الله الرحمن الرحيم الملك القدوس السلام المؤمن المهيمن العزيز الجبار المتكبر الخالق البارئ المصور الغفار القهار الوهاب الرزاق الفتاح العليم القابض الباسط الخافض الرافع المعز المذل السميع البصير الحكم العدل اللطيف الخبير الحليم العظيم الغفور الشكور العلي الكبير الحفيظ المقيت الحسيب الجليل الكريم الرقيب المجيب الواسع الحكيم الودود المجيد الباعث الشهيد الحق الوكيل القوى المتين الولى الحميد المحصى المبدئ المعيد المحيى المميت الحي القيوم الواجد الماجد الواحد الصمد القادر المقتدر المقدم المؤخر الأول الأخر الظاهر الباطن الوالي المتعالي البر التواب المنتقم العفو الرؤوف مالك الملك ذو الجلال والإكرام المقسط الجامع الغني المغني المانع الضار النافع النور الهادي البديع الباقي الوارث الرشيد الصبور
+7 (7222) 52-19-11

ҮНЕМШІЛДІКТІҢ ПАЙДАСЫ | жұма уағызы

 

الْحَمْدُ لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالْعَاقِبَةُ لِلْمُتَّقِينَ، وَلَا عُدْوَانَ إِلَّا عَلَى الظَّالِمِينَ، وَأَشْهَدُ أَنْ لَا إِلَهَ إِلَّا اللهُ، وَحْدَهُ لَا شَرِيكَ لَهُ، لُهُ الْمُلْكُ وَ لَهُ الْحَمْدُ، وَهُوَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ قَدِير،وَأَشْهَدُ أَنَّ سَيِّدَنا وَحَبِيبَنَا وَشَفِيعَنا مُحَمَّدًا صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ  ، وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ، وَمَنْ سَارَ عَلَى نَهْجِهِ، إِلَى يَوْمِ الدِّينِ،

Сүлеймен пайғамбар (ғ.с.) жайлы аңызда, пайғамбар (ғ.с.) бір құмырысқадан белінің неге сонша жіңішке екенін сұрайды. Сонда құмырсқа: «Бұл менің қанағатшыл, үнемшілдігімнің белгісі» деп жауап береді. Оны қалай дәлдейсің дегенде: «Бидайдың бір дәнін бір жыл азық етем», – дейді. Сүлеймен пайғамбар әлгі құмырысқаны бір түйір бидай дәні салынған қыш құмыраның ішіне қамап қояды. Бір жылдан кейін құмыраның аузын ашса,  құмырысқа дәннің жартысын ғана жепті. Бұның қалай десе: «Мені ұмытып кетсеңіз, тағы бір жылға жететіндей үнемшілдік жасағаным ғой» деп жауап берген екен.

Осы бір оқиғада исі мұсылман баласы үшін бүкіл өміріне жетерлік тағылым жатыр. Хикметке толы аңызда адам баласының өмірінде үнемшілдіктің қаншалықты орын алатыны айқын көрсетілген.

Ысырап – дүние-мүлікті адамгершілік (муруәт) тұрғысынан жөнсіз жұмсау деген мағынаны білдіреді. «Муруәт» деген сөз пайдалы болу, жақсы амал жасау дегенді білдіреді. Шектен шыққан ысырап харамға апарады.

Қазақ халқы: «Жақсылық жасауда ысырап жоқ, ысырапта жақсылық жоқ» деген. Бұл нақылдағы «жақсылық жасауда ысырап жоқ» дегеннің сыры: мал дүниені жақсы амалдарға жұмсаса ысырап болмайтыны айтылған. Мысалы, мектеп, жол, көпір салу, жетім-жесірге көмектесу сияқты ізгі амалдар жасауда ысарап жоқ. Ал, «ысырапта жақсылық жоқ» деген сөздің сыры: жиған-тергеніңді, уақытыңды, күш-қуатыңды, іс әрекетіңді шектен тыс шашу, рәсуа ету, пайдалы болмайтындай іске жұмсау деген сөз.

