Ашулану – ауыр дерт

Ашу – ыза, кейіс, реніш, араздық түрінде көрініс беретін адам мінезі мен көңіл-күйінің жағдайы. Өзіне әсер еткен қолайсыз нәрселерге жауап ретінде ашулы, ызалы, кекті, қаһарлы түрде көрінеді. Ашулану – адамның көркем мінез құлқын құртып, денсаулығына зиян келтіреді. Ашудың, денедегі ең үлкен зияны жүрек пен бүйректерге келеді. Өйткені ашу денедегі қан айналым жүйесінің ауытқуына апарады. Қан тамырларының тарылуына себеп болады және қанның еркін айналуына мүмкіндік бермейді. Сол себепті жүрегі ауру адамдарға ашуланбауға кеңес беріледі. Сондай-ақ адам ашуланған кезде қанның құрамындағы қант мөлшері артады. Адамның санасын игере алмауының себебі де қан айналымының нашарлауынан болады. Сүйікті пайғамбарымыз: «Нағыз күшті, балуан, қаһарман – бәрін жеңген адам емес. Ашуланған кезде нәпсіне ие болып, ашуын жеңе білген адам нағыз балуан» деген.

Ия шынымен адам ашуланған кезінде шайтанның қолындағы ойыншыққа, оның тұтқынына айналады. Шайтан оны оп-оңай күнә істеуге итермелейді. Бір кісі пайғамбарымызға келіп: «Йа Расулаллаh! Маған бір насихат айтыңызшы, соны ұстану арқылы құтылайын», – деді. Сонда пайғамбарымыз ﷺ: «Ашуланба!»- деп бұйырды. Біраз уақыттан кейін тағы да насихат сұрады. Пайғамбарымыз ﷺ тағы да: «Ашуланба!» деді. Бұл адам қанша рет насихат беруін сұраса да, әр сұрағанында пайғамбарымыз ﷺ оған: «Ашуланба!» деп айтты. Иса алейhиссалам яһудилердің қасынан өтіп бара жатқанында яһудилер оған жаман сөздер айтады. Иса алейһиссалам оларға жылы сөздермен жауап қайтарады. Қасындағылар: «Яһудилер саған жамандық жасап жатыр, ал сен болсаң жақсы сөздер айтудасың» дегенде Иса алейһиссалам: «Әр адам өзінің бойындағы барын береді» деген.

Ашудың емдеу жолдарын қарастырмас бұрын оған апаратын себептерді айтып кеткен жөн болар.
1. Тәкәппарлық

Адам бойында тәкәппарлық әр түрлі жағдайларда белең алады. Алла Тағала мұндай қылыққа қатаң түрде тыйым салған:

﴿وَلاَ تَمْشِ فِي الأَرْضِ مَرَحاً إِنَّكَ لَن تَخْرِقَ الأَرْضَ وَلَن تَبْلُغَ الْجِبَالَ طُولاً﴾

«Жер бетінде алшаң басып жүрме, расында сен жерді тесе де алмайсың, биік таулармен де теңесе алмайсың»[1].

Басқа бір аятта:

﴿إِنَّهُ لاَ يُحِبُّ الْمُسْتَكْبِرِينَ﴾

«Шындығында Ол (Алла) тәкаппарларды ұнатпайды»[2]

Алланың елшісі ﷺ менмендік, тәкаппарлық жайында құдси хадисте:

 قَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ:» يَقُولُ اللَّهُ تَعَالَى: الْكِبْرِيَاءُ رِدَائِي، وَالْعَظَمَةُ إزَارِي، فَمَنْ نَازَعَنِي وَاحِدًا مِنْهُمَا أَلْقَيْته فِي جَهَنَّمَ «.

