الله الرحمن الرحيم الملك القدوس السلام المؤمن المهيمن العزيز الجبار المتكبر الخالق البارئ المصور الغفار القهار الوهاب الرزاق الفتاح العليم القابض الباسط الخافض الرافع المعز المذل السميع البصير الحكم العدل اللطيف الخبير الحليم العظيم الغفور الشكور العلي الكبير الحفيظ المقيت الحسيب الجليل الكريم الرقيب المجيب الواسع الحكيم الودود المجيد الباعث الشهيد الحق الوكيل القوى المتين الولى الحميد المحصى المبدئ المعيد المحيى المميت الحي القيوم الواجد الماجد الواحد الصمد القادر المقتدر المقدم المؤخر الأول الأخر الظاهر الباطن الوالي المتعالي البر التواب المنتقم العفو الرؤوف مالك الملك ذو الجلال والإكرام المقسط الجامع الغني المغني المانع الضار النافع النور الهادي البديع الباقي الوارث الرشيد الصبور
+7 (7222) 52-19-11

ЖАСТАР ЖӘНЕ ИСЛАМИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР МӘСЕЛЕСІ (Екінші бөлім)

 

Бірінші бөлімге өту

Өткен мақаламызда жаһанданудың пайдасымен қатар қауіпі туралы да айтып өттік. Ғаламторда, теледидардан көргеніміздің барлығын ақыл сүзгісінен өткізбей қабылдай беруге болмасы анық. Ондағы пайдалы дүние мен «пайдасыз қоқыс» отандастарымыздың, әсіресе, жастардың рухани дамуына кері әсерін тигізеді, дүниетанымын өзгертеді. Нәтижеде тұлғалық бейнесі әлі қалыптаса қоймаған жасөспірім монитордың арғы жағында айласын асырып отырған арбаушының тұзағына түсіп қалады. Сөйтіп, баламыздың бірі өзіне қол жұмсап, суицид болып жатса, екіншісі өмірге қауіпті «көк кит» ойынын қызықтап отырады, үшіншісі «жиһадқа» (қасиетті соғысқа) кетудің жоспарымен әлек. Неге?

Өйткені баланы жалғыз қалдырдық. Ата-аналық тәрбие, балқылау жоқ. Ата-ана мектепке, ұстазға сенеді, ұстаз алдына келген балаға білімін беріп, тәрбиесін ата-анасына қалдырады. Ортада тәрбиеден мақұрым қалған – бала. «Қазақшылық» деп дәстүрді үйретпейміз, ал мұсылманшылықты үйрететін құлық жоқ немесе оны өзіміз де дұрыс білмейміз. Баланың алдына компьютер қойдық, жанында теледидар, ал қолына ұялы телефон ұстаттық, сымның арғы жағында шексіз әлем. Адам баласының тұлғалық сипаты жас кезінен бастап қалыптасатынын естен шығарып алғандаймыз.

Егер ата-ана өз міндеттерін орындамаса, онда бала қараусыз қалып, өзінше өсіп, көше тәрбиесімен кетеді. Даладағы қараусыз тәрбие, жастардың өмірге деген дүниекөзқарасын, мақсат-мүдделерін басқа арнаға бұрады. Мұндай жағдайда теледидар, ғаламтор, компьютерлік ойындар оның бас тәрбиешісіне айналып, құмардың жетегінде кетеді.

Мысалы, елімізде көше қаңғып жүрген жасөспірімдердің нақты санын дөп басып айту қиын. Дегенмен, қолымызда бар мәліметті келтірер болсақ, онда 2015 жылы «Қазақстандағы әлеуметтік жетімдіктің алдын алу» атты дәңгелек үстөл барысында ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасы мынаны жеткізді: «Өмір тәжірибесі көрсетіп отырғандай жылына 900 ата-ана ата-аналық құқығынан айырылады, екі мыңнан астам бала интернаттық мекемелерге түседі. Ішкі істер министрлігінің тізімінде тұрған 12 мыңнан астам нашар отбасында 18 мыңнан жоғары бала бар екен» (informburo.kz). Бұл жай ресми тіркеліп, біліп отырғанымыз. Ал ешбір жерге тіркелмей, білмей отырғанымыз қанша? Бұлар ертең ержетіп қоғамға қандай азамат болып кірмек? Олардан қандай ата-ана, өмірлік дос, маман шығады? Бұл басқа мәселе.

Жастарымыздың сан ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрін ұдайы жадында сақтап, оны құрмет тұтып қадірлеуі, өз туыстары мен отандастарына ілтипат көрсетуі үшін кезкелген қоғамда адамгершілік құндылықтар бірінші орында тұруға тиіс. Дәстүрлі ислам дінде ата-дәстүрімізбен ұштасып жатқан адамгершілік құндылықтар жетіп жатыр. Мұнда білімге, ақылға, жақсы ниетке, қоғамдық-әлеуметтік әділеттікке, сонымен қатар адамдардың құқығы мен құрметіне ерекше көңіл бөлген. Себебі жауапсыз адам жоқ, әрбір адам бір нәрсеге жауапты.

Ибн Омардан пайғамбардың ﷺ мына хадисі жеткен:

«Сендердің бәрің де бақташысыңдар, бәрің де өз отарларыңа жауаптысыңдар. Әмірші адамдарға бақташы, ол сол отарына жауапты, ер кісі өз отбасына бақташы, сол отарына жауапты, ал әйел күйеуінің үйіне және баласына бақташы әрі соларға жауапты, кісінің құлы (қызметкері) қожайынының малына бақташы әрі соған жауапты. Әлбетте, бәрің де  бақташысыңдар әрі бәрің де өз отарларыңа жауаптысыңдар».

Пайғамбардың мұнда бақташы деп отырғаны – жауапты адам, ал отар дегені – жауапты кісінің қарамағындағы қызметшілер, соның қарауындағы мал-мүлік. Демек, қоғамда жауапсыз адам жоқ, барлығы әйтеуір бір нәрсеге жауапты. Әке отбасы үшін, ана балалары мен үйі үшін, бастық қарамағындағы қызметшілері үшін, ал қызметші қолындағы мүлкі, құрал-сайманы үшін жауапты.

Ислам мәдениетінде адамның мінез-құлқының қалыптасуында тектіліктің орны жоққа шығарылмайды, бірақ,  адамға қоршаған ортасының тигізер ықпалы да айырықша. Дүниетанымы толық қалыптаса қоймаған жасөспірім үшін күндіз-түні бұқаралық ақпарат құралдарында беріліп жатқан идеологиялық, отансүйгіштік сияқты т.б. ақпараттар өте маңызды. Бұлармен қатар жастарымыз имандылық пен инабаттылық және дүниетанымды деректі филімдермен сусындалып отырылса, бұдан тек ұтатын сияқтымыз.

Дін мемлекеттен бөлек болғанымен, қоғамнан бөлек емес. Жаңадан құрылған Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мемлекеттің дін саласындағы саясатын іске асыратын мемлекеттік мекеме, басқаша айтқанда, мемлекеттің дінге қатысты мәселелері бойынша қоғаммен, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен, жеке азаматтармен жұмыс жасайтын уәкілі. Сондықтан да Дін істері министрлігі ҚМДБ-мен қоян қолтық түрлі ісшаралар атқаруда. Демек, дін қоғамнан бөлек емес.

Профессор К.Бұрханов «Қазақстанның қоғамдық өміріндегі исламның орны» атты мақаласында: «Қазақстан және Орталық Азия мемлекеттері – дәстүрлі исламның таралу аймағы. Бүгінгі Қазақстанда исламның даму мәселелері сұранысқа ие және тек теоретикалық дінтану жағынан ғана емес, сонымен бірге өмірлік, қолданбалы жағынан да қызығушылық тудырып отыр. Бүгінгі ислам – еліміздің дамуындағы негізгі факторларының бірі», – деп исламның қоғамдық өмірдегі маңызын атап көрсетеді.

Расында да дін исламдағы өнегелі негіздер және рухани құндылықтар жастарымызды инабаттылық пен имандылыққа, ұлтымызды және ел халқын ынтымақ пен бірлікке, бейбіт өмірге үндейтін негіздердің бірі.

Жалғасы бар...