Кез келген есікті ашатын кілт

Бірде имам Ахмад ибн Ханбалдың белгілі шәкірті имам Бақи ибн Махләдқа бір әйел келіп: «Жалғыз ұлым византиялықтардың тұтқынына түсіп қалды. Қайғыдан нәр тата алар емеспін, ұйқым да келер емес. Қолымдағы бар дүнием – үйім, алайда оны сатып алатын ешкімді таба алмадым. Ұлымды құнын төлеп босатып беретін адам тауып беруіңізді өтінемін»,- деп мұңын шағады.

Сонда Бақи: «Үйіңе бара бер, көмектесуге тырысамын»,- дейді. Осылай деген ол қолын көтеріп әлгі әйелдің баласы үшін Алладан дұға етеді. Бірнеше күн өткен соң жаңағы әйел баласымен алдына келеді де, имамға алғысын айтып: «Алла саған разы болсын! Болған жайтты балам өзі баяндап берсін, естісең, таңқаласың»,- дейді.

Имам бозбалаға қарап: «Тұтқындықтан қалай босадың?»,- деп сұрайды. Сонда жігіт: «Мен соғысқа аттанып, сол жерде византиялық басшының тұтқындығына түстім. Өзге тұтқындармен қоса мені де шөл далада қара жұмысқа салды. Жұмыс істейтін жерге дейін аяғымызды кісендеп, қарауылмен апаратын. Бір күні ол жерден күн батқан уақытта қайттық, сол сәтте аяғымдағы кісен өз- өзінен шешіліп кетті. Күзетшілер кісенді шештің деп мені жазғыра бастады. Мен болсам, ол өздігінен шешілгенін айтып, сендірмек болдым. Сонда олар ұстаны шақырып, аяғыма қайтадан кісен салмақ болды, алайда бәрі босқа әуреге түсті. Кісенделген соң орнымнан тұрып, бір-екі қадам аттаған соң кісен шешіліп кете берді. Көздері шарасынан шыға жаздаған христиандар өздерінің дін қызметшілерін шақырып алып ақыл сұрады. Сонда діндарлары: «Анаң бар ма?»,- деп сұрады. Мен басымды изедім. Сонда ол: «Анаң сен үшін дұға еткен екен. Жаратушы оның дұғасын қабыл алған»,- деді де күзетшілерден мені босатуларын сұрайды. Сонда олар мені босатып, еліме аман жетуім үшін жаныма жолсерік қосып жіберді»,- дейді.

Сонда имам кісен қай күні ашылып кеткенін сұрайды. Сол күн имам Бақидың дұға еткен күнімен дәл келгені белгілі болады. (Бұл оқиға «Әл-Мунатазам ли ибни Джаузи» еңбегінде келтірілген, т. 12, с. 274).

Бұл оқиғадан қандай сабақ алуға болады? Әрқйсымыздың «кісеніміз» бар. Ол отбасы, қаржы мәселесі немесе басқа да жағдай болуы мүмкін.  Кез келген адам шынайы ықыласпен Аллаға жалбарынып, дұға ете алады. Ықыласпен жасалған дұғаның күші соншалықты, адамды бірнеше  жылға созылған шиеленісті жағдайлардың шынжырынан босатып жібереді. Дұға – әсіресе ата- анамыздың дұғасы расымен де, алып күшке ие.

Алла Тағала біз үшін жасаған дұғасы сөзсіз қабыл болатын ата- анамызға амандық берсін! Әмин!