Семейде Құрбан айт намазы оқылып, мерекелік шаралар өткізілді фото

Семей қаласындағы «Қос мұнаралы» орталық мешітінде Құрбан айт намазын оқуға келген халықтың көптігі соншалық, құлшылық ордасының атшаптырым ауласында иін тірескен жұрттың арасынан ине шаншар орын табылмады.  ҚМДБ – ның Семей аймағы бойынша өкілі Қос мұнаралы орталық мешітінің бас имамы Алтыбай Мақсат Қуанышұлы ең алдымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазіреттің Құрбан айт мерекесіне арналған құттықтауын жеткізді. «Ұлық мереке-Құрбан айт»  тақырыбымен мазмұнға толы уағыздар мен Құрбан айттың қасиеттері мен айтта орындайтын ізгі амалдарды кеңінен түсіндіріп айтып өтті.   Құрбан айт намазы оқылып,  құран бағышталды. Құрбан айт намазынан кейін құрбандыққа мал шалынды.

 Құрбан айтты Семей аймағына қарасты қала, аудан  мешіттері ұлттық нақышта атап өтті.

Ұлық мерекені ұлттық құндылықтарымызбен байланыстыра насихаттау мерекенің кеңінен халықтық сипат алуына үлкен әсер берді. Мешіт ауласында арнайы балалар ойнауға  арналған батут құрылды, және  ұлттық спорт ойындарынан сайыстар ұйымдастырылды. Бесін намазынан кейін арқан тарту, гір тасын көтеру, қол күрес сынды спорт ойындарына келген жамағат белсене қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Жиынға қатысқан Өкіл имам өз сөзінде Құрбан айт құрметіне арнайы  өткізіліп жатқан спорт сайысын ұйымдастырудағы негізгі міндетіміз жастардың, ұлы мейрамға деген құрметімен сүйіспеншілігін ояту, асыл дініміздің адамның жанын-тәнін саламаттылыққа тәрбиелейтін өнегесін көрсету. Пайғамбарымыз хадисінде: «Балаларыңды, суға жүзуге, садақ атуға, балуандық күрес өнеріне тәрбиелеңдер», – деген ұлағатты өсиеті бар. Дүркіреп өткен бұл сайыстар да өз мәресіне жетті. Өкіл имам барша қатысушыларға құрметпен алғыс білдіріп, дүбірлі додада көптің арасынан  суырылып шыққан жеңімпаздарға арқан тарту ойыны бойынша бірінші орынға 15 000 теңге, гір тасын көтеру, қол күресі,  асық ойнау, ләңгі тебу ойыны бойынша бірінші орын алғандарға 10 000 – 5000  теңге ақшалай жүлделер табыс етілді.

Құрбан айт – барша мұсылман бауырларымыз асыға күтетін ұлық мереке. Бұл – Алла разылығы үшін мал шалынып, ақ түйенің қарны жарылатын күн. «Өзіңе тілеген жақсылықты басқаға да тілемейінше, шынайы мұсылман бола алмайсың», «Көршісі аш кезде өзі тойып түнеген адам – бізден емес», – деген хазреті Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың хадистері барша мұсылмандарды бір-біріне жанашырлықпен қамқорлық жасауға, қиналғандарға көмектесуге, тұрмысы төмендерге қарайласуға, өзара мейірімді болуға шақырады.

  Жарыс соңынан «Құрбан айт қабыл болсын» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Бұл шараға қаламыздың 300 дей кемтар, мүгедек, көп балалы отбасы төмен жанұяларға құрбандыққа шалынған малдың еттері және азық түлік таратылып берілді.

Семей Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі.