الله الرحمن الرحيم الملك القدوس السلام المؤمن المهيمن العزيز الجبار المتكبر الخالق البارئ المصور الغفار القهار الوهاب الرزاق الفتاح العليم القابض الباسط الخافض الرافع المعز المذل السميع البصير الحكم العدل اللطيف الخبير الحليم العظيم الغفور الشكور العلي الكبير الحفيظ المقيت الحسيب الجليل الكريم الرقيب المجيب الواسع الحكيم الودود المجيد الباعث الشهيد الحق الوكيل القوى المتين الولى الحميد المحصى المبدئ المعيد المحيى المميت الحي القيوم الواجد الماجد الواحد الصمد القادر المقتدر المقدم المؤخر الأول الأخر الظاهر الباطن الوالي المتعالي البر التواب المنتقم العفو الرؤوف مالك الملك ذو الجلال والإكرام المقسط الجامع الغني المغني المانع الضار النافع النور الهادي البديع الباقي الوارث الرشيد الصبور
+7 (7222) 52-19-11

Әһлүс-сүннет уәл-жамағат

Сейтбеков Смайыл Сүйерқұлұлы

ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы

бойынша өкіл имамы

Әһлүс-сүннет уәл-жамағат

Құран Кәрім мен Хазіреті Пайғамбардың сахих хадистерін ұстанып, жол  бастар етуші, Аллаһтың елшісі Хазіреті Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) және оның сахабаларының ақида (сенім) мәселесінде ұстанған жолымен жүрушілер «Әһлу суннет уәл-жамағат» деп аталады. Әһлу сүннет уәл-жамағаттың қазақша мағынасы – «сүннет халқы және жамағат». Яғни сүннетті ұстану – Хазіреті Мұхаммед пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жүрген жолын ұстануды білдіреді.

Ал мұның Әһлу суннет уәл-жамағат деп аталу себебі Хазіреті Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмметі жайлы айтқан мына хадисінен бастау алады:

وعن ابْنِ عَمْرِو بن العاص رَضِيَ اللّهُ عَنْهما قال: قَالَ رَسُولُ اللّهِ: لَيَأتِيَنَّ عَلى أُمَّتِى مَا أتَى عَلى بَنِي إسْرَائِيلَ حَذْوَ النَّعْلِ بِالنَّعْلِ، حَتّى إنْ كَانَ مِنْهُمْ مَنْ أتَى أُمَّهُ عََنِيَةً لَيَكُونَنَّ في أُمَّتِى مَنْ يَصْنَعُ ذلِكَ، وَإنَّ بَنِي إسْرَائِيلَ تَفَرَّقَتْ عَلى اثْنَيْنِ وَسَبْعِينَ مِلَّةً، وَسَتَفْتَرِقُ أُمَّتِى عَلى ثََلاثٍ وَسَبْعِينَ مِلَّةً؛ كُلُّهَا في النَّارِ إَّلا مِلَّةً وَاحِدَةً. قَالُوا مَنْ هِىَ؟ قَالَ: مَنْ كَانَ عَلى مَا أنَا عَلَيْهِ وَأصْحَابِى. أخرجه الترمذي.

Абдуллаһ ибн Амрдан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаят бойынша, Хазіреті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Исраил ұрпақтарының басына келген барлық нәрсе менің үмбетімнің де басына келеді. Аяқ киімнің аяқ киіммен ұқсас болғаны секілді олар да бірдей жағдайға ұшырайды. Тіпті олардың арасынан анасына ашық түрде жақындағандар шыққанындай үмметімнен де ондайлар шығады. Исраил ұлдары жетпіс екі тармаққа бөлінген. Үмметім жетпіс үш тармаққа бөлінеді. Бұлардың біреуінен басқа бәрі тозақтық болады». Сонда сахабалар жұмақтық болатындардың кімдер екенін сұрайды. Расулаллаһ (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай жауап береді: «Мен сахабаларыммен қай жолда болсам, сол жолдағылар» (Тирмизи, (2643) Иман 18).

ـ وعن معاوية رَضِيَ اللّهُ عَنْه قال: قَامَ فِينَا رَسُولُ اللّهِ  فقَالَ: أَ إنَّ مَنْ كَانَ قَبْلَكُمْ مِنْ أهْلِ الْكِتَابِ افْتَرقُوا عَلى اثْنَيْنِ وَسَبْعِينَ مِلَّةً، وَإنَّ هذِهِ اُمَّةِ سَتَفْتَرِقُ عَلى ثََلاثٍ وَسَبْعِينَ فِرْقَةَ: ثِنْتَانِ وَسَبْعُونَ في النَّارِ، وَوَاحِدَةٌ في الْجَنَّةِ، وَهِىَ الْجَمَاعَةُ. أخرجه أبو داود

Муауиядан (р.а.) риуаят бойынша, Аллаһ Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Хабарларың болсын, сендерден бұрынғы кітап иелері жетпіс екі ағымға бөлінді. Мұсылмандар жетпіс үш  ағымға бөлінеді. Олардың жетпіс екісі тозақта, тек бір тобы ғана жұмақта болады. Жұмақта болатындар – жамағат» (Әбу Дауд, Сүннет 1, (4597)).

«Әһлу сунна уәл-жамағат» терминін алғаш Әбу Ләйс ас-Самарқанди (қ.б.898) «Шәрхул фиқһил әкбар» атты еңбегінде қолданған.

Сунниттік ақиданың бір жүйеге келуі Умея халифатының соңғы жылдарынан бастап, Аббасилердің билік кезеңінің алғашқы І ғасыры аралығында жүзеге асады. Сол заманның заңғар тұлғалары қатарында Ибраһим ән-Нахаи (қ.б. 682 ж.), Алқама (қ.б. 681 ж.), Мужаһид, Икрима, Ата ибн Әби Рабах, имам Мәлик, Әузағи, Сәури, Суфян ибн Уяйна (қ.б. 811 ж.) және т.б. ғалымдардың да еңбегі сіңді. Әһлу сүннет ақидасы Умеяттардың 10-шы халифасы Һишам ибн Абдулмаликтің билікке келуі мен (724-743 ж.) Аббасилердің 7-ші халифасы Мәмунның (813-833 ж.) таққа отыруы аралығында туып, қалыптасты. Әуелде әһлу сүннет мәзһабы фиқһ саласында жүйеленіп, дами келе әһлу сүннеттің фиқһи мәзһабтары пайда болды (ханафи, мәлики, шафиғи, ханбали)[1].

Әһлу сүннеттің ақидасына қатысты алғашқы еңбек пен зерттеуді қолға алғандардың бірі – имам ағзам Әбу Ханифа Нұғман ибн Сабит. Ол  ханафи мәзһабының негізін қалаушы. Сонымен қатар ақидаға байланысты көптеген құнды пікірлер айтып кеткені белгілі. Әбу Ханифаның ақидаға байланысты жазған еңбектері: «әл-Фиқһул әкбар», «әл-Фиқһул әбсат», «әр-Рисалә», «әл-Алим уәл-мутааллим», «әл-Уасия». Осы еңбектерінің ішінен «әл-Фиқһул әкбары» ғұламалар жағынан жоғары бағаланып, ол еңбектің көптеген түсіндірмелері мен талдамалы шығармалары жазылды[2].

Әһлу сүннетте екі ақида мектебі бар: Матуриди және Әшғари. Ал фиқһта 4 мектептен құралады: Ханафи, Малики, Шафиғи және Ханбали. Жер бетіндегі барша мұсылманның басым көпшілігін 4 мәзһабтан тұратын сунниттер құрайды. 4 мәзһабтан өзге жолды ұстанушылар тарихта адасқан ағым деп аталса, қазіргі таңда да 4 мәзһабтың бірін ұстанбаушы топтар мен бағыттарды адасқан ағым деп атаймыз. Себебі ең дұрыс жол «Әһлу сүннет уәл жамағат» жолы, яғни сунниттік бағыт.

Енді әһлу сүннеттің ақидасын бір ізге түсіріп, жүйелеген имамдарға тоқталар болсақ.

Имам Матуриди

Матуридилік мектептің негізін қалаушы Әбу Мансур Мұхаммед ибн Махмуд әл-Матуриди әс-Самарқанди (шамамен һ. 248/ м. 862 жылы) Самарқандтың Матурид деген ауылында дүниеге келген. Ол кәлам, мәзһабтар тарихы, фиқһ әдістемесі мен тәпсір саласында өзіндік орны бар ірі ғалым. Әһлу сүннеттің сенім негіздерін (ақида) әрі нақылға (Құран аяттары мен хадистерге) сүйеніп, әрі ақли дәлелдер арқылы жүйелеген. Әсіресе, ол кісі муғтазилә мен шииттік түсініктегі мұсылмандарды қатты сынға алған[3].

Әбу Мансур әл-Матуриди ханафи мәзһабын ұстанатын ортада өскендіктен әрі фиқһта, әрі ақидада (сенімде) имам ағзам Әбу Ханифаның жолымен жүрген. Әбу Ханифа фақиһ болуымен қатар, ақида саласындағы ғалымдардың да алғашқыларының бірі екендігі мәлім. Сондықтан имам Матуриди ханафи мәзһабын ұстанып, ақидада Әбу Ханифаның пікірлерін одан ары дамытады. Бір жағы соны ескергендіктен болар, кәлам ғалымдары «матуридилік» деп аталатын мектептің негізін қалаушы ретінде – Әбу Ханифаны атайды. Ал имам Матуриди болса, Әбу Ханифаның айтып кеткен негіздерін нақл (аят пен хадис) және ақли дәлелдермен қуаттап, талдап, жүйелеп бір ізге түсіруші ретінде танылған[4].

Ислам әлемінде һижри жыл санауының ІІ ғасырынан бастап бой көрсете бастаған адасқан мәзһабтарға, соның ішінде әсіресе ақылды көбірек қолданатын муғтазилә мәзһабына классикалық әдіспен төтеп беру біршама қиынға соқты. Мұндай әдіспен әһлу сүннет сенімін қорғау жеткіліксіз еді. Классикалық, яки дәстүрлі әдісте ақыл ақида мәселесінде негізгі рөл ойнамайды.  Осыдан келіп, әһлу сүннет сенімін қорғау жолында жаңа бір әдіске мұқтаждық туды. Яғни иман негіздерін түсіндіруде аят пен хадиске қоса, ақылға да орын беру керек болды. Өйткені логикалық талдаулар жасалып, мәселенің мазмұнын ашу, мақсатын түсіндіре білу қажеттілігі туды. Осы бағытта матуриди және әшғари мектептері қалыптасады.

Имам Матуриди ақылға біршама мән бергенімен, мутәшабиһ (ұғымын Алла мен Оның Елшісі білетін) аяттардың тәпсіріне келгенде шариғаттың шеңберінен шықпаған. Мысалы: «Ол Рахман, ғаршыны меңгерді» мағынасындағы «Таһа» сүресі, 5-аятындағы «истауа» сөзі мутәшабиһ аят болғандықтан, бұл сөзді түсіндірген кезде алдымен аят жайында түрлі тәуилдер жасаған кісілердің көзқарасын айта келіп, мынадай тұжырым жасайды: «Бұл мәселедегі біздің ойымыз Алла Тағала «Еш нәрсе Оған ұқсамайды» (42. «Шура» сүресі, 11-аят) деп, айтқан сөзі арқылы Алланың жаратылғандарға ұқсамайтындығын білдіруде. Алла жаратылғандарға ұқсаудан пәк. Біз де жоғарыда Алланың фиилінде және сипатында ұқсастықтан пәк екендігін айтып өттік. Олай болса, біз Рахманның Аршқа истиуасы жайында Құранда айтылған күйінде қабыл етуіміз керек. Бұл аятты мынадай мағынаға келеді деп айта алмаймыз. Өйткені жоғарыда келтірілген тәуилдердің (жорамалдардың) қандай да біреуі сәйкес келіп қалуы мүмкін болса, дәл солай адамның санасы жете бермейтін басқа да бір мағынаға сай келу ықтималдығы да бар».

Имам Матуриди мутәшабиһ аяттарға түсініктеме беруде шариғат рұқсат еткен және араб тілінің шеңберінен шықпайтын әдісті қолданған. Ал беріректегі бірқатар әһлу сүннет ғалымдары ол аяттарға түсініктеме беруге мәжбүр болған[5].

Имам Матуридидің өмір сүрген кезеңі Ислам әлеміндегі сенімге байланысты арпалыстың ең өршіген уақыты еді. Имам Матуридидің шыққан жері Мауарауннахр өлкесі болғандықтан, ғалым сол аймақтағы ханафилердің ақида мектебінің имамы атанды[6].

Имам Матуриди 333/944 жылы Самарқандта дүниеден өткен. Имам фиқһта ханафи мәзһабын ұстанушылардың сенім негіздерін жүйеге келтіруші болып саналады.

Әһлу сүннет фиқһта ханафи, мәлики, шафиғи, ханбали болып бөлінсе, сенім мәселесін матуриди және әшғари мектептері қарастырды. Қазіргі кезде әлемдегі сүннит мұсылмандардың жартысынан көбі (шамамен 53%) ханафи мәзһабын ұстанады. Ал ханафилердің басым көпшілігі имам Матуридидің бір жүйеге келтірген сенім негіздерін басшылыққа алады. Матуридилік мектептің ғұламалары бір жүйеге келтірген иман негіздері негізінен,  Орта Азия, Түркия, Балқан түбегіндегі, Қытай, Үндістан, Пәкістан аймағындағы мұсылмандар арасында кеңінен жайылған[7].

Матуриди мектебінің ғалымдары: әһлу сүннет ақидасын имам Матуриди бір жүйеге келтіргеннен кейін осы жолмен жүруші ғалымдар бұл жүйе мен әдісті одан ары дамытып, шыңына жеткізді. Матуридилік жүйе мен ұстанымды ұстанушы және осы жолда еңбек жазып аты шыққан көптеген ғалымдар болды. Солардан ішінде ең танымалылары мыналар:

Хаким Самарқанди (қ.б. 342/953 ж.); Садрул-Ислам Мұхаммед Пәздауи (қ.б. 493/1000 ж.); Әбул Муин ән-Нәсәфи (қ.б. 508/1111 ж.); Омар Нәсәфи (қ.б. 573/1142 ж.); Әбул Бәракат Хафизуддин Нәсәфи (қ.б. 710/1310 ж.); Ферғаналық Сиражуддин Али ибн Осман әл-Уши (қ.б. 575/1179 ж.);  Бұхаралық Нуруддин әс-Сабуни (қ.б. 580/1184 ж.); «Ибн Һуммам»; Муртаза Зәбиди (қ.б. 1205/1790 ж.); Сарахси, Ибн Абидин, Кәсәни, Мулла Алиюл Қари, Тафтазани.

Имам әл-Әшғари

Әшғарилік мектептің құрушысы Әбул Хасан Әли ибн Әби Бишр Исхақ әл-Әшғари һижраның 260/м.873 жылы Басра қаласында дүниеге келді. Имам Әшғари әйгілі сахаба Әбу Мұса әл-Әшғаридің (қ.б. 44/665 ж.) ұрпағы[8].

Имам Әшғари 40 жасына дейін муғтазилә мәзһабының сенімін (ақидасын) ұстанады. Сол уақытқа дейін муғтазилә қағидаларын үйрету және оны өзгелерден қорғаумен айналысады. Имам Әшғари 40 жасқа келгенде муғтазилә мәзһабын тастап, Ахмад ибн Ханбалдың жолымен жүрген мухаддистер жағына өтеді. Имамның муғтазилә мәзһабын не үшін тастағандығы жайлы ғалымдар түрлі себептер айтады. 40 жасына дейін муғтазилә түсінігін үйреніп, сол жолда күресіп келген имам түсінде Хазіреті Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарды көреді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түсінде оған дұрыс жолды түсіндірмегенін айтқан екен. Содан бастап муғтазилә жолын тастап, мухаддистердің, яғни әһлу сүннет жолын ұстануға көшеді[9].

Имам Әшғари өмірінің қалған кезеңін әһлу сүннет жолында өткізеді. Муғтазиләні тастағанымен, ол өзінің Исламға деген қызметіне қаяу түсірмейді. Керісінше, дін жолындағы ізденісін еселей түседі. Ол кісі ең алдымен өзі шыққан муғтазиләға қарсы күреседі. Әһлу сүннет ақидасын қорғау үшін  муғтазиләнің өз тәсілдерін өзіне қарсы қолданады. Имам Әшғари муғтазилә ағымын өте жақсы білгендіктен олардың әлсіз тұстарын пайдаланып, идеологиялық тұрғыдан қатты тойтарыс береді.

Имам Әшғари тек муғтазилә ағымына ғана емес, сонымен қатар адасқан мұсылмандарға, пәлсафашыларға, өзге діндегілерге қарсы Исламның иман негіздерін қорғады. Оның пікірлері мен ұстанымы тез арада Ислам әлемінің түкпір-түкпіріне тарап, мұсылмандардың көпшілігі имам Әшғаридің бір жүйеге келтірген иман негіздерін ұстануға көшеді. Имам Әшғари 324/936 жылы Бағдатта дүние салды[10].

Қазіргі таңда әлемдегі сүннит мұсылмандардың 13%-ын құрайтын мәликилердің барлығы, 33%-ын құрайтын шафиғилердің төрттен үші, ханафилер мен ханбалилердің азғана бөлігі имам Әшғаридің қалыптастырған иман негіздерін ұстанады. Әшғарилік жолдың кең тараған аймағы Хижаз, Солтүстік Африка, Мысыр, Ирак және Сирия өлкелері болып табылады[11].

Әшғарилік мектептің өкілдері: Әшғари мектебінің ең танымал ғалымдарын атап айтар болсақ, олар: Ибн Фурақ (қ.б. 400/1009 ж.), Әбу Бәкір Мұхаммед Бақиллани (қ.б. 403/1013 ж.), Имамул Харамәйн әл-Жууайни (қ.б. 478/1085 ж.), Ғаззали (қ.б. 505/1111 ж.), Шәһристани (қ.б. 548/1153 ж.), Амиди (қ.б. 631/1233 ж.), Фахруддин Рази (қ.б. 606/1210 ж.), Қады Бәйдауи (қ.б. 685/1286 ж.), Адудуддин әл-Ижи (қ.б. 657/1355 ж.), Тафтазани (қ.б. 793/1390 ж.), Сайд Шариф әл-Журжани (қ.б. 816/1413 ж.) және Жалаләддин әд-Даууани (қ.б. 908/1502 ж.)[12], ән-Нәуәуи, Ибн Хажар әл-Асқалани, әш-Шатиби, Ибн Дақиқ әл-Ид, әл-Қуртуби сынды ғалымдар.

Әһлу сүннет ақидасының негізгі ұстыны

  1. Барлық әлем мен тіршілік иелері кейіннен жаратылған.
  2. Әлем босқа жаратылмаған, оның өзіндік мән-маңызы мен ерекшелігі бар.
  3. Әлемдер мен күллі тіршілікті жаратушы – Алла.
  4. Алла жалғыз, бастауы мен соңы жоқ. Ол тумаған, туылмаған. Ол уақыт, мекен һәм тәндік ерекшеліктерге мұқтаж емес және Одан басқа тәңір жоқ.
  5. Алланың әзәли (бастауы жоқ), әбәди (соңы жоқ) затынан бөлінбейтін сипаттары бар.
  6. Алла ақыретте мүминдерге көрінеді.
  7. Тағдыр (қадар) хақ. Бірақ, құл іс-қимылдарын мәжбүрлікпен емес таңдау еркі арқылы жасайды.
  8. Пайғамбарлардың муғжизасы, әулиелер және олардың көрсеткен кереметтері хақ. Бірақ, ешқандай пайғамбар мен әулиеде тәңірлік нышан болмайды. Олар да адам, тек дәреже тұрғысынан ғана қарапайым жандардан мәртебелі келеді.
  9. Алланың кәләмы әзәли (басы жоқ). Алланың сөйлеуі дауыс пен әріптерден тұрмайды.
  10. Ақырет және ондағы болатын жағдайлар хақ (жаннат, тозақ, таразы).
  11. Пайғамбардан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кейін ең ұлы кісі Әбу Бәкір, одан кейін кезегімен Омар, Осман және Али. Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабалары ерекше құрметке лайық кісілер болып саналады және оларға тіл тигізуге болмайды.
  12. Амал иманның бір бөлігі емес. Сеніп, иман ете тұра амал етпеген немесе күнә істеген кісі діннен шықпайды. Бірақ, ол күнәһар кісі ретінде саналады.
  13. Бір әмірші тағайындау мұсылмандарға парыз. Басқару жүйесі әрдайым кеңесу және сайлау арқылы жүзеге асады.
  14. Алла Тағала адамдарды жаратқаны секілді, олардың іс-амалдарын да жаратады. Пенде қандай да бір істі істеу үшін өз еркімен таңдау жасайды, ал Алла Тағала оның таңдауына сай ісін жаратады.
  15. Жақсылық жасағанға – сый, жамандық жасағанға – жаза беріледі. Бірақ, Алла қалаған мүмин пендесінің күнәсін кешіруі мүмкін.
  16. Ислам дінін қабылдаған, әрі мүмин екендіктері белгілі кісілер мына жағдайда ғана кәпір болып есептеледі:

а) Алла Тағаланы жоққа шығарса;

б) Аллаға серік қосса;

в) Пайғамбарлар мен пайғамбарлықты қабыл етпесе;

г) Харам екендігі нақты білінген (аят пен хадис арқылы бекітілген үкімдерді) нәрсені халал деп, не керісінше халалға харам деп сенсе[13].

