Семей халқы Наурыз мерекесін тойлауда

      Білекте күш, ойда жігер жинаған қазақ атты қайсар елдің ата дәстүріне сіңген ұлық мерекелердің бірі – Наурыз мейрамы. Көктем шуағымен мамырлап елімізге береке әкелген мезгіл айтулы ұлтты ұйыстырған Әз Наурыз мерекесімен тағы да бұқараның басын біріктірді. Баршаның аузы аққа тиетін уақыты да осы мезгілге сай келеді.

     Халқымыз үшін ерекше дəстүрлі Наурыз мерекесін Семей аймағы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен жылдағы дәстүр бойынша орталық алаңда киіз үй тігіп, үлкен деңгейде тойлады. Халыққа арнайы кұрылған киіз үйге дастархан жайылып, келген қонақтарға Семей қалалық мешіттерінің арнайы дайындаған бір қазан ет, екі қазан палау, 200 литр  наурыз көжелер ұсынылды.

       Семей жұртшылығын ҚМДБ – ның Семей аймағы бойынша өкіл имамы Алтыбай Мақсат Қуанышұлы Наурыз мерекесімен құттықтап: “Баршаларыңызға Наурыз мерекесі құтты болсын! Алла Тағала əрқайсымыздың отбасымызға бақыт, береке беріп, жылдан жылға аман қауышуымызды нəсіп еткей. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болып, тілеген дұға-тілектеріміз қабыл болсын. Артымыздан өсіп келе жатырған ұрпақтарымыз салиқалы болып, тəуелсіз Қазақ елінің көк туын желбірете берсін” деген тілегін білдірді.

Семей Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі.