Зекет бер: берекетін көр, ырысың молайсын | жұма уағызы

Өзара бауырмалдық пен жанашырлыққа, адамгершілік пен гуманизмге негізделген салауатты қоғам құруды мақсат ететін Ислам дінінде әр мұсылманға бес парыздың жүктелетіні белгілі. Парыз дегеніміз, бұлтартпас дәлелдермен әмір етілген діни іс-әрекеттер мен міндеттер. Парыз деп білінген істерді қандай да бір себеппен орындамау адамды жауапкершіліктен босатпайды. Осы себепті зекет туралы сөз қозғағанда, оның парыздығын жете түсіну маңызды. Дегенмен зекет беру кімдерге парыз деген мәселеге келсек, мұсылман болуы, нисап (85 гр. алтын) көлеміне жететін немесе одан да көп байлыққа ие болу, зекеті берілетін байлықтың өсімділігі, зекеті берілетін байлыққа бір жыл толуы, қарыз болмауы, зекеті берілетін байлыққа толық ие болу сынды талаптары барын көреміз.

Зекет беру парыз болғандықтан, Абай атамыз да өзінің өлеңінде «Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс, Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс…» деп келтіреді. Абай хәкімнің түсінуінше, жақсы мұсылман болу бес парызды бір-бірінен бөле-жармай тегіс ұстанумен байланысты.

Дәулетті мұсылмандардың жылына бір рет малының, дүние-мүлкінің, дәулетінің қырықтан бір бөлігін зекет ретінде беруінің астарында ұлкен мән жатыр. Тарқатып айтар болсақ, ол қоғамға қарасуға, қайырымдылық жасауға, жанашырлыққа жатады. Берілген зекеттер сол қоғамдағы мұқтаж жандарға, басқа да игілікті істерге жаратылатындықтан, бұл сол қоғамның қайырымды бола түсуіне жол ашады. Аристотельден кейін «екінші ұстаз» атанған, ұлы ғалым-энциклопедист, философ, астроном, математик және медик Әбу Насыр әл-Фараби өзінің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты еңбегінде қайырымды қала қалыптастыратын тұрғындарды беске бөледі: ең құрметті адамдар, шешендер, өлшеушілер, жауынгерлер және байлар. Ойшыл байлар қатарына қалада байлық табатындар, егіншілер, мал өсірушілер мен қол өнершілерді жатқызады. Ойшылдың қайырымды қала қалыптастыруда байларды атауы тегін емес.

Ислам діні адамды ақ, адал еңбегімен дәулетті болуға шақырады. «Әлсіз мұсылманға қарағанда Алла әлді мұсылманды анағұрлым көбірек жақсы көреді» деген хадистен де бұны байқауға болады. Өйткені мұсылманның түсінігінде  дәулетті болу көп жақсылық жасауға мүмкіндік береді. Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз да ﷺ дәулеттілердің арасында байлығын қайырымдылық жолда көп жұмсайтындардың аз екендігіне қынжылған. Мына бір оқиғадан осыны аңғарамыз.

Әйгілі сахаба Әбу Зәрр Пайғамбарымызбен бірге мынадай бір оқиғаға куә болғанын әңгімелеген: Бірде біз Пайғамбармен ﷺ бірге Мәдинаның тастақты тұсынан өтіп бара жатқанбыз, ол Ухудқа қарап тұрып: «Әй, Әбу Зәрр!» – деді. «Мұндамын, Алланың елшісі!» – дедім. Сонда ол: «Мына жағдайда ғана Ухуд тауының көлеміндей алтынның иесі болу мені қуантар еді, егер ертеңіне дейін оның тек қарыздарымды өтеуге қалатындай мөлшерін қалдырсам, ал қалғанын осылай, осылай таратсам», – деп мүбәрак қолдарын оңға, солға және артына сілтеп көрсетті. Біраз жол жүргеннен соң Пайғамбар ﷺ: «Расында, ақырет күні байлардың дүниесін осылай, осылай таратпағандарынан басқаларының бәрі кедей болып шығады», – деп тағы да қолдарын оңға, солға және артына сермеп көрсетті де: «Алайда ондайлар аз болады» – деді қамығып. Расулалланың түсіндіруі бойынша, байлығын оңды- солды садақа етіп тарата алатын жомарт мұсылмандар өкінішке қарай аз болады. Хадистерге қарасақ, дәулетін қайыр-садақадан аямайтын жомарт адамға қызығуға да болатындығын аңғарамыз. «Алла тағала маған да сондай байлық нәсіп етсе, қайыр, садақа, зекетімді беріп, осылай жұмсар едім» деп ниеттеніп, іштей сауап алуға болады. Құранда жомарттық пен қайырымдылық жасаудың маңызы туралы сөз етілгенде парыз етілген намаз сөзімен қатар жүретінін байқаймыз. Мәселен, «Бақара» сүресінің 3-аятында:

الَّذِينَ يُؤْمِنُونَ بِالْغَيْبِ وَيُقِيمُونَ الصَّلَاةَ وَمِمَّا رَزَقْنَاهُمْ يُنفِقُونَ

 «Олар ғайыпқа иман келтіріп, намазды толық орындап, өздеріне берген рызығымыздан жұмсайды» делінген.

Аяттағы «рызығымыздан жұмсайды» деген сөз – Алланың берген ризығын – Алланың разылығы үшін жұмсауды бұйырып тұрғанын аңғартады. Яғни Алланың берген рызығы арқылы Аллаға жақындау үшін мал-мүлік сарып ету керектігі білдірілген.

Кәріпке қайыр берсеңіз,
Ақыреттің дәулеті
Қараңғы емес, жарық-ты! (Дулат Бабатайұлы).

Ислам діні дәулетті болуға шақырғанмен, қайырымды бай болуға үндейді. Қайырсыз бай ретінде жер жұтып қойған Қарұн байдың сараңдығын ащы мысал ретінде алға тартады. Қарун атты бір бай кісі Мұса пайғамбардың (а.с.) уақытында өмір сүрген деседі. Дәулеті тасқаны сонша, байлығының есебін білмейтін ол өте сараң болатын. Бір күні Алла Тағала Мұсаға Қарунның малынан зекет алуды бұйырды. Зекетін есептеткенде, көзіне көп көрінген Қарун оны беруден үзілді-кесілді бас тартты. Бірақ Мұса пайғамбар да өз міндетін орындау үшін Қарунға зекет беруі керектігін айтып жүрді. Мұсадан (а.с.) біржола құтылғысы келген Қарун сұлу бір әйелді алтынмен азғырып, Мұса менімен зина етті деп жала жап дейді.

Бір күні Мұса (а.с.) халыққа уағыз айтып жатады:

– Егер адам ұрлық жасаса, қарақшылыққа барса, зина етсе, жазасын алуы тиіс…

– Уа, Мұса, осыны сен жасасаң да үкім өзгермей ме? – деп сұрайды елдің соңын ала отырған Қарун.

– Иә, – дейді пайғамбар, – бұл үкім бәрімізге ортақ.

– Ендеше, сені жазалау керек, куәгерім де жоқ емес, сен пәлен әйелмен зина жасапсың, – деп Қарун уәделі әйелді шақыртады. Бірақ жеме-жемге келгенде пайғамбарға жала жабуға әлгі әйелдің дәті шыдамайды. Шынын айтып, керісінше Қарунның қитұрқы ниетін ел алдында әшкерелеп береді. Бұған ашуланған Мұса пайғамбар (а.с.) Алла Тағаладан мұның ақыры не болатынын сұрайды. Алла Тағала Қарунды жазаласа да, кешірсе де Мұсаның өз еркіне бергенін айтады. Мұса (а.с.) қолындағы аса таяғын жерге ұрып қалғанда, Қарунды тізесіне дейін жер жұтып қояды. Тағы бір сілтегенде, Қарунды түгелдей жеп жұтып қойды.

Арада біраз уақыт өткенде ел арасында «Мұса Қарунның байлығын иемденгісі келіп көзін құртыпты» деген өсек пайда болады. Бұл сөз пайғамбардың құлағына жетісімен, Мұса (а.с.) Қаруннан қалған байлықтың бірін қалдырмай жер жұттырып жібереді.

Ақыретті ұмытып, дүниеқоңызданған, малының зекетін бермеген, онымен қоймай пайғамбарға жала жапқан қайырымсыз Қарун байдың өзі де, дүниесі де осылай жермен-жексен болып құрып кеткен екен.

«Батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін, бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін» деген қазақ халқы да қайырымдылықты жоғары бағалап, әсіресе дәулетті жандардың сараңдығын сынаған. «Қайырсыз адам – сараң, Құм ішінде шөлмен тең. Қайыры мол адам – Суаты шалқар көлмен тең», «Қайырсыз байдан қайнатқан су артық» деп мақалдарына қосқан. Қазақтың ақын-жыраулары да байлардың қоғамдағы жағдайы нашарларға көмек беруін, жанашырлық жасап, қарасуын өлеңдеріне арқау еткен.

Дулат Бабатайұлы:

«Қайырсыз байдан пайда жоқ.

Нашарға жәрдем бермесе.

Кем – кетікті көрмесе,

Көн болып қатса сіреуі,

Екіге сатса біреуі,

Несиенің өсімі,

Мөлшерлі жоқ кесімі,

Үзбей құйса, толмаса» дейді.

Ақын тағы бір өлеңінде:

Қайырымы жоқ, сорлы байлар  ай,

Тәңірі алдына барғанда

Табылар сонда мініңіз  деп, Жаратушының алдына барғанда байлар үшін қайыр жасамаудың үлкен мін болатынын білдірген.

«Зекет кімдерге беріледі?» десек, ол туралы Құранда аят бар. Алла Тағала Құран Кәрімде малының қырықта бірін зекет ретінде қайда жұмсалуы керектігін айтып өткен:

إِنَّمَا الصَّدَقَاتُ لِلْفُقَرَاءِ وَالْمَسَاكِينِ وَالْعَامِلِينَ عَلَيْهَا وَالْمُؤَلَّفَةِ قُلُوبُهُمْ وَفِي الرِّقَابِ وَالْغَارِمِينَ وَفِي سَبِيلِ اللَّهِ وَابْنِ السَّبِيلِ ۖ فَرِيضَةً مِّنَ اللَّهِ ۗ وَاللَّهُ عَلِيمٌ حَكِيمٌ 

 «Шын мәнінде садақалар (зекеттер) кедейлерге, міскіндерге, зекет жинаушыларға, жаңа мұсылмандарға, құлдарға, борыштыларға, Алла жолында жүргендерге, жолаушыға (беріледі)» (Тәубе, 60).

Демек олар сегіз түрлі болады: Кедей-кепшіктер. Міскіндер. Зекет жинауға көмектесушілер. Дінге жаңадан кірушілер. Өз бостандығы үшін жүрген құлдар. Қарызға батқандар. Алла жолында жүргендер. Пақыр жолаушылар.Зекет беру, Алла жолына қайыр садақа жұмсау, қоғамдағы мұқтаж жандарға қарасу адамның шынайы мұсылмандығын, жомарттығын әрі дүниеге тым құмартпағандығын білдіреді. Өйткені «Пенденің көзі жалғанда» демекші, дүние тіршілігіндегі үлкен сынақтың бірі – дүниеқұмарлық. Мұсылмандар әрдайым бұл дүниенің сынақ, сәл күндік алданыш екенін қаперде ұстайды. Бұл шындық Құран Кәрімде былай бейнеленген:

اعْلَمُوا أَنَّمَا الْحَيَاةُ الدُّنْيَا لَعِبٌ وَلَهْوٌ وَزِينَةٌ وَتَفَاخُرٌ بَيْنَكُمْ وَتَكَاثُرٌ فِي الْأَمْوَالِ وَالْأَوْلَادِ ۖ كَمَثَلِ غَيْثٍ أَعْجَبَ الْكُفَّارَ نَبَاتُهُ ثُمَّ يَهِيجُ فَتَرَاهُ مُصْفَرًّا ثُمَّ يَكُونُ حُطَامًا ۖ وَفِي الْآخِرَةِ عَذَابٌ شَدِيدٌ وَمَغْفِرَةٌ مِّنَ اللَّهِ وَرِضْوَانٌ ۚ وَمَا الْحَيَاةُ الدُّنْيَا إِلَّا مَتَاعُ الْغُرُورِ

«Біліп қойыңдар! Шын мәнінде, дүние тіршілігі бір ойын, ермек, сән ғана. Өзара мақтанысу, сондай-ақ мал-дүние мен балаларды көбейтудің жарысы. Бейне бір өсірген өсімдігімен егіншілерді таң қалдыратын жаңбыр сияқты. Сосын қурап, сап-сары болғанын көресің. Содан кейін үгінді болады. Дүние тіршілігі де сол сияқты. Ал ақыретте (кәпірлер үшін) қатты азап, (мүминдар үшін) Алладан жарылқау, ризалық бар. Негізінде, дүние тіршілігі алданыштан басқа ештеңе де емес» (Хадид сүресі, 20-аят).

Алланың елшісі ﷺ екі дүниенің парқын мынадай бір мысалмен түсіндірді:

مَا الدُّنْيَا فِي الآخِرَةِ إِلاَّ مِثْلَ مَا يَجْعَلُ أَحَدُكُمْ أُصْبُعَهُ فِي الْيَمِّ فَلْيَنْظُرْ بِمَ يَرْجِعُ؟

«Бұл дүние мен мәңгілік дүниенің айырмашылығын білу үшін, араларыңнан біреуің саусағын теңізге салсын да, одан не ілгеніне қарасын».(Муслим хадистер жинағы)

Бір күні Мейірім жаршысы Пайғамбарымыз ﷺ Әбу Һурайраға: «Әй, Әбу Һурайра, саған дүниені шын бет-бейнесімен көрсетейін бе?», – деп сұрады. – Иә, көрсетіңіз, – дегенде, Алла елшісі оны Мәдинаның қоқыстары төгілетін жерге ертіп барды. Онда жыртық киімдер, адамның түрлі ластықтары, тіпті адам сүйектері де шашылып жатыр еді. Соларды нұсқады да, «Сен көріп тұрған мына сүйектер де бір кезде сендер сияқты дүниені пайда қылумен шұғылданып жүрген еді. Міне, қазір еттерінен ажырап, саудырап сүйектері ғана қалды. Бірте-бірте әбден шіріп, топыраққа айналады. Ал мына нәжістер адамдар бұрын жеген жылы-жұмсақ тағамдар еді. Қайдан болса, әйтеуір тауып, ауызға тоғытушы еді. Қазір қарашы, жұрттың бәрі бұлардан аулақ қашады. Ал мынау тозығы жеткен маталар бір кездерде әдемі, әсем киімдер еді. Қазір ше? Жел олардың тоз-тозын шығарған. Мына сүйектер олар мініп алып, жер-жерді шарлап, шапқылап жүрген көліктері. Міне, дүниенің жағдайы мен ақыры осы. Енді дүние тірлігі үшін жылағысы келгендер жыласын».

Тағы бір жолы Расулаллаға ﷺ бір кісі келіп:

Сахл ибн Саъд ас-Саъди (р.а.) Расулалланың ﷺ былай деп айтқанын жеткізді:

وَعَنْ سَهْلِ بْنِ سَعْد السَّاعديِّ ، رضي اللَّه عنه ، قَالَ : قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلّى اللهُ عَلَيْهِ وسَلَّم : « لَوْ كَانَت الدُّنْيَا تَعْدِلُ عِنْدَ اللَّهِ جَنَاحَ بَعُوضَةٍ ، مَا سَقَى كَافراً مِنْهَا شَرْبَةَ مَاءٍ »

«Егер бұл дүниенің Алла тағала үшін масаның қанатындай маңызы болса, онда Ол имансызға бір жұтым су да татырмас еді!». (Тирмизи хадистер жинағы).

Қазақ халқы да өзінің танымында дүниеге жалған деп қарап, оның жалғандығын түрлі атаулармен айшықтаған. Атап айтқанда, алдамшы дүние, жалған дүние, ғапыл дүние, арман дүние, сағым дүние, бекер дүние, сарсаң дүние, өткінші дүние, опасыз дүние, белгісіз дүние, шолақ дүние, баянсыз дүние, сынап дүние, ит дүние, боқ дүние, елес дүние, бес күндік дүние, әуре дүние, ұшпа дүние, мұнар дүние, қонақ дүние, тар дүние, қу дүние, сұм дүние, т.б.

Қазақтың мызғымас дәстүрлері де әрдайым жығылғанды көтеріп, сүрінгенді демеуге, өзара жанашырлыққа негізделген. «Қазақ халқында сақталған игі дәстүрлердің бірі – жылу жинау. Ағайынның, ауылдастың немесе кез келген адамның басына күн туғанда оған жанашырлық танытып, қаржы, көмек жинап береді. Мысалы, су тасқыны, зілзала, өрт сияқты табиғи апаттарда, не бір адам ауыр науқастан емделуге қаржы таппағанда және тағы басқа да жалғыз өзі шеше алмайтын қиындықтарға тап болғанда қоғам болып бірге көтерісіп, жәрдем берген. Зардап шеккен отбасыларға қолдан келгенше көмек көрсетіп, мал жинап беріп, ыдыс – аяқ, киім – кешек, көрпе – төсек апарып, қол ұшын созған» («Дін мен Дәстүр»).

Мұсылманның түсінігінде бұл өмір ақыретке дайындық жасау үшін берілген. Адам ақыретке өзімен дүниесін ала бармайды, тек жақсылықты істердегі сауаптарын ғана өзімен ала барады.

Зекет беру үлкен сауапты іс болса, зекетін бермеу ақыретте азапқа себеп болады. Әбу Һурайра, Пайғамбарымыздың ﷺ былай деп айтқанын риуаят етеді:

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: »مَنْ آتَاهُ اللَّهُ مَالًا فَلَمْ يُؤَدِّ زَكَاتَهُ مُثِّلَ لَهُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ شُجَاعًا أَقْرَعَ لَهُ زَبِيبَتَانِ يُطَوِّقُهُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ ثُمَّ يَأْخُذُ بِلِهْزِمَتَيْهِ يَعْنِي شِدْقَيْهِ ثُمَّ يَقُولُ أَنَا مَالُك أَنَا كَنْزُك ثُمَّ تَلَا هَذِهِ الْآيَةَ: ﴿وَلَا يَحْسَبَنَّ الَّذِينَ يَبْخَلُونَ بِمَا آتَاهُمْ اللَّهُ مِنْ فَضْلِهِ هُوَ خَيْرًا لَهُمْ بَلْ هُوَ شَرٌّ لَهُمْ سَيُطَوَّقُونَ مَا بَخِلُوا بِهِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ﴾ «. رَوَاهُ البُخَارِيُّ

 «Зекетін бермеген адамның байлығы ақырет күні ірі жылан пішініне кіреді. Екі көзінің үстінде (қорқыныштылығының белгісі ретінде) қап-қара екі домалақ дағы бар. Осы жылан қиямет күнінде иесінің мойнына оралады. Сосын аузымен иесінің екі жағынан ұстап: «Мен сенің дүниедегі (қатты жақсы көрген) байлығыңмын, мен сенің (жинаған) қазынаңмын», – дейді. Сосын Пайғамбарымыз (с.а.у.) мына аятты оқыды:

«Алланың кеңшілігінен өздеріне берілген нәрселерін (басқаларға бермей) сараңдық істегендер бұл істерін өздеріне қайырлы деп ойламасын. Жоқ, тіпті (бұл істері) өздері үшін ең үлкен жамандық. Ақырет күні сараңдық жасаған дүниелері мойындарына оралады» («Әли Имран» сүресі, 180-аят) (Бұхари хадистер жинағы)».

Тағы бір аятта Алла Тағала сараңдарды ақыреттің күйзелтуші азабынан былай деп ескертеді:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِنَّ كَثِيرًا مِّنَ الْأَحْبَارِ وَالرُّهْبَانِ لَيَأْكُلُونَ أَمْوَالَ النَّاسِ بِالْبَاطِلِ وَيَصُدُّونَ عَن سَبِيلِ اللَّهِ ۗ وَالَّذِينَ يَكْنِزُونَ الذَّهَبَ وَالْفِضَّةَ وَلَا يُنفِقُونَهَا فِي سَبِيلِ اللَّهِ فَبَشِّرْهُم بِعَذَابٍ أَلِيمٍ (34يَوْمَ يُحْمَىٰ عَلَيْهَا فِي نَارِ جَهَنَّمَ فَتُكْوَىٰ بِهَا جِبَاهُهُمْ وَجُنُوبُهُمْ وَظُهُورُهُمْ ۖ هَٰذَا مَا كَنَزْتُمْ لِأَنفُسِكُمْ فَذُوقُوا مَا كُنتُمْ تَكْنِزُونَ

 «Алтын, күмісті жинап, оны Алланың жолында жұмсамағандарды күйзелтуші азаппен сүйіншіле. Жиналған алтын мен күміс тозақ отында қыздырылып, онымен маңдайлары, қабырғалары және арқалары таңбаланатын қиямет күні оларға: «Міне, мынау – өздерің үшін жиған дүниелерің. Ал енді қанеки, жинағандарыңның дәмін татыңдар!» («Тәубе» сүресі, 34-35-аяттар).

Әйгілі табиғиндік ғалым Хасан Басри осы аятты оқығаннан кейін былай деген: «Дүние күйбеңі сендерді алдаусыратпасын» дегенді кім айтып тұр? Сол дүниені Жаратушының өзі айтып отыр. Дүние тіршілігін оны жаратушыдан артық кім білмек? Сақтаныңдар, ей адамдар, дүние тіршілігінің алдамшылығынан сақтаныңдар! Дүниенің жас баладай алдандыратын ойындары өте көп. Біреуі бітсе, екіншісі басталады. Не деген әурешілік! Адал табысының есебін беретінін, арам жолмен табылған табыстар үшін азапталатынын біліп тұрып, осынау қым-қуыт тірлікті таңдайды. Ақырет қиындықтарын еш уайымдамайды. Есеп күнін де ойламайды. Әрбір ісін тек Алла разылығы үшін жасамайды. Дініне зиян келіп жатса, мән бермей қоя салады да, дүниелік пайдаларына зиян келсе, жылап-сықтай жөнеледі».

Бүгінде “Зекетімді қайда берсем болады?» деген ізгі мұсылмандар үшін елімізде зекет ғибадатын толыққанды әрі жүйелі орындауына жағдай жасалған. Айтпағымыз, ҚМДБ құрған Зекет Қоры туралы. Қор өз қызметін ашық жүргізіп, жыл сайын халыққа есеп беріп, ақпарат құралдарында жариялап келеді. Зекет қоры арқылы, жеке тұлғалар үшін де, қоғам үшін де, мемлекет үшін де бірталай мәселенің түйінін шешу мақсат етілген. Қор құрылымында арнайы ревизиялық комиссия мен қамқорлар кеңесі де жұмыс істейді. Оның құрамына халыққа беделді ірі тұлғалармен қатар, өздері де зекет пен садақаларын аударып отыратын кәсіпкерлер де кіріп, Қор қызметін қадағалап отырады. Қордан еліміздің түкпір-түкпіріндегі жағдайы нашар болып қиналып жүрген жетім-жесірлерге жүйелі түрде көмек көрсетіледі. Дін саласында  білікті мамандар даярлауға, арнайы білім ошақтарын ашуға, барлық мешіттерді сапалы, білімді имамдармен қамтамасыз етуге жол ашылады. Ислам дінін ел ішінде кең насихаттау тұрғысында сапалы діни ақпарат, оқу құралдары, кітаптар мен өзге де аудио-видео материалдар дайындауға, ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастырып, дәстүрлі дінімізді ұлықтай түсу үшін де зекеттің маңызы өте зор. Мемлекет қаржы бөлмейтіндіктен, дін саласында қаражатқа келіп тіреліп, шешімін таппай жатқан мәселелер жетерлік. Соның бірі имамдар жетіспеушілігі, оларға жалақы беру мәселесі. Зекет беруді өз деңгейінде жүйелі ұйымдастыру арқылы көптеген игі істерге қолдау білдіруге болады. Жағдайы төмен отбасылар, кедей-кепшіктер, науқастар, жетім-жесірлер де Зекет қорынан көмек ала алады.

Бүгінде халықтың имандылыққа бетбұрысы қарқынды. Ел ішінде Алла разылығын бәрінен жоғары қоя білетін тақуа, адал табысынан мұқтаждарға бөліп беріп, елдің ықыласына бөленіп жүрген азаматтар аз емес. Қазақ «Қол ашықтың жолы ашық» дейді. Қайырымды жандарды халық әрдайым ерекше сыйлап, қайырымды істерін өзгелерге үлгі етіп келген. Ендеше, дәстүрлі дініміздің бес парыздың бірі – зекетті өз талаптарына сай беру арқылы қоғамда ізгіліктің молаюына қызмет етейік, жетімдер мен жесірлерге көмек беріп, көңілі жабырқау жандарға қуаныш сыйлайық.

Шын мәнінде, садақа берумен дүниеміздің кеміп қалмайтындығын әрбіріміз білуге тиіспіз. Денің сау, басың аман кезде берген садақаң сені алда басыңа төніп тұрған түрлі пәлекеттер мен кесапаттардан, әртүрлі қауіп-қатерлерден, ауру-сырқаудан, жамандықтардан мал-жаныңды, дүние-мүлкіңді сақтандырады десек артық айтқандық емес. Бұл жөнінде Пайғамбарымыздың ﷺ хадисінде:

Алла елшісі ﷺ:

  حَصِّنُوا أَمْوَالَكُمْ بِالزَّكَاةِ ، وَدَاوَوْا مَرْضَاكُمْ بِالصَّدَقَةِ ، وَأَعِدُّوا لِلْبَلاءِ الدُّعَاءَ

  «Малдарыңды зекетпен қорғаңдар, ауру – сырқаттарыңды садақа беріп емдеңдер, бастарыңа келген бәлекеттер үшін Алла Тағалаға жалбарынып дұға етіп, көмек сұраңдар»(Табарани  хадистер жинағы).

Келген Рамазан айы құтты болсын! Алла зекеттеріңізді қабыл алып, берекесін еселеп берсін!