 

Фиқһи (құқық) мәзһабтар

 «Әһлу сүннет уәл-жамағат» (сүннет халқы және жамағаты) «итиқади» (сенім) және «фиқһи» (құқықтық) мәзһабтардан тұрады. Фиқһи мәзһабтар төртеу: ханафи, мәлики, шафиғи және ханбали. Олардың пайда болуының өзіндік себептері бар. Хазіреті Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дәуірінде мұсылмандар күнделікті тіршілік пен құлшылық және әлеуметтік мәселелер жайында сұрақтарын тікелей Пайғамбардан  сұрайтын. Ал Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қайтыс болғаннан кейін халифалар Ислам дінін тарату үшін көрші мемлекеттерге жорық жасады. Сөйтіп, Иран, Ирак, Сирия, Мысыр және Солтүстік Африка елдері халифа билігіне бағынды. Бұл елдерде қаншама ұлт пен ұлыстың, діндер мен діни наным-сенімдердің бар екенін ескерсек, Ислам дінінің әмір, тыйымдарына қарсы келетін тұстарының көптеп кездесуі де заңды құбылыс. Аталмыш елдерге Исламды үйрету үшін ұстаз ретінде қаншама сахабалар жіберілді. Олар ақиқат дінді үйретумен қатар тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға әуелі Алланың кітабы Құраннан, болмаса Хазіреті Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінен іздейтін. Одан да таба алмаса, өздері «ижтиһад» (ақыл ойға сүйеніп, шариғат шеңберінде үкім беру) жасап, пәтуа беріп, мәселені шешіп отырды. Сахабалар бұлай етуде мына бір хадиске сүйенді: «Бірде Хазіреті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Муаз ибн Жәбәл есімді сахабасын Йемен еліне әкім етіп жібермек болады да, одан: «Бір мәселе шықса қалай үкім бересің?» – деп сұрайды. Муаз: «Әуелі Алланың кітабымен», – деп жауап берді. Хазіреті Пайғамбар: «Егер мәселені одан таба алмасаң ше?» – деді. Ол: «Алла Елшісінің сүннетінен іздеймін», – деді. Хазіреті Пайғамбар тағы да: «Одан да таппасаң ше?» – деп сұрады. Муаз бұл жолы: «Ондай жағдайда өз ойымнан пәтуа беремін», – деп жауап береді (Тирмизи, Ахкам 3;  Ибн Мажа, Мәнасиқ 38).

Осылайша сахабалар жаңа шыққан мәселеге Құран аятынан яки Пайғамбар хадисінен дәлел таппаған жағдайда өз ойларынан пәтуа беретін. Бұлай істеу әдісі уақыт өткен сайын кең етек ала бастады. Кейбір сахаба өз ойынан берген үкімінің соңына: «Бұл менің пікірім. Егер дұрыс болса Алладан, қате кетсе менен», – деп көрсетті. Өз ойымен пәтуа беруші сахабалардың басым көпшілігі Хазіреті Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жанында көбірек болғандар еді. Сахабалар дәуірінде тағы бір шешім шығару әдісі бар еді. Ол – «ижма». Яғни қандай да бір мәселе жайында үкім беру үшін көпшілік мұсылман мешітке яки алаңға шығып, мәселені талдай отырып, бірауыздан қабыл етеді. Бұл әдісті алғаш қолданған екінші халифа Хазіреті Омар болатын (634-644 ж.). Ол шешімі қиын болған бір мәселеде Мәдина халқын жинап алып ақылдасатын. Сөйтіп, көпшіліктің ортақ шешімімен бекітетін.

Сахабалар дәуірінде ғалымдар үкім шығаруда мына негізгі принциптерді бекітеді:

  1. Алланың кітабы – Құран;
  2. Пайғамбардың сүннеті;
  3. Ижма – көпшілік ғалымның ортақ пікірі;
  4. Қияс – салыстырмалы үкім.

