الله الرحمن الرحيم الملك القدوس السلام المؤمن المهيمن العزيز الجبار المتكبر الخالق البارئ المصور الغفار القهار الوهاب الرزاق الفتاح العليم القابض الباسط الخافض الرافع المعز المذل السميع البصير الحكم العدل اللطيف الخبير الحليم العظيم الغفور الشكور العلي الكبير الحفيظ المقيت الحسيب الجليل الكريم الرقيب المجيب الواسع الحكيم الودود المجيد الباعث الشهيد الحق الوكيل القوى المتين الولى الحميد المحصى المبدئ المعيد المحيى المميت الحي القيوم الواجد الماجد الواحد الصمد القادر المقتدر المقدم المؤخر الأول الأخر الظاهر الباطن الوالي المتعالي البر التواب المنتقم العفو الرؤوف مالك الملك ذو الجلال والإكرام المقسط الجامع الغني المغني المانع الضار النافع النور الهادي البديع الباقي الوارث الرشيد الصبور
+7 (7222) 52-19-11

ҚАЖЫЛЫҚ  – ҚАСИЕТТІ  САПАР

Сұхбатты жүргізген Т. Оразғалиқызы. Семей қаласы.

Үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегінде Ислам әлемі ерекше құрмет тұтатын Құрбан айт мерекесі басталып, көптеген жерлестеріміз қажылық парызын өтеу үшін қасиетті Мекке-Мадинаға аттанады.

Ұлық мереке қарсаңында тілшіміз  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Семей өңіріндегі өкіл имамы, Семей қаласындағы қос мұнаралы орталық мешіттің бас имамы Мақсат қажы Алтыбаймен сұхбаттасқан еді.

– Құрметті өкіл имам, қасиетті мереке қарсаңында көптеген қазақстандық мұсылмандар парызын өтеу үшін ұлы сапарға баруға дайындық жұмыстарын жүргізуде. Қажылық сапардың қасиеті жөнінде не айтасыз?

– Қажылықтың тарихы Ибраһим пайғамбардан (оған Алланың сәлемі болсын) басталады. Қасиетті Құран Кәрімде адамзатты қажылыққа шақырғаны жөнінде «Хаж» сүресінің бірнеше сүресінде айтылған. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Хаж және Умраны Алла үшін толық орындаңдар», — деп бұйырады. Бұл аят сүйікті Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хижраның 9-шы жылында түскен екен. Содан бері қажылық сапарға бару барша мұсылманға парыз болды. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Умра және қажылық етіп жүрген қажылар – Алланың қонақтары. Олар Алладан дұға тілесе, Алла олардың күнәсін кешіреді» десе, екінші бір хадисте «Шариғат жолымен жасалған қажылықтың сауабы – жәннат» — дейді.

Жалпы шариғат шарты бойынша қажылық балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс, бас бостандығы бар, қажылық сапарға барып-келуге қаржылық мүмкіндігі бар мұсылмандарға парыз. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Алла үшін қажылық жасап, жаман сөз, жағымсыз әрекеттерден тыйылып, күнәдан сақтанса, бүкіл күнәларынан анадан жаңа туғандай арылған болып қайтады», — деп қажылықтың маңызына ерекше тоқталған.

 – Егерде қаржысы бар адам денсаулығына байланысты қажылық сапарға бара алмаса, орнына біреуді жіберуіне бола ма?

–    Болады. Бірақ оның да өзіндік шарттары бар. Яғни адамның кәрі болуы немесе денсаулығы қажылық сапарды көтермеуі. Егерде сырқат адам өз орнына бір адамды жіберіп, кейіннен ауруынан жазылып кетсе, ол адамға қажылыққа бару парыз болып қалады.

Қажылыққа  бармаған адам қайтыс болар алдында өзінің атынан өкіл қажылықты аманат етуі уәжіп. Егерде қайтыс болған адам аманат етпесе, артында қалған ұрпағына өкіл ретінде біреуді жіберу міндет емес. Өкілдікке жіберген адам қаражатты толықтай мойнына алады. Біреудің қаржысымен жасалған қажылықты бәдәл қажы дейді.

– Қажылық сапарға баратын адамдар қандай дайындықпен баруы керек?

– Қажылық бұл ғибадат. Сондықтан қажылыққа баратын адамдар қажылықты орындау қағидаларын жақсы білуі керек. Олар  үшін мешіт  жанынан арнайы семинар ұйымдастырылады. Ең бастысы бұл сапарға баратын адам рухани дайын болуы керек.

Аллаға шүкір, тәуелсіздіктің  арқасында Қазақстан   мұсылман-дарына Мекке-Мәдинаға үлкен жол ашылды. Тарихқа қарап отырсақ, Қазан төңкерісінен кейін қажылық сапарға тыйым салынып, 70 жыл бойы тоқтап қалған. Тіпті ХХ-шы ғасырдың басындағы бірінші дүниежүзілік соғысқа, әртүрлі жұқпалы аурулардың шығуына байланысты қажылық сапарға патшалық үкіметтің тарапынан тыйым салынған. Соған қарамастан ата-бабаларымыз қажылық парызын жанкештілікпен өтеген.

