الله الرحمن الرحيم الملك القدوس السلام المؤمن المهيمن العزيز الجبار المتكبر الخالق البارئ المصور الغفار القهار الوهاب الرزاق الفتاح العليم القابض الباسط الخافض الرافع المعز المذل السميع البصير الحكم العدل اللطيف الخبير الحليم العظيم الغفور الشكور العلي الكبير الحفيظ المقيت الحسيب الجليل الكريم الرقيب المجيب الواسع الحكيم الودود المجيد الباعث الشهيد الحق الوكيل القوى المتين الولى الحميد المحصى المبدئ المعيد المحيى المميت الحي القيوم الواجد الماجد الواحد الصمد القادر المقتدر المقدم المؤخر الأول الأخر الظاهر الباطن الوالي المتعالي البر التواب المنتقم العفو الرؤوف مالك الملك ذو الجلال والإكرام المقسط الجامع الغني المغني المانع الضار النافع النور الهادي البديع الباقي الوارث الرشيد الصبور
+7 (7222) 52-19-11

Дүниауи сылтаулар ешқашан таусылмайды...

10(1)
Ұлы Аллаһ Тағала қасиетті сөздерінде өмір тіршілігінің тұрақсыздығын, керуен-уақыттың қысқалығын, тағдыр тарамдарының жалғандығын ақыл иелеріне тереңнен баяндаған. Бұған мән бермей өткен жанның өкінішке ұрынатынын да түсіндірген. «Ол күні мал да, балалар да пайда бермейді. Бірақ кім Аллаһқа нағыз жүрекпен келсе ғана пайда береді» /Шұғара, 88, 89/. Ұлы Иенің кітабындағы мағыналы аяттардың мәнісін жүрегі ашық, пейілі таза жан ғана ұғынып, үгіт алады. «Шүбәсіз мұнда сезімтал жүрегі барға немесе құлақ салып, әзір болғанға бір үгіт бар» /Қаф, 37/. Әлбетте, Аллаһ Тағала иман тәрізді нұрлы қазынаны кез-келген жүрегі күнәмен байланған рухани әлемі лас пендесіне тарту етпейді. Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Шайтан-адамның қасқыры»-деген. Қойды қасқырдан қалай қорғасақ, пендеге шабатын қасқыр-шайтаннан иманымызды Аллаһтан қорқып, жиі еске алып, тақуалық таныту арқылы қорғанамыз. Жаратушымызға ғибадат жасау нәтижесінде жақындаған сайын әзәзіл бізден алыстай береді. Ал, жүрек Аллаһтан алыстаған сайын қасқыр-шайтанға жем болса, керісінше Ұлы Жаратушыға жақындау арқылы қауіп-қатерлер одан қашықтай бастайды.
Абдуллаһ ибн Омардан жеткен хадисте: Ол: «Бірде Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) иығымнан ұстап: «Бұл дүниеде жат жерлік немесе жолаушы секілді бол», -деп айтты», -деген. Ибн Омар: «Егер кеш батырсаң, таңға тірі шығамын деп күтпе, ал таң атырсаң, кешке тірі жетемін деп күтпе /яғни, ұзақ өмір сүруге үміт артып, сауапты істерді кешеуілдетпе, адам кез-келген сәтте бұл дүниемен қош айтысуы мүмкін/, денсаулығыңнан ауруыңа, өміріңнен өліміңе керегін алып қал /күндердің күнінде бар мүмкіндік сарқылып, шарасыз бір мезет келеді-ау деген есеппен денің сау, басың аман кезде сауапты амал жасап қалуға ұмтыл деген сөз/», -деп жиі айтатын /Сахих әл-Бұхари, 1998 (6416), 764-б./.
            Имам Ахмад Әбу Дарданың былай дегенін жазған: «Аллаһқа көріп тұрғандай құлшылық қылыңдар, өздеріңді өлілердің қатарына санаңдар. Көңілдеріңде қанағат тудырып, байытатын аз нәрсе, масайратып, шектен шығаратын көп нәрседен қайырлы болатындығын біліңдер. Ізгіліктің тозбайтындығын, күнәнің ұмыт қалмайтындығын естеріңде ұстаңдар».
            Муснад кітабында Сәубан мынадай хадис келтірген. Расулалла (с.ғ.с.) былай дейді: «Заманақырда сендерге басқа халықтар әр тараптан ашқарақтардың табақтарына ұмтылғандай анталап, сендерді жеп қоюға шақ қалып тұрады». Біз одан: «Уа, Расулалла! Біздің санымыздың аздығынан солай бола ма?»-деп сұрадық. Сонда Расулалла (с.ғ.с.): «Сендер ол кезде көпсіңдер. Бірақ селдің бетіндегі көбіктей түкке тұрғысыз боласыңдар. Дұшпан алдындағы айбаттарың жоғалады. Жүректеріңді дәрменсіздік баурап алады», -деді. Сонда сахабалар: «Ол дәрменсіздік не?»-деп сұрады. Расулалла (с.ғ.с.): «Дүние тіршілігін қатты жақсы көріп, өлімді жек көру», -деді.
            Дүние тіршілігін қатты жақсы көріп, өлімді жек көру демекші, пенденің қабірге кіргенге дейінгі дүниауи сылтаулары ешқашан таусылмайды. Иманға келіп, ғибадат етуге келгенде Исламның ізгіліктерін жатсынып, өздерін одан зор санайтыны тағы бар. Мәселен, кейбірі «біз қоғамнан бөлінгіміз келмейді, адамдармен ара-қатынасым өзгеріп кетеді, баратын жерлеріме бара алмай қаламын»-деп бәлсінсе, баз біреулері «бұрынғы дос-жарандарыммен байланысым үзіледі, араласа алмай қаламын, олар енді мені басқаша санайтын болады» немесе «заманауи киімнен бас тарта алмаймын, елдер маған өзгеше көзқараспен қарайтын болады, жұмысымдағы адамдар түсінбейді»-деген сияқты шайтани нәпсі қалауынан туындаған шексіз сылтаулар мен арманның соңынан кете барады. Алайда осындай нәпсі жетегінде жүргендер Аллаһтан қорықпай, жаратылған адамнан қорқып жүріп, күні ертең Ұлы Жаратушының бұйрығына бойынұсынбаудың қасіретті өкініште қалдыратындығын кеш түсінеді. Әбул-Бухтури былай деген: «Маған Расулалланың (с.ғ.с.) өзінің аузынан естіген адам мынадай хадис жеткізді: «Адамдар өз-өздеріне сылтау айтпайынша жойылмайды». Яғни, адамдар Ұлы Жаратушылық әмірді орындаудан кез-келген уақытта бас тартып, Аллаһтың ұлы бұйрықтарынан өздерін жоғары санайды, оған немқұрайлылық танытады. Тіпті сол олқылықтарын түзелтудің орнына өздерін сан қилы тараптан ақтап, қилы-қилы сылтау іздей берсе, түбінде Жаратушының ауыр жазасына лайықты болады. Себебі, түрлі сылтаудың өзі де сол әзәзілдің азғыру әрекеті, адамның қасқыры-сұм шайтанның құрған қорқау қақпаны. Осы бағытта талай-талай Аллаһ Тағаланың жіберілген ақиқи әмірлерінен бас тартқан Нұх (ғ.с.), Лут (ғ.с.), Салық (ғ.с.), Һуд (ғ.с.) сияқты көптеген пайғамбарлар қауымдарының жағдайлары, жер бетінен бір демде жоқ болуы-Ұлы Жаратушының әмірлеріне салқынқандылық танытып, сылтау іздеулері себеп болды. Осындай Аллаһтың ескертулері мен хабарлары келгенде бірден бойұсынушылық танытқан Ибраһим Әдһәм жайлы мысал. Оның алғашында Балхтың патшасы болғандығын білеміз. Бірде ол сарайда бейқам отырғанда, күтпеген жерден бір адам сарайға кіріп келеді. Сарбаздардың ешқайсысы оның жөнін сұрауға батылы жетпеді. Әлгі адам кірген бойда Ибраһимнің тағының жанына жетіп келді. Ибраһим: «Саған не қажет?» Адам: «Мен осы керуен-сарайға қоныс тебейін деп едім», -дейді.
Ибраһим:-Бұл керуен-сарай емес, менің патшалығым.
-Бұл сарай сенен бұрын кімдікі болып еді?
-Әкемнің сарайы болған.
-Одан бұрын кімнің сарайы болып еді?
-Пәлен адамның сарайы болған.
— Пәлен адамнан бұрын кімдікі болып еді?
-Оның әкесінікі болған.
-Олардың бәрі қайда кетті?
-Олардың бәрі дүниеден озған.
-Біреу келіп, біреу кетіп жатқан жерді керуен-сарай демегенде не дейміз?!
Осыны айтып әлгі адам сарайдан жылдам шығып кетеді. Ибраһим Әдһәм бұл сөздерді естіген соң бір түрлі күйге түсіп, соңынан айғайлайды: «Құдай атымен ант етуге шақырамын. Сенімен сөйлесуім қажет». Әлгі адам тоқтайды. Оған: «Сен кімсің? Жаныма от салып жібердің ғой? Өзің қайдан келдің?»
-Менің атым-Қызыр. Құрғақта да, теңізде де жүре аламын. Далада да, аспанда да.    Осылай деп әлгі адам жым-жылас жоғалып кетеді. Ибраһим Әдһәмның жүрегінде терең ой, күрсініс пайда болды. Содан соң нөкерлеріне атын ерттеуге бұйрық беріп, аңға шығуды сылтауратып, аңға шықты. Бірақ жан дүниесі астан-кестең болып, беті ауған жаққа кете барды. Кенеттен: «Ояу бол!»-деген үн 3 мәрте естілді. Төртінші ретте: «Оятпай тұрып, оянғаның жөн!»-деген астарлы сөзден кейін қатты қорқып кетті. Сол мезетте жайылып жүрген еліктерді атпақшы болып еді, елікке Аллаһтың бұйыруымен тіл бітті: «Мені сен аулау үшін емес, сені мен аулауым үшін жіберді. Не үшін мені атпақсың? Сені бейшара жануарларды оқпен атып, аң аулау үшін жаратып па еді? Айналысатын басқа ісің жоқ па?». Ибраһим Әдһәмның қорқынышы күшейіп, еліктен сырт айналды. Манағы үнді енді астындағы атынан да, тіпті жағасынан да естіді. Сол сәттегі Жаратушыдан келген ескертулердің ықпалымен ол адасып жүрген жолынан бет бұрып, Аллаһтың ақиқат жолын тапты. Ешқандай сылтаусыз патшалықтан баз кешіп, алтынмен апталған киімін тастап, ілім мен ізгіліктің жолын таңдады. Күндердің күнінде Ибраһим Әдһәм руханияты кемелденген әулиелердің қатарын толықтырды. Шын мәнінде Ұлы Хақтың әмірлерінен бас тартып, дүниелік сылтаулардың шырмауында қалған жандардың Аллаһтың алдында ақырет, дүниеде сүттен ақ, судан таза етіп, өздерін ешбір ақтай алмасы анық.
М. Мұхамадиева,
Семей қаласы.