الله الرحمن الرحيم الملك القدوس السلام المؤمن المهيمن العزيز الجبار المتكبر الخالق البارئ المصور الغفار القهار الوهاب الرزاق الفتاح العليم القابض الباسط الخافض الرافع المعز المذل السميع البصير الحكم العدل اللطيف الخبير الحليم العظيم الغفور الشكور العلي الكبير الحفيظ المقيت الحسيب الجليل الكريم الرقيب المجيب الواسع الحكيم الودود المجيد الباعث الشهيد الحق الوكيل القوى المتين الولى الحميد المحصى المبدئ المعيد المحيى المميت الحي القيوم الواجد الماجد الواحد الصمد القادر المقتدر المقدم المؤخر الأول الأخر الظاهر الباطن الوالي المتعالي البر التواب المنتقم العفو الرؤوف مالك الملك ذو الجلال والإكرام المقسط الجامع الغني المغني المانع الضار النافع النور الهادي البديع الباقي الوارث الرشيد الصبور
+7 (7222) 52-19-11

«Ықылас» сүресі

«Ықылас» сүресі

«Ықылас» – меккелік сүре. Ықылас сүресі затында және сипатында Бір Алла Тағаланың сипаттары жайлы әңгімелейді. Алла Тағаланың сипаттары кемел. Ешбір нәрсеге тәуелді, мұқтаж емес. Кемшіліктен пәк. Насара діндегілер құдайды үшеу дегені және мүшріктер құдайдың ұрпағы мен балалары бар деп айтқан сияқты сипаттары ешбір жанның сипатына ұқсас та, шамалас та емес.

Сүренің түсу себебі:

Бір топ мүшріктер Алла елшісіне ® келіп: «Уа, Мұхаммед! Бізге Раббыңды сипаттап (суреттеп) бер, Ол алтыннан ба, күмістен бе, меруерттен бе әлде жақұтан ба?» – дейді. Сонда осы сүре уахи етілген.

بسم الله الرحمن الرحيم

قُلْ هُوَ اللَّهُ أَحَدٌ

1.    (Мұхаммед) Айт: Ол, Алла Ахад (Жалғыз).

Тәпсірі: «Әй, Мұхаммед! Мазақ еткен мүшріктерге: мен құлшылық ететін және сендерді де Оған құлшылық етуге шақырып жүрген Раббым Жалғыз және Дара. Оның серігі жоқ, затында, сипатында және ісінде ұқсасы мен шамаласы да жоқ. Ұлық Алла затында жалғыз және сипатында дара. Насаралар сеніміндегідей үшеу: әке, бала және киелі рух емес. Сондай-ақ, мүшріктер сеніміндегідей құдай көп емес. Тасһилде: «Біліңіз, Алла Тағаланы жалғыз деп сипаттаудың үш мағынасы бар. Оның барлығы да Алла Тағала хақында дұрыс:

Бірінші: Ол Өзімен бірге жұптасы жоқ бір. Бұл сан тұрғысынан пәктеу.

Екіншісі: Ол Жалғыз, теңі мен серігі жоқ. Мәселен, пәленше заманының жалғызы дегендей. Яғни, оған тең келер ешкім жоқ деген мағынада.

Үшіншісі: Бөлінбейді және бөлшектенбейтін Жалғыз.

Сүреде мүшріктерге жауап ретінде Алла Тағаланың серігі жоқ екендігі айтылуда. Алла Тағала уахданият[1] жайлы Құран Кәрімде көп айқын дәлелдер келтірген. Мұндай дәлелдер өте көп. Олардың ең айқыны төртеу: біріншісі: «Жаратушы біреу, жарата алмайтын біреумен тең бе?..[2]» «Егер жер мен көкте Алладан басқа да тәңірлер болса еді, әлбетте екеуі де бұзылып кетер еді...[3]» «(Мұхаммед ® Егер Алламен бірге олардың айтқандарындай тәңірлер болса, онда әрине ғарышының Иесіне бір жол іздер еді[4]», «Алла еш бала иемденбеді. Онымен бірге тәңір де жоқ. Ондай болғанда, әрине әр тәңір өз жаратқанын алып кетер еді де бір-біріне үстемдік етер еді...»[5].

اللَّهُ الصَّمَدُ

2.    Алла – Самад (мұқтажсыз, ал барлық жаратылыс Оған мұқтаж)

Жаратылыс үнемі Оған мұқтаж. Ал, Ол ешбір нәрсеге мұқтаж емес. әл-Әлуси:«Самад (Мұңсыз) – өзінен жоғары ешкім жоқ мырза. Жұрт оған сүйенеді. Адамдар өз істерінде және мұқтаждығында Оған сүйенеді», – деп ашықтайды.

لَمْ يَلِدْ وَلَمْ يُولَدْ

3.    Ол тумады да туылмады.          

Оның ұл және қыз перзенті жоқ. Өйткені, Оның сипаттары шексіз кемел және мінсіз һәм кемшіліксіз. Тәпсіршілер: «Бұл аят Алла Тағаланың баласы бар дегендерге жауап. Яһудилер өз сөздерінде: «...Ұзайыр Алланың ұлы...[6]» десе, насаралар: «...Иса Алланың ұлы...[7]» деген. Және араб мүшріктері «Тағы олар, Аллаға қыздарды ұйғарды (періштелерді Алланың қыздары дейді)» деген. Мұның барлығына жауап. Бала әкесінің қанынан туады. Алла Тағала әзәли мәңгі. Оған ұқсайтын еш нәрсе жоқ. Оның баласы болуы мүмкін емес. Және бала тек жұбайы барда ғана болады. Бұл жайлы Құранда: «Көктер мен жерді жоқтан бар етуші. Оның баласы қалайша болады? Оның бір жұбайы жоқ...[8]», – деп айтылған.

Және Өзі де әке-шешеден тумаған. Өйткені әрбір туылған тіршілік жоқтан пайда болады. Ал, Алла Тағала бастауы жоқ мәңгі құдірет. Бұл жан-жақты ешбір жағынан серігі жоқ екеніне дәлел.

وَلَمْ يَكُنْ لَهُ كُفُوًا أَحَدٌ

4.    Әрі Оған ешкім тең емес.           

Алла Тағаланың ешбір тұсынан ұқсасы, теңі немесе қатары жоқ. Жаратқан заттарының ешқайсысы Оған ұқсамайды. Затында да, сипатында да және ісінде де. Құдси хадисте: «Алла Тағала: Адам баласы Мені өтірікке шығарады. Оның бұлай етуге ақысы жоқ еді. Маған тіл тигізеді. Оның бұлай етуге ақысы жоқ еді. Мені өтірікке шығаруы: мені жаратқаны сияқты, қайта жарата алмайды, – деп айтуы. Оны алғаш жаратуым, қайта бар етуден қиын емес. Ал, Маған тіл тигізуі: Алланың баласы бар, – деп айтуы. Мен Жалғыз Мұңсызбын. Мен тумаған және туылмаған және Оған ешкім тең емес Алламын, – дейді», – делінген.

Бұл сүре төрт аяттан құралған. Сүре өте қысқа бірақ ерекше ғажап. Алла Тағаланың сипаттарын қамтиды. Сонымен бірге, кемшілік және нұқсан сипаттардан Жаратушыны пәктеуде. Бірінші аят Алланың бірлігін, екінші аят кемелдігін дәлелдеп, үшінші аят кемшілігін жоққа шығаруда, ал төртінші Жаратқанның ұлылығын айта отырып, ұқсас пен теңі жоқтығын баян етуде.

Хадис: «Кімде-кім «қул һуа Аллаһу Ахадты» оқыса, Құранның үштен бірін оқығандай болады[9]» деген. Ғалымдар: «Құранның ілімі: таухид, үкімдер және қиссалардан тұрады», – деген. Бұл сүре таухидты баяндағандықтан тақырыптық тұрғыдан ескерсе Құранның үштен бірі болып табылады. «Ықылас» сүресін сол ниетпен оқыған адамға да Құранның үштен бір сауабы тиеді.

ҚМДБ наиб мүфтиі,

«Әзірет Сұлтан» мешітінің

Бас имамы Серікбай ОРАЗ

[1]    Алла Тағала заты мен сипатында һәм ісінде жалғыз. Ешбір серігі мен теңдесі жоқ

 [2]    Нахыл сүресі, 17-аят

 [3]    Әнбия сүресі, 22-аят

 [4]    Бәну Исраил, 42-аят

[5]    Мүминун сүресі, 91-аят

 [6]    Тәубе сүресі, 30-аят

 [7]    Тәубе сүресі, 30-аят

 [8]    Әнғам сүресі, 101-аят

 [9]    Ахмед, Нәсаи

«Фәләқ» сүресі

«Фәләқ» – меккелік сүре. Бұл сүре пенделерге Рахман Алланың қорғауына ғана паналауды үйретуде. Адам баласы Жаратушының ұлылығы мен патшалығынан пана іздейді. Алла Тағаланың жаратқан мақлұқаттарының зиянкестігінен, қараңғы түскен түннің жамандығынан. Түнде жамандық пен бұзықтық жайылатындықтан қараңғыда адам бойын үрей билейді. Және әрбір көреалмаушы мен сиқыршының жамандығынан тек құдірет Иесі Алладан пана сұрауды үйретеді. «Фәләқ» – пайғамбарымыз ® дем салған екі муғаууиз[1] сүренің бірі.

بسم الله الرحمن الرحيم

قُلْ أَعُوذُ بِرَبِّ الْفَلَقِ

1.    (Ей, Мұхаммед) Айт: «Таңның иесінен қорғау тілеймін».

Тәпсіршілер: «Пана сұрап, дұға етуде таң уақытын арнайы айтуының себебі, қап-қараңғы түннен кейін таң нұры жарып шығуы қиындықтан кейінгі қуанышты суреттейді. Сондай-ақ, адам таңның атуын асыға күткені сияқты қорқудағы адам да құтылуды тағатсыз күтеді», – дейді.

مِنْ شَرِّ مَا خَلَقَ

2.    Жаратқан нәрселерінің жамандығынан.

Барлық мақлұқаттың: адам, жын, жануарлар және жәндіктер жамандығынан. Өзің жаратқан әрбір зиянкестен қорға.

وَمِنْ شَرِّ غَاسِقٍ إِذَا وَقَبَ

3.    Қараңғылық басқан сәтте түннің жамандығынан.

Түн келіп, қараңғы түскен сәттегі жамандықтан қорға. Түннің қараңғылығында адам және жынның жамандары жер бетіне тарала бастайды. Сондықтан да арабта «Түн жамандықты жасырады» деген мәтел бар. Рази: «Адам түннің жамандығынан пана сұрауға әмір етілуі түнде жыртқыш апанынан, жәндік ұясынан шығады, ұры-қары үйге түседі, өрт те түнде болады және түнде көмекке келуші де аз мезгіл», – деген.

وَمِنْ شَرِّ النَّفَّاثَاتِ فِي الْعُقَدِ

4.    Және түйіндерге үрлеушілердің (дем салушы) жамандығынан.

Жіпке түйін салып, дұға оқитын сиқыршылардың жамандығынан сақта. Сиқыршылар бұл әрекетімен жұртқа зиян жасап, күйеуі мен әйелін ажыратады.

әл-Бахр: «Пана сұрау «мұғаууизатайн» екі сүренің түсуіне Ләбид ибн Асам атты сиқыршы қиссасы себеп болды. Сиқыршы Алла елшісінің ® тарағына дуа жасайды. Тараққа он бір түйін түйіп, оны инемен түйреп қояды. Сонда осы екі сүре уахи етілді. Пайғамбарымыз ® бұл сүрелердің әрбір аятын оқыған сайын бір түйін шешіліп, бойын жеңіл сезіне бастайды. Ең соңғы түйін шешілгенде, бұғаудан босаған сияқты бойы сергіп қалған екен», – дейді.

 

وَمِنْ شَرِّ حَاسِدٍ إِذَا حَسَدَ

5.    Және күншілдердің көре алмаған кездегі жамандығынан (пана іздеймін)», – де.        

Кісіден жақсылықтың кеткенін қалайтын көре алмаушының жамандығынан сақта. Ол Алланың берген нығметіне разылық танытпайды іші тар бейбақ.

ҚМДБ наиб мүфтиі,

«Әзірет Сұлтан» мешітінің

Бас имамы Серікбай ОРАЗ

[1]    Муғаууиз-Нәс және Фалақ сүрелері. Мұғаууиз — Алла Тағаладан пана сұрау дегенді білдіреді.

«Нас» сүресі

«Нас» сүресі – меккелік. Бұл екі муғаууиз[1] сүренің екіншісі. Аталмыш сүреде қас дұшпан Ібіліс және оның адам мен жыннан болған көмекшілерінің жамандығынан әлем Рабысынан пана сұрау әңгімеленген. Шайтан және көмекшілері адам баласын түрлі азғыру жолдарымен арбауда.

Құран Кәрім екі муғаууиз сүремен тәмамдалып, Фатиха сүресімен басталған. Бұл тәсіл – жақсылықпен бастау және жақсылықпен аяқтау қосындысы. Көркемдік пен жақсылықтың ең шыңы. Өйткені, пенде Алла Тағаладан істің басынан аяғына дейін жәрдем сұрап, пана тілейтіні белгілі.

بسم الله الرحمن الرحيم

قُلْ أَعُوذُ بِرَبِّ النَّاسِ

1.    «(Ей, Мұхаммед) Айт: «Адамдардың Раббысынан қорғауын тілеймін.

Адамдарды Жаратушы, оларды тәрбиелеуші, жоқтан бар етуші және түрлі нығметтерге бөлеуші Алладан пана сұраймын. Тәпсіршілер: «Алла Тағала барлық тіршілікті Жаратушы, бірақ мұнда адамды ерекшелеп айтуы адамзаттың басқа мақлұқаттардан қадірлі әрі мәртебелі екенін аңғартады. Өйткені, Алла Тағала адамға жаратылысты бағындырып, ақыл және біліммен күшейткен. Періштелерге адамға сәжде жасауды әмір етуінің сыры да осында жатыр.

مَلِكِ النَّاسِ

2.    Адамдардың иесінен (Шын билеушісінен).

Алла Тағала барлық жаратылыстың жалпы, толық әрі кемел Иесі. Оларға төрелік етеді, амалдарын реттейді, қадірлі етеді, қор етеді, бай етеді, кедей етеді, – дейді.

إِلَهِ النَّاسِ

3.    Адамдардың Тәңірінен.

Құртуби: «Алла Тағала: «Адамдардың Иесіне. Адамдардың Тәңіріне» деп айтуы адамдар арасында да патшалар бар, алайда шынайы патшалық Оған тән. Адамдар арасында да Алладан басқаға құлшылық ететіні бар, алайда шынайы Тәңір және құлшылық етілетін тек Алла екенін естеріне салуда. Және пана сұрау мен сиынуға патшалар мен ұлықтар емес Алла Тағала ғана лайықты», – дейді. Сүренің тәртібінде асқан шеберлік байқалады. Өйткені, тәрбиелеудің түрлерін көрген соң адам әуелі Раббысын тани түседі. Сол себепті әуелгі аят — «Адамдардың Раббына». Тағы ой жүгіртсе, адамдардың іс-әрекетін реттеуші Раббы жаратылғандарға мұқтаж емес. Демек, Ол Алла — «Адамдар иесі». Және пікірлей түссе, Ол құлшылыққа лайықты құдірет екенін түсінеді. Өйткені, еш нәрсеге мұқтаж емес һәм барлық тіршілік Оған мұқтаж зат «Адамдардың Тәңіріне» ғана құлшылық етуге лайықты. Бұл үш аятта жай ғана «олардың» деп есімдікті қолданбай «адамдардың» сөзін қайталауының сыры адам баласының қадірі мен мәртебесін аңғартады. Олардың жағдайына аса мән беретіндігін көрсетеді.

Ибн Касир: «Бұл үш сипат: «Рубубиет, Иелік, Иләһиет» тек Алла Тағалаға тән. Алла Тағала барлық тіршілік һәм мақлұқат атаулының Раббысы, Иесі және Тәңірі. Барлық тіршілік иелері Оның жаратылысы және мүлкі. Сондықтан пана сұраушы осы үш сипаты бар тәңірге сиыну тиіс», – дейді.

مِنْ شَرِّ الْوَسْوَاسِ الْخَنَّاسِ

4.    (Алла Тағаланы еске алған кезде) сыбырлап азғырушының кесірінен.

Көңілге жаман ой салатын шайтанның жамандығынан және күнә іске азғыратын адамның жамандығынан сақта. «Ханнас» пенде Раббысына жалбарынса жасырынып, шегіншектейтін шайтан. Ал, пенде Алланы ұмыта бастаса шайтан қайта азғыра бастайды.

الَّذِي يُوَسْوِسُ فِي صُدُورِ النَّاسِ

5.    (Ол) адамдардың көкейлеріне уәсуәса салатын.

Жамандығының қаттылығынан адам баласының жүрегіне түрлі азғырулар мен ойларды салады. Құртуби: «Азғыру – жүрекке естілмесе де ұғымы жететін жасырын сөз», – дейді.

مِنَ الْجِنَّةِ وَالنَّاسِ

6.    Жын мен адамдардан (болған бүкіл азғырушылардың кесірінен Аллаға сиынамын», – де.

Бұл аятта адам және жын атаулының шайтанынан қоса пана сұрау қажеттілігі баяндалуда. Адамның шайтандары жын шайтандарынан әлдеқайда қауіпті екені белгілі. Өйткені, жынның шайтаны тек сыбырлайды. Ал, адамның шайтаны арсыздық пен тыйым амалдарды әдемі етіп көрсетеді. Мұндай азғырулардан тек Алла сақтаған адам ғана қорғана алатыны ақиқат.

Айша (р.а.) анамыз риуаят етеді: «Алла елшісі ® төсегіне жатарда, екі алақанын қосып «қул һуа Алланы» және екі тағаууз сүрелерін оқып, денесін қолы жеткен жеріне дейін сипалайтын. Ол басынан және жүзінен бастайтын. Бұл әрекетін үш рет қайталайтын»[2].

ҚМДБ наиб мүфтиі,

«Әзірет Сұлтан» мешітінің

Бас имамы Серікбай ОРАЗ

[1]    Муғаууиз-Нәс және Фалақ сүрелері. Мұғаууиз — Алла Тағаладан пана сұрау дегенді білдіреді.

 2]    Барлық сүнән кітаптарында бар