الله الرحمن الرحيم الملك القدوس السلام المؤمن المهيمن العزيز الجبار المتكبر الخالق البارئ المصور الغفار القهار الوهاب الرزاق الفتاح العليم القابض الباسط الخافض الرافع المعز المذل السميع البصير الحكم العدل اللطيف الخبير الحليم العظيم الغفور الشكور العلي الكبير الحفيظ المقيت الحسيب الجليل الكريم الرقيب المجيب الواسع الحكيم الودود المجيد الباعث الشهيد الحق الوكيل القوى المتين الولى الحميد المحصى المبدئ المعيد المحيى المميت الحي القيوم الواجد الماجد الواحد الصمد القادر المقتدر المقدم المؤخر الأول الأخر الظاهر الباطن الوالي المتعالي البر التواب المنتقم العفو الرؤوف مالك الملك ذو الجلال والإكرام المقسط الجامع الغني المغني المانع الضار النافع النور الهادي البديع الباقي الوارث الرشيد الصبور
+7 (7222) 52-19-11

МҰСЫЛМАН ӘДЕБІ: САДАҚА БЕРУ

image 1

Кез келген мұсылман білуі тиіс құлшылықтың түрі ол – садақа. Мұсылман қалтасынан қаржы шығарып, оны мүмкіндігінше мұқтаждарға беретін болса Алланың мейіріміне бөленері анық. Алайда садақа берудің өз әдептері бар. Мұны біле жүру құлшылығыңызды кемелдендіре түседі. Сонымен, бүгінгі жазбада садақа берудің әдептері туралы сөз қозғамақпыз.

Зекет жағдайы жеткен мұсылманға ғана парыз болса, садақа қолында азын-аулақ ақша болса да  бере беруге болатын абзал іс.  Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):«Малдарыңызды зекетпен қорғаңыздар, ауру-сырқаттарыңызды садақа беріп емдеңіздер, басыңызға келген бәлекеттерге де Алладан жалбарынып дұға етіп, көмек сұраңыздар» — деген (Байхақи, Табарани).

«Әр күні, Алланың құлдары оянатын уақытында көктен екі періште түсіп, олардың бірі: «Я, Алла, ақшасын (сауапты істерге) жұмсағандардың ақшасын толықтыр!», – десе, екіншісі: «Я, Алла, сараңның ісін опат қыл!». (Бұхари, Муслим).

 

САДАҚА БЕРУШІНІҢ БІЛУІ ТИІС БІРІНШІ ӘДЕБІ: ЫҚЫЛАС

Жүрекпен жасалатын амалдардың ең әуелгісі – ықылас. Ол құлшылықтың өзегі. Амалдардың қабыл болуы не кері қайтарылуы да тікелей ықыласқа байланысты. «Алла сендердің жүректерің мен амалдарыңа қарайды» — деген. Яғни ықылас пен ниет бірінші орында тұруы керек.

Мұсылман әрдайым бұл амалды атқарар алдында Алланың разылығын қалап, сауабынан үміттенуі керек. Себебі ықылас болмаған жерде амалдар да жойылады. Тіпті салмақсыз тозаңға айналады.

Мүмін пенденің жүрегі ықыласқа толы болған жағдайда ол көптеген сауапқа қол жеткізеді. Атап айтқанда амалдары қабыл болады, ізгі істерді жасай алмай қалса да сауабын алады әрі ризығы көбейеді.

Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):«Иә, мұсылман әйелдер, ешбір көрші, қойдың тұяғы тұрғысында болса да, көршісіне жақсылық жасауды арсынбасын (не болмаса ұмытпасын), (яғни оған қойдың тұяғын берсе де)» — деген. (Бұхари, Муслим).

 

САДАҚА БЕРУШІНІҢ ЕКІНШІ ӘДЕБІ: САДАҚАНЫ АДАЛ ТҮСКЕН ҚАРЖЫДАН  БЕРУ

Пенде ұрланған, біреуден тартып алынған әрі өзіне тиесілі емес дүниені садақаға беру арқылы сауап емес, күнә арқалауы мүмкін. Мұндай садақаның қоғамға немесе жекелеген адамға пайдасы тигенімен, дүние егесіне сауап болып жазылмайды. Себебі Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Тағала тек таза,  пәк нәрселерді қабыл етеді»- деген.

Садақа мұсылманды тазартады. Адамның күнәсін жойып, зиян және ауруларын кетіреді. Ол жүзеге асуы үшін садақа адал жолмен табылуы керек. Адамның ішіп-жегені харамнан болса оның дұғасы қабыл емес. Демек, ондай садақа да пайда бермейді.

 

САДАҚА БЕРУШІНІҢ БІЛУІ ТИІС ҮШІНШІ ӘДЕБІ: САДАҚАНЫ МҰҚТАЖДАРҒА БЕРУ

Мұқтаждарға пақырлар мен міскіндер, жағдайы жоқ жандар,  жетім-жесірлер және қарызға батқандар жатады. Мұндай санаттағыларға садақа беру оның түрлі жамандықтарға ұрынып қалуының алдын алады. Ұрлық-қарлық, өсіммен ақша алуға жол берілмейді. Сол үшін аталған әдепті білудің маңызы зор.

 

САДАҚА БЕРУШІНІҢ ТӨРТІНШІ ӘДЕБІ: САДАҚАНЫ МАЛ ДҮНИЕСІНІҢ ЖАҚСЫСЫНАН БЕРУ

Өзіне керексіз болып, істен шыққан, ескі-құсқы заттарды садақа етіп бере салу ешкімге абырой әпермейді. Керек десеңіз бұл Алланың алдында ұятты іс. Садақа барынша жақсы болған сайын Алланың алдында да сүйкімді бола түседі. Шын мәнінде садақаның жақсы дүниеден болуына өзге емес, садақа берушінің өзі мұқтажырақ. Садақа неғұрлым жақсы нәрселерден болған сайын Алланың оған қайтарымы да жақсырақ бола түседі.

 «Ей, иманға келгендер! Тапқандарыңның және Біз сендерге жерден шығарып бергеніміздің жақсыларынан (садақа етіп) жұмсаңдар. Әрі көздеріңді жұмып тұрып, болмаса өздерің де алмайтын нашар нәрсені жұмсауға талпынбаңдар. Әрі, Алланың аса Бай, өте Мақтаулы екенін біліңдер»( «Әл-Бақара» сүресі, 267-аят).

 

САДАҚА БЕРУШІНІҢ БЕСІНШІ ӘДЕБІ:  ЖАҚСЫ КӨРГЕН НӘРСЕСІН САДАҚА ҚЫЛУ

Адам баласы өзіне ұнамды, жақсы көрген нәрсесін садақа қылу арқылы сауабын арттыра алады.  Мәселен Абдулла ибн Омарға бір тіленші келетін болса оған қант беретін. Себебі қантты өзі қатты жақсы көретін болған.

 «Сендер жақсы көрген нәрселеріңнен жұмсамайынша, игілікке жете алмайсыңдар. Әрі сендер не жұмсасаңдар да, Алла – оны Білуші» («Әли Ғимран» сүресі, 92-аят).

Садақа тек дүниемен не ақшамен жасалатын ғибадат емес. Қайырымды сөз де садақа саналады.

 

САДАҚА БЕРУШІНІҢ  АЛТЫНШЫ ӘДЕБІ: БЕРГЕННЕН СОҢ МІНДЕТСІНБЕУ

Садақа беру міндет болмауы керек. Адам беруге өзі мұқтаж екенін білуі керек. Зекетті беру арқылы адам азаптан құтылады. Садақаны беру арқылы адам өзін бәле-жаладан қорғайды. Міндетсіну – садақаның сауабын түбегейлі жойып жіберетін амал. Әрі адам бойында оған деген реніш тудыратын іс.

 «Мал-дүниелерін Алла жолында жұмсап, кейін бергендеріне міндетсіну және реніш араластырмайтындардың сыйы – олардың Раббысында. Оларға қорқыныш жоқ әрі олар қайғырмайды»(«Әл Бақара» сүресі, 262-аят).

 

САДАҚА БЕРУДІҢ  ЖЕТІНШІ  ӘДЕБІ: АЛЛАНЫҢ  ӨЗІҢІЗГЕ БЕРІЛГЕН НЫҒЫМЕТІН СЕЗІНІП, ШҮКІРЛІК АЙТУ

Сыйынуға жалғыз Өзі ғана лайықты болған Аллаға сансыз шүкіршілік. Жаратушы иеміз бізді алушы емес беруші қол етті. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Жоғарғы қол төменгі қолдан жақсырақ» — деген. Сол үшін бізге берілген нығыметке шүкіршілік етейік.

 

САДАҚА БЕРУДІҢ  СЕГІЗІНШІ ӘДЕБІ: САДАҚАНЫ ЖАҒДАЙЫ ТӨМЕН ТУЫСТАРЫҢА БЕРУДЕН БАСТАУ

Садақаны жағдайы нашар туыстарға үлестіру арқылы бізге берілетін сауаптар еселене түсері хақ. Себебі, сіз біріншіден қайырымдылық жасап, екіншіден туыстық байланысты арттыруға үлес қосқан болып саналасыз. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ризығы берекелі және ғұмыры ұзақ болуды қалаған адам туысымен қарым-қатынасын үзбесін», — деген.

 

САДАҚА БЕРУШІНІҢ БІЛУІ ТИІС ТОҒЫЗЫНШЫ ӘДЕБІ: ОНЫ МҮМКІНДІГІНШЕ ЖАСЫРУ

Бұған садақаға дейінгі ниеті, садақа берудегі амалы және берген соң айтпауы жатады. Садақаны жасыру ықыластың дұрысталуын қамтамасыз етеді.

 «Егер садақаларды ашық түрде берсеңдер жақсы. Ал, егер (бергендеріңді) жасырсаңдар әрі оны кедейлерге берсеңдер, ол өздерің үшін қайырлы. Ол сендердің жаман істеріңді өшіреді...» ( «Әл-Бақара» сүресі, 271-аят).

Бұл аятта Аса ұлы Алла садақа бергендердің күнәларын жоятынын айтуда.

Садақа адал түскен қаржыдан болуы керек. Ол рия болмауы керек. Хадисте 7 түрлі адам Алланың көлеңкесінде. Солардың біреуі оң қолмен садақа бергенде оны сол қолы білмегені.

Садақаны нақты пайдасы білініп тұрғанда ғана көрсетіп беруге болады. Бұл амал өзгелерді осындай жақсылыққа шақыру, құлшынысын ояту тұрғысында болса ғана рұқсат етіледі.

 

САДАҚА БЕРУШІНІҢ БІЛУІ ТИІС  ОНЫНШЫ ӘДЕБІ: БЕРГЕН САДАҚАСЫН ҚАЙТЫП АЛМАУ

Берген садақасын қайтып алу шариғатта тыйым салынған лас әрі жиіркенішті амал. Тіпті Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):  «Садақасын беріп, оны қайта алған адамның мысалы, құсып, құсығын қайта жеген ит секілді» — деген.

Ең маңызды садақа – өзің мұқтаж бола тұра өзіңнен де мұқтажырақ кісіге берген садақа. Мал-дүниені жақсы көріп, дені сау болып тұрып берген садақаның  сауабы орасан екенін ұмытпайық.

Кейде адам баласы садақаны атап айтқанда жаны қиналғанда, қандай да бір апат не қайғы-қасыретке тап болғанда, баласы ауырса немесе емтиханның алдында беруді дұрыс көреді. Алайда бұл тек жаны қиналған адамның беретін қайырымдылығы емес. Жағдайымыз жақсы кезде де Алланы жиі еске алсақ, қиналғанда да Алла бізді соғұрлым тезірек есіне алып, жәрдемін береді.

Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адам баласының әр деңгейіндегі кісілер садақа жасай алады. Оны әрбір күні жасауға болады. Екі кісінің арасын жарастыру садақа, кісіні көлікке мінгізіп жіберу немесе жүгін салысып жіберу садақа, жақсы сөз де садақа, намазға баратын әрбір қадам садақа, жолдан адамдарға зияны тиетін заттарды алып тастау садақа» — деген екен.

Сонымен, қорытып айтар болсақ, садақа берер кезде тек қана Алланың разылығын көздеу, яғни ықыласты дұрыстау, сондай ақ садақа берген үшін міндетсінбеу, мүмкіндігінше мұқтаждарға беру және берген соң қайтып алмау –  садақа беру әдептерінен. Осы әдептерді ұстану сіздің сауабыңызды еселей түседі.

Сауабы мол бұл ғибадатты көркем әдеппен жүзеге асырайық, ағайын!

sadaka.kz