Құрбан айт қарсаңында имамдар бас қосты

Семей қала имамдары «Қос мұнаралы» орталық мешітінде бас қосып, қасиетті Құрбан айт мерекесіне дайындық аясында мәжіліс өткізді. Әрине, ондағы бір ғана мақсат – күллі мұсылмандардың ұлық мерекесі Құрбан айт мейрамын жоғары әрі халықтық деңгейде атап өтуге ат салысу.

Жиын барысында ҚМДБ-ның Семей аймағы бойынша өкілі, «Қос мұнаралы» орталық мешітінің бас имамы Алтыбай Мақсат қала мешіттерінің ішкі-сыртқы тазалығына аса көңіл бөлуді, мейрам қарсаңында сенбілік жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, бұқара халықтың ынтымағын арттыратын мерекелік шаралар ұйымдастыру, құрбан еттерін тізім арқылы жағдайы төмен отбасыларға тарату және өзге де қайырымдылық шараларын өткізу жүктелді.

Қала имамдары құрбан айтқа деген дайындықтарын айта келе өз ұсыныстарын ортаға салды.

Сонымен қатар, күн тәртібінде қайырымдылық, сауат ашу, уағыз-насихат және жат ағымның алдын-алу, «Мектепке жол» акциясы секілді маңызды мәселелер де талқыланды.

Семей Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі.