БЕЛГІЛІ БАСЫЛЫМНЫҢ   РЕДАКТОРЫ Қазақстанның құрметті журналисі

Таяуда Қазақстан Журналистер одағы  дін тақырыбына қалам тартып  жүрген  белгілі  журналист, Шығыс Қазақстан облысына тарайтын «Ислам нұры» газетінің бас редакторы  Тілеубердиев Дәулетхан қажы  Рамазанұлын Қазақстан журналистикасына сіңірген  айрықша  еңбегі  мен  дамытуға қосқан қомақты  үлесі  үшін «Қазақстанның құрметті журналисі», – деген құрмет  белгісімен марапаттады.

Ұзақ жылдар отандық журналистика саласында қызмет етіп келе жатқан белгілі қаламгер еліміздегі салалық журналистиканың дамуына өзіндік үлесін қосып келеді.

Дәулетхан қажы Рамазанұлы 2000 жылдан бастап “Ислам нұры “ газетін шығарып, еліміздің шығысына  имандылық жолын насихаттауда. Бұл басылым бүгінде өзінің тұрақты оқырманы бар аймақтағы   танымал басылымдардың біріне айналып отыр.

Өңірдегі   ішкі саяси тұрақтылықты және қоғамдық келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін  ол бірнеше рет облыс әкімінің мақтау қағазымен және алғыс хатымен марапатталды.

         Сонымен қатар Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің Журналистика кафедрасының аға оқытушысы Тілеубердиев Дәулетхан Рамазанұлы ұзақ жылдар бойы  БАҚ саласына білікті маман дайындау ісіне  өзіндік  мол  үлесін қосып келеді.

Дәулетхан қажы Тілеубердиевті  қол жеткізген жетістігімен шын жүректен құттықтаймыз!

Алла тағала деніне саулық, отбасына амандық, шығармашылық табыс нәсіп етсін!

 Семей Қос мұнаралы орталық  мешітінің баспасөз қызметі.