Пайғамбар (с.а.с.) бір құдси хадисте Раббысынан мынадай хабар жеткізген: «Алла Тағала былай дейді: «Тәкаппарлық пен ұлылық Маған ғана тән. Кімде-кім сол сипаттарға менімен таласатын болса, оны жәһаннамға лақтырамын». [3]

Тәкәппарлықтың түрлеріне келер болсақ, бір адамдар өзінің пікірімен ойымен тәкәппарланады. Өзінің пікірін ғана дұрыс санап, ұсыну арқылы басқа адамдардың пікірлерін негізсіз қылып тастайды. Бұл өз кезегінде басқа адамдардың оған деген наразылығын, ашуын тудырады. Енді бір адамдар өзінің шыққан тегімен тәкәппарланады. Тағы бір адамдар өзінің байлығымен киген киімі, мінген көлігімен массаттанып тәкәппарланады. Демек, тәкәппарлық ашудың тууына апаратын негізгі себептердің бірі.

2. Сөз таластыру

Кейбір адамдар бір затты дәлелдеу мақсатында сөз таластырады. Егер қарсылас жақ істің ақиқатына жетуді деттесе онда бұл іс құптарлық іс егер ақиқат мақсат болмаса сөз таластыруды тоқтату қажет.

Пайғамбарымыз ﷺ хадисінде:

((مَن طلب العلمَ ليُجاري به العلماء، أو ليُمَارِي به السُّفهاء، أو يصرف به وجوه النَّاس إليه، أدخله اللهُ النَّار)).

«Кімде-кім ілім алғанда ғалымдармен бәсекелесу үшін, білімсіздермен сөз таластыру үшін, адамдардың жүздерін өзіне қарату үшін жасайтын болса, Алла оны тозаққа кіргізеді»[4] деген.

Басқа бір хадисте:

 ((أنا زعيم ببيت في ربض الجَنَّة لمَن ترك المِرَاءَ وإن كان مُحقًّا، وببيتٍ في وسط الجَنَّة لمَن ترك الكذب وإن كان مازحًا، وببيتٍ في أعلى الجَنَّة لمَن حَسُن خُلقُه))؛

«Өзінікі дұрыс болса да сөз таластыруын тоқтатса, жәннат ішінде орын алуына кепіл боламын, әзілдеп болсын өтірік айтпаса оған жәннаттың ортасынан орын алуына кепілмін, ал егер кімнің мінезі дұрысталса жәннаттың төрінен орын алуына кепіл боламын»[5], деген.

Адаммен орынсыз сөз таластыру адамның ашулануына апаратын жайттардан.

3. Орынсыз әзілдеу

Ғұлама әл-Фараби: «Сөз тапқырлық – жақсы адамшылық қасиет және мұның өзі әзілді орнымен пайдаланғанда болатын нәрсе» деу арқылы орнымен айтылған әзілдің кісі бойындағы ізгі қасиеттердің біріне жататындығын меңзейді. Әзіл өз мөлшерінде, яғни, тамаққа қосылған тұз көлеміндей болғанда ғана әңгіменің дәмін келтірмек. Артық айтылған жағдайда, тұзы көп тамақ секілді жарамсыз болып қалуы мүмкін. Бірде Пайғамбар ﷺ жолдасының аяқ киімін тығып қойған адамды көреді. Ал ол кісі аяқ киімді іздеп, әбігерге түседі. Сонда Алла Елшісі ﷺ: «Кім мұсылманның үрейін ұшырса, Қияметте Алла оның үрейін ұшырады», «Мұсылманның мұсылманды қорқытуына тыйым салынған»[6] деген. Бұдан алар тұжырым исламда орынсыз әзілдеу оның шеңберін біле алмау ашу, ызаның тұтануына апаруы мүмкін.

4. Орынсыз сөйлеу

Алла тағаланың адам баласына берген ерекше нығметтерінің бірі – тіл. Тіл арқылы адам иманға келіп, кәлимә шәһәдәт айтып, мұсылман болса сол тіл арқылы оның ластығы себепті күнәға батады. Пайғамбарымыз ﷺ мүбарак хадисінде:

من كان يؤمن بالله واليوم الآخر، فليقل خيرا أو ليصمت

«Кімдекім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, онда қайырлы сөз айтсын яки үндемесін»[7] . Сол себепті біреудің ашуына тимес үшін әр мұсылманға екі елі ауызға төрт елі қақпақ қойған абзал.

Алла ауруды жаратып қана қоймай оның емін де жаратқан.Ашуды емдеу жолдарына келер болсақ:
1.Шайтанға истиғаза[8]айту

Алла Тағала Құран кәрімде:

(وَإِمَّا يَنْزَغَنَّكَ مِنَ الشَّيْطَانِ نَزْغٌ فَاسْتَعِذْ بِاللَّهِ إِنَّهُ هُوَ السَّمِيعُ الْعَلِيمُ)

Егер сені әзәзіл шайтан түртіп азғырар болса, дереу Аллаға сиын! Ол шүбәсіз Сәми` (бәрін естуші), Алим (бәрін білетін шексіз ілім Иесі).[9]

Шайтан – адамның ең үлкен жауы. Соңы үлкен өкінішке апаратын ауыр күнәларға итермелеуге қауқарлы. Сондықтан да адам өмір бойы өзінің ең зұлым жауы шайтанмен күресіп өтеді.

Сүлейман ибн Сардтан келген хадисте:

كنت جالسا مع النبي -صلى الله عليه وآله وسلم- ورجلان يستبان فأحدهما احمر وجهه، وانتفخت أوداجه، فقال النبي -صلى الله عليه وآله وسلم- (إني لأعلم كلمة لو قالها ذهب عنه ما يجد لو قال أعوذ بالله من الشيطان ذهب عنه ما يجد)

Пайғамбарымызбен ﷺ отыр едім екі адам бірін-бірі балағаттай бастады сол кезде бірінің беті қызарып, мойын тамырлары ісініп кетті. Пайғамбарымыз ﷺ айтты: «Мен бір сөз білем егер соны айтса, ашуы тарқар еді ол сөз «Ағузу билләһи минашшайтанир раджим»[10].

2. Орын ауыстыру

Пайғамбарымыздың ﷺ Әбу Зардан келген хадисінде айтты:

(إذا غضب أحدكم وهو قائم فليجلس فإن ذهب عنه الغضب وإلا فليضطجع)

«Егер сендердің бірің ашулансаңдар тік тұрса отырсын, егер ашу кетпесе жантайсын»[11].

Жалпы адамның денесінің қозғалуы, иілуі ашудың тез тарқауына жол ашады. Ашуланған кезде отырып тұру ашуды кетіретін әрекет екенін айтуда.

3. Сөз таластыруды тоқтату немесе үндемеу

Үндемеу жайында Пайғамбарымыз ﷺ мүбарак хадисінде:

 إذا غضب أحدكم فليسكت

«Егер сендердің бірің ашулансаңдар үндемесін».[12]

Кез келген адам басқа адам тарапынан сөз арқылы әртүрлі жолдармен шабуыл жасалса, адам нәпсісі оған дәл солай немесе одан да асырып қайтарғанды қалап тұрады. Бірақ бұл мәселені шешудің жолы емес. Өйткені сөз таластыру әрдайым екі жаққа да сәтсіз аяқталады. Сондықтан болмашы бір мәселе үшін сөз таластырмаған дұрыс.

4. Дәрет алу немесе жуыну

Пайғамбарымыз ﷺ мүбарак хадисінде айтты:

إِنَّ الْغَضَبَ مِنْ الشَّيْطَانِ وَإِنَّ الشَّيْطَانَ خُلِقَ مِنْ النَّارِ وَإِنَّمَا تُطْفَأُ النَّارُ بِالْمَاءِ فَإِذَا غَضِبَ أَحَدُكُمْ فَلْيَتَوَضَّأْ

«Шын мәнінде ашу ол шайтаннан, ал шайтан болса, оттан жаратылған, отты су өшіреді. Егер сіздердің біреулерің ашуланса дәрет алсын[13].

Ашуланған кезде адамның жүрек қағысы жиілеп дене қызуы көтеріледі. Бұл процесті тежеу үшін тез арада дәрет алып немесе жуынған абзал.

