الله الرحمن الرحيم الملك القدوس السلام المؤمن المهيمن العزيز الجبار المتكبر الخالق البارئ المصور الغفار القهار الوهاب الرزاق الفتاح العليم القابض الباسط الخافض الرافع المعز المذل السميع البصير الحكم العدل اللطيف الخبير الحليم العظيم الغفور الشكور العلي الكبير الحفيظ المقيت الحسيب الجليل الكريم الرقيب المجيب الواسع الحكيم الودود المجيد الباعث الشهيد الحق الوكيل القوى المتين الولى الحميد المحصى المبدئ المعيد المحيى المميت الحي القيوم الواجد الماجد الواحد الصمد القادر المقتدر المقدم المؤخر الأول الأخر الظاهر الباطن الوالي المتعالي البر التواب المنتقم العفو الرؤوف مالك الملك ذو الجلال والإكرام المقسط الجامع الغني المغني المانع الضار النافع النور الهادي البديع الباقي الوارث الرشيد الصبور
+7 (7222) 52-19-11

Әбдімүтәліп Дәуренбеков: ҮНЕМШІЛ МҰСЫЛМАН – ТИЯНАҚТЫ МҰСЫЛМАН

Үнемшілдік – сараңдық деген ұғымды білдірмейді. Керісінше, ысырапшылдыққа, жөнсіз бәсекелестікке  жол бермейтін, әр нәрсенің қадіріне жетуін талап ететін қасиет. Құран Кәрімде:

كُلُواْ وَاشْرَبُواْ وَلاَ تُسْرِفُواْ إِنَّهُ لاَ يُحِبُّ الْمُسْرِفِينَ

«Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап қылмаңдар. Шындығында, Алла Тағала ысырап қылушыларды сүймейді[1]», – делінген.

Жалпы мұсылман адам бүгінгі таңда төрт түрлі жағдайда: ішіп-жегенде, киінгенде, үй-жай салғанда және уақыт жұмсағанда үнемшіл болуы қажет.

1.Ас ішкендегі үнемшілдік.

Қазақ мақалында «Тарта жесең – тай қалар, қоя жесең – қой қалар» дегендей, артық тамақ ішпеу туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адам асқазанынан асқан қатерлі ыдыс толтырмаған. Әлбетте, кісіге өзін еркін алып жүруі үшін біршама тамақ жетеді. Алайда, адамның тойып жеуі қажет болса, онда асқазанының үштен бірін тамақтануға, үштен бірін суға, үштен бірін тыныс алу үшін бөлсін», – дейді.

Сондай-ақ, тағы бір хадисте: «Бір адамға арналған ас екі адамға, екі адамға арналған ас төрт адамға жетеді», – деп, үнемшілдіктің үлкен нығмет екенін ескертеді.

Дініміз әмір еткен әрбір амал-әрекеттің белгілі мақсат-мүддесі бар. Сол амалды орындауда ниеттің орны айрықша. Тамақтану да сол секілді. Егер нәпсі қалауына тойтарыс бере алмай, тойып тамақтансаңыз, ол – сізге зиян. Ал, бойыма қуат болсын деп Пайғамбар (с.ғ.с.) өсиет еткен мөлшермен ауқаттанар болсаңыз, өзіңізді жеңіл әрі еркін сезіне түсесіз. Сондықтан, тамақтанудың ең басты мақсаты – нәпсіні тойдыру емес. Аллаға деген құлшылығымызды еркін жасауға жеткілікті мөлшерде болғаны жөн.

Адамзаттың алдында тұрған қатерлердің бірі – олардың тоя тамақ ішу мүмкіндігі, яғни аштықтың белең алмауы. Екінші тағы бір мәселе ысырапшылдықта болып тұр. Өйткені, ресми статистика бойынша жылына 90 000 000 тонна ас қоқысқа лақтырылады екен. Жердегі тіршілік иесінің бір бөлігі ішерге ас таппай жатса, екінші бір топ «тойып секіріп жүр».

БҰҰ мәліметтері бойынша күніне 24 000-нан астам адам аштық әсерінен көз жұматын көрінеді. Бір қызығы, БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының 2013 жылғы баяндамасында Орталық Азия аймағындағы ең семіз адамдар – қазақтандықтар деп көрсетілген.

Баяндама деректеріне қарағанда, Қазақстандағы ересек адамдардың 24,4 пайызы – семіздік дертіне шалдыққан. Ұйым сарапшылары: «Үш миллионға жуық қазақстандықтың немесе елдің әрбір төртінші тұрғынының артық салмағы бар», – деп есептейді.

Семіздік – адамды жұмысқа деген ынтасын жойып, жалпы өмірге деген құлшынысын жоғалтады. Егер адам өмір бойы ең жақсы және пайдалы тамақпен қоректенетін болса, денсаулығы мықты және көңілі шаттыққа толы болмақ. Осы арада адамның тамақ ішу мөлшерін білуі және көп жеуден бас тартуы да өте маңызды мәселе.

2.Киім киюдегі үнемшілдік

Адам баласы өзінің әуретті жерлерін жасырып, тартымды көріну үшін түрлі киім үлгілерін киеді. Бұл – адамның ойлап тапқаны емес, әлемдердің Раббысының бұйрығы. Құранда:

يَا بَنِي آدَمَ قَدْ أَنزَلْنَا عَلَيْكُمْ لِبَاساً يُوَارِي سَوْءَاتِكُمْ وَرِيشاً وَلِبَاسُ التَّقْوَىَ ذَلِكَ خَيْرٌ ذَلِكَ مِنْ آيَاتِ اللّهِ لَعَلَّهُمْ يَذَّكَّرُونَ

«Ей, Адам ұрпақтары! Сендерге ұятты жерлеріңді жабатын киім түсірдік әрі сәндік киімдерді де. Ал, тақуалық киімі (Ибн Касир мұны ізгі амалдар деп түсіндіріледі) – қайырлы. Бұл олардың еске алуы үшін Алланың белгілерінен[2]», – деп бұйырылыған. Сонымен қатар:

يَا بَنِي آدَمَ خُذُواْ زِينَتَكُمْ عِندَ كُلِّ مَسْجِدٍ وكُلُواْ وَاشْرَبُواْ وَلاَ تُسْرِفُواْ إِنَّهُ لاَ يُحِبُّ الْمُسْرِفِينَ

«Ей, адам ұрпақтары! Әрбір сәжде жасайтын орында көрікті (киімдеріңді) киіңдер. Жеңдер, ішіңдер, ысырап етпеңдер. Ақиқатында, ол ысырап етушілерді жақсы көрмейді[3]», – делінеді. Хадисте Алланың көркем екені және көркемдік пен әсемдікті жақсы көретіні де аталады. Сүннетке сай әдемі киіну – тәкәппар болу емес.

Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннетінде жаңа киімді алғанда, ескісін міскіндерге таратып беру бар. Біздің сөре толы киім жинауымыз – сүннетке жат нәрсе. Оның киімі өте аз болатын, кейде сахабалармен алмасып киетін болған. Оның әдебінде тек қолда бар киімді ғана кию еді. Жәбир ибн Абдулла (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Бір көрпе – ер адам үшін, бір көрпе – әйелі үшін, үшіншісі – қонақ үшін, ал төртіншісі – шайтан үшін[4]», – деп айтқанын жеткізеді.

Ол (с.ғ.с.) барлық жағынан, тіпті киім киюде де қарапайым болатын, тәкәппарлыққа жол берушілерді қайтаратын. Хадисте былай келеді: «Егер кімде-кім дүниеде атаққа жету үшін киім киетін болса, Алла оны Қиямет күні қорлайды[5]». Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте: «Пайғамбар (с.ғ.с.): «Бір кісі иығына түскен шашына және екі шекпеніне сүйсініп келе жатқан кезде оны жер жұтып кеткен. Енді ол Қиямет болғанға дейін жерге тереңдеп бата береді[6]», – деп айтқан.

