الله الرحمن الرحيم الملك القدوس السلام المؤمن المهيمن العزيز الجبار المتكبر الخالق البارئ المصور الغفار القهار الوهاب الرزاق الفتاح العليم القابض الباسط الخافض الرافع المعز المذل السميع البصير الحكم العدل اللطيف الخبير الحليم العظيم الغفور الشكور العلي الكبير الحفيظ المقيت الحسيب الجليل الكريم الرقيب المجيب الواسع الحكيم الودود المجيد الباعث الشهيد الحق الوكيل القوى المتين الولى الحميد المحصى المبدئ المعيد المحيى المميت الحي القيوم الواجد الماجد الواحد الصمد القادر المقتدر المقدم المؤخر الأول الأخر الظاهر الباطن الوالي المتعالي البر التواب المنتقم العفو الرؤوف مالك الملك ذو الجلال والإكرام المقسط الجامع الغني المغني المانع الضار النافع النور الهادي البديع الباقي الوارث الرشيد الصبور
+7 (7222) 52-19-11

АТА-БАБА ЖОЛЫ Уағыз

Соңғы кездері кейбір намазхан бауырлардан «жетісі, қырқы, жылы, қатым түсіру деген болмайды, ол шариғатта жоқ дегенді естіп қаламыз. Расында, ешнәрсенің байыбына бармай «анау болмайды, мынау болмайды» деп жүргендер аз емес. Діндегі жәйттерді өзінің ақылына салып шешкісі келеді.

Біздің ата-бабаларымызды тіпті надан көреді. «Дінді дұрыс білмеген, шариғатта жоқ нәрсені істей берген» — дейді.

Расын айтсақ, біздің ата-бабаларымыз дінді бізден жақсы білген.

Мысалы: жетісін, қырқын, жылын жасауда немесе қатым түсіруде қандай хикмет бар?

Сахих Муслимнің 5 том, 73 бетінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады:

قال رسول .  قال رسول الله صلى  الله  عليه وسلم  * اذا  مات  الانسان  انقطع  عمله  الا  من  ثلاث  صدقة  جارية  او  علم  ينتفع  به. او  ولد صالح  يدعو له .*

«Үш түрлі адамның амал дәптері өзі өмірден өтсе де үзілмейді. Садақа берген адам және білім берген адам және мәйіттің артында салиқалы баласы қалып дұға етсе».

Осы жоғарыдағы хадисте келтірілген үш түрлі адамның амал дәптері өзі өмірден өтсе де жалғаса береді.

Барлық адам баласының амалы өмірден өтуімен тоқтайды. Яғни, егер ол ана дүниеге өтсе, онда оның дұға тілегі және тәубесі Алланың алдында қабыл емес.

Имам Тирмизидің хадис кітабінде Омар бин Хаттабтан риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

قال رسول الله صلى  الله  عليه وسلم  .* ان الله  يقبل  التوبة  ما  لم  يغرغر . *

«Алла Тағала тәубелеріңді жандарың алқымдарыңа келгенше қабыл етеді» дейді. Яғни, жан денені тастап шыққанда оның қылған тәубесі қабыл емес. Неге? Өйткені, оның жаны денеден шыққаннан кейін Алла Тағала оған ана дүниенің барлығын білдіреді. Демек, ол адамға сынақтың жауабын көрсетті. Түсінікті болу үшін қарапайым мысал келтіріп көрейік: Мұғалім шәкірттерден  емтихан алатын болса, оқушылардың кітаптарын жинап алып, берілген сұрақтарды еш нәрседен көшіріп қоймасын деп қатты қадағалап тұрады. Шәкірттердің кейбіреулері сұраққа тезірек жауап беріп, дәптерін тапсырып сыныптан шығады. Сыртқа шыққан оқушы: «Әлгі сұрақтарға дұрыс жауап бердім бе?»  — деп кітабынан сұрақтың жауабын іздей бастайды. Оқушы кейбір сұрақтарға дұрыс жауап бермегенін көреді де жауаптарын кітаптан көріп алып, сыныпқа қайта кіріп ұстазына: «Ұстаз кейбір сұрақтарға қате жауап беріппін. Емтиханды қайта жазуыма рұқсат беріңізші?» — деп жалынады. Ұстаз шәкіртке: «Жоқ, қайта жазуға болмайды» — деп өтінішін қабылдамайды. Неге қабылдамады? Өйткені, әлгі шәкірт сұрақтың жауабын кітаптан оқып алды.

Осы қарапайым мысалдағыдай Алла Тағала бізді осы дүниеге бір сынақ үшін жіберді. Сондықтан, біз осы дүниеде қандай тәубе етсек, Алла Тағала оны қабыл етеді. Ал жанымыз денемізден шығып кеткеннен кейін жанымыздың Алла Тағалаға қылған тәубесі қабыл емес. Өйткені, ол жан денемізден шыққан мезетте-ақ Алла Тағала оған ана дүниенің барын көрсетеді. Осы дүние тек сынақ үшін екенін жан сол кезде түсінеді. Бірақ, ол кезде әрине тәубе қылу кеш. Алла Тағала Құран Кәрімде осы дүниеде адасып, жақсы амал істемей ана дүниеде ақыры өкініште болатынын баян етеді. Әрине, Алла Тағала адам баласының қиямет күні не айтатынын біледі. Мү`минун сүресінің 99-100-ші аяттарында:

قال  تعالي **  حتي  اذا  جاء  احدهم  الموت  قال  رب  ارجعون  99

لعلي  اعمل  صالحا  فيما  تركت   كلا  انها  كلمة  هو  قاءلها   و من

وراءهم   برزخ   الي  يوم   يبعثون  100 .**

«Ақыр олардың әрбіріне өлім келген сәтте: «Раббым! Мені дүниеге қайтар!» (99). Мүмкін мен қалдырған дүниеде жақсы ғамал істермін. Әсте олай емес. Рас бұл, