100 шақты бала ата-анасына табысталды

#АрысБізБіргеміз. 100 шақты бала ата-анасына табысталды

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шымкент қаласы Ақмешіт мешітінде Арыс қаласындағы жарылыстың салдарынан жан сауғалып қашып келген жұрттың бірі ата-анасын, бірі балаларын, туған-туыстарын іздеп сабылып жүр. Мешіт алдында арнайы штабтың өкілдері өз жұмыстарын белсенді атқаруда. 

Арыс қаласы, Б.Момышұлы көшесі, №26 үйдің тұрғыны Нәзипа Ерназарбек үш баласымен мешітте күйеуі Жұмабай Сырманов пен 1994 жылы туған Ерболат Төленді іздестіріп жүр екен.

«Таңертең сағат 9-ға 15 минут қалған кезде жарылған дыбыстар шықты. Біз сол әскери бөлімге жақын тұрамыз. Балам мен немерелерім үйде ойнап отырған. Үйіміздің есік-терезесінің бәрі қирап қалды. Көршім Аружан «Әпке, қашыңыз, әскери бөлімде жарылыс болып жатыр» деді. Балаларды алып көшеге қарай қаштық. Алдымен сасқалақтап көршінің үйіне тығылдық. Күйеуім мен баламның қайда қалғанын білмеймін. Сыртқа шығып әр қораға барып жасырындық. Үйден не телефон, ақша, құжаттарымызды алуға мұршамыз болған жоқ. Барлық мүлкіміз ашық-шашық күйінде қалды. Итті де босатқан жоқпын. Мұның алдын әскери бөлімде осылай таңда, кешке снарятарды атып жататын. Біз сондай бір кезекті әскери жаттығу екен деп мән бермеген едік. Далада жұрттар абыр-сабыр, бір біріне қарап жатқан жоқ. Бәрі жан-жаққа жан сауғалап қашып жатыр. Содан 41-ші разьезге, одан Монтайтасқа жол-жөнекей көлікпен мініп келдік. Ал Ақтастан бір кісі Шымкент қаласына дейін көлігімен ала келді. Сол кісінің үйіне барып жуынып-шайынып сағат бестерде «Ақмешіт» мешітіне келдік. Үй, киім табылар, жан аман болсын. Осында күйеуім мен  баламды таба алмай отырмын», – деді зардап шегуші Нәзипа Ерназарбек. 

Осы кезде Нәзипа апаны немерелерімен бірге волонтерлар Шымкент қаласында тұратын туыстарына жетіп алу үшін көлік тауып берді.

«Нұр Отан» партиясының Шымкент қаласындағы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов «Ақмешіт» мешітіне Арыс қаласынан шамамен 6-7 мыңдай адамның келіп, туған-туыс, балаларын іздестіріп жатқанын айтты.

«Арыс қаласынан халықтың көпшілігі осы Шымкент қаласына келген. Жарылыс кезінде адамдар жан сақтау үшін өзінің көлігімен, кейбіреулер жүк көліктерімен т.б. бәрі қалаға қарай бет алған. ТЖ, әкімдік, полиция қызметкерлері балабақшадағы балаларды бөліп, арнайы көліктермен қауіпсіз аймақтарға алып шыққан. Бірақ олардың барлығы Шымкентке келмеген. Бадам, Монтайтас, Сарыағашқа дейін барған. Ата-аналар осында келіп балаларын іздеп жатыр. Себебі, кейбір балаларды басқа ауданға алып кеткен. Бізге келгендер туралы барлық мәліметті беріп жатырмыз. Оның ішінен балаларын таппай, жүректеріне қорқыныш ұялап жатыр. Біз оларға қорықпаңыздар, балалар жоғалған жоқ, оларды эвакуация жасады. Сіздерден барып рұқсат сұрауға уақыт болмаған деп түсіндіріп жатырмыз. Тіпті кейбір адамдар жол жөнекей ойнап жүрген балаларға жаны ашып, осында әкеліп тастап жатыр.  Біраз баланың ата-анасын тауып бердік. Бұл жерде жағдай бір күнде, бір сәтте шешілмейді. Халықты сабырға шақыру керек», – деді «Нұр Отан» партиясының Шымкент қаласындағы филиалының төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов. 

Оның айтуынша, ТЖ департаменті Түркістан облысы бойынша үлкен ақпараттар базасын жасақтап шықса дейді. Себебі, мешіттің алдына жиналған жұртшылық балаларын таппаса да, қай жерде екенін білгісі келеді. Сондай-ақ, Шымкент қаласы бойынша баратын жері, туған-туыстары жоқ Арыс қаласынан келгендерді 15 мектепке орналастырғалы жатқанын жеткізді.

«Түркістан облысы бойынша ТЖД  сайтында ма, чатында ма, арнайы парақшасында ма арнайы мәліметтер болу керек. Арыс қаласынан кеткен азаматтарды қай аудан қабылдап алды, сол ақпараттың жоқтығы қол-аяғымызға тұсау болып отыр. Мұнда келген ата-аналар балабақшаның атын айтады, ал біз ондай балабақша Шымкентте жоқ дейміз. Сонда олар қайда дейді. Оларда сондай қорқыныш бар, сондықтан осындай ұсыныстар беріп жатырмыз. Кейбіреулер баласын таппаған соң жандары тыныш таппай мешіттен кетпей жүр», – деді Б.Нарымбетов. 


«Ақмешіт» алдында микрофонмен табылған балалар мен іздестіріліп жатқандар үздіксіз  хабарландырылып жатыр. Тағы бір айта кететін жайт, әлі кішкентай сөйлей алмайтын табылған балаларды Шымкент қаласындағы №87 мектепке жеткізуде. Кешкісін мешіт әкімшілігі Арыстан келген тұрғындарға палау басып, тегін су, тамақпен қамтамасыз етті. Сонымен қатар, Шымкент қаласының біраз азаматтары жан сауғалап келген арыстықтарды өз үйіне қондыруға алып кетіп жатты. Волонтерлардың айтуынша, 100 шақты бала табылып, ата-анасымен қауышқан.

Жансая АЙТУҚЫЗЫ
Фото: автордан