Сүннет бойынша, әйелдер мен ерлердің киімдерінің түсінде, пішінінде ұқсастықтары болмауы қатты қадағаланады. Басқалай болған жағдайда, періштелер лағынет айтатын болады. Алла Елшісі (с.ғ.с.) ер адамдарға жібек киюге тыйым салды. Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.): «Алла Елшісінің (с.ғ.с.): «Жібек кимеңдер, өйткені оны бұл дүниеде киген адам Ақыретте кимейді», – деп айтқанын естідім[7]». Керісінше, әйел затына жібек пен алтыннан жасалған әшекей бұйымдарын тағуға рұқсат берілген.

Өзін көрсету және «міне, менде бар» деген мақтаныш мақсатында жақсы, сәнді киіну харам саналады. Хадис шәріпте:  «Сәнденуден қашу – иманнан[8]»;

«Алла Тағала қарапайым киім киінген адамды жақсы көреді[9]»;

«Сән және мақтану үшін киген киімін үстінен шешпейінше, Алла Тағала оған мейірім етпейді[10]»;

Демек, өзін көрсетіп мақтан үшін киіну – харам, ал мұсылмандықтың абыройына дақ түсірмеу үшін сәнді де таза киіну – мубах.

Киім ескі болса да таза болуы керек. Хадис шәріпте: «Уа, Айша, мына екі киімді жу. Киімдер тәсбих ететінін білмеуші ме едің? Кірленсе, тәсбих етулері тоқтайды[11]», – деп айтылған.

Маңызды лауазымда отырған немесе маңызды бір кісінің алдына кіретін адамның сәулетті, таза киім киетіні белгілі. Ал, Алла Тағаланың құзырына шыққан кезде тазалыққа бұдан да көбірек мән беру керек! «Әр намазды оқығанда сәнді, таза және жақсы көретін киімдеріңді киіңдер!» деген аят пен «Әдемі иіс – қайғыны, әдемі, таза киім қасіретті азайтады» деген хадиске мойынсұнуға тырысу керек. Ескі болса да таза киім кию керек![12].

3.Үй салудағы немесе тіршіліктегі қажетті, күнделікті өмірдегі үнемшілдік.

Әнастан (р.а.) жеткен хадисте: «Адамдар бір-біріне мешіттерімен мақтанбайынша, ақырзаман болмайды[13]», – десе және бір хадисте: «Адамдар мешіттерімен мақтанатын болады және мешітке аз баратын болады. Олар мешітте жасалған әшекейлермен мақтанатын болады[14]». Бұл хадисті де Әнас бин Малик (р.а.) риуаят еткен. Ал, Ибн Аббас (р.а.) болса: «Сендер яһудейлер мен христиандар тәрізді мешіттеріңді безендіретін боласыңдар[15]», – деген риуаят келтіреді.

Әбу Дардадан (р.а.) жеткен хадисте: «Егер сендер мешіттерді әшекейлеп, Құран парақтарын безендіре бастасаңдар, бастарыңа бәле келеді[16]», – деп айтылған.

4.Уақытты үнемдеу.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде:

لَا تَقُومُ السَّاعَةُ حَتَّى يَتَقَارَبَ الزَّمَانُ، فَتَكُونُ السَّنَةُ كَالشَّهْرِ، وَالشَّهْرُ كَالْجُمُعَةِ، وَتَكُونُ الْجُمُعَةُ كَالْيَوْمِ، وَيَكُونُ الْيَوْمُ كَالسَّاعَةِ، وَتَكُونُ السَّاعَةُ كَالضَّرَمَةِ بِالنَّارِ

«Қиямет белгілерінің бірі – уақыттың қысқаруы, білімнің жойылуы, бүліктің шығуы, ашкөздіктің етек алуы», – деген. Хазіреті Омардың (р.а) жеткізген хадисінде:

عَنْ أَمَارَتِهَا قَالَ أَنْ تَلِدَ الْأَمَةُ رَبَّتَهَا وَأَنْ تَرَى الْحُفَاةَ الْعُرَاةَ الْعَالَةَ رِعَاءَ الشَّاءِ يَتَطَاوَلُونَ فِي الْبُنْيَانِ

«...Қиямет уақыты жақындағанда күң өзінің қожайынын туады және жалаңаяқ, жалаңаш қой соңындағы кедейлер биік-биік ғимараттар салуда өзара жарысқа түседі», – деген. Бұл көріністі барлық елдерден байқауға болады.

