الله الرحمن الرحيم الملك القدوس السلام المؤمن المهيمن العزيز الجبار المتكبر الخالق البارئ المصور الغفار القهار الوهاب الرزاق الفتاح العليم القابض الباسط الخافض الرافع المعز المذل السميع البصير الحكم العدل اللطيف الخبير الحليم العظيم الغفور الشكور العلي الكبير الحفيظ المقيت الحسيب الجليل الكريم الرقيب المجيب الواسع الحكيم الودود المجيد الباعث الشهيد الحق الوكيل القوى المتين الولى الحميد المحصى المبدئ المعيد المحيى المميت الحي القيوم الواجد الماجد الواحد الصمد القادر المقتدر المقدم المؤخر الأول الأخر الظاهر الباطن الوالي المتعالي البر التواب المنتقم العفو الرؤوف مالك الملك ذو الجلال والإكرام المقسط الجامع الغني المغني المانع الضار النافع النور الهادي البديع الباقي الوارث الرشيد الصبور
+7 (7222) 52-19-11

Әбу Ханифаның саудадағы ерекше сипаттары мен жомарттығы

 

Әбу Ханифа саудагер отбасында туып-өсті. Содан болар, өмірінің соңына дейін саудадан қол үзген жоқ. Сондықтан, Исламдағы сауданың қыр-сырын меңгеріп, саудаға қатысты көптеген мәселелерге пәтуа да беріп отырды. Пәтуа бергенде өз ойынан емес, кез келген мәселеге қатысты қандай да бір үкім айту үшін ол алдымен Құран мен сүннетке сүйенетін. Егер бұл мәселенің шешімін осы екі негізгі қайнаркөзден таппаса, халықтың салт-дәстүріне үңіліп, шариғат өлшемдерінен қия баспауға жанын салатын.

Әбу Ханифа саудада мына төрт қасиетімен ерекшеленген. Осы төрт қасиетімен халыққа танылып, сенімді саудагер атанған.

1)   Ынсапты, дархан еді. Кейбіреулерді кедей қылған тойымсыздық секілді тоғышарлықтың ине жасуындай ұшқыны байқалмайтын. Мүмкін, бұның себебі, иманының кәмілдігі мен бай отбасынан шыққандығынан болар.

2) Аманатқа қиянат жасамай, өзгенің дүниесін өз затындай көретін.

3) Өте жомарт, қолы ашық, сараңдыққа жаны қас болатын.

4) Діндар, тақуа, әр сәтін құлшылықпен өткізуге тырысатын. Күндіз  ораза ұстап, түнде намаздан бас көтермейтін. Ол ғұламалардың арасында беделділігімен қатар, саудада да алдыңғы қатардан көріне білді.

Жеке басындағы осы төрт қасиет оның саудадағы айнымас ұстанымы болатын. Саудагерлер оған қайран қалатын. Замандастары оны хазірет Әбу Бәкірге (р.а.) ұқсататын. Өзі де Әбу Бәкірді (р.а.) үлгі тұтып, соған ұқсағысы келген деседі. Біреуге сататын затын өзі тұтынатындай мұқият тексеретін.

Бір күні Әбу Ханифа әлдебір әйелден жібек сатып алмақ болады. Бұрын сауда жасап көрмеген әйел болса керек, жібегін тым арзанға сатып тұр екен. Жүз дирхам дейді. Әбу Ханифа жібек құнының бұдан әлдеқайда қымбат екенін айтып, көбірек берейін десе де, әйел жүз дирхам деп тұрып алады. Өйтіп-бүйтіп әйелді төрт жүзге өткізуге көндіреді. Бірақ, бұл да арзан еді. Ақыры Әбу Ханифа басқа бір саудагерді алып келіп жібекті бағалатады. Жібек бес жүз дирхам шығады[1].

Әбу Ханфаның әділдігі осындай болатын. Өзінің қалтасынан бұрын сатушының  пайдасын ойлайтын. Сатушының аңқаулығын пайдаланып, пайда көру деген ол кісінің түсіне де кіріп шықпас еді. Керісінше сатушыға тура жолды көрсететін. Жарлы-жақыбайлар немесе өзінің туыстары келсе, затты оларға өз бағасымен сататын. Тіпті, тапқан табысын сыбағаң деп сыйлап та жіберетін.

 

 

Бір күні бейтаныс кейуана келіп:

–  Мен кедеймін, маған мына киімді өз бағасына сат! – дейді.

–  Төрт дирхамға ал! – дейді Әбу Ханифа.

–  Әзіліңді қой, – дейді қарт әжей, – сататын болсаң өз бағасына бер, әйтпесе сенімен әзілдесіп тұратын уақытым жоқ. Сонда Әбу Ханифа :

–  Әзіл емес, шыным сол. Бұл киімнен екеу сатып алған болатынмын. Біреуіне ақша қосып сатқанымда, екеуіне кеткен ақшаны төрт дирхам жаппай қалып еді. Сол төрт дирхамға саған-ақ берейін, – деп су тегінге беріп жіберген екен[2].

Тағы бір риуаят бойынша Әбу Ханифа саудадағы серігі Хафс ибн Абдурраһманды әлдебір заттарды сатып келуге жұмсайды. Бірақ, тауарларының ішінде сапасында кінәрат кездесетін бұйым да бар болатын. Әбу Ханифа Хафсқа жаңағы затты сатып алғысы келген адамға кемшілігін ескертуді тапсырады. Бірақ, Хафс Әбу Ханифаның тапсырмасын ұмытып кетеді. Келгеннен кейін ғана есіне түеді. Қас қылғанда, кімнің сатып алғанын да есіне түсіре алмайды. Әбу Ханифа сол жолғы саудасынан түскен табыстан бір сабақ жіп қалдырмай садақа етіп таратып жіберген екен[3].

Имам Ағзам білімімен қоса саудамен де айналысты. Күндіз  мешітте бесін уақытына дейін шәкірттеріне сабақ берсе, бесіннен кейін саудасына қарайтын. Бір күні шәкірттеріне сабақ беріп отырғанда бір адам мешіттің есігінен айқайлап:

–  Әй, имам, тауар артып келе жатқан кемең суға кетті, – дейді. Имам Ағзам аз ғана бөгеліп «Әлхамдулиллаһ» дейді де, сабағын жалғастыра береді. Біраз уақыт өткеннен кейін дәл сол адам қайтадан келіп:

–  Әй, имам, айыпқа бұйырма, қателесіп кеткен екен, батқан кеме сіздікі емес көрінеді, – дейді. Имам Ағзам бұл жаңалыққа да «Әлхамдулиллаһ» дейді.  Хабарды жеткізген кісі таң қалып:

–  Уа, имам, кемең батты деп хабар жеткіздік. «Әлхамдулиллаһ» дедің. Батқан кеме сенікі болмай шыққанын айттық. Тағы «Әлхамдулиллаһ» дедің. Бұл шүкіршілік (хамд) не үшін? – дейді. Сонда Имам Ағзам:

–  Сен кеме батты деп айтқаныңда жан дүниеме, жүрегіме үңілдім. Дүние мал-мүлік үшін қамықпағаным үшін Аллаһқа шүкіршілігімді білдірдім. Маған батқан  кеме менікі емес екенін айтқаныңда тағы да жүрегімді тыңдадым. Дүние байлығының қайта оралғанына титтей де қуаныш сезбедім жүрегімнен. Сол баяғыша, бірқалыпты екен. Байлыққа, дүниеге құштарлық болмағаны үшін, Аллаһтың берген осы жүрегі үшін тағы да Оған шүкіршілігімді білдірдім, – деген екен.

Аузына бір түйір харам ас салмаған, азды-көпті табысына қанағат қылып шүкір еткен тақуалығынан болар, Аллаһ тағала да оған байлықты ниетіне қарай үйіп-төгіп берген еді. Көбіне білім жолында жүргендерге көмектесетін. Бағдадидің айтуына қарағанда, жылдық табысын жинап, ұстаздарына, хадис ғұламаларына керек-жарақтарын алып беретін. Артылғандарын да соларға қалдыратын. «Бұларды қажет жерге жұмсаңдар. Аллаһқа көп  шүкіршілік қылыңдар. Өйткені,  бұл табыстарым менікі емес, Аллаһ тағала сендердің несібелеріңді менің қолыммен жеткізіп жатыр»[4] дейтін. Саудадан тапқан табысын ілім жолында жүргендердің қажеттілігіне жұмсап, шәкірттерін ешкімге кіріптар етпеді. Осы әрекетімен ғылымның абыройын сақтап қалды.

Имам Ағзам сонша байлығына қарамастан өте қарапайым күй кешкен. Имам Ағзамның шәкірттерінің бірі Сәхіл ибн Мүзәһим әңгімелейді: Әбу Ханифаның үйіне барғанымда үйден төсеніш орнына төселген қамыстан басқа ештеңе көрмедім. Осыншама үлкен әулеті бола тұра не байлықты, не атақты қабылдамайтынын айтқанымда Имам «Зәрият» сүресінің 22-аятын оқып маған былай деген еді:

– «Аспанда сендерге бұйырылған ризық та бар, сендерге уәде етілген жұмақ та та бар». Отбасым үшін Аллаһ маған жетіп артылады. Маған бір айда күнкөрісіме екі дирхам жетеді. Аллаһтың есеп алатын нәрселерін не үшін жинай беруім керек. Адам баласы жиған малын шариғат шеңберінде жұмсаса да, қисық жолда жұмсаса да Аллаһ одан есеп алмай қоймайды. Бәріміздің ризығымызды Аллаһ Өзі бермей ме?