«Қариясы бардың қазынасы» бар атты рухани кеш

Семей өңірі бойынша  ҚМДБ-ның жастар ісі бөлімі “Әйелдер-қыздар” секторы қарттар мерекесіне орай мешіт жанындағы сауат ашу курстарында білім алып жүрген ақ жаулықты аналарымызға арнап «Үлкенге құрмет… Қариясы бардың қазынасы бар» атты рухани кеш ұйымдастырды. Игі шара Семей қаласының Орталық мешіт хатымханасында өтті. Сауат ашу бөлімінің көнекөз  апаларына имандылыққа ұйысқан өскелең ұрпақ, ізгі тілектерін, жылы лебіздерін жеткізді. Семей аймағы бойынша өкіл имамы Алтыбай Мақсат Қуанышұлы  сөзімен ашылған кеште терме, ән айтылып, арнайы қойылым да көрсетілді. «Асыл дініміз Исламда үлкендерге құрмет көрсету ерекше маңызға ие. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Қандай да бір жасы үлкен кісіге құрмет көрсетсе, Алла оған жасы ұлғайғанда құрмет көрсететін адамды жолықтырады», – деген. Үлкендерге құрмет көрсетуде сөзімен де, ісімен де өзгеге өнеге қалдырған пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде: «Кішілерімізге мейірімді болмаған, үлкендерімізге құрмет көрсетпеген адам бізден емес», – деген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) адамдарға сусын не тамақ таратқанда алдымен үлкендерден бастауды бұйыратын. Дініміздің жанашыры Елбасымыз да қарттарға қамқорлық жасап, әлеуметтік көмек көрсетіп келеді. «Ата-ананың үміт-арманы баласымен бірге жасайды. Сол себепті олардың бар тілеуі перзенттерінің үстінде. Осындай ата-ананы сыйлау сәби шағыңда өзіңді олар қалай бағып-қақса, қартайғанда оларды да солай алақанға салып аялап, күту қандай ғанибет! Қазақ – «Төріңнен қарт кетпесін» деп тілеген халық. Қарттың бүгілген беліне сүйеу болу, үлкенді сыйлап, құрметтеу – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Сіздер жастар үшін қашан да арқа сүйер асқар таусыздар, жанашыр, ақылы дария ақылмансыздар! Олай болса, хадисте айтылғандай, ата-ананың баласына жасаған дұғасы қабыл. Еліміздің болашағы саналған жастарымызға, дінге қызмет етіп жүрген бауырларыңызға Алладан жарылқау тілеп, дұға жасап қойсаңыздар абзал болады. Алла тағала баршамызды жақсылықта жолықтырғай. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Осында отырған барша бауырларымды қазыналы қарттарымызға ұдайы құрмет көрсетуге шақырамын», – деді Мақсат Қуанышұлы. Иә, халқымызда: «Қарты бар үйдің қазынасы бар. Ақсақалы сиреген ауылдан ар-иман қашады», – деген қанатты сөздер бар. Өйткені, кез келген қазақ шаңырағындағы ата-ана өз баласын үлкендерді сыйлауға тәрбиелейтіні ақиқат. Жастарды осынау игілікке итермелеген «Әйел -қыздар» секторы ұйымдастырған  кештің мәні де маңызы да зор. Қарттарға құрмет көрсетуге арналған қойылым, шырқалған әндер көпшіліктің көзіне жас үйірді. Данара шәкірт қызымыздың орындаған «Ана туралы әні», Угулханның қызымыздың, қазағымыздың киелі домбырасымен айтқан теремесі де көп ой салды. Аталар мен әжелерді құрметтеуге үндейтін өлең де оқылды. Әулеттің ұйытқысы, ағайын- абысындардың бірлігін, татулығын сақтайтын сыйлы анасы, кейінгі жастардың, келіндердің тәрбиешісі әрі ақылгөйі әжелеріміздің атынан Мешітіміздің Шәкірті Матайбаева Бану апа ақ тілегін  білдіріп, осындай ізгі амалдарға себеп болып отырған Бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлына, қолдап отырған өкіл имамға және осы ізгі шараны атқарып отырған ұстаздарына алғысын айтты. Іс-шара соңында ақ жаулықты аналарымызға арнайы сыйлық үлестіріп, дастархан жайылды.

 Семей Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі.