Имам Ағзам хақ діннің бастаушысы…

Қазақтың қилы тарихына зер салсақ, сан түрлі діни ағымдардың өз сенімдерін санамызға тықпалауға тырысып, сайын даламызда салтанат құрғысы келгенін көреміз. Алайда, мысық  тілеулі миссионерлер қанша жерден айла шарғы жасаса да, алты алаштың баласы өзінің табиғи болмысына жат  сенімдерді әрдайым тәрк етіп келді. Тіпті, ислам дінін алғашқыда күшпен таратқысы келген діни топтар да қазақтың жүрегінен орын ала алмады. Сөйткен діңі нық,  жаратылысынан жайдары, еркіндік сүйгіш киіз туырлықты көшпенді халық  Аллаһ  жар болып, Хақ діннің өзегіндей болған Ханафи мәзһабын  таңдады. Біз  халқымыздың айнымас хақ сеніміне айналған демократиялық қағидаттары басым Ханафи мәзһабының өзгешеліктерін дінтанушы Алау Әділбаевпен сыр-сұхбатымыз арқылы таратып көрмекпіз. Сонымен ата-бабамыз Ханафи мәзһабын неге таңдады?

– Алау ұстаз, әңгімеміздің бісмілласын имам Ағзам Әбу Ханифаның ислам тарихындағы орны мен мәртебесі қандай дәрежеде деген сауалдан бастасақ?

– Жастайынан ілімге құштар, ақыл-парасатты әрі зеректігімен ерекшеленген Әбу Ханифа кәлам ілімімен қатар фиқһ (мұсылман құқығы) саласын да терең меңгерді. Ол бір жағынан сунниттік бағыттағы ханафи фиқһ мәзһабының, ал екінші жағынан кейін Матуруди деп аталған ақида мектебінің де негізін қалады. Имам Шафиғи сынды әйгілі мәзһаб имамының өзі бір сөзінде: «Адамдар фиқһта Әбу Ханифаның балаларындай» десе, тағы бір сөзінде «Адамдар  фиқһ ғылымында Әбу Ханифаға қарыздар. Кімде-кім Әбу Ханифаның кітаптарын оқымаса, ғылымға терең  бойламағаны, фиқһ ілімін мүлде білмегені» деп оның білімде терең екендігін құрметпен жеткізген.

Жалпы, араб-мұсылман мәдениетінде кісіні лақап атпен атау құрмет, сыйды білдіреді. Атақты имамның ең танымал аты – Әбу Ханифа. Оның мағынасы «хақ жолдың бастаушысы, тура жолдың жетекшісі» дегенге саяды. Демек, Әбу Ханифа халыққа дұрыстығы мен туралығы жағынан танылғандықтан, қалың жұртшылық имамға «хақ дін, тура жолдың басшысы» деп атап,  құрметтеген. Яғни, имам Ағзам мұсылмандық ойлау жүйесінің негізін салуға үлес қосқан дарабоз ғалымдардың бірі.

 – Қазір мәзһаб деген сөзді жиі еститін болдық. Мәзһабтардың қалай қалыптасқаны жайлы мәлімет бере кетсеңіз?

Араб тілінен енген «мәзһаб» сөзінің тілдік мағынасы «жол», ал терминдік мағынасы «арнайы белгілі бір жүйеге негізделген діни бағыт, мектеп» дегенді білдіреді. Кезінде діни мәселелер Аллаһтан келген уаһи арқылы, әрі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.)  пәтуалары арқылы шешілетін. Ал, әділетті төрт халифа кезеңінде туындаған мәселелер белгілі бір ғана ғалымның көзқарасына сүйеніп емес, сахабалар кеңесінде шешілетін. Сондықтан, бұл кезеңдерде мәзһаб болған емес. Бертін келе  түрлі ұлт, дін өкілдерінің ислам дінін қабылдауы, сол кезде орын алған тарихи оқиғалардың нәтижесінде мұсылмандар арасында исламның бірлігі мен ауызбіршілігіне қауіп төндірген  «харижиттер», «шиға», «мұғтазилә», «жәбрия», «мүржия» секілді түрлі ағымдар мен саяси топтардың пайда болуы исламға жанашыр ғалымдардың мойнына үлкен жүк артты. Табиғиндар (сахабалардан кейінгі буын) кезеңінде қоғамның шарттары мен заман талабына байланысты туындаған көзқарас айырмашылықтары көбейе түсті. Табиғиндардың соңы мен мужтаһид  имамдардың кезеңінде ижтиһад жасау әдістеріне қатысты да түрлі көзқарастар туындады. Міне, осындай қайшылықты күрделі ортада қатардағы қарапайым бір адамның фиқһтық пікірталастарға қатысуы, тіпті фиқһтың дамуын жақыннан білуі мүмкін емес еді. Сондықтан жұртшылықтың сеніміне бөленген бір фақиһтың (фиқһ саласының хас маманы) көзқарасын ұстану қажеттілігі туындады. Сонымен қатар мемлекеттік жүйе мен қауіпсіздікті де қамтамасыз етіп, азаматтардың бәріне теңдей қарап, қоғамда әділеттілікті орнатып, мемлекеттің баяндылығын қамтамасыз ету үшін де бір үлкен ғалымның жолын, мәзһабын ұстану қажеттілігі туындады.

Ол кездерде де әлі нақты мәзһабтар қалыптаса қоймаған-ды. Мужтаһид имамдардың өзі «Мен мәзһаб құрамын, менің жолыма түсіңдер, ең дұрысы менің жолым» демеген, қайта Әбу Ханифаның айтқанындай: «Бұл біздің ең дұрыс деп тапқанымыз, бізден де дұрыс пікірлер шығып жатса, оларға да жол ашық» деп қараған. Бұл, әрине, мәзһаб имамдары өз жолдарына сенбеді, көзқарастары айқын болмады дегенді білдірмейді. Бұл – мужтаһид ғалымдардың бір-біріне сыйластықпен қарап, келіспеген пікірлерін дәлелдеріне сүйене отырып айтып отырғандығының белгісі. Тіпті, шәкірттерінің Әбу Ханифамен келіспеген тұстары да  болған. Бұл сол кездегі ой еркіндігі мен өзара түсіністік, қазіргі тілмен айтсақ «толеранттылық» үстемдік еткен кезең еді.

Әбу Ханифа сахабалар мен табиғиндер кезеңінде Ирак аймағында қалыптасқан бай мәдени мұра мен еркін-ой саласындағы жаңалықтарды ұстаздарынан әрі өзімен замандас ғалымдардан тану мүмкіндігіне ие болды. Әуел баста ол аймақтағы фиқһ Ибраһим ән-Нахаийден басталып (қайтыс болған жылы 96/714)  «Ирак фиқһы» деп аталды. Ол алғашында Мәдина мектебі секілді аты шықпаса да, бертін келе Әбу Ханифа кезеңінде жұлдызы жана бастады. Оның қажыр қайраты мен жетілдірген түлектерінің арқасында кейіннен «Ханафи мәзһабы» деп аталып кетті. Міне, имам Ағзам сонау ерте кезеңнің өзінде дамытқан керемет ғылыми әдістемесі, жасаған қыруар еңбегі мен ижтиһады арқылы шешіп соның нәтижесінде жинақтаған фиқһ мәліметтері арқылы мұсылмандардың ғибадаттары мен басқа да амалдарын исламның рухына сай атқара алулары үшін сара жолды салып кетті. Міне, Ханафи мәзһабының шығуын қысқаша осылай қорытындылауға болады.

Ендеше, «мәзһабтар – бидғат, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кезінде мәзһаб деген болмаған» деп байбалам салып, елді бүлікке итермелеу сол кездегі тарихи шындықты білмеу деген сөз. Ал, Әбу Ханифаны: «Исламда жоқ нәрсені шығарушы, бүлікшіл» деп жала жабу – сорақы қателік, ғылыми негіз бен тұжырымдардан мүлдем алшақ шала түсінік. Бір сөзбен айтқанда, мәзһабтардың шығуы заман талабы, тарихи қажеттілік еді.

  – Ханафи мәзһабының басты ерекшелігі неде? Бұл бағыттың кең таралып, ата-бабаларымыздың осы жолды таңдауы неліктен?

Әбу Ханифаның құрған мәзһабының ең әуелгі ерекшелігі ақылдасу, кеңесуге негізделуінде. Діни үкімдер «фиқһ академиясы» деп аталған қырық ғалымнан құралған арнайы бір топтың талқысына ұсынылатын. Бұл алқаға басқа шәкірттер мен халықтың қатысуына рұқсат берілмейтін. Пікірлер әбден талқыланып, пісірілгеннен кейін барып қана бір үкім шығарылып жазбаша бекітілген. Әбу Ханифа мен ханафи мәзһабы жайлы көп еңбектер жазған кейінгі ғасырдағы ғалымдардың бірі Зәхид әл Кәусәрий: «…Әрине, негізін бір ғана адам қалаған, соның ғана көзқарасына сүйенетін мәзһабқа қарағанда, бұл мәзһаб ұстануға ең лайықты, ең дұрыс, ақиқатқа ең жақын және көңілге қонымды болары сөзсіз» деп осы бір ерекшелігін атап өткен. Біле білсек, бұл ақылдасу – бастауын Құраннан алған және Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  бен сахабалардың ұстанған дәстүрі.

Ханафи мәзһабының тағы бір ерекшелігі жергілікті халықтың шариғатқа қайшы келмейтін әдет-ғұрыптарына да мән беруінде. Құран мен сүннеттің құқықтық нормалар бекітуінде қоғамдық ерекшелік пен адамдардың әдеттерін назарға алғандығы, түбегейлі өзгерістерде сатылай бірте-бірте өзгерту әдісін қолданғандығы, аят-хадиске қайшы келмейтін дәстүрлердің жалғасын тапқандығы байқалады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.)  осындай ұстанымдарын негізге алған ханафи ғалымдары кейбір мәселелерге қатысты үкім берерде халықтың әдет-ғұрпына мән берген. Міне, арабтардан басқа ұлт өкілдерінің де исламға кіруіне ықпал еткен себептердің бірі осы болса керек.

Сонымен қатар діни мәтіндерді сөзбе-сөз, тек тікелей түсінуден бұрын оның астарындағы себептерін зерттей отырып, ақылмен шешуге тырысуы, дініміздегі жеңілдікті ту етіп ұстануы да басқа дін өкілдерінің соның ішінде ата-бабаларымыздың осы мәзһабты қабылдауына жол ашты деуге болады.

Ханафи фиқһы – жүйелі ойлаудың аят-хадистермен сусындауы, адам баласының сенім, ғибадат, ахлақ, жан-дүниесі мен сыртқы көрінісі арасында тепе-теңдікті негізге алып, уақыт өте келе бір жүйеге түсіп үлкен мектепке айналып, әлемнің түкпір-түкпіріне тараған, төзімділікті негіз еткен кең түсінік. Төзімділік пен мейірімділік ислам дінінің негізі екенін көптеген аяттар мен ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірінен айқын көреміз. Ханафи мәзһабы исламнан бөлек емес, исламның уызымен нәрленген жол.

 – Әбу Ханифаны кейбіреулердің дұрыс түсінбеуінің  негізгі себебі неде? Жалпы,  ханафи мәзһабы туралы алып-қашпа әңгімелердің таралуының астарында не жатыр?

– Әбу Ханифа фиқһ ілімін қалыптастырып, жүйелеген. Фиқһ мәселелерін алғаш бабтарға (тақырыптарға) бөліп классификация жасаған парасат-пайымы биік ғұлама. Ол фиқһ негізін құрып, мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, ислам әлеміне үлкен еңбек сіңірген. Алайда, осы еңбектеріне қарамастан имамның өмір сүрген заманының өзінде ол жайлы дау болып жататын. Осылайша бұл дау ұлы ғалым дүние салғаннан кейін де жалғаса берді. Адамдар екі топқа бөлінді.  Алғашқылары Әбу Ханифаның ұлы ғалым екендігін айтып дәріптесе, екінші топ  қызғаныштан немесе бір мәзһабқа қатты беріліп, өзгелерді мойындамай бірбеткейлік танытуынан Әбу Ханифаның өзінен де, оның жазған фиқһынан да адамдарды алыстатқысы келіп, ол жайлы теріс пікір айтушы кездесіп жатты. Сондай ойлардың  кейбір сарқыншақтары  әлі күнге дейін жалғасып жатуы  өкінішті-ақ. Сол кездері ирактықтарды, әсіресе Әбу Ханифаны сынап, жала жапқандар оның көзқарасының сүйенген дәлелдерін көріп, мәселені түсінген кезде ойларынан бас тартып, пікірлерінің өзгергеніне оқиғалар көп.  Мысалы, имам Әузағи алғашында елдің сыбыстарына сеніп, Әбу Ханифаны бүлікшіл деп ойлайды. Кейін онымен көзбе-көз кездесіп, пікірлерін өз құлағымен естігеннен кейін көзқарасы түбегейлі өзгеріп: «Оның ілімінің тереңдігі мен парасат-пайымының жоғарылығына таң қаламын. Мен қатты қателесіппін. Өйткені ол маған айтылғандардан мүлде бөлек жан екен», – деген.

Имам Ағзамның әлі орын алмаған мәселелерді қозғауы да кейбір білімді кісілерге ұнай қоймады. Олар мұндай тәсілге «босқа уақыт жоғалту», «пайдасыз істермен халықтың миын ашыту» деп қарады.  Мына оқиға соған дәлел.  Қатада Куфа қаласына келген кезде Әбу Ханифа оған былай деп сұрақ қояды: «Уа, Қатада! Егер бір кісі бірнеше жыл жоғалып келіп,  әйелі оны өлді деп ойлап, басқа біреуге күйеуге тисе. Сол сәтте алғашқы күйеуі қайта оралса, оның қалыңмалы жайлы  не істеу керек деп ойлайсың?»,– деп сұрағанда  Қатада: « Мұндай жағдай  өмірде болды ма өзі?» деп қарсы  сұрақ қояды. Әбу Ханифа: «Жоқ» деп жауап берді. Қатада: «Сен  әлі болмаған мәселелерді неге қозғайсың?» деді. Сонда көреген Әбу Ханифа: «Басымызға бір қиындық келмей тұрып алдын ала қам жасау қажет. Ол жағдай орын ала қалған кезде, одан шығудың жолын да білетін боламыз» деп жауап қайтарады.

Әбу Ханифаның өзгешелігінің бірі қияс (аналогия) әдісін жиі қолдануында еді. Ал, өз кезегінде қияс – уақыт талабына сай жаңадан туындаған мәселелерге жауап табу үшін Құран мен хадистердің мағыналарын толық меңгеріп, олардың ішіндегі үкімдердің қандай мақсатпен айтылғандығын біліп, соны жаңадан туындаған мәселелермен салыстыра отырып жауабын табу мақсатында жасалатын шара. Имам Ағзам осы қиясты жақсы қолдана білген. Бірақ осы қасиетіне бола оны қатты  сынға алудың ешқандай да жөні жоқ. Өйткені, сахабалар заманынан-ақ   мұсылман ғалымдары осы әдісті қолданғаны мәлім. Ал, имам Ағзамның ерекшелігі қиясты белгілі бір жүйеге салып реттей отырып, туындауы мүмкін-ау деген мәселелерге жауап табуға қолданған.

Сол кездері Әбу Ханифаны сынға алғандардың шектен шыққаны соншалықты, мұндай  әділетсіздікті  байқаған өзге мәзһаб ғалымдары оны жақтауды  міндет деп  біліп, қолдарына қалам алды.  Мәселен, Жәләлуддин ас-Суюти (қайтыс болған жылы 911 һижри), Шихабуддин Ахмад ибн Хажар әл-Хәйсәми (қайтыс болған жылы. 973 һижри), Зәхәби (қайтыс болған жылы. 748 һижри), Мұхаммад ибн Юсуф әс-Салихи (қайтыс болған жылы. 942), Абдулуаһһаб әш-Шағрани (қайтыс болған жылы  973)  секілді бірқатар ірі шафиғи ғалымдары, ханбали мәзһабынан Жәмалуддин Юсуф ибн Абдулһади секілді ғалым ол жайлы еңбектер жазды. Міне, осылайша оны  сынау һижра жыл санауының 8-ғасырынан кейін бәсеңсіп, саябырси  бастады.

Дәл осы секілді қазіргі таңда шет елдерде оқып келіп, сол баяғы орта ғасырларда туындаған мәселелерді күнтәртібіне қайта қою, имам Ағзамның өмірін, оның ғылыми әдіснамасын дұрыс білмегендіктен және «мәзһаб ұстану бидғат, ал ол – адасушылық» деген жаңсақ пікірден туындауда. Менің ойымша, Әбу Ханифаны дұрыс таныған кезде бұл пікірлер өзгереді. Оны қазірден-ақ көріп жүрміз.

– Әбу Ханифа діни мәселелерге қатысты көбінесе аят-хадиске емес, өз ойына сүйенген, хадистерді көп білмеген, берген пәтуалары сахих хадистерге қайшы келеді,–  деушілер де кездесіп  жатады. Шын мәнінде, солай ма?

– Имам Ағзамның Құран мен хадиске деген құрметі өте терең болған. Бала кезінде-ақ Құранды жатқа білген. Әбу Ханифа өз сөзінде: «Шариғаттың негізі – Құран мен сүннет. Бұл екі негізде кемшілік жасауына ешкімге рұқсат етілмейді»,– деген. Тағы да бір сөзінде: «Аллаһ Елшісінен (с.ғ.с.) жеткен барлық нәрсе мен үшін көзімнің қарашығындай», – дейді. Осман әл-Баттиге жазған хатында: «Біліп қой! Үйренген және басқаларға үйреткен нәрселердің ең абзалы – сүннет», – деп аят-хадиске беріктігін көрсеткен.

Әбу Ханифа: «Аллаһ атымен ант етейін! Бізді қиясты настан артық санады дегендер жалған айтып, бізге жала жабуда» деп жауап берген. Осыған орай Әбу Мұтғи әл-Бәлхий былай баяндайды: «Куфа мешітінде Әбу Ханифаның қасында отырған едім. Ішке Суфиян әс-Сәури, Муқатил ибн Хаиян, Хаммад ибн Сәләмә, Жағфар әс-Садық бас сұқты. Келген бойда Әбу Ханифаға: «Естуімізше, сен дінде қиясты тым көп жасайтын көрінесің. Сондықтан сенің жағдайыңа алаңдаймыз. Өйткені ең алғаш қияс жасаушы – Ібіліс» дейді. Мұны естіген Әбу Ханифа жұма күні таң атқаннан түске дейін олармен пікірталастырып, өз көзқарастарын әбден дәлелдеген соң: «Мен ең әуелі Аллаһтың кітабымен, сосын Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетімен амал етемін. Сосын әуелі сахабалардың келіспегендерінен бұрын бірауыздан келіскен мәселелерін аламын. Содан кейін барып қана қияс жасаймын» деді. Имамның жауабына көңілі толған әлгі ғалымдар оның қолын сүйіп, құрмет көрсетіп: «Сен ғұламалардың төресісің»,– деді». Міне, имам Ағзаммен тең дәрежеде сөйлескен, пікірталастырған ғалымдардың өзі оған осындай баға берді. Ал, енді әлгіндей әр нәрсені «бидғатқа» жатқыза беретіндердің  енді ғана көзі ашылып, анда-мұнда бір нәрселерді оқып келе салып, осындай үлкен ұстазға тіл тигізуге қандай құқықтары бар деген ойға қаласың.

Осы мәселеге қатысты белгілі тарихшы ибн Халдун: «Кейбір шектен шыққандар мен ішітар қызғаншақтар, мужтаһид имамдардың кейбірінің хадис ілімі жеткіліксіз, сондықтан хадис риуаяты аз екенін айтуда. Үлкен имамдар жайлы бұлай ойлау орынсыз. Өйткені шариғат заңдарының Құран мен хадистен алынатыны әмбеге аян. Дінді сахих (сенімді, дұрыс) негіздерден және оның үкімін жеткізушіден ала білу хадисте жүйрік болуды талап етеді. Хадис ілімі таяз болғандардың мұны жасауы мүмкін емес. Ал, хадис риуаяты аздарға келсек, олар өздеріне жеткен хадистердің мәтіні хадис жеткізушілердің бойындағы кейбір кемшіліктеріне байланысты хадис риуаятын азайтқан…Міне, Әбу Ханифа да риуаят пен хадис жеткізуге қатаң  шарттар қойып, асқан жауапкершілікпен қарағандықтан хадистерді аз риуаят еткен. Ол біле тұра хадис риуаят етуді тәрк етпеген. Мәзһабының хадис имамдары арасында сенімді деп табылуы, риуяттарды қабылдау, не алмау мәселесінде оның қойған өлшемдерінің орындылығы оның хадис ілімінде алып мужтаһидтердің қатарынан екендігін көрсетеді»,– дейді.

Имам Сарахси сахабалар мен табиғиндардың хадис риуаят етуде өте мұқияттылық танытқандығын, әр естігенін «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  айтты»  деп айта бермегендігіне қатысты көптеген мысалдарды бере отырып: «Міне, осы секілді көптеген оқиғалар хадисшілерге мәлім. Сондықтан Әбу Ханифа хадис риуаят етуді азайтты. Сондықтан да кейбіреулер оған хадис білмейді деп жала жапты. Алайда, олардың ойы тым ұшқары еді. Әбу Ханифа өз  ғасырындағы хадистің ең білгір ғалымы еді. Хадис жеткізушіге есте сақтау қабілетінің күшті, әрі сенімді болуы шартын қатаң ұстанғандықтан, риуаятты аз жасады»,– дейді.

Әбу Ханифаның хадис білімі таяз деудің негізгі себептерінің бірі мәзһаб таасубынан (яғни әсірелігі) және бір мәселеге қатысты басқа күшті дәлел табылуына қатысты өзге мәзһабтағылардың хадистерін дәлелдік жағынан әлсіз деп табуы сырт көзге хадиске қарама-қайшы секілді көрінгендіктен туындап жатты. Әйтпесе оның жасаған ижтиһадтарына үңілгенде, олардың үкімдік сипаттағы жүздеген хадистерге сай екендігін көреміз.

Таханәуий хадисшілердің хадис риуаят етуде хадисі көп емес орташа риуаят еткендердің қатарынан санаған хазреті Омар (р.а.), Әли (р.а.), Абдуллаһ ибн Мәсғуд (р.а.) секілді сахабаларды хадиске сүйенген көзқарастарының көптігіне байланысты муксируннан (хадисті көп риуаят етуші) санауға болғаны секілді хадистерге сай, түбінде соларға негізделетін мыңдаған көзқарас пен үкімі бар Әбу Ханифаны да көп хадис риуаят етушілердің қатарына қосуға болатынын айтады. Зәхәбидың оны «Табақатул-хуффаз» (көп хадис жатқа білген ғалымдар) кітабына кіргізуі де хадис ілімінде қаншалықты білгір болғандығын көрсетеді.

Қорытындылай келе былай деуге болады. Әбу Ханифаның мүжтаһид ғалым екендігін оған қарсы көзқараста жүргендер мен оны жақтағандардың барлығы мойындаған.  Мүжтаһид болу үшін оның үкім шығаратындай хадистерді жетік меңгеруі шарт. Ал үкім шығарылуы керек хадистердің саны өте көп. Олай болса кейбіреулердің айтқанындай «Әбу Ханифа 15 немесе 150 хадис қана білсе» қалайша мүжтаһид ретінде танылады?! Қалайша басқа ғалымдар Әбу Ханифаның үкімдерін дұрыс санап, фиқһымен шұғылданады, оның айтқандарын осы күнге дейін сақтап, оқып талқылап келеді? Осы мәзһаб тұрғысынан қаншама ғалымдар том-том еңбек жазған. Әлі де жазылуда.  Үлкен бір мәзһабқа жол салып, сан  мыңдаған сұрақтарға аят-хадистерден  дәлел келтіре отырып жауап бере білу, Құран мен хадис ілімін терең білмеген маманның атқаратын шаруасы емес. Әрі жаңа тәсілдерді дамыта отырып, өзіне тән жаңа бір мәзһабтың негізін қалау оның Құран мен хадис ілімін терең меңгергенінің  нақты дәлелі.

Сұхбаттасқан Мұхан Исахан