Қазіргі кезеңде ондай қиындықтар жоқ. Дегенменде, қажылық сапар туризм емес екендігін ұмытпауымыз керек және қажылық сапардың  өзіндік үлкен жауапкершіліктері бар.

– Кейбір адамдар бірнеше рет қажылық сапарға барып жатады...

– Қажылық дегеніміз белгілі бір уақытта ихрамға кіріп, Арафатта тұру, қасиетті Қағбаны тәуіп ету. Шариғат шарты бойынша мұсылман адамның өмірінде бір рет қажылыққа баруы парыз. Дегенменде дініміз бірнеше рет баруға тыйым салмайды. Мәселен мазһабымыздың көсемі Әбу Ханифа хазірет өмірінде 55 рет қажылық жасаған екен.

Жалпы халқымыз қажылық парызын өтеп келген адамдарға ерекше құрметпен қараған. Елге тұлға болған аға сұлтан Құнанбай қажы,  ойшыл ақын Шәкәрім қажы, белгілі дін қайраткері, ақын Ақыт қажы Үлімжіұлы, Семейде мешіт салдырған Тыныбай қажы Кәукенұлы және Жетісуда мектеп салып, ағартушылық қызметке зор үлкен үлес қосқан Тұрысбек қажы Маманұлы сынды  қажылардың  есімі халық жадында ғасырлар бойы сақталып келеді. Бүгінгі  қажыларымызда  сондай  құрметке сай болып, өз ортасында имандылықтың айнасы болуы керек.

Кейбір адамдар қажылыққа ақшасы бардың бәрі барады және  ата-бабаларымыз жылдап жүрген сапарды  ұшақпен санаулы күндер  ішінде атқарады  деген уәж айтып жатады. Бұл дұрыс пікір емес. Шариғатымыз қажылықты мүмкіндігі бар мұсылмандарға парыз еткен. Өткен ғасырмен бүгінгі жаһандану дәуірін  тағы салыстыруға келмейді ғой. Ата-бабаларымыздың заманы басқа. Жалпы, дініміз ғибадатта жеңілдікті қалайды.

Алайда, бүгінгі таңдағы қажылықтың өзіне тән қиыншылықтары да бар. Мекке қаласында жыл бойы аптаған ыстық, жаз айларында 50 градусқа дейін көтеріледі. Қажылыққа жылына 4-5 миллионға жуық адам барады. Сол үлкен топтың ішінде шыдамдылық танытып, ғибадат жасау оңай шаруа емес.

– Жаңа сөз арасында егемендіктің арқасында қажылық сапарға жол ашылды дедіңіз. Жалпы, жамағаттардың қажылық парызды өтеуге деген ниетіне көңіліңіз тола ма?

– Мүмкіндігі бар мұсылмандарға қажылық парыз. Әлі де болса, көптеген адамдар қажылықтың мән-мағынасын көп түсіне бермейді. Дегенменде қажылыққа барушылардың саны жылдан-жылға артып келеді. Дін қызметкерлері тарапынан алдағы кезеңде де қажылықтың қасиеті жөнінде көбірек уағыз-насихаттар айтылуы керек.

Қасиетті сапарға бару әлемдегі әрбір мұсылманның арманы. Мәселен, бауырлас Түркия елінде қажылық сапарға бару үшін екі миллионға жуық адам өз кезегін жылдап тосады. Соңғы мәліметтерге қарасақ, бұл елден жылына 70 мыңнан астам адам қажылық сапарға барады екен. Тіпті, кейбір елдерде шектеу қойылған. Аллаға шүкір, біздің елде кез-келген мұсылман адамның қажылық сапарға баруына жол ашық, ешқандай кедергі жоқ.

Жылда қажылық қарсаңында Қазақстан мұсылмандары басқармасы  тарапынан арнайы қажылық миссиясы құрылады. Бұл топтың басты міндеті — қазақстандық қажылардың өз ғибадаттарын дұрыс атқаруын қадағалау. Жалпы, Бас мүфтидің басшылығымен қажылық сапарға байланысты көптеген мәселелер өз шешімін табуда.

Биылғы жылы діни басқармасынан «Tawaf travel» қажылық компаниясы құрылды және мүфтият тарапынан қажылықты ұйымдастыратын компанияларға деген талап күшейді.

Қажылық сапарға аттануға ниет етіп отырған отандастарымыздың сапарына сәттілік тілейміз. Алла алдындағы парыздарын орындап, елге  аман-есен оралуына тілектеспіз!

– Әңгімеңізге рахмет. Дін жолындағы сауапты қызметіңізге табыс тілейміз!

 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Семей өңіріндегі өкіл имамы, Семей қаласындағы қос мұнаралы орталық мешіттің бас имамы Мақсат қажы Алтыбай