الله الرحمن الرحيم الملك القدوس السلام المؤمن المهيمن العزيز الجبار المتكبر الخالق البارئ المصور الغفار القهار الوهاب الرزاق الفتاح العليم القابض الباسط الخافض الرافع المعز المذل السميع البصير الحكم العدل اللطيف الخبير الحليم العظيم الغفور الشكور العلي الكبير الحفيظ المقيت الحسيب الجليل الكريم الرقيب المجيب الواسع الحكيم الودود المجيد الباعث الشهيد الحق الوكيل القوى المتين الولى الحميد المحصى المبدئ المعيد المحيى المميت الحي القيوم الواجد الماجد الواحد الصمد القادر المقتدر المقدم المؤخر الأول الأخر الظاهر الباطن الوالي المتعالي البر التواب المنتقم العفو الرؤوف مالك الملك ذو الجلال والإكرام المقسط الجامع الغني المغني المانع الضار النافع النور الهادي البديع الباقي الوارث الرشيد الصبور
+7 (7222) 52-19-11

ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ БАСТЫ НАЗАРДА БОЛУ  КЕРЕК

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Семей өңіріндегі өкіл имамы, Семей қаласындағы орталық мешіттің бас имамы Мақсат қажы Алтыбаймен сұхбат.  

 

ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ БАСТЫ НАЗАРДА БОЛУ  КЕРЕК

 

–       Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының     аясында  2018 — «Ислам және отбасы» жылы  деп жарияланғаны баршамызға аян...

– Негізінде бұл бастаманы Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» жобасына орай ұйымдастырылып отырған үлкен шара деп білеміз

Осы ауқымды шараның аясында Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазіреттің тапсырмасы бойынша  «Неке және отбасы», «Жанұя жарасымы», «Ер мен әйелдің міндеттері», «Талақ айтудың әдебі», «Азаматтық некенің зардабы», «Қызтекелік – жаман қасиет», «Өзін-өзі өлтіру – тығырықтан шығар жол емес», «Қазақтың таным-түсінігі бойынша отбасы құндылықтары», «Жанұядағы әкенің рөлі», «Бала тәрбиесіндегі ананың рөлі», «Ойнастық жасау – отпен ойнау», «Бала тәрбиесінің мұсылмандық бастаулары», т.б. тақырыптар бойынша арнайы іс-шаралар өтеді.

«Отан — отбасынан басталады»  -деп  бекер айтылмаған ғой. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады"  - деген еді.

Расында, бала бірінші кезекте жанұяының тәрбиесімен бой түзейді.

Өкінішке орай кейбіреуіміз  күнкөрістің қамы деп бала тәрбиесін уыстан шығарып алдық. Жас жеткіншектерді ата-ана емес төрдегі теледидар мен интернет тәрбиелеп жатыр. Бұл өте қауіпті жағдай.  Біз көп жағдайда бар міндетті мектепке артып қоямыз.

Жасыратыны жоқ біз берер тағылымы мол ұлттық тәрбиемізден қол үзіп қалдық. Қазақи тәрбие ұят, обал, сауап деген ұғымға негізделетін. Осындай имани тәрбиелерді жаңғыртып, ұлттық тәрбиеміздің мәйегіне  қайта оралуымыз керек. Әрине  бұл ұлт алдындағы үлкен  жауапкершілік. Бұл арада  мемлекет, зиялы қауым,  дін қызметкерлері бірлесе жұмыс істегені абзал.

Неге тастанды  балалар көп?  Жас отбасыларының айырылысуы неге үдеп барады?.. Қоғамымызда осындай сауалдар көбейіп барады. Кезінде ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов: «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп бекер айтқан жоқ ғой.

Біз  болашақта іргелі ел боламыз десек,  ұрпақ тәрбиесіне айрықша көңіл бөлуіміз керек. Міне осы бағытта Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазіреттің бастамасымен осындай игілікті шара қолға алынып отыр. Әрине бұл бір жылдың шеңберінде шешімін табатын іс емес. Меніңше бұл Мүфтият тарапынан қоғамға, халыққа қозғау  салу үшін соғылып отырған үлкен дабыл.

Бірінші кезекте жас ұрпақ бойына ұлттық тәрбиені көбірек дарытуымыз керек. Біздің барлық ұлттық тәрбиелік құндылықтарымыз имани тәрбиемен сабақтас. Ел болашағын ойласақ, келешекте ұлттық және имани тәрбие беретін пәндерді мектеп бағдарламаларына кіргізуіміз керек сияқты.

– Отандық БАҚ-тар  жас отау иелерінің ажырасуы жиілеп  барады деп дабыл қағуда. Себебі не деп ойлайсыз?

– Қарттар үйлеріне өткізілген қарияларымыздың саны соңғы бес жылда 25 пайызға өскен. Олардың 40 пайызының туған балалары бола тұра, әлеуметтік мекемелердің босағасын аттауға мәжбүр болған. Жетімдер үйлеріндегі балалардың 62 пайызының әке-шешесі бұл өмірде бар екен. Ал әлем бойынша ажырасудан алғашқы ондықтың ішінде тұрмыз.

Ажырасу — ұлт болашағына төнген үлкен қатер. Елімізде әрбір үшінші неке ажырасуымен аяқталады.  Тек Семей өңірінде жыл сайын шамамен 1 500 отбасы ажырасады екен.  2016 жылы елімізде үйленгендердің ажырасуы 27 пайыз болса, көршілес Өзбек елінде 8 пайыз, ал Тәжікстанда 6 пайыз болған екен.

Мамандардың айтуынша некенің бұзылуына жастардың мінез-құлқы, әлеуметтік  жағдайы, перзент сүйе алмау, ата-ененің араға түсуі, отбасы алдындағы жауапкершілікті сезінбеу сынды себептер әсер етеді екен. Өмірде жиі кездесетін  ауыртпалықтарға   жастардың төзе алмауының басты себебі тағы сол тәрбиеден. Ал көршілес елдердегі отбасының тұрақтылық көрсеткішінің жоғары болуы   ұлттық тәрбиенің әлі де болса  басымдылық  алып отыруы деп ойлаймын.

Ата-бабаларымыз қыз тәрбиесіне ерекше мән беріп: «Қызға қырық үйден тыйым» — деген сөзді бекер айтпаған. Қыз бір елдің, бір рудың абыройы, намысы болған.

Соңғы жылдары кейбір бойжеткендеріміздің бойындағы жамандықтарды естіп, келеңсіз әңгімелерді  жиі тыңдап жүрміз. Жасыратыны жоқ, қыздар арасында оң жақта отырып, бала табу қалыптасқан әдетке айналып кетті. Бұған қыз да, ата-ана да қымсынбайды. Ажырасулардың салдарынан республика бойынша толық емес отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалар саны жылына 40 мыңнан асып отыр екен.

Бүгінгі қызымыз  – ертеңгі ұлт анасы. Сондықтан қыз бала  тәрбиесіне ұлттық тұрғыдан айрықша көңіл бөлу қажет.

– Асыл дініміз  жар таңдауда қандай  ұстаным ұсынады?

– Дініміз бен  ұлттық салт- дәстүріміз ұрпақ тәрбиесі жөнінде бір-бірімен үндес. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  хадисінде ата-аналарға: «Балаға бір мәрте көңіл бөліп, тәрбие беру – бір сағ көлемінде (бір сағ – 2120 граммға тең)  садақа бергенен де жақсы»,  - десе тағы  бір ұлағатты сөзінде:«Әкенің баласы үшін жақсы тәрбие беруден артық сыйы жоқ» — деген. Яғни  Ислам діні ізгі ұрпақ тәрбиелеуді басты орынға  қояады.

Дініміз қалыңдық таңдау кезінде бірінші кезекте бойындағы  имандылыққа айрықша көңіл бөлуге  шақырады. Алла Елшісі:«Әйелге төрт қасиетіне қарай үйленеді: оның дүниесіне, тегіне, сұлулығы мен діндарлығы. Сен әйелге оның діндарлығына қарай үйленуге тырыс.Сонда дүниедегі ең бай адам боласың» — деп иманды әйелді  алға шығарады. Ал хакім Абай бабамыз:

Жасаулы деп, малды деп байдан алма, 

 Кедей қызы арзан деп құмарланба. 

 Ары бар, ақылы бар, ұяты бар 

Ата-ананың қызынан ғапыл қалма, —  десе, Бұқар жырау:

Жаманнан қатын алсаңыз,

Топқа түсер ұл тумас..., дейді.

Ананың тектілігі, имандылығы дүниеге келетін  ұрпақ  үшін аса маңызды фактор болып табылады. Бабаларымыз: «Жігіттің жақсысы нағашыдан» — деп бекер айтпаған ғой. Тегі жақсы қалыңдық дүниеге текті ұрпақ әкеледі. Бұл қағида атам заманнан  қазақ қоғамында дәлелденген ақиқат. Жар таңдау кезінде оның байлығы,сұлулығы емес, бірінші оның тәрбиесіне көңіл бөлген абзал.

Алла Елшісі бір хадисінде: «Қоқсықта  өскен  қызыл гүлге қызықпаңдар!» деген екен. Осы сөздің мағынасын сұраған серіктеріне: «Айтпағым нашар ортада өскен әйел» — деп түсіндіріпті.

Жасыратыны бүгінгі жастардың арасында жар таңдауда қателесіп, опық жеп жататындар көп. Бірін — бірі көрмей интернет арқылы танысып, үйленгендерді де естіп жатырмыз. Тіпті кейбір телебағдарламалардан күйеуден күйеу  таңдап, астам сөйлеп жатқан бойжеткендерді көргенде бұларды кім тәрбиеледі? Ата- анасы,туған туысы қайда?- деген  қалың ойға қаласың. Қазақ дәстүрінде оң жақта отырған қызға «Қашан тұрмысқа шығасың? — деген сөзді айтудың өзі әбестік болған. Осындай бағдарламалар арқылы  шоу жасаймыз деп, ұлттық  болмысымызға зор нұқсан келтіріп жатқанын  бағдарлама авторларының өздері  түсінбейтін сияқты.

– Неке тазалығы жөнінде көп айтамыз. Азаматтық некеге дініміздің көзқарасы қандай?

– Неке тазалығы дініміздің бас ұстанымы болып табылады. Шариғат шарты бойынша некесі қиылмаған екі жастың жеке қалуына тыйым салынған. Ата – бабаларымыз да бұл  мәселеге ерекше мән берген. Жас аруды  жаман  аттан қызғыштай қорғап,  некесі қиылғанша екі жастың ортасында   қыздың жеңгесі жүрген екен.

Азаматтық некеге дініміз қарсы. Қолдамайды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының азаматтық некеге байланысты арнайы  пәтуасы бар.   

 Азаматтық некеде неке қиылмай ер мен әйел төсек қатынасына барады. Яғни,  бұл зина болып  саналады.   Ал зина шариғатта үлкен күнә болып есептеледі. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Зинаға мүлде жоламаңдар. Шын мәнінде, ол – анық арсыздық әрі ең жаман жол» («Исра» сүресі, 32-аяты) — деп   зинаның харам екендігін қатаң ескерткен.

АХАЖ бөлімінен  тіркеуден өтпеген  және мешітте некесі қиылмаған адамдардың жұптасуы заң бойынша және шариғат шарты бойынша заңсыз болып табылады. Бұларда ешқандай отбасылық жауапкершілік болмайды. Ұнамаса бір-бірін тастап жүре береді. Ал азаматтық некенің салдарынан дүниеге келген бала ойнастан туған болып есептеледі және шариғи тұрғыдан мұрагерлік, қамқорлық құқықтарынан айырылады.

Қорыта айтқанда, отбасылық құндылықтарымызды кеңінен дәріптеу бүгінгі өскелең заманның басты міндеттерінің бірі болып табылады. Жаһандану дәуірінде әр   ұлт өзін — өзі қорғамаса,  басқа бір алыптың  уысында кетері  хақ. Ал ұлттың басқадан  қорғану иммунитеті — ол ғасырлар бойы жинақталған  ұлттық құндылықтарын көздің қарашығындай сақтап, оны   өскелең ұрпақтың  бойына дарыту деп білемін.

Алла тағала ел тәуелсіздігін тұғырлы етіп,   ел болашағы  болатын  иманды ұрпақ нәсіп етсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

 

Сұхбатты жүргізген

Дәулет Тілеубердиев,

Семей қаласы.