Алла Тағала Құранның «Әнғам» сүресінің, 141- аятында:

وَهُوَ الَّذِي أَنْشَأَ جَنَّاتٍ مَعْرُوشَاتٍ وَغَيْرَ مَعْرُوشَاتٍ وَالنَّخْلَ وَالزَّرْعَ مُخْتَلِفًا أُكُلُهُ وَالزَّيْتُونَ وَالرُّمَّانَ مُتَشَابِهًا وَغَيْرَ مُتَشَابِهٍ ۚ كُلُوا مِنْ ثَمَرِهِ إِذَا أَثْمَرَ وَآتُوا حَقَّهُ يَوْمَ حَصَادِهِ ۖ وَلَا تُسْرِفُوا ۚ إِنَّهُ لَا يُحِبُّ الْمُسْرِفِينَ

«Ол сондай Алла аспалы және аспасыз бақшаларды, құрма ағаштарын, түрлі жемісті, өсімдіктерді, зәйтін және анарды бір-біріне ұқсаған, ұқсамаған түрде жаратқан. Әрбірі жеміс берген кезде, жемісінен жеңдер. Оны жиып алған күнде құшырын беріңдер; Ысырап етпеңдер. Күдіксіз Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді»[1]– деп Жаратушы Иеміз ысырап етпеуге шақырады.

Ислам дінін берік ұстанған халқымыз әр нәрсенің қадірін бағалай білген. Ата-бабаларымыз: «Барға қанағат, жоққа сабыр» деген өсиетті өмірлік бұлжымас ұстаным етіп алған. Алла Тағаланың берген ырыздық, несібесін қанағат етіп, қолындағы барын аз болса уайымдамай, көп болса тасымай өмір сүрген.

Хәкім Абай: «...Еріншек, бекер мал шашпақ, бес дұшпанды көрсеңіз...», — деп үнемсіздікті дұшпан екенін түсіндіреді. Мал шашушыларды яғни үнемсіздікті сынай отырып, оны адамның бес дұшпаны деп білген. Қазақтың данасы Абай атамыз ысырапшылдықты өтірік, өсек мақтаншақтық сияқты ең жаман әдет деп ұққан. Өйткені, үнемшілдік пен ысырапшылдық ислам дініндегі тыйымдардың бірі.

Ислам дінінің құндылықтары мен тыйымдары қоғамдық қарым-қатынас теңдігі, мемлекеттің тұстастығы, бірлігі үшін өте маңызды. Өйткені, дініміздің фикһ саласында қарастырылған тыйымдар Алла Тағаланың адамзат баласының болмысына сай белгілеп берген ережелері. Сондықтан, асыл дініміздің шектеулері мен тыйымдарының астарында біз біле бермейтін қоғам үшін аса қымбат құндылықтар жатқаны сөзсіз.

Ислам діні адам баласының өмірін жан-жақты қарастырып, әлеуметтік, экономикалық мәселелерді кең көлемде қарастырған. Үнемшілдік, шектен шықпау, ысырап жасамау сияқты әдептер жеке адамның немесе отбасының кедейшілік пен таршылықта болмауы үшін қажетті қағидаттар.

Бұл туралы пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен салауаты болсын) хадисінде:

مَنِ اقتصَد أغناه اللهُ

«Үнемдеген кісіні Алла байытады»[2]– деген.  Демек, қолында барын үнемдей білген адам ешкімге қолжайып мұқтаж болмайды, отбасын толық қамтамасыз ете алады. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен салауаты болсын) айтқан осы бір өсиетінің астарында хикмет бар.

Шектен тыс ішіп-жеу экономикалық тұрғыдан ысырапшылдық болса, ал заманауи медицина адам денсаулығы үшін өте зиян екенін дәлелдеп берді. Тоя тамақтану адамның жан-дүниесін кеселді дерттерге шалдықтыратынын дін ғалымдарыда айтқан. Демек, үнемі тоя тамақтанып жүру адамды күпірлік, ғапылдық сияқты жаман қасиеттерге апарады. Әрі жаттау қабілетін әлсіретіп, ұйқышылдық, жалқаулық, ғапылдық, т.б. жаман әдеттерге жол ашады.

