Өскеменде тегін «Имам» такси! (ФОТО)

Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің баспсөз қызметі

Бірнеше күннен бері қатты аяз Өскемен қаласының тұрғындарының жүріс-тұрысына аса қиындық келтіріп тұр. Осыған байланысты ҚМДБ Өскемен аймағы өкілдігі қала тұрғындарын тегін тасымалдайтын «Имам» такси жобасын іске қосты.

«Қатты аяздың салдарынан Өскемен қаласындағы қоғамдық көліктердің жүрісі қиындап, қала тұрғындарының жұмысқа келіп – кетуіне айтарлықтай қиындықтар туындап отыр. Сондықтан адамдар суыққа тоңып қалмас үшін өкілдіктен «Имам» таксиді ұйымдастырып отырмыз. Имамдарымыз халықты таңертең және кешке тегін тасымалдап, қызмет көрсетуде» деп атап өтті, Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің наиб имамы Дәулет Қабидолдин.

Ол сонымен қатар осынау аса сауапты іс суықтың беті қайтқанша жалғасады деп жоспарлап отырғандықтарын жеткізді.

Қазіргі таңда облыстық «Халифа Алтай» мешіті және Өскемен қалалық мешіттердің имамдарымен қызметкерлерінен құралған 20-дан астам көлік қала тұрғындарын тасып, тегін қызмет көрсетуде.

Қала халқы көңілге жылылық ұялатып, адамдарды ізгілікке жетелейтін игілікті шара жасағаны үшін ұйымдастырушыларға шынайы алғыстарын білдіруде.