الله الرحمن الرحيم الملك القدوس السلام المؤمن المهيمن العزيز الجبار المتكبر الخالق البارئ المصور الغفار القهار الوهاب الرزاق الفتاح العليم القابض الباسط الخافض الرافع المعز المذل السميع البصير الحكم العدل اللطيف الخبير الحليم العظيم الغفور الشكور العلي الكبير الحفيظ المقيت الحسيب الجليل الكريم الرقيب المجيب الواسع الحكيم الودود المجيد الباعث الشهيد الحق الوكيل القوى المتين الولى الحميد المحصى المبدئ المعيد المحيى المميت الحي القيوم الواجد الماجد الواحد الصمد القادر المقتدر المقدم المؤخر الأول الأخر الظاهر الباطن الوالي المتعالي البر التواب المنتقم العفو الرؤوف مالك الملك ذو الجلال والإكرام المقسط الجامع الغني المغني المانع الضار النافع النور الهادي البديع الباقي الوارث الرشيد الصبور
+7 (7222) 52-19-11

ҚМДБ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ МЕКЕМЕСІНІҢ КӨЗДЕГЕН МАҚСАТЫ НЕ?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өзінің сан-салалы қызметі аясында негізгі төрт бағыт бойынша жұмыстарға басымдық береді. Соның бірі – қайырымдылық.

Ержан қажы Малғажыұлы Бас мүфти лауазымына тағайындалған соң қазақ балаларын оқытып, оларды отаншылдық, патриоттық, имандылық бағытта тәрбиелеу мәселесін көтерді. Ол үшін облыс орталықтарынан қайырымдылық мекемелерін ашу қажеттігі туындады...

«Шын мәнінде, амалдар ниетке байланысты. Расында, адамға ниет еткені тиесілі», – деген тағылымды хадис бар. Жақсы ниет жақсылыққа жетелейді екен. Қайырымды жандардың демеушілігімен Ақтау қаласында тұңғыш рет қайырымдылық мектебі ашылды. Ресми атауы – «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Ақтау» Қайырымдылық жеке мекемесі».

Республика деңгейінде қызмет атқаратын «Ақтау» Қайырымдылық мекемесі әлеуметтік, қайырымдылық, мәдениет, білім, қоғам игілігі үшін өзге де ізгі мақсаттарды жүзеге асырады. Айта кететін жайт, бұл – қайырымды адамдардың ерікті мүліктік жарналары негізінде құрылған коммерциялық емес ұйым.

Мекеме өз қызметінде ҚР Конституциясын, Азаматтық Кодексін, «Коммерциялық емес ұйымдар туралы», «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы», «Баланың құқығы туралы», «Білім туралы», «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңдарын, сонымен қатар аталған мекеме туралы Діни басқарманың шешімімен қабылданған Жарғыны басшылыққа алады.

Қайырымдылық мекеме қызметінің негізгі мақсаттары мен міндеттері мыналар: жеке тұлғаны имандылыққа, адамгершілікке, ұлттық салт-дәстүрге сай тәрбиелеу, баланың ғылымға, өнерге, әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, шығармашылық қабілетін дамыту, оларды патриотизмге баулу, тәрбиеленушінің денсаулығын нығайтып, салауатты өмір салтын қалыптастыру, оларды зиянды әдеттерден (маскүнемдік, нашақорлық, зинақорлық, темекіге әуестік, ұрлық, т.б.), қайырымдылық шараларын ұйымдастыру, діни-ағарту жұмыстарын жүргізу, Ислам негіздерін үйрету, діни оқу орындарына талапкер дайындау, баланың өмірге және өзіне деген сенімін арттыру,елімізде отбасылық құндылықтарды насихаттау, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға әлеуметтік-рухани көмек көрсету, жетім балаларды әлеуметтік қолдау, т.б.

Мекеменің ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы қатысып: «Бүгін біз тариxи сәттің куәгері болып отырмыз. Мен бұл күнді көптен бері күткенімді жасырмаймын. Еліміз бойынша тұңғыш рет Ақтау қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты Қайырымдылық мекемесі ашылып отыр. Ең бірінші Қайырымдылық мекемесінің бұл өңірде ашылуының өзіндік мәні мен мағынасы бар деп есептеймін. Өйткені, Маңғыстау өңірі кешегі ел үшін ерлік көрсеткен батыр бабаларымыздың ізі қалған қасиетті жер. Алла қаласа, мұндай мекемені өзге де облыстардан ашуды жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті.

«Ақтау» Қайырымдылық мекемесі бір мезетте 50 шәкіртті қабылдай алады. Ғимаратта дәрісханалар, 3 қызметтік пәтер, қонақ үй, шәкірттердің жатын орындары, тәрбиешілер бөлмесі бар. Өткен жылы жаз мезгілінде 12 мен 16 жас аралығындағы 40 бала оқуға қабылданды. Оларға тек діни дәрістер ғана беріліп қоймай, математика, көркем әдебиет, Ислам тарихы, Қазақстан тарихы пәндері оқытылып, қысқаметражды мультфильмдер де көрсетіледі. Сонымен қатар спорттық ойындар ұйымдастырылады. Ғимарат Маңғыстау облыстық орталық мешітінің ауласында орналасқан.

«Біз ең бірінші баланы адамгершілік пен толеранттылыққа тәрбиелеп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге баулимыз. Мұқтаж адамдарға көмек көрсетуге үйретеміз. Өйткені, жастайынан тәрбиеленген бала өскенде өзгеге өнеге көрсете алады. Адам баласы жастық шақта ақпаратты, білімді өзінің бойына тез сіңіріп алады. Бұл сәтті ата-аналар жіберіп алмауы керек. Дәрістер Діни басқарма бекіткен сабақ кестесі бойынша жүргізіледі. Бекітілген пәндерден бөлек балалар үшін мәдени, рухани, спорттық іс-шаралар да ұйымдастырылады. Қатысушылар арасында әлеуметтік тұрмысы төмен, көпбалалы отбасынан шыққан балалар мен жетімдер де болды», – дейді «Ақтау» Қайырымдылық мекемесінің директоры, ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы Смайыл қажы Сейітбеков.

Халқымызда: «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», – деген нақыл сөз бар. Тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыдан шыққан өскелең ұрпақ осы Қайырымдылық мекемесінде білім алып, рухани дүниетанымын байытуда. Олар тамақпен тегін қамтамасыз етіледі. Барған бала әрі демалады, әрі рухани азық алады. Оның бойына имандылықпен қоса Отанға деген құрмет, сүйіспеншілік құндылықтары егіледі.

Қайырымдылық мекемесінің қоғамға тигізер бірнеше пайдалары бар. Атап айтқанда:

Біріншіден, жастарды жақсылыққа, ізгілікке, қайырымдылыққа тәрбиелеудің мол мүмкіндігі ашылады.

Екіншіден, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына материалдық қолдау көрсетіледі.

Үшіншіден, елімізде мемлекетшіл, иманды жастар тобы қалыптасады.

Төртіншіден, Қайырымдылық мекемесінің түлектерін жұмыспен қамту, олардың таңдаған мамандықтары бойынша оқуға түсіру мәселелері қарастырылады.

Бесіншіден, дені сау, көкірек көзі ашық ұрпақ сабақтастығы жалғасады.

Алтыншыдан, хадисте: «Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген пенде», – деп айтылғандай, ең бастысы халыққа пайдасын, шарапатын тигізетін адам саны артады.

Өресі биік, пайымы кең, салмақты, байыпты, иманды ұрпақ ұлттың ұлы мақсаты мен мұратын орындауға үлкен үлес қоспақ.

Елбасы кезекті Жолдауында ұрпақты ұлтжандылыққа, өз бетімен ізденуге тәрбиелеу қажеттігін атап өтті. Бұл – аса маңызды іс.

Біздің қоғамға өз ісінің майталман маманы, иманды, жанашыр, дәстүрлі құндылықтарды құрметтейтін парасатты жастар қажет. Білім мен көркем мінезді, ар мен ұятты өз бойына ұялатқан адам елдің игілігі үшін ерен еңбек етпек.

Осынау мақсаттарды көздейтін Қазақстан мұсылмандары діни басқарамсына қарайтын Қайырымдылық мекемелері болашақта қоғамға мол пайдасын тигізеді деген үміттеміз.

 

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,       

ҚМДБ Баспасөз бөлімінің меңгерушісі