الله الرحمن الرحيم الملك القدوس السلام المؤمن المهيمن العزيز الجبار المتكبر الخالق البارئ المصور الغفار القهار الوهاب الرزاق الفتاح العليم القابض الباسط الخافض الرافع المعز المذل السميع البصير الحكم العدل اللطيف الخبير الحليم العظيم الغفور الشكور العلي الكبير الحفيظ المقيت الحسيب الجليل الكريم الرقيب المجيب الواسع الحكيم الودود المجيد الباعث الشهيد الحق الوكيل القوى المتين الولى الحميد المحصى المبدئ المعيد المحيى المميت الحي القيوم الواجد الماجد الواحد الصمد القادر المقتدر المقدم المؤخر الأول الأخر الظاهر الباطن الوالي المتعالي البر التواب المنتقم العفو الرؤوف مالك الملك ذو الجلال والإكرام المقسط الجامع الغني المغني المانع الضار النافع النور الهادي البديع الباقي الوارث الرشيد الصبور
+7 (7222) 52-19-11

Түр-тұлғасы мен ерекше сипаттары

Түр-тұлғасы мен ерекше сипаттары

Әбу Ханифа көрген кісінің көзі тойғандай көрікті, ұстамды, киген киімі жарасымды, әр ісінде ұқыпты болатын. Басынан қара түсті «қалансуасын»[1] тастамайтын. Бірде Куфа қаласында Әбу Ханифаның киім киісі мен үстінен аңқыған әтірдің хош иісінен көңілі жадыраған Ибн Мұғир: «Куфа мешітінде адамдарға пәтуа беріп отырған, басында қалансуасы бар шейхті көріп, айналамдағылардан «Бұл кім?» деп сұрадым. Олар «Имам Әбу Ханифа» деп жауап қатты. Мен Әбу Ханифаны осылай таныған едім», – дейді .

Әбу Ханифа сапалы матадан тігілген киім киетін. Әрдайым әтір қолданатын. Аллаһтың таза әрі халал қылған рызықтарын пайдаланатын. Ол достарының да жақсы киінгенін қалайтын. Адамның өңін ашатын сапалы сәнді киім таңдауына көмектесетін. Намаз оқитын кезде Аллаһтың құзырында тұрғанын терең сезініп, әрдайым ең әдемі киімдерін киіп, жұпар аңқыған иіссу себетін.

Баласы Хаммад әкесін былайша сипаттайды: «Әкемнің түр-тұлғасы келіскен сымбатты, үстінен хош иіс аңқып тұратын. Оның келе жатқанын алдымен үстіне сепкен әтірдің иісінен сезуші едік», – дейді.  Әбу Ханифа Аллаһ алдында да, адам алдында да адал еді. Бір кісідей жомарт, қара қылды қақ жарған әділ кісі болған. Алда-жалда қолына ақша түсе қалса, алдымен білім жолында жүрген кедей шәкірттеріне беріп, барлық қажеттіліктерін өтеуге тырысатын. Бір күні шәкірттерінің бірі: «Ұстаз, бұлай киінуіңіздің сыры неде?» – деп сұрайды. Сонда Имам Ағзам: «Барлығы маған қарап білімге талпынсын деп жақсы киінемін, әйтпесе, бұлар мені күнәға жетелер жүк емес пе», – деген екен.

Бір күні Әбу Ханифа үсті-басы алқам-салқам біреуді көреді. Оның қолына мың дирхам ақша беріп тұрып: «Үсті-басыңды дұрыста, жөні түзу киім ал» деп құлағына сыбырлайды. Бірақ, әлгі адам: «Маған бұл ақшаның қажеті жоқ, мен онсыз да баймын» деп ақшаны алмай қояды. Сонда Әбу Ханифа: «Сен Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Аллаһ берген нығметін құлының бойынан көргісі келеді»[2] дегенін естімеп пе едің?» деп таза, жинақы киініп, халыққа үлгі болардай мұсылман болуға насихаттаған.

Аңқылдаған ақ көңіл еді. Аз сөйлейтін, аз күлетін, көп ойланатын. Сөйлескенде орта жолды ұстанатын. Өзіне сауал тастамайынша, тіл қатпайтын. Әрбір істі тиянақты істейтін. Біреулермен пікір таластыра қалса, қарсыласы оған ауыр сөздер айтса да, сабырлы қалпынан айнымайтын парасатты ғалым еді Әбу Ханифа. Бір күні халифа Харун әр-Рашид жанындағылардың Әбу Ханифаны сөз етіп отырғандарын естіп: «Аллаһ Әбу Ханифаға мейірімін төксін. Басқаларының көздерімен көре алмағандарын ол ақыл көзімен көреді»[3] – деп Әбу Ханифаның парасатын айтып өткен екен.

Әбу Ханифаның дәулетті болуы да оның өмірінде маңызды рөл атқарған. Дін мен білім жолында шәкірттерінің басына қандай да бір іс түссе ешқашан аянып қалмайтын. Шәкірті имам Мұхаммед осы Әбу Ханифаның мектебінен тәлім алып, кейіннен әйгілі ғалым, мүжтәхид болды емес пе? Аллаһтың берген байлығын дін жолында жұмсап, білімнің мәртебесін үстем еткен ғалымдардың бірі еді.

Әбу Ханифа тақуалықты ту етіп өмір сүрді. Мұхаммед ибн Хаммад ибн Мүбәрак «Әбу Ханифаның өмірбаяны» атты кітабында Иазид ибн Кумайттың мына бір әңгімесін келтірген. «Әбу Ханифаға бір кісі келіп, «Аллаһтан қорық!» дейді. Сол-ақ екен, Әбу Ханифаның өңі боп-боз болып кетеді. Жел өтінде қалған күзгі жапырақтай қалтырап үнсіз тұрады да: «Аллаһ саған разы болсын. Бұл сөз адамдарды қалай тәубесіне келтіретінін білсең ғой!» деп ризашылығын білдіріп, рахметін айтқан екен».

Әбу Ханифа таза мұсылман отбасынан тәрбие алған. Кішкентай кезінен Құран жаттап өскен. Бұрын-соңды өткен мұсылмандардың арасында Құранды ең көп оқығандардың бірі десек, қателеспеген болар едік. Кейбір адамдардан бұл кісінің Ораза айында Құранды алпыс мәрте хатым еткені риуаят етіледі[4].

Оның тақуалығына мына оқиға дәлел болса керек. Бірде Куфа қаласының маңындағы әлдебір ауылды қарақшылар шауып, қораларына түсіп, қойларын алдына салып айдап әкетеді. Болған жайды имам Ағзам Әбу Ханифа естіп, қатты налиды. Қолды қылған қойларды қарақшылар қалаға алып келіп сатып, пайда көруі мүмкін, егер мен оны байқаусызда сатып алсам, біріншіден, оларға жәрдем берген боламын, екіншіден,  харам малдың еті өңешімнен өтіп кетіп жүрер деп бір қойдың орташа өмір сүру жылын есептеп, жеті жыл бойы қой етін аузына алмаған екен[5].

Тақуалығына қатысты Язид ибн Харун «Бір күні Әбу Ханифаны біреудің есігінің алдында, күннің астында отырғанын көрдім. «Әй, Әбу Ханифа! Көлеңкеге барып отырмайсың ба?» дедім. Ол «Үйдің иесінен алашағым бар еді. Сондықтан, оның ауласындағы көлеңкеге отырмауды жөн деп таптым» десе, екінші бір риуаятта өзінің берген қарызынан бір пайда табуды ойлағандай болмайын деп үйдің дуалының көлеңкесін саялауды жөн көрмегендігі айтылады. Негізінен, ол осыншалықты тақуа болғанымен, өзгелерден де дәл сондай тақуалықты талап етпейтін. «Ғалым кісі адамдарға пәтуа бергенде өзгелерден бұрын өзі үлкен жауапкершілікті мойнына алуы қажет» деп, ғалым кісінің тақуалыққа айрықша ден қою қажеттігінің үлгісін көрсеткен болатын[6]. Оның тақуалығы пәтуасынан асып түсетін. «Егер қарайып қаламын-ау деп қорықпағанда ешкімге пәтуа бермес едім. Пәтуа адамдарға пайдалы, тура жолға бастауы тиіс. Оның жауапкершілігі ауыр» деп пәтуаны адамдардың игілігі үшін беретінін қадап айтқан болатын[7].

Өзіне ұсынылған қазылық пен қазына басшылығын қабылдамауының негізгі себебі де осы терең тақуалығынан туындаған-ды. Өйткені, басшылардың заңсыз әрекеттерін көріп, оған көз жұма алмады. Ақыретте берілетін жазадан гөрі, осы дүниенің жазасын артық санап, ақыры жәбір-жапаның нәтижесінде шейіттіктің шәрбатын ішкен-ді.

Ол өте жұмсақ мінезді еді. Иазид ибн Харун былай дейді: «Әбу Ханифадан асқан биязы адамды көрмедім. Мыңдаған ғалымнан білім алдым, ілім үйрендім. Аллаһтың атымен ант етейін, Әбу Ханифадан асқан тақуа, тілін жамандықтан қорғай алған ешкімді көрмедім»[8].

Бір күні Харун әр-Рашидтің алдына Әбу Ханифаның шәкірті Әбу Юсуф келеді. Халифа Әбу Юсуфтан ұстазын сипаттап беруін сұрайды. Сонда Әбу Юсуф: «Аллаһтың атымен айтайын, харамнан аулақ, дүниеден алыс, көбіне үнсіз, ой үстінде жүреді. Егер әлдебіреу өзін толғандырған мәселеге қатысты одан кеңес сұрай қалса, білгенінше жауабын беретін еді», – деп былай жалғастырады, – Ей, мұсылмандардың әміршісі, мен Әбу Ханифаны танығалы бері нәпсісі мен дініне өте сақ екеніне куә болып келемін. Егер біреу жайлы айтар болса, тек жақсы жағын қозғайтын». Мұны естіген Харун әр-Рашид: «Бұл ізгі адамдардың бойынан табылатын қасиет» деп сүйсінген екен[9].

Күндердің бірінде бір кісі Әбу Ханифаға келіп «Әй, бидғатшы, зындық» деп дүрсе қоя берді. Әбу Ханифа сол адамға қарап:

– Аллаһ сені кешірсін. Менің бидғатшы да, зындық та емес екенім бір Аллаһқа аян. Өйткені, мен Аллаһ тағаланы танығалы бір сәт болса да онымен байланысымды үзген емеспін. Тек қана Аллаһтың кешірімін тілеймін. Тек қана Содан қорқамын» деді де, көзіне жас алды. Кіршіксіз көңілден бастау алған мына сөздерден кейін әлгі адам қатесін түсініп, кешірім сұрады. Сонда Әбу Ханифаның айтқаны мынау еді:

– Надандардың мен туралы білмей айтқан барлық сөздерін кешірдім. Ал ілім иелерінің қайсысы болса да, жоқ нәрсені маған таңып жала жапса, олардың күні қараң болсын. Өйткені, ғалымдардың ғайбаты артынан өшпес із қалдырады[10].

Мұхаммед ибн Мулиһ ибн Уакиғ Иазид ибн Кумайттың былай дегенін айтады: «Бір адам Әбу Ханифаға тіл тигізіп, ол туралы жағымсыз сөздер айтып «Әй, кәпір, дінсіз!» дейді. Сонда Әбу Ханифа: «Аллаһ сені кешірсін, сен айтқандай емес екенімді  Аллаһ біледі» деп сыпайы  жауаппен ғана шектелді».

Ахмет ибн Мансұрдан естігенін Абдур Раззақ былай деп әңгімелейді: «Әбу Ханифа өте жұмсақ мінезді адам еді. Бірде мешітте бірге отырған едік. Бір адам келіп әлдебір мәселе жайында Әбу Ханифадан пәтуа сұрайды. Әбу Ханифа оған түсіндіріп береді. Сонда әлгі адам: «Хасан Басри былай деген еді» деп, Хасан Басридің көзқарасын айта жөнеледі. Сонда Әбу Ханифа: «Хасан Басри бұл жерде қателесті» дейді. Осы оқиғадан кейін көп өтпей Әбу Ханифаға бір адам келіп: «Әй, пәленшенің баласы, Хасан қателесті деп жүрген сен бе?» деп ай-шайға қарамай айқайға басады. Сонда Әбу Ханифа сабырлы қалпын сақтай отырып «Хасан Басри қателесті, ал Ибн Мәсғуд дөп басты» деп әлгі кісінің сұрап келген мәселесін дәлелдерімен, тәптіштеп түсіндіріп береді. Иә, Әбу Ханифа көзі өткір зергердей ғалымдардың көзқарастарын салыстыра отырып, дұрыс шешім қабылдай алатын, талғамы биік, тағлымы мол ғалым еді.


[1]  Бас киім, тақия

 [2]  Бағдади, Тарихул-Бағдат, 13-т., 361-б.

 [3]  Курт, Ауни, Имам Ағзам Әбу Ханифа хайаты, Анкара, 32-б.

 [4]  әз-Зәхәби, Манақиб, 22-б.

 [5]  Хәйсами, Хайратул-хисан, 152-б.

 [6]  Мекки, Манақиб, 85-б.

 [7]   Самиәри, Ахбару Әби Ханифа уа асхабиһи, 34-б.

 [8]  Бұл да сонда, 23-б.

 [9]  әз-Зәхәби, Манақибу ибн Әби Ханифа, 17-б.

 [10]  Мекки, Хайратул-хисан, 40-б., Әбу Захра, 53-б.