5. Ашуын ұстай білген адамға Алланың беретін сыйын еске алу

Ашуын еркіне бағындырып ұстай білген адам үшін Алла тағаланың берер сыйы мол:

1) Алланың сүйген құлдарынан болады. Алла тағала Құран кәрімде:

(الَّذِينَ يُنْفِقُونَ فِي السَّرَّاءِ وَالضَّرَّاءِ وَالْكَاظِمِينَ الْغَيْظَ وَالْعَافِينَ عَنِ النَّاسِ وَاللَّهُ يُحِبُّ الْمُحْسِنِينَ)

Олар кеңшілікте, таршылықта Алла жолында мал сарып қылғандар. Сондай-ақ олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла (Т.) жақсылық істеушілерді сүйеді.[14]

Құран аятындағы жақсылық істеушілер яғни ихсан амал жасағандар діндегі ең жоғарғы дәрежеде болатындығын баяндап тұр.

2) Жәннатқа кіруіне себеп болады. Пайғамбарымыздың ﷺ Әбу Дәрдадан келген хадисінде:

عن أبي الدرداء -رضي الله عنه – قال: قلت: يا رسول الله دلني على عمل يدخلني الجنة. قال: (لا تغضب ولك الجنة)

Ашуланба саған жәннат нәсіп болады[15] деді.

3) Ашуды жеңу Алланың қаһарынан құтқарады. Пайғамбарымыздан ﷺ бір сахаба мені Алланың ашуына апармайтын нәрсе не дегенде: «Ашуланба» деп жауап берген. Ашу үстінде адам баласы Алладан өзгеден панасы жоқ адамдарға зұлымдық жасап қоюы мүмкін. Содан алыс болғаны абзал.

4) Ашуды жеңу иманды күшейтеді. Атақты хадистердің бірінде: «Кімде-кім Алланың ризалығы үшін ашуын тыятын болса оның ішін иманмен толтырады» деген хадис бар.

6. Алланы көп еске алу

Алла тағала Құран кәрімде:

(الَّذِينَ آمَنُوا وَتَطْمَئِنُّ قُلُوبُهُمْ بِذِكْرِ اللَّهِ أَلا بِذِكْرِ اللَّهِ تَطْمَئِنُّ الْقُلُوبُ)

Сондай иман келтіргендер, Алланы еске алу арқылы көңілдері жай тапқандар. Естеріңде болсын, Алланы еске алумен жүректер орнығады.[16]

Яғни адам баласы Алладан кешірім сұрап, еске алу, кешірім сұрау арқылы жүрегі тынышталып, ашуы тарқайды.

7. Ашуланудың зардабына мән беру

Ашуланудың соңында тудыратын қатты өкіну сезімін, кек қайтарудың жамандығын және оңайлықпен кетпейтін ауыр нәтижелер келтіретіндігін ойлау. Яғни, ашуланған нәрсенің бір қиындық екендігін қабыл етсек, сабыр ету керек, мұның қиындығын арттырып басқа қиындықтарға жол ашпау керек. Мәселен, адам өлтіруіне, түрмеге түсуіне, отбасымен ажырасуына т.б. үлкен зияндарға ұшырауы мүмкін.

Жоғарыдағы насихаттар мен нұсқауларға сүйене отырып, ашуымызды ақылымызға жеңдіре білсеқ, нағыз мұсылмандық көркем мінезді паш еткен боламыз. Алла біздерді сабырлылардан болуымызды нәсіп етсін!

 

Хамзат ҚАЖЫМҰРАТҰЛЫ,

ҚМДБ-ның Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің маманы

 

[1] Исра сүресі, 37-аят
[2] Нахыл сүресі, 23-аят
[3] Муслим, Ибн Мәжә хадистер жинағында келген
[4] Тирмизи хадистер жинағы
[5] Әбу Дәуд хадистер жинағы
[6] Әбу Дауд хадистер жинағы
[7] Бұхари хадистер жинағы
[8] Ағузу билләһи минашшайтонир ражим деп айту.
[9] Фуссиләт сүресі, 36-аят
[10] Бұхари хадистер жинағы
[11] Әбу Даудтан келген хадистер жинағы
[12] Ахмад хадистер жинағыда келген.
[13] Ахмад хадистер жинағыда келген
[14] Әл Имран 134-аят
[15] Муслим хадистер жинағы
[16] Рағд сүресі 28-аят