الله الرحمن الرحيم الملك القدوس السلام المؤمن المهيمن العزيز الجبار المتكبر الخالق البارئ المصور الغفار القهار الوهاب الرزاق الفتاح العليم القابض الباسط الخافض الرافع المعز المذل السميع البصير الحكم العدل اللطيف الخبير الحليم العظيم الغفور الشكور العلي الكبير الحفيظ المقيت الحسيب الجليل الكريم الرقيب المجيب الواسع الحكيم الودود المجيد الباعث الشهيد الحق الوكيل القوى المتين الولى الحميد المحصى المبدئ المعيد المحيى المميت الحي القيوم الواجد الماجد الواحد الصمد القادر المقتدر المقدم المؤخر الأول الأخر الظاهر الباطن الوالي المتعالي البر التواب المنتقم العفو الرؤوف مالك الملك ذو الجلال والإكرام المقسط الجامع الغني المغني المانع الضار النافع النور الهادي البديع الباقي الوارث الرشيد الصبور
+7 (7222) 52-19-11

Қазақ күресінен ҚМДБ жүлдесі Айбек Нұғымаровқа бұйырды (ФОТО)

«Дәулет» спорт кешеніне жиылған жанкүйер қауымның жүрегін дүбірлетіп, жамағаттың делебесін қоздырған V Республикалық турнир бүгін өз мәресіне жетті. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған 39 балуан бүгін боз кілем үстінде намысы мен қайратын қатар сынға салып, дүбірлі доданың көрігін қыздырды. Бірінен-бірі айла-тәсілін асырып, дүйім халық алдында шеберліктерін көрсете білген палуандар жамағаттың ризашылығын тудырып, ыстық ықыластарына бөлене білді.

Еліміздің барлық аймақтарынан бас қосқан апайтөс, атан жілік жігіттердің арасынан қарсыласын қапы қалдырып, жауырыны жер иіскемеген семейлік Айбек Нұғымаров ҚМДБ жүлдесі үшін ұйымдастырылған V Республикалық турнир жеңімпазы атанып, бас жүлде «Қажылық жолдамасын» жеңіп алды. Айта кетейік, сайыстың биылғы шарты бойынша палуанның бапкеріне де қазақ күресінің дамуына сіңірген еңбегі үшін қажылық жолдамасы беріліп отыр.

Төрешілер шешімі бойынша турнирдің жүлделі ІІ-орны Солтүстік Қазақстан облысының палуаны Мұхит Тұрсыновқа бұйырды. 39 палуанның ішінен тек Айбек Нұғымаровқа қана есе жіберген палуан мен оның бапкеріне «Кіші қажылық жолдамасы» берілді.

Ал, ІІІ-орын жүлдегеріне тиесілі «Сарыағаш» емдеу-сауықтыру орталығының жолдамасы Қызылорда қаласынан келген Исағабылов Мақсатқа бұйырды. Палуанның бапкеріне де шипажайға жолдама тарту етілді.

Сондай-ақ, жамағаттың ерекше ықыласына бөленген Шымкент қаласының палуаны Шамшидинов Қайсар «Көрермен көзайымы» атанып, жаттықтырушысымен бірге атаулы сыйлыққа ие болды.

Сайыс жеңімпаздарын марапаттап, спорт саласындағы еңбектеріне жеміс тілеген ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз ұлттық қазынамыз Қазақ күресін халық арасында кеңінен насихаттауда осындай шаралардың маңызы айрықша екенін атап өтті.

Айта кетейік, жеңімпаздарға үлкен қажылық және ұмра қажылық жолдамасына «Нұр-Қазақстан», «Tawaf travel», «Хидаят нур», «Хикмет» қажылық компаниялары демеушілік жасап отыр.