Сахабалар діни салада көптеген шәкірт тәрбиелеп, танымал ғалымдардың шығуына себепкер болады. Сахабалардың көзін көргендерді «табиғин» деп атады. Міне осы табиғиндер, әсіресе Ислам құқығы саласында мол еңбек сіңірді. Олар жоғарыда көрсетілген үкім шығару принциптерін одан ары жандандырып, жүйеледі. Нәтижесінде Мәдина және Иракта өзіндік құқық мектептер пайда болды.

Құран мен сүннеттегі үкімдер сенім (ақида) және амал деген атаумен екіге бөлінгендіктен, аталмыш тақырыптарды түсіндіру барысында «ақида (сенім) мәзһабы», «фиқһ мәзһабы» болып бөлінді. Фиқһ саласының дамуында мужтаһид имамдардың елеулі, қажырлы еңбектері нәтижесінде фиқһи мектептер құрылды. Мұндай мектептер «фиқһи мәзһабтар» деп аталып, ондай мәзһабтар сол мектептің негізін қалаушы имамның атымен аталды. Фиқһи мәзһабтар Ислам құқығын түсінуде және түсіндіру жолындағы әдіс-үкімдерді талдауда, үкім шығаруда ұстанатын жол.

Ешбір мужтаһид имамның мәзһаб құру мақсаты мен арманы болмағаны анық. Пәтуа беру мәселесі бір жүйеге келмегендіктен әр жерде білгіштер көбейіп, әркім өз бетінше пәтуа берді. Кімге сенерін білмеген жұрт ондай білгіштерге құрмет көрсетуден қалады. Міне осындай жағдайлар тек сенімді деген ғалымдардың еңбектері мен пәтуаларына жүгінуге  себеп болды.

Фиқһи мәзһабтардың шығуына себеп болған мәселенің бірі – ғылыми еңбектердің жүйеге келуі еді. Аббасилер кезеңінде мужтаһидтер фиқһтың барлық тақырыптарының үкімдерін беріп, уақыт өте келе жинақтап, қайсыбір ғалымның түрлі мәселедегі пәтуаларын үйрену мүмкіншілігі туды. Сонымен қатар фиқһ мектептерінің ғалымдары өзара пікірсайысқа түсіп, қолданылған ғылыми әдістер мен фиқһи мәселелер қаламға алынады. Нәтижеде жүйеге түскен фиқһи әдістер мәзһабтардың пайда болуына өзіндік әсерін тигізді.

Ендігі жерде Ислам әлемінде «Әһлу сүннет уәл-жамағат» атымен танылған Ханафи, Малики, Шафиғи және Ханбали мәзһабтарына қысқаша тоқталайық.

Ханафи мәзһабы: негізін қалаған Әбу Ханифа Нұғман ибн Сабит Зута ибн Мах әл-Куфи (һ. 80-150/699-767 ж.). Қазіргі таңда ханафи мәзһабы – Түркия, Балқан түбегі, Албания, Босния-Герцеговиния, Украина, Қырым, Әзербайжан, Дағыстан, Татарстан, Башқұртстан, Кавказ, Қазан, Қазақстан, Өзбекстан, Түркменстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қытай, Жапония мұсылмандарының ресми мәзһабы. Ал Ауғанстан, Хорасан, Үндістан, Кашмир, Сирия, Ирак пен Пәкістан мұсылмандарының көпшілігі Ханафи мәзһабын ұстанса, Йемен, Аден, Хижаз, Мысыр, Иордания, Тунис және Палестинада ханафи мәзһабын ұстанушылар да бар[14].

Әлем мұсылмандарының жартысынан көбі ханафи мәзһабын ұстанады деуге болады. Әләуиддин Мәнсур есімді исламтанушы ғалымның айтуына қарағанда, ханафи мәзһабын ұстанушы мұсылмандардың саны жеті жүз  миллион шамасында екен[15].

Мәлики мәзһабы: негізін қалаған Әбу Абдуллаһ Мәлик ибн Әнәс ибн Мәлик ибн Әбу Амир әл-Асбахи әл-Йемени (һ. 93-179/712-795 ж.).  шыққан жері қазіргі Сауд Арабия аймағы болғанымен, уақыт өте келе ол жерден аты аталмайтын дәрежеге жеткен. Керісінше, Мысыр, Тунис, Мароккода беделді мәзһабқа айналды. Себебі имам Мәликтің шәкірттерінің басым көпшілігі сол аймақтардан болған. Қазіргі таңда да осы мемлекеттерде мәлики мәзһабы ресми мәзһаб мәртебесінде. Мәлики мәзһабын ұстанушы мұсылмандар саны 100 миллион шамасында[16].

Шафиғи мәзһабы: негізін қалаған  Әбу Абдуллаһ Мұхаммед ибн Идрис әш-Шафиғи әл-Қурайши (һ. 150-204/767-820 ж.). Қазіргі таңда шафиғилер Мысыр, Сирия, Йемен, Оман, Бахрейн, Хижаз және Палестинада кеңінен тараған. Сонымен қатар Ява аралдары, Филиппин, Индонезия, Малайзия мұсылмандарының көпшілігін құрайды. Ирак, Кавказ, Шығыс Африка, Танзания, Үндістан мен Түркияның шығысында шафиғи мәзһабын ұстанушылар бар[17].

Ханбали мәзһабы: негізін қалаған Әбу Абдуллаһ ибн Мұхаммед ибн Ханбал әш-Шайбани (һ. 164-241/780-855 ж.). Негізгі шоғырланған мекендері Сауд Арабия каролдігі, Кувейт, Катар елдері. Одан өзге Иракта, Сирияда, Иорданияда, Палестинада, Мысырда, Солтүстік Африкада аз болса да кездеседі[18]. Жоғарыда аты аталған елдегі мұсылмандардың санын шамалап есепке алар болсақ, 40 милиондай ханбали мәзһабын ұстанушы бар деп айтуға болады.

 

[1] Ethem Ruhi Fığlalı. Çağımızda itikadi İslam mezhepleri. – İstanbul, 1996. 54-59-бет.

[2] Алиюл Қари. Минәхур раудил-әзхари ли шәрхил-фиқһул әкбәр. – Каир, 1323; Bekir Topaloğlu. Кelam ilmine giriş. – İstanbul, 1996. 126-бет.

[3] S.A. Klavuz. Anahtarlarıyla islam akaidi. 301-бет.

[4] Әл-Баяди, Кәмәладдин Ахмәд ибн Хасан ибн Синанеддин. Ишаратул мәрам. – Мысыр, 1368/1949. 23-бет.

[5] Әл-Баяди, Кәмәладдин Ахмәд ибн Хасан ибн Синанеддин. Ишаратул мәрам. 186-189 бет.

[6] H.Döndüren. İslam ilmihali. – İstanbul: Altınoğluk баспасы, 1998. 47-бет.

[7] S.A.Klavuz. ж.к.е., 303-бет.

[8] Topaloğlu Bekir. Kelam ilmi giriş. – İstanbul, 1996. 135-бет.

[9] Döndüren Hamdi. İslam ilmihali. – İstanbul: Altınoğluk matbaası, 1998. 48-бет.

[10] Ethem Ruhi Fığlalı. Çağımızda itikadi İslam mezhepleri. – İstanbul, 1996. 74-бет.

[11] S.A. Klavuz. ж.к.е., 305-бет.

[12] S.A. Klavuz. ж.к.е., 304-бет; Ethem Ruhi Fığlalı. ж.к.е., 75-бет.

[13] S.A.Klavuz. Anahtarlarıyla islam akaidi. 297-299-беттер; Бұл мәселер жайында қараңыз: Әбу Ханифа. Әл-Фиқһул әкбар; Омар ән-Нәсәфи. Мәтнул ақайд немесе Ақидатун-Нәсәфи.

[14] И.Н.Яблоков. История религии. – М.: Высшая школа, 2007. 2-том.
620-621-бет; А.И.Богомолов Религии Мира. – Ростов на Дону: Феникс, 2005. 543-бет; Vecdi Akyüz. Dört mezhep imamı. 24-26-бет.

[15] Мұхиддин Исаұлы. Қайрат Жолдыбайұлы. Ислам ғылымхалы. 81-бет.

[16] S.A.Klavuz. А.Köten. О.Çetin. Н.Algül. ж.к.е., 92 бет

[17] Vecdi Akyüz. Dört mezhep imamı. 93-94-бет.

[18] İslam Ansiklopedisi. ж.к.е., 15-том, 533-бет.