الله الرحمن الرحيم الملك القدوس السلام المؤمن المهيمن العزيز الجبار المتكبر الخالق البارئ المصور الغفار القهار الوهاب الرزاق الفتاح العليم القابض الباسط الخافض الرافع المعز المذل السميع البصير الحكم العدل اللطيف الخبير الحليم العظيم الغفور الشكور العلي الكبير الحفيظ المقيت الحسيب الجليل الكريم الرقيب المجيب الواسع الحكيم الودود المجيد الباعث الشهيد الحق الوكيل القوى المتين الولى الحميد المحصى المبدئ المعيد المحيى المميت الحي القيوم الواجد الماجد الواحد الصمد القادر المقتدر المقدم المؤخر الأول الأخر الظاهر الباطن الوالي المتعالي البر التواب المنتقم العفو الرؤوف مالك الملك ذو الجلال والإكرام المقسط الجامع الغني المغني المانع الضار النافع النور الهادي البديع الباقي الوارث الرشيد الصبور
+7 (7222) 52-19-11

Есеп беруге дайынсыз ба?

Адамдар біреуді мінеп-сынағанды өте жақсы көреді, бірақ, өкінішке орай, өздеріне есеп бере бермейді.

Бұл жайлы Қасиетті Құранда мынанадай аяттар бар:

«Қиямет күні сол күнге тән дәл тартатын әділет таразыларын құрамыз да, адамдардың дүниедегі істеген барлық істерін түгелдей тартамыз. Ол күні ешбір жанға титтей де әділетсіздік жасалмайды. Істелген іс қышаның дәнегіндей мысқалдай болса-дағы оны таразыға тартамыз. Біз жауапқа тартушылар ретінде жеткіліктіміз» (21:47)
«Қиямет күні әр адамның алдына амал дәптері қойылады. Сол кезде дүниеде күнәға белшесінен батқан күнәһарлардың естері шыққанын көресің. Сонда олар аһ ұрып: «Құрыдық! Мынау өзі қанай дәптер? Үлкенді-кішілі бірде-бір сөзді де, істі де қалдырмай жазып алыпты ғой!», — дейді. Міне, осылайша, олар дүниеде не істеп, не қойған болса, соның бәрі алдынан шығады. Раббың ешкімге әділетсіздік жасамайды» (18:49)
«Сол бір күн әрбір жан жақсылық есебінде не істеген болса, соның бәрі алдынан шығады. Жаман істері де дәл солай. Сонда ол істеген жамандығы мен өзінің арасында жер мен көктің арасындай қашықтық болғанын қалайды. Алла сендерді Өзіне қарсы келіп, ғасы болудан сақтандырады. Алла құлдарына өте мейірбан, сондай жанашыр» (3:30)
«…Иддат мерзімін күтіп отырған әйелдерді алуды ойласаңдар, бұл ниеттеріңді аталмыш мерзім ішінде оларға тұспалдап қана білдірсеңдер немесе оларға сездірмей іштеріңде сақтасаңдар күнә арқаламайсыңдар. Алла олар жайлы ойлайтындарыңды біледі. Ендеше, ниеттеріңді күнәға жатпайтын, жақсы сөзбен тұспалдап қана білдіргеннен басқа олармен жасырын түрде уәделеспеңдер және иддат мерзімі толмай тұрып некелесуші болмаңдар. Біліп қойыңдар, Алла іштеріңе бүккен ойларыңды түгелдей біледі. Ендеше, Оның бұйрығына қарсы келуден сақтаныңдар. Һәм біліп қойыңдар, шүбәсіз, Алла – өте кешірімді» (2:235)

Ілім иелері бұл аяттарды біз Алла Тағаланың бақылауындамыз әрі әрбір сәт үшін есеп береміз дегенге дәлел ретінде келтірген.

Ғалымдарымыз адамдарды бұл қауіптен құтқаратын нәрсе – үнемі өзін-өзі есепке тартып, әрбір қадамын бақылап отыру екендігіне көз жеткізген.  Өйткені өзіне-өзі есеп беріп жүретін адам Қиямет күніндегі есепке әзір жүреді әрі үнемі сол ойда жүргендіктен, жасаған әрбір амалы берекелі әрі нәтижелі болмақ.

Өзінен-өзі есеп алуға немқұрайлылық танытар болсақ, кейбір істер кейінге шегеріліп, тәубенің де ауылы алыста қалып қоюы ықтимал. Ондай жанның Қияметтегі халі қиындап, бұл жалғанда да досқа күлкі, дұшпанға таба болып қалмақ.

Олай болса, Аллаға және Қиямет күніне иман келтірген әрбір ақыл иесі өз жанынан есеп алуды ескеруі тиіс, өйткені, ақиқатында, өмірдің әрбір сәті баға жетпес құндылық әрі оның орны толмайды және осы құндылық шексіз рахатқа батыратын қазыналардың біріне қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Осы құнды сәттерді босқа өткізу немесе оны құр өткізу опат болуға әкеліп соғатын болса, онда бұл ақыл иелері үшін орны толмас өкініш болмақ!

Әбу Бәкір (ол кісіге Алла разы болсын) өзінің халифалығы кезінде Омар ибн Әл-Хаттабты (ол кісіге Алла разы болсын) қазы етіп тағайындап, мемлекет ішінде туындап отыратын қиындықтар мен мәселелерді қарастырып отыру үшін оның үнемі мешітте болуын өтінген екен.

Бір жылдай уақыт өткен соң Омар Әбу Бәкірдің (ол кісілерге Алла разы болсын) алдына келіп:

«Уа, Әбу Бәкір, бір жыл өтті, бірақ маған ешкім де келмеді. Мені бұл қызметтен босатуыңды сұраймын! Мұсылмандарға менің қазылығымның еш керегі жоқ екендігіне сенімдімін. Өйткені әркім өзінің құқығын біледі әрі шектен де шықпайды, әркім өз міндеттерін біледі әрі бұлжытпай орындайды. Барша мұсылмандар өздеріне не тілесе, өзгелерге де соны тілейді. Араларындағы біреуі бірнеше күн көрінбей кетсе, оны іздейді, ал егер біреуі ауырып қалса, олар оған барып хəлін біледі. Біреуі бақытсыздыққа ұшырайтын болса, оған қол ұшын береді, егер әлдекім әлденеге мұқтаж болса, онда олар үнемі оған жәрдемдеседі. Ал біреуінің басына қайғы келсе, олар оны жұбатады. Олардың діні ‒ өсиет, олардың мінезі ‒ жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыю! Сонда олардың арасында қайдан дау болмақ?»

Бір жыл бойы мұсылмандар арасында соттың көмегін қажет ететін бір мәселенің туындамағаны- таңғаларлық жайт! Адамдар олардың құқығын қорғайтын, келіспеушілікті шешіп беретін әрі жаза беретін қазыны қажет етпеген.

Неліктен?

Себебі, бәрі өз өмірлеріне дін негізінен байыптап қараған және әрқайсысының өзіндік рухани «қазысы» болған. Олардың санасы мен жаны қасиетті Құран мен пайғамбарлық өсиеттермен нұрланған еді.

Алланың құлы таң намазын оқу үшін ұйқысынан тұрғанда жүрегі мен жаны былай деп келісімге келгені жөн:

«Бұл дүниедегі сауда мен одан түсер пайданың ешбір құны жоқ. Ал менің өмірімнен басқа тауарым жоқ, егер оған зиян келер болса, капиталым да құриды. Алла Тағала менің өмірімді ұзартты, дәм-тұзымның бітетін уақытын кейінге қалдырып, бүгін таңды атырдым. Алла мені тағы да жарылқады. Егер жанымды бүгін алар болса, әрине, Одан бір күнге болса да мені бұл дүниеге қайтар деп сұрар едім әрі осы күнімді игі амалдар жасауға арнаушы едім!

Ендеше, сен өліп, қайтадан қайтарылдың деп есепте де, дәл осы сәтіңді текке өткізуші болма. Асылында, әрбір сәтіміз өте қымбат, олай болса, жалқаулыққа салынып, бейқам отырма. Әйтпесе, өзгелер көтерілген жұмақтың биік дәрежесіне жете алмай, шарасыз қаласың. Есіңде болсын, жамандық жасаған адамның зұлымдығы кешірілсе де, ол осы уақытта игі амал жасаушының алатын сыйынан құр алақан қалады».

Уақытты тиімді пайдалану керек деген талапты кез келген адам ең алдымен өзіне қоюы керек, содан кейін ғана барып көз, құлақ, тіл, қарын, жыныс мүшелері, қол және аяқ сынды жеті мүшемен жасалатын күнәлардан тыйылуды жанынан, яғни нәпсісінен талап етеді.

Қасиетті Құранда Алла Тағала былай деген:

«Алла ұлы жиын күні бәріңді бір жерге жинайды. Ол – ұтылатын күн. Кімде-кім бір Аллаға иман етіп, игілікті істер істесе, Алла оның күнә-қателерін өшіреді және оны мәңгілікке түбінен өзендер ағатын жәннат бақшаларына кіргізеді. Ең үлкен жетістік, зор табыс деген міне, осы!» («Тағабун» сүресі, 9-аят)

Омардың (ол кісіге Алла разы болсын): «Сенен сұрамас бұрын, өзіңнен сұра!», — деген кеңесін жадымыздан шығармайық.

Күн сайын, кеште әрбір адам күні бойы не жасап, не жасамағанын саралап, ой елегінен өткізуі керек. Ол адам үшін өз-өзінен есеп алып отыруға арнайы уақыт бөлуі керек. Әрі бұл есебін жыл, ай немесе күн соңында мол табысқа кенелгісі келетін саудагер секілді жасауы қажет.

Мәңгілік ғұмырда бақытты я бақытсыз болуы адам баласының өз-өзінен есеп алуына тәуелді болатын болса, Алла Тағала алдында есепке тартылмас бұрын, өзінен өзі неге есеп алмасқа?

Мәңгілік ғұмырда жетістікке жеткендердің қатарында болуымыз үшін, Жаратушы Хақ тағала мына фәни дүниеде өз-өзімізден есеп алуымызға жәрдем берсін!!!