Сондықтан,  Құран Кәрімнің «Ағраф» сүресі, 31-аятында:

كُلُواْ وَاشْرَبُواْ وَلاَ تُسْرِفُواْ إِنَّهُ لاَ يُحِبُّ الْمُسْرِفِينَ

«Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап қылмаңдар. Шындығында, Алла Тағала ысырап қылушыларды сүймейді»[3], – деп әмір етілген.

Отбасындағы үнемшілдік өте маңызды. Өйткені үнемшілдікпен отбасына береке келеді. Үнемшілдік кілті әйелдің қолында. Азды көп ететін, көпті берекелі ететін әйел. Отбасында үнемделмейтін нәрсе болмайды. Отбасында тұтынатын қажеттіліктің бәрі үнемделсе ғана жалпы үнемшілдік орнайды. Тамақ қана үнемделіп, ыстық су немесе электр жарығы, киім-кешек киюде т.б. үнемделмейтін болса, ол үнемшілдік болмайды.

Сондықтан, үнемшілдік пен қанағатшылдық бір-бірімен байланысты. Қанағат болған жерде ғана үнемшілдік болады.

Адамзаттың асылы пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен салауаты болсын) бір хадисінде:

وَعَنْ جَابِرٍ — رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ — قَالَ : سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ — صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ — يَقُولُ : طَعَامُ الْوَاحِدِ يَكْفِي الِاثْنَيْنِ ، وَطَعَامُ الِاثْنَيْنِ يَكْفِي الْأَرْبَعَةَ ، وَطَعَامُ الْأَرْبَعَةِ يَكْفِي الثَّمَانِيَةَ 

«Бір адамға арналған ас екі адамға, екі адамға арналған ас төрт адамға, төрт адамға арналған ас сегіз адамға да жетеді»[4], деп қанағатшылдық пен үнемшілдікті дәріптеген.

Дінімізде қанағатшылдық тәрбиесі өте көп айтылады. Барға қанағат етіп, көп болса, ысырапшылдыққа салынбауды, аз болса тарылып сараңдыққа берілмеу керектігін насихаттайды. Алла Тағала қасиетті Құранның «Исра» сүресі, 29-аятында:

وَلَا تَجْعَلْ يَدَكَ مَغْلُولَةً إِلَىٰ عُنُقِكَ وَلَا تَبْسُطْهَا كُلَّ الْبَسْطِ فَتَقْعُدَ مَلُومًا مَحْسُورًا

«Қолыңды мүлде мойныңа байлаулы қылма да бүтіндей ашпа (өте сараң болма да бір-ақ берме). Онда сөгіске ұшырап, таршылықта қаласың»[5],– деп әрқашан орта жолмен жүру керектігін айтқан.

Осы жолда адам баласын адастырмайтын құндылық үнемшілдік. Ал, үнемшіл болу үшін қанағатшыл болу керек. Қанағатшыл болу үшін нәпсілік қалауды тия білу міндет. Нәпсіні тыю үшін сабыр қажет. Ал, сабырлылық мұсылманның ең көркем мінезі. Ізгілік жаршысы пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен салауаты болсын):

 الصَّبرُ نصفُ الإيمانِ

«Сабыр — иманның жартысы»[6], – дейді. Осы жерден үнемшілдік пен имандылықтың қаншалықты байланысты екенін көреміз. Демек, ислам дінінде барлық нәрсенің жауабы толық қамтылған. Әр ісімізді имандылықпен байланыстыра білсек қоғамда да, отбасында да кемелдік пен теңдік болады.

Асыл дінімізде өмірдің барлық саласы мен сатысында үнем жасау талап етіледі. Дін ғалымдары жамандықтан құтқаратын нәрсе үнемшілдік деп айтқан. «Құтқаратын үш нәрсенің бірі – бар кезде де, жоқ кезде де, байлықта да, кедейлікте де үнемдеушілік», – деп өсиет қалдырған.

Бірде Алла Елшісі (Алланың оған игілігі мен салауаты болсын) дәрет алып жатқан Саад бин Әби Уаққастың жанынан өтіп бара жатып:

«أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مَرَّ بِسَعْدٍ وَهُوَ يَتَوَضَّأُ فَقَالَ : مَا هَذَا السَّرَفُ يَا سَعْدُ ؟ قَالَ : أَفِي الْوُضُوءِ سَرَفٌ ؟ قَالَ : نَعَمْ ، وَإِنْ كُنْتَ عَلَى نَهْرٍ جَارٍ

 «Әй, Саад! Өзен жағасында дәрет алып жатсаң да, ысырап етпе!»[7]деп ескерткен.

Қоғамда жастарымыздың материялдық жағдайына қарамай тапқан ақшасына мейлінше қымбат киім киіп, бағалы дүние алып, тұрмысы мен руханиятына мән бермей жатады. Ислам діні жақсы киім киінгенді де құптайды. Дегенмен, отбасының жағдайына қарамай      бар тапқанына шетелдік киімдерді сатып алу – ысырапшылдықтың басы. Алла Тағала бұл туралы қасиетті Құранның «Ағраф» сүресінің, 26-аятында былай дейді:

يَا بَنِي آدَمَ قَدْ أَنزَلْنَا عَلَيْكُمْ لِبَاساً يُوَارِي سَوْءَاتِكُمْ وَرِيشاً وَلِبَاسُ التَّقْوَىَ ذَلِكَ خَيْرٌ ذَلِكَ مِنْ آيَاتِ اللّهِ لَعَلَّهُمْ يَذَّكَّرُونَ

«Ей, Адам ұрпақтары! Сендерге ұятты жерлеріңді жабатын киім түсірдік әрі сәндік киімдерді де. Ал, тақуалық киімі (Ибн Касир мұны ізгі амалдар деп түсіндіріледі) – қайырлы. Бұл олардың еске алуы үшін Алланың белгілерінен», – деп ескертеді.

Бүгінде кредитке киім алып, қарызға той жасау сияқты ысырапқа апаратын әрекеттер әдетке айналып бара жатыр. Зәулім үйлер салу, қымбат көліктер міну, тіпті смартфон қолданудағы бәсекелестік бізге үнемшілдікті ұмыттырып жібергендей. Осындай үнемсіздік өсімі көп қарыздарды жылдап төлеуге себеп болуда. Осы бір жаман әдетіміз өзіміз үшінде,  қоғам үшінде үлкен кесел, қатер десе де болады.  Құранда Алла Тағала шектен шығу мен ысырап ету туралы былай деп ескертеді.

وَلَا تُطِيعُوا أَمْرَ الْمُسْرِفِينَ * الَّذِينَ يُفْسِدُونَ فِي الْأَرْضِ وَلَا يُصْلِحُونَ

«Шектен шыққан азғындарға бойұсынбаңдар, олар – есіл-дерті жер бетінде лаң салумен бүлік шығаруды көздейтіндер және түзету, жөнге салу дегенді білмейтіндер»[8], – делінген.

Бұл туралы Ибн Аббас мұсылман баласына тағылымды өсиет айтқан: «Кімде кім бір дирхамды бостан босқа жұмсайтын болса онда ысырап қалған болады», – деп айтқан.

Дінімізде қажетсіз, маңызсыз нәрселерді істеуге рұқсат етілмеген. Мысалы, қағазды бостан босқа жыртып, шимайлау ысырап және әбестік. Қағазды шимайлау арқылы бір емес, бірнеше сырап жасаймыз. Бірінші, уақытымыз кетеді, екінші, еңбек жұмасаймыз, үшінші, күш-қуатымызды сарп етеміз, төртінші, қағазымызды құртамыз, бесінші, қаламның сиясын бітіреміз. Сондықтан, асыл дініміз маңызды, пайдалы нәрсемен шұғылдануға үйретеді. Бұл жағдай сараңдықты білдірмейді. Егер дүниедегі барлық адамдардың босқа өткізген уақыты, күш-қуатын есептейтін болса, дүниеде аштықта жүрген, ауырып жатқан миллиондаған адамның қажетін өтеуге болар еді.

Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен салауаты болсын) сахабасы Омар Ибн Хаттаб өз ұлына: «Әй, ұлым! Тамақты қарының тойғанша жеме, киімің тозбайынша тастама, Алла берген ризықты тек тамағы мен киіміне жұмсаған қауымнан болма»,– деп барша мұсылманға үлгі боларлық өшпес өсиет айтқан екен.

Ислам дінімізде сараңдықтың ысыраптан көбірек жамандалуы ысырап сараңдық сияқты жаман емес деген сөзді білдірмейді. Сараңдықтың ең үлкен зардабы адамды мал-мүлік жинауға құнықтырады. Ал, ысыраптың қияметтегі сұрауы жайлы пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен салауаты болсын) былай деп түсіндіреді:

لا تَزُولُ قَدَمَا عَبْدٍ يَوْمَ الْقِيَامَةِ حَتَّى يُسْأَلَ عَنْ أَرْبَعٍ عَنْ عُمْرِه فِيما أَفْناهُ وَعَنْ جَسَدِهِ فِيما أَبْلاهُ وَعَنْ عِلمِهِ ماذا عَمِلَ فيهِ وَعَنْ مَالِهِ مِنْ أَيْنَ اكْتَسَبَهُ وفيما أَنْفَقَهُ

«Қияметте барлық адамдар мына төрт сұраққа жауап бермейінше есептен құтыла алмайды:

1) Өмірін қалай өткізді?

2) Ілімімен қалай амал етті?

3) Мал-мүлкін қайдан қалай тапты және қайда жұмсады?

4) Денесін қайда шаршатты, қайда тоздырды?»[9]

Сондықтан, ысырап та етпеу керек, қатты таршылық та етпеу керек. Бұлардың ортасында болу керек. Мұны «үнемділік» деп айтады. Жомарттық дегеніміз де мал-мүлкін үнемдеп қолдану деген сөз. Алла Тағала жомарттарды мақтағанда «Фурқан» сүресінің, 67-аятында:

وَالَّذِينَ إِذَا أَنْفَقُوا لَمْ يُسْرِفُوا وَلَمْ يَقْتُرُوا وَكَانَ بَيْنَ ذَٰلِكَ قَوَامًا

«Олар мал сарып қылғанда, ысырап та қылмай, сараңдық та істемей, осы орталықта тұрады»[10], – деп жомарттықты адамзатқа үлгі етеді.

Ысыраптың көлемі аз болсада зияны үлкен. Кіші деп санаған нәрселерді біріктіргенде біз ойлағананда үлкен сандар шығады. Тұрмыс-тіршілікте қолданатын «судыңда сұрауы бар». Краннан ағып тұрған судың ауызы дұрыс жабылмаса минутына он тамшы су бекерге ағады екен. Бұл айына 170 литр суды ысырап етеміз деген сөз.

Тарихтың талай ауыр белестері мен күрделі замандары елімізді қолында барын үнемдеп жұмсауды үйретті. Халқымызда ысырапқа байланысты «Тарта жесе тай қалар, қоя жесе қой қалар» деген нақыл сөздері пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен салауаты болсын) өсиеті мен Құран аяттарымен астарласып жатыр. «Жаманнан жарты қасық ас қалар» деп ыдысыңдағы астың өзін шақтап тұтынуды ұрпақ санасына сіңіріп, Жартқаннан пана тілеп отырған.

Алла Тағала әлсіз жаратылған адамзат баласының дүниеде жасаған кемшіліктері мен ағаттықтары үшін кешірім сұрап, Жартқанның мейірімінен күдер үзбеуі керектігі туралы Құранның «Зумәр» сүресінің, 151, 152 аятында былай дейді:

قُلْ يَا عِبَادِيَ الَّذِينَ أَسْرَفُوا عَلَىٰ أَنْفُسِهِمْ لَا تَقْنَطُوا مِنْ رَحْمَةِ اللَّهِ ۚ إِنَّ اللَّهَ يَغْفِرُ الذُّنُوبَ جَمِيعًا ۚ إِنَّهُ هُوَ الْغَفُورُ الرَّحِيمُ

(Мұхаммед Ғ.С.): «Әй өздеріне зиян қылған құлдарым! Алланың рахметінен күдер үзбеңдер. Алла біртұтас күнәларды жарылқайды. Өйткені, Ол тым жарылқаушы, ерекше мейірімді де»[11]– деп мейірім мен кешірімнен үміт үзбеу керектігін айтқан.

Сондай-ақ, біз пенде болған соң орынсыз әрекеттер жасаймыз. Мейірімді Алла Тағала сол кемшіліктеріміз үшін кешірім сұраудың жолында көрсетіп берген.  «Әл Имран» сүресінің, 147-аятында:

«Раббымыз! Күнәларымызды, ісіміздегі орынсыздықтарымызды кеше көр әрі табанымызды мықтап, кәпір қауымға қарсы жәрдем бер», – деп үнемі жәрдем тілеп жүруді бұйырған.  

Исламға дейін келген барлық діндерде Алла Тағала жаман әдеттерден болған ысырапқа қатаң тыйым салған. Дініміздің бос, әбес, харам нәрселерге, ысырапқа тыйым салуының астарында адамзат баласының бақыты, әділетті ғұмыр кешуінің сыры жатыр.

Уағыздан алынар тағылымдар:

  • Алла ысырапшылдарды жақсы көрмейді;
  • Үнемшілдік береке кілті;
  • Үнемшілдікте орта жолды ұстану;
  • Нағыз парасатты адам уақытын үнемдей білген адам;

Демек, өмірдің әрбір сәтінде үнемшілдік жасау – ол біздің жеке өмірімізге қажет пайғамбарлық өнегеден алған құнды үлгі. Тіпті, тәуелсіз еліміздің экономикасын дамытып, бай да, қуатты мемлекетке айналуымызға жасалған ізгі қадам болары анық.

اللَّهُمَّ لَا تَدَعْ لَنَا ذَنْبًا إِلَّا غَفَرْتَهُ وَلَا هَمَّا إِلَّا فَرَّجْتَهُ وَلَا دَيْنًا إِلَّا قَضَيْتَهُ وَلَا حَاجَةً مِنْ حَوَائِجِ الدُّنْيَا وَالْآخِرَةِ إِلَّا قَضَيْتَهَا يَاأَرْحَمَ الرَّاحِمِينَ *

رَبَّنَا آتِنَا فِي الدُّنْيَا حَسَنَةً وَفِي الْآخِرَةِ حَسَنَةً وَقِنَا عَذَابَ النَّارِ وَصَلَّى اللهُ عَلَى سَيِّدِنَا وَنَبِيِّنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ الأَخْيَارِ وَسَلَّمَ تَسْلِيمًا كَثِيراً.

 

 


 

 

[1] Әнғам сүресі, 141-аят.

[2] Кәшфул әстар кітабында Баззардан келген хадис.

[3] Ағраф сүресі, 31-аят.

[4] Муслим хадистер жинағы

[5] Исра сүресі, 29-аят.

[6] Нәсәи хадистер жинағы

[7] Байхақи хадистер жинағы

[8] Шұғара сүресі, 151-152 аяттар.

[9] Тирмизи хадистер жинағы

[10] Фурқан сүресі 67-аят.

[11] Зумар сүрсі, 151-152 аяттар.