الله الرحمن الرحيم الملك القدوس السلام المؤمن المهيمن العزيز الجبار المتكبر الخالق البارئ المصور الغفار القهار الوهاب الرزاق الفتاح العليم القابض الباسط الخافض الرافع المعز المذل السميع البصير الحكم العدل اللطيف الخبير الحليم العظيم الغفور الشكور العلي الكبير الحفيظ المقيت الحسيب الجليل الكريم الرقيب المجيب الواسع الحكيم الودود المجيد الباعث الشهيد الحق الوكيل القوى المتين الولى الحميد المحصى المبدئ المعيد المحيى المميت الحي القيوم الواجد الماجد الواحد الصمد القادر المقتدر المقدم المؤخر الأول الأخر الظاهر الباطن الوالي المتعالي البر التواب المنتقم العفو الرؤوف مالك الملك ذو الجلال والإكرام المقسط الجامع الغني المغني المانع الضار النافع النور الهادي البديع الباقي الوارث الرشيد الصبور
+7 (7222) 52-19-11

Соңғы күндерде осы 12 амалды орындап үлгеріңіз

Соңғы күндерде осы 12 амалды орындап үлгеріңіз

Рамазан айының бітуіне 12 қалғанда осы 12 амалды орындап үлгеріңіз. Бұл амалдар сіздің жан-дүниеңізді рухани құндылықтармен толтырып, тәніңізге ауыртпалық түсірмейді.

Құран оқу.

Құранды мағынасын түсіне отырып ережесімен оқу. Егер арабша қаріп танымаймын десеңіз, алдағы санаулы күндер – сіз үшін үлкен мүмкіндік. Еліміздің барлық мешітінен өзіңізге ыңғайлы уақытта құран үйреніп алуыңызға болады. Ежіктеп болса да Құран Кәрімді оқу үлкен сауап екенін естен шығармаңыз.

Нәпіл намаздарын оқу.

Әдетте нәпіл намазын 2 рәкағат етіп оқу – сүннет әрі сахабалардың бәрі жасырып жасаған ғибадаттары. Тек мәкруһ болған уақыттан басқа мезгілдерде жақсылап дәрет алып екі бас намаз оқыңыз. Сондай-ақ, сәске уақытындағы духа, түнгі тәхәжжүд намазы, ақшам мен құптан аралығында оқылатын әууәбин намазы, 10 түрлі күнәні кешіретін 4 рәкағаттық тәсбих намаздары да нәпіл құлышылқтардың қатарына жатады. Өз-өзіңізге есеп беру. Серуендеп жүрсеңіз де, үйіңізде отырсаңыз да өз-өзіңізге «Мен қайдан келдім және қайда барам?», «Алла Тағала менен не қалайды және менің Раббымның алдындағы міндетім қандай?» деген сұрақтарға жауап беріп, өткеніңіз бен бүгініңізге, келешегіңізге көз салыңыз.

Күнәларға тәубе ету.

Сәт сайын өткен күнәларыңыз үшін Алладан кешірім, жарылқау тілеп, шынайы тәубе етіңіз. Әсіресе, ұйқыға жатар алдын өзіңізді соңғы рет қол жайып отырғандай сезініп, Аллаға жалбарыныңыз.

Аллаға жиі мадақ айту.

Алла Тағалаға шамаңыз келгенше көбірек мақтау-мадақ айтыңыз. Әбу Һурайра Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бір қысқа ғана жиында жүзден аса «Субханаллаһ» деп айтқанын риуаят етеді.

Ренжіскен адаммен татуласу.

Ренжіскен адаммен татуласу – Рамазан айындағы ең іргелі істердің бірі. Себебі, шайтан бір-бірінен жүзін бұрған мұсылмандардың араз болып жүргенін қалайды. Ал ораза кезінде арада реніш болған адаммен шынайы түрде кешірім сұрасып, татуласқан жөн.

Араздасқанды жарастырып, қаймыққанның көңілін аулау.

Араздасқан екі адамның арасын жарастырып, татуласуына себепкер болу да – сауапты іс. Сонымен бірге, уайымы бар адамның жанынан табылып, сабырға шақыру да – теңдессіз жақсы амалдың бірі.

Садақаны көп жасау.

Садақаны мейлінше көп жасау, қолыңыздағы барды қиналған адамға, жетім-жесірге, ауыр науқастарға санамай беру және көңілін аулау. Садақаны қалтасы бай емес, көңілі, пейілі бай адам ғана бере алатынын ұмытпаңыз.

Жақын адамдарға зиярат жасау.

Ең жақын ағайын-туыс, дос-жаранның халін біліп, мүмкіндігіңізге қарай үйлеріне барып, арнайы зиярат жасаңыз. Көмек қажет болса жәрдемдесіңіз, шүйіркелесіп, жақсы нәрселерді әңгіме қылыңыз.

Діни жиындарға қатысыңыз.

Мешітте немесе басқа кез келген ортада өтетін қайырымдылық шараларына, уағыз-насихат, рухани кештерге қатысыңыз. Сондай-ақ, шақырған ауызашарлардан қалмаңыз және өзіңіз де ауызашар дастарқанын жайыңыз.

Бес уақыт намазды жамағатпен оқу.

Жамағатпен намаз оқудың жеке оқығаннан артықшылығы көп. Сондықтан, сауаптар 700 есеге дейін артатын қасиетті айда күнделікті парыз намаздарын жамағатпен орындауға тырысыңыз.

Қабірлерге зиярат жасаңыз.

Хадисте: «Сендердің ең ақылдыларың – өлімді жиі еске алатындар» — делінген. Сол себепті қабірлерге зиярат жасап, бір жағы бақилық болған жақындарыңыздың рухына дұға бағыштап, өзіңіз де қабір өмірін еске алыңыз.