абзал» деп есептеген.

[4]Сағид ибн Жубәйр: «Сендердің „муфассал“ (сүрелері) деп жүргендерің „мухкәм“ (сүрелері)», – деген. Ибн Аббас: «Аллаһ елшісі () дүниеден өткенде мен он жаста болатынмын. Сол уақытта мен мухкәмді оқығанмын», – деген (имам әл-Бұхари риуаят еткен).

 

С: Құран Кәрім кітабындағы сүрелердің тәртібі қандай?

Ж: Алла елшісіне (с.ғ.с.) аяттардың Құран кітабындағы ретімен түспегені сияқты сүрелер де Құран кітабындағы рет бойынша түспеген. Аяттардың реті Алланың тауқифымен[1] болған іс екендігіне ғалымдар бірауыздан келіскен. Ал сүрелердің Құран кітабындағы ретіне байланысты ғалымдар арасында үш түрлі пікір бар. Олар:

1. Алланың тауқифымен болған.

2. Құран Кәрімді бір кітапқа жинақтаған сахабалардың ижтиһадымен болған.

3. Кейбір сүрелердің реті тауфиқи, кейбір сүрелердің реті ижтиһади.[2]

Көпшілік ғалымдардың пікірінше,сүрелердің ретін де Алла тағаланың қалауымен Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) уахиды жазатын сахабаларына айтып отырған. Сондықтан сүрелердің Құран Кәрім кітабындағы ретінде Жәбірейіл періштенің де, Мұхаммед пайғамбардың да (с.ғ.с.), Құранды жинақтаған сахабалардың да қатысы жоқ.

Егер Құран кітабындағы сүрелердің реті сахабалардың ижтиһадымен болғанда, Құранды Османның халифаттығы тұсында жинағанда, дәлірек айтқанда Әбу Бәкірдің кезінде жинақталған Құран парақтарынан бір кітап қылып көшіргенде олардың арасында пікірталас туар еді.Өз қалауларымен Құран жинақтаған сахабалардың жинақтарында сүре реті әртүрлі болған. Бірақ олар Зәйдтің Құран жинағындағы сүрелер ретімен бірден келіскен. Бұл –  олардың мусхафтарындағы сүре реті Алла елшісінің (с.ғ.с.) үйреткен реті емес екендігін мойындағандықтарының белгісі. Егер Зәйдтің сүрелерді реттеуі Алла елшісінің (с.ғ.с.) сүре реттеуімен сай келмегенде олар міндетті түрде оған қарсы пікір айтар еді. Алайда мұндай оқиға орын алған жоқ. Оған қоса, өз қалауларымен Құран жазып жүрген сахабалардың барлығы өз мусхафтарын халифаның бұйрығымен өртеуге келісім берген. Бұл – Осман ибн Аффанның басшылығымен жинақталған Құран сүрелерінің Алла елшісі (с.ғ.с.) үйретіп кеткен тәртіппен жиналғандығының айғағы.


[1]Тауқиф – Аллаһтың қалауымен ғана болатын, адамдардың шешімі араласпайтын іс.

[2]Мусағид ибн Сүлеймен ибн Насир әт-Тайиар. Әл-Мухаррар фи улум әл-Құран. 197-бет.