Хадиске мағына берген ғұламалар: «Қиямет жақындағанда бұзықтық және рухани азғындау кеңінен жайылады. Балалар ата-аналарын тыңдамай, қарсы келушілер көп болады. Тіпті, ата-аналарына қожайындары қол астындағы құлдарына қалай мәміле жасаса, сол секілді қарым-қатынас етеді. Атқарылатын міндет қолынан іс келмейтін қабілетсіздерге тапсырылады. Адамдардың қолында мал-мүлік көбейеді, молшылық, сән салтанат, ысырапшылдық артады, адамдар биік үйлер салып, бір-бірімен жарысқа түседі», – деген.

Жастық шақ – өмірдің ең құнды кезеңі. Адамның дені сау, қуатты болатын дәуірі. Бұл уақыт күн өткен сайын азайып, күш-қуаты әлсіреп, кәрілікке жақындауда. Ең құнды, ең қажетті іс болған Алла Тағаланы тану және Оның разылығына, сүйіспеншілігіне қауышуды кәрілік шаққа қалдырған адамға обал болсын! Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ертең істеймін деген адам алданды», – деген. Алла Тағала адамдар мен жындарды Өзін тану және разылығына, сүйіспеншілігіне қауышу үшін жаратқан.

Уақыт өткір қылыш секілді. Ертеңге дейін өмір сүретініміз де белгісіз. Маңызды болған істерді бүгін жасау керек, маңызды болмағандарды ертеңге қалдыру керек. Ақылды адам осылай жасайды.

Қорыта айтқанда, адамға берілген уақыт шектеулі. Сонымен бірге, адам баласының қолындағы ең құнды дүние де уақыт. Уақытты сарп етіп алтын табуға, ал алтынды жұмсап уақытты табу мүмкін емес екені әмбеге аян. Бұл баға жетпес қолдағы уақытты ерекше тиімді, аса жақсы түрде өткізуге тырысу қажет. Имам Шафиғи: «Уақыт өткір қылыш секілді. Сен оны кеспесең, ол сені кеседі. Біз уақытты айыптаймыз. Алайда, айып бізде. Егер уақыт сөйлей алғанда, ұялғанымыздан қашатын жер, кіретін саңлау таппай қаларымыз анық», – деген екен.

Ысырап пен сараңдықтың ортасы үнемшілдік немесе жомарттық екені белгілі. Хадис шәріпте: «Күн көрісте үнемдеу – пайғамбарлықтың жиырмадан бірі[17]», – делінген.

Расында, шариғат қағидаларында қанағатшылдық жөнінде үнемі айтылып, ескертіліп отырады. Әрқашан барға қанағат етуге, көп болса, ысырапшылдыққа салынбауға үндейді... Аз болса, тарылып сараңдыққа ұрынбауды насихаттайды. Осы екі ортадағы адастырмайтын жол – үнемшілдік.

Әбдімүтәліп  Дәуренбеков,
ҚМДБ-ның Ақтөбе облысының өкіл имамы

 

[1] «Ағраф» сүресі, 31-аят
[2] Аъраф, 31-аят
[3] Аъраф сүресі, 26-аят
[4] Муслим
[5] Ибн Мажа
[6] Муслим
[7] Муслим
[8] Ибн Мажа
[9] Байһақи
[10] Табарани
[11] Ибн Асакир
[12] М. Раббани, Әдәб-үд-дунийа, Бостан
[13] Ахмад
[14] Бұхари
[15] Бұхари
[16]Хәким, Тирмизи
[17] Әбу Дәуід