ДІНИ САУАТСЫЗДЫҚ – ТЕРІС АҒЫМНЫҢ ЖЕТЕГІНЕ ЯКИ АТЕИЗМГЕ БАСТАЙДЫ

Еліміздегі діни ахуал жайлы сөз қозғағанда, Елбасымыз, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің мына бір тағылымды сөзі ойға оларады: «…Бізге төзімсіздік немесе діни фанатизм жат. Бұл рухани дәстүр, бұл қандай шеңберде болмасын Құдайдың Сөзіне деген ашықтық. Бұл – Қазақстандағы конфессияаралық келісімнің ең маңызды негіздерінің бірі. Біз әлемге өзіміздің толеранттығымызбен, ұлт-аралық, конфессияаралық келісім мен диалогты сақтауымызбен танылдық. Біздің еліміздің өскелең дүниетанымдық әлеуеті бұдан әрі қарай да сақталуға, дамуға тиіс». Ұлт көшбасшысының пікірін бойынша, еліміз қоғамындағы, ұлт тарихындағы рухани тұғыр тек қана тіл, мәдениет, тарих қана емес, дін негізінде де қалыптасқандығын аңғарамыз.

Жалпы, қай қоғамда, қандай өркениетте болмасын, сол өңірдің рухани ахуалы, қоғамдық тәртіптің тұрақтылығы, мәдениетінің деңгейі, азаматтардың сапасы қоғам мүшелерінің діни наным-сенімімен де тығыз байланысты. Ғаламшардың арғы-бергі тарихында белгілі бір діни сенімге құрылмаған қоғамды табу мүмкін емес. Ендеше, бүгінгі қоғамдағы діни мәселелер жайында сөз қозғағанда ойға оралатыны азаматтардың діни сауаттылық мәселесі. Яғни, азаматтардың діни, теологиялық білімінің деңгейі, қоғамдағы діни ахуалдар мен үрдістерді, ой-пікірлерді қалыптастырады. Сонымен қоса, қазақ қоғамындағы діни төзімділіктің баяндылығы мен орнықтылығына да әсер етеді.

«Сондай білетіндер мен білмейтіндер тең бола ма?» («Зүмәр» сүресі, 9-аят) делінетін қастерлі Құран аяты да, білімнің маңызын меңзесе керек. «Оқы» деп түскен ең алғашқы аяттың өзі білімсіздіктен сақтануға үндеп тұрған жоқ па. Ендеше, асыл дініміз әрқашан да ілім-білімді үйренуге шақырды. Білімділік – ең әуелі Алла тағаланы дұрыс танымақтықпен болады.  Сосын, Алланың ұлылығына жараса, дұрыс құлшылық ету. Қала берді жәннат уәде етліген сара жол тек қана біліммен табылады. Демек, қияметке дейін өзгермейтін қасиетті кітабымыз Құран Кәрімнің 670 жерінде ілім жайында баян етілуі білімнің қадыр-қымбатымен қоса, білімсіздіктен болатын зардаптардың ұшан-теңіз екенін дәлелдейді.

Адамға білім алудың қаншалықты сауап екендігін әз пайғамбарымыздың ﷺ мына бір хадисінен де білуімізге болады:

«Ей, Әбу Зар! Таңертең үйіңнен шығып, Құраннан бір аят үйренуің сен үшін 100 ракағат нәпіл намаз оқығаннан да қайырлы. Сол секілді таңертең үйіңнен шығып, ілімнен бір бөлім үйренуің сен үшін мың ракағат нәпіл намаз оқудан қайырлы», – дейді (Ибн Мажа, Муқаддима, 16).

Бүгінде кейбір бауырларымыздың өздері жаттаған бірер пара Құран мен бірер жүз хадисін көлденең тартып, адамдарды кереғар түсінікке шақырмақшы болуының астарында да ілімсіздіктің жатқанын баса айтуға болады. Елімізде заң бойынша ресми тыйым салынған «Хизбут-Тахрир», «таблих жамағаты», «ат-Такбир уәл-хижра» қатарлы қауіпті ағым мүшелерінің де адасып кетуіне, дінді дұрыс түсінбеуіне өздерінің ілімсіз дін ұстанып, білімсіз «ұстаздарды» қадір тұтуында жатыр.

Бүгінгі шетел аумағында «жиһад» деп кеткен ел азаматтарын сол жерге бастаған да, өздерінің білімсіздіктері болмақ. Себебі, білімді, көзі ашық, көкірегі ояу мұсылман Ислам дінінде айтылған жиһаттың қолға құрал алып соғысу емес, бірінші кезекте өз нәпсісімен, жанындағы жамандықтармен, ішкі жан-дүниесіндегі кісілікке жат пиғылдармен күресу екенін біледі.

Алла Тағала Құранда ақыл иелерін ойлануға, ой жүгіртуге шақыруы тегінен тегін емес. Адамдар өз білім көкжиегіне жараса ойлай алады. Демек, білімі таяз адамның ойлау шеңбері де шамалы болмақ. Сол үшін, еліміздегі әрбір азамат дін мәселесін терең ұғынып қана қоймай, оның үдесінен шыға білуі тиіс. Соңғы уақыттардағы дінге телініп жүрген кейбір келеңсіз мәселелер біздерге осыны айқын ұқтыруда.

Шын мәнінде дін мәселесі өте нәзік, аса күрделі сала. Сол үшін де білімсіз дін ұстанудан аулақ болған лазым.  Сондықтан да Ахмет Иүгінеки бабамыз:

«Өтеді абыроймен білімді жан.

Ал, надан бейне өлік,жүрсе де аман.

Білімді бір тең келер мың кісіге,

Білімге сай пайдалы өзге не бар?

Біліммен ғалым өсіп, көкке жетер.

Адамды наданшылық төмен етер.

Білім ал, Жаратқанның соңғы елшісі:

«Білім қайда болса да ізде»,– деген.

Олай болса, білімсіздікпен адасып, діни экстремизмнің, фанатизмнің құрбаны болмау үшін, еліміздегі мешіт, медреселерден, танымал ұстаздардан, мешіт имамдарынан білім үйреніп, өзіміздің діни таным көкжиегімізді ұлғайтуымыз керек.