الله الرحمن الرحيم الملك القدوس السلام المؤمن المهيمن العزيز الجبار المتكبر الخالق البارئ المصور الغفار القهار الوهاب الرزاق الفتاح العليم القابض الباسط الخافض الرافع المعز المذل السميع البصير الحكم العدل اللطيف الخبير الحليم العظيم الغفور الشكور العلي الكبير الحفيظ المقيت الحسيب الجليل الكريم الرقيب المجيب الواسع الحكيم الودود المجيد الباعث الشهيد الحق الوكيل القوى المتين الولى الحميد المحصى المبدئ المعيد المحيى المميت الحي القيوم الواجد الماجد الواحد الصمد القادر المقتدر المقدم المؤخر الأول الأخر الظاهر الباطن الوالي المتعالي البر التواب المنتقم العفو الرؤوف مالك الملك ذو الجلال والإكرام المقسط الجامع الغني المغني المانع الضار النافع النور الهادي البديع الباقي الوارث الرشيد الصبور
+7 (7222) 52-19-11

Зинаның зияны

____________

Ислам ­­­– соңғы иләһи хақ дін. Діннің негізгі мақсаты – адамды екі дүние бақытына қол жеткізу. Ислам діні адам баласының бақытты болуы үшін қажетті алғышарттар мен сауапты амалдардың орындалуын бұйырып, күнәға жетелейтін амалдардан тыйған. Тыйым салынған үлкен күнәнің бірі – зина. Зина – некесіз жасалған жыныстық қатынас. Шариғатымыздағы үлкен күнәлардың бірі. Бұл күнәнің өзге күнәлардан айырмашылығы, ол екі жақтың қатысуымен іске асады. Алла Тағала Қасиетті Құран Кәрімде:

وَلاَ تَقْرَبُواْ الزِّنَى إِنَّهُ كَانَ فَاحِشَةً وَسَاء سَبِيلاً

«Зинаға жоламаңдар! Өйткені, ол анық арсыздық және жаман жол» («Исра» сүресі, 32-аят). Аяттың мағынасына мән берсек, бұл жерде Алла Тағала «зина жасамаңдар» деп тұрған жоқ, «зинаға жақындамаңдар» деу арқылы арсыз үлкен күнәні жасау былай тұрсын, оған жақындамауды, тіпті оған апаратын кез келген әрекеттен бойды аулақ ұстауды бұйырып тұр.

Яғни Алла Тағала өзге күнәларды, мысалы: «өлтірме», «серік қоспа» деп тікелей айтқан болса, зинаға байланысты оған жоламауды анық айтқан. Көпше түрде келу себебі, ол екі не одан да көбірек адамдар арқылы іске асуы мүмкін. Зинаға жолама деуінің бір себебі, жолаған жағдайда адам баласы өзінің нәпсісіне еріп, оны жасап қоятыны біліп айтылған. Өкінішке орай, қазіргі таңда жастарымыз дәл осы жағдайға тап болып жатқандай. Мектеп жасындағы қыздардың жүктілігі, жасырын түсік жасату, нәрестені дүниеге әкеп, оны бірден далаға (қоқыс жәшігіне және т.б.) тастап кету, бойжеткендердің өз-өздеріне қол жұмсауы, жетімдер үйіне сәбилерін тастап кетулері елімізде «зина» күнәсінің кеңінен етек алғанына бірден бір дәлел.

Осыншама күнәнің көбеюіне не себеп?!

— Шариғи білімнің таяздығы немесе мүлдем жоқтығы.

— Ата-ана тәрбиесінің әлсіздігі.

— Кейбір мектептерде жүктілік не жыныстық аурулардан сақтану жолдарын үйретуі.

— Адамның ағзасын (шәһуатын) қоздырып, өзіне тосқауыл қоя алмайтын жағдайға жеткізетін дәрілердің жастарға сатылуы.

— Зинаны қалай жасауды үйрететін сериалдар мен фильмдер.

— Интернет желісіне жастардың еркін енуі және өзге де факторлардың әсері.

«Зина» күнәсінің зияндары қандай?

— Ол адамдардың тектілігін бұзады. Ғалымдардың зеттеуі бойынша адам жыныстық қарым-қатынасқа түскен жағдайда, екінші адамның денесінен болған әсерді есінде сақтап қалады. Кейін басқа адаммен жыныстық қатынасқа барған кезінде салыстыру пайда болады. Ал егер ер адамның ұрығы әйел адамның жатырына жеткен жағдайда, сол жерде жабысып, екі не үш етеккір мерзімі өтпейінше әйел жатырынан толық тазаланбай қалады. Демек осы арада әйел адамы басқа еркекпен жыныстық қатынас жасап, жүкті болса, бірінші еркектің гені мен екіншісінің гені араласып туылған баланың тегі бұзылады. Зерттеулерге сүйенсек, пони жылқысын жабайы зебрамен шатастырғанда еш нәтиже таппайды, алайда пониді понимен шатастырғаннан кейінгі туылған құлынның денесінің кей жерінде зебраның жолақтары пайда болғанын көріп, ғалымдар осындай тұжырымға келген.

— Отбасылардың шаңырағы шайқалып, ажырасып, балалар жетім, әйелдер жесір болып жатыр.

— Жасанды түсік жасату белең алады. Яғни шарананы жарық дүниеге келтірмей өлтіру десек қателеспейміз.

— Қызтекелердің (көгілдір) көбеюіне себеп болады.

— Қоғам бұзылып, азғындалған соң, Алланың азабына ұшырайтын болады.

— Жыныстық ауруларға шалдығу. Олардың емделуге келетіні әрі келмейтіні де бар. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтып кеткен: «Жаман әйелдер көбейіп, қоғамда зина етек алса, халық бұрын-соңды көрмеген жұқпалы ауруларға ұшырайды» (Байһақи риуаяты).

— Хадисте «Аллаға Тағаланың қиямет күні зинақорларды шыны ыдыста астарынан от қойып қайнататындығы» келген. Шариғатта зина жасаушыларды осы дүниеде жазалау керектігін айтады. Егер зинақор некедегі адам болса, онда оған өлім жазасы кесіледі, яғни «ражм» (тас боран) – халықты жинап, зинақорды таспен ұрып өлтіру. Ал егер некесіз бойдақ болса –  дүре соғып, одан тірі қалса, өзге өлкеге көшіп кеткені абзал деген. Осы жайында Құранда бойдақтардың жасаған зинасының бұл дүниелік жазасы ретінде дүре соғылу керектігі ашық түрде айтылған. Олай болса, зинаның жазасы ауыр болмақ. Әрине, мұндай жазаның Ислам мемлекетінде ғана жүзеге асатынын ұмытпайық.

الزَّانِيَةُ وَالزَّانِي فَاجْلِدُوا كُلَّ وَاحِدٍ مِّنْهُمَا مِائَةَ جَلْدَةٍ ۖ وَلَا تَأْخُذْكُم بِهِمَا رَأْفَةٌ فِي دِينِ اللَّهِ إِن كُنتُمْ تُؤْمِنُونَ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ ۖ وَلْيَشْهَدْ عَذَابَهُمَا طَائِفَةٌ مِّنَ الْمُؤْمِنِينَ

«Зинақор әйелге де, зина жасаған еркекке де жүз дүре соғыңдар. Егер сендер Аллаға, қиямет күніне сенетіндерің рас болса, зинақорларға аяушылық жасамаңдар. Оларды жазалағанда мүміндерден бір топ куә қастарыңда болсын» («Нұр» сүресі, 2-аят).

Зинаның түрлері:

— Әйел мен әйел зинасы. Әйел мен әйел зинасы қазіргі таңда «Лесбиянство» атымен танымал. Ол әйел адам басқа әйелге ер адам жасайтын жыныстық қатынас әрекетін жасауы. Шариғат бойынша бұл іс те харам. Сондықтан ауыр күнә қатарына жатады.

— Еркек пен еркектің жыныстық қатынасқа баруы – Лұт (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың  қауымы жасаған сұрқия қылық. Алла Тағала айтады:

«Лұт (ғ.с.) сол уақытта еліне: «Сендерден бұрын әлемнен ешкімнің істемеген арсыздығын істейсіңдер ме?», — деді. «Сендер әйелдерді қойып, еркектерге қызығып келесіңдер ме? Әрине, сендер шектен шыққан елсіңдер». «Лұтқа (ғ.с.) хикмет, ғылым бердік. Жаман істер істейтін кенттен құтқардық. Рас, олар жаман бұзық ел еді». «Дұрысында оларға тас жаудырған боран жібердік. Бірақ Лұттың (ғ.с.) отбасын таңменен құтқардық».

Бұл аяттарда Лұт пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) қауымына түсірілген жаза жайында айтылған. Осылайша Алла Тағала шариғатқа қайшы жыныстық қатынастың жазасы қатты болатынын ескертуде.

Расулулла (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтады:

«Үмметім үшін ең қауіптенетін нәрсе – Лұт (оған Алланың сәлемі болсын) қауымының ісі», – деген.

  • Адамның жануарлармен зинасы.

Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) айтады:

«Расулулла (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деді: «Хайуанмен жыныстық қатынасқа түскендер Алла Тағаланың қарғысына ұшырады! Лұттың (оған Алланың сәлемі болсын) қауымы істеген істі істегендер Алла Тағаланың қарғысына ұшырады!».

Бұл да аса үлкен күнәлардан. Алла Тағаланың  жаратып берген жұбайлардан бас тартып, басқа жаратылысқа бару – Алла Тағалаға қарсы шығу. Алла Тағала «Лұт» қауымын «мусрифун» деп атаған. Олардың ысырап еткен нәрселері – ол әйелдері еді.

  • Адамның өзін-өзі қанағаттандыруы.

Әдетте бұны қоғамда «мастурбация» деп атайды. Бұл ерге де, әйелге де ортақ. Өзін қанағаттандыру дегеніміз – ұрықты жыныстық қатынас жолынан басқа жолмен шығару. Мұны кейде «жасырын әдет» деп те атайды. Себебі белгілі, көбіне-көп бұл іс сырт көзден таса, жасырын, жалғыз қалғанда, жыныстық мүшені үйкеліске түсіру арқылы жасалады. Исламдағы ғұламалар мұны харамға жатқызған.

Зинаның ақыреттік азабы

Шариғатта зина жасаған кісі Құран тілімен айтқанда «зинақор» деп аталады. Енді зина етушінің ақыреттік жағдайы да жақсы болмайтынын ұмытпауымыз керек. Алланың харам еткен амалын жасаған пенде оның жазасын алары сөзсіз. Сондықтан Ислам діні бізге некелесіп, Алланың құзырында адал некемен отбасы құруымызды бұйыруда.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) зинаның бұ дүниелік және о дүниелік зардабы жайында былай деп ескерткен: «Ей, адамдар! Зинадан сақтаныңдар. Өйткені зинаның алты үлкен зияны бар. Оның үшеуі осы өмірде, үшеуі ақыретте. Осы дүниедегі көретіні: жүздің ажары мен нұрын кетіреді, кедейлікке ұшыратады, өмірін қысқартады. Ақыретте көретіні: Алланың ашуына себеп болады, сұрағы қатты болады, тозақ азабына тартылады» (Тәнуирул-әзхан мин тәфсири рухул-баян). Сол секілді зинақордың ақыреттегі азабы тозақ оты екендігі мына бір хадисте де айтылады: «Зина етушінің жүзі тозақта жанатын болады» (Табарани).

Қорыта айтқанда, зина жасау – арсыз да күнәлі іс. Алла жүректерімізге иман байлығын берсін. Мұндай арсыз істен бойымызды аулақ ұстайық, ағайын. Алла Тағала біздерге бөгде әйелге назар салуға болмайтынын былай ескертуде: «Ей, Мұхаммед! Мүміндерге айт, бөгде әйелдерге сұқтанып қарамасын, көз сүзбесін, ұятты жерлерін ашпасын. Олардың осылай еткені жақсы. Шынында Алла олардың бар қылықтарын байқап тұрады. Мүмін әйелдерге айт, жат еркекке көз сүзбесін, ұятты жерлерін жапсын...» («Нұр» сүресі, 30-31 аят). Зина жасау ‒ мүміннің рухани жан дүниесін құрдымға жетелейтін арсыз іс. Адам зина жасаған сәтінде мүмін ретінде зина етпейді және шынайы мұсылман мұндай әрекетке бармайтыны жайында хадистерде былай дейді: «Зина жасаған кісі зина жасаған кезде мүмін ретінде зина етпейді» (имам «Бұхари»). «Бір құл зина еткен кезде иманы одан шығып, бұлт секілді басының үстінде тұрады. Зина жасап болған соң, иманы қайта өзіне қайтады» (Әбу Дәуіт, Тирмизи).

Демек, қадірлі мұсылмандар, зина секілді күнәсі ауыр, жиіркенішті қылмысты жасаған пенде шынайы мұсылман ретінде жасамайды екен. Алла сақтасын, зина жасап жатқан сәтінде ажалы келсе, ақыреті не болмақ?!

Алматы облысы, Алматы өңірінің өкіл имамы Наржанов Қуаныш Бақытбекұлы