الله الرحمن الرحيم الملك القدوس السلام المؤمن المهيمن العزيز الجبار المتكبر الخالق البارئ المصور الغفار القهار الوهاب الرزاق الفتاح العليم القابض الباسط الخافض الرافع المعز المذل السميع البصير الحكم العدل اللطيف الخبير الحليم العظيم الغفور الشكور العلي الكبير الحفيظ المقيت الحسيب الجليل الكريم الرقيب المجيب الواسع الحكيم الودود المجيد الباعث الشهيد الحق الوكيل القوى المتين الولى الحميد المحصى المبدئ المعيد المحيى المميت الحي القيوم الواجد الماجد الواحد الصمد القادر المقتدر المقدم المؤخر الأول الأخر الظاهر الباطن الوالي المتعالي البر التواب المنتقم العفو الرؤوف مالك الملك ذو الجلال والإكرام المقسط الجامع الغني المغني المانع الضار النافع النور الهادي البديع الباقي الوارث الرشيد الصبور
+7 (7222) 52-19-11

ҚМДБ: МЕШІТ ІШІНДЕ ТӘРТІП САҚТАУ ТУРАЛЫ ҮНДЕУ

Бүгінде қоғамда жат ағым өкілдерінің белсенділігі, олардың құлшылық орындарда бүлік тудыру фактілерінің көбеюі байқалады. Әсіресе, қазақ елі үшін он ғасырдан астам уақыт бойы дәстүрлі жол болып қалыптасқан Ханафи мәзһабын мойындамайтын, көпшілік мұсылмандармен бірге болғысы  келмейтін, ұлттық салт-дәстүрмен санаспайтын, елдің ауызбіршілігіне нұқсан келтіретін салафилік-уахабилік ағымының идеологиясы еліміздің тыныштығына қауіп төндіруде.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) Ислам дінінің сүнниттік бағытын, оның ішінде имам Әбу Ханифа мәзһабын ұстанады. Мұсылман үмбетінің басым көпшілігіне ортақ сенім ұстанымдары мен шариғат шарттарын уағыздайды. Сенім, иман мәселелерінде имам Матуриди ақидалық мектебінің жолын ұстанады (І Республикалық имамдар форумында қабылданған «Қазақстан мұсылмандарының Тұғырнамасы», 1.1).

Негізінде суниттер фиқһта (шариғат құқығында) Ханафи, Шафиғи, Ханбали, Малики мәзһабтарынан құралады. Ал, ақидада (сенім тұрғысынан) Матуриди және Әшғари мектептерінің қағидаларын басшылыққа алады. Бұл екі мектепті де ұстанатындардың қағидалары мен жолдары бір. Яғни, Құран Кәрім мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне амал етудегі бағыттары, пікірлері бір жерден шығады.

Қазіргі кезде әлемдегі сүннит мұсылмандардың жартысынан көбі (шамамен 53%) Ханафи мәзһабын ұстанады және Матуридилік мектептің ғұламалары бір жүйеге келтірген сенім негіздерін басшылыққа алады. Атап айтқанда, Қазақстан және Орталық Азия елдері, Түркия, Балқан түбегі, Қытай, Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан, Ресейдің Татарстан, Башқұртстан мұсылмандары және Египет, Ливан сияқты бірнеше араб елдеріндегі мұсылмандардың басым көпшілігі Матуридилік мектептің ғұламалары бір жүйеге келтірген иман негіздерін ұстанатын – ханафилер. Әсіресе, бұл жүйе түркі халықтары арасында көбірек таралған.

Осы тарихи тұғырымызды ескерген Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2012 жылғы жолдауында дін мәселесінің қоғамымызда қаншалықты өткір тұрғандығын айта келе: «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатын сүнниттерміз...» деп, сүнниттік бағыттағы Ханафи мәзһабы, Матуриди сенім мектебінің Қазақ елінің рухани ынтымағындағы маңыздылығын атап өткен болатын.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешіттерде ханафи мәзһабының ережелерін сақтамай, жат ағымның жолындағы жоралғыларды жасайтын, имамға қасарыса қарсыласатын, жамағаттың шырқын бұзатын жат пиғылдылардың әрекетін дұрыс санамайды.

Алланың үйінде отырып, жамағат арасында алауыздық тудыратындар –  мешіт тәртібіне бағынғысы келмейтін, Әбу Ханифа мәзһабы мен салт-дәстүрімізді мойындамайтын, мемлекеттік құқықтық нормаларды сақтамайтын, қоғамда қалыптасқан зайырлы құндылықтарды құрметтеймейтін жат ағымның жетегінде жүрген азаматтар екенін айта кету керек. Имамның сөзі мен мешіттің тәртібіне бағынбай, «әмин» сөзін дауыстап айтатын салафилік-уахабилік бағытты ұстанатын азаматтардың жоғарыда атап өткен бүлікке бастайтын әрекеттерін айыптаймыз.

Ислам діні ел ішінде бейбіт өмірдің сақталуына, халықтың ауызбіршілігінің беріктігіне үлкен мән береді. Сондықтан әлем ғұламалары қай елде қай мәзһаб басымдылыққа ие болса, сол елдің мұсылмандарына сол мәзһабты ұстану міндет болатыны туралы бір ауыздан пәтуаласқан (иджмағ). Сондықтан, әрбір мешітке келуші елімізде Ханафи мәзһабы дәстүрлі ислам жолы екенін ескеріп оның қағидаларын берік сақтауға тиіс.

Асыл дініміз тәртіп сақтауға көп көңіл бөлген. Оны мешіт ішінде жамағатпен оқылатын намаздың талабынан байқауға болады. Әнәс ибн Мәлік жеткізген Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Саптарыңызды түп-түзу етіңіздер, намаздың толық болуы – саптың түзулігіне байланысты» (Бұхари және Муслим), – деген хадисі мешіт ішіндегі тәртіптің қатты сақталу керектігін  меңзеген.

Мүфтият Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен, сонымен қатар жер-жердегі жамағаттың ҚМДБ-ға жолдаған арнайы өтініш-тілектерін ескере отырып, «ҚМДБ мешіттерінің ішкі тәртіп ережесі» құжатын дайындап, аталған Ережені Ғұламалар кеңесінің XIV-отырысында қабылдады. Аталған құжаттың қабылдануы қазіргі заманның, қоғамның, мешітке келуші жамағаттың талабынан туындап отыр. Мұндай құжат корпоративтік этика ретінде кез келген өркениетті мекемеде бар.

Аталмыш құжаттың 1.4. бабында: «Мешіт жамағаты (бес уақыт намазға қатысушы, уағыз тыңдаушы, сауат ашу, Құран курстарының шәкірттері, жеке мәселеде келушілер) мешіттің ішкі тәртібінде қарастырылған барлық міндеттемелерге бойұсынуға міндетті», – делінген.

ҚМДБ орталық аппараты жамағатты «ҚМДБ мешіттерінің ішкі тәртіп ережесі» құжатындағы талаптар мен ережелерді сақтауға, құрмет етуге шақырады. Құжаттың кез келген бабы бойынша тәртіп бұзып, мешіт ішіндегі тыныштықты кетіріп, теріс әрекет жасаушылар мен оларды қолдаушылар заң алдында жауап беретінін ескертеді.

Сонымен қатар, жамағатты Абу Дардадан жеткен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жамағатпен бірге болыңдар! Өйткені, бөрі бөлінгенді жейді (Имам Термизи, Әбу Дәуіт, Нәсәий, Байһақи сунандарында, Ибн Хиббан, Ибн Хузайма сахихтарында, Хафизул-Хаким мустадрагында риуаят еткен дұрыс хадис)», – деген өсиетіне мән беріп, адасқан ағымдардың арбауына түспеуге үндейді.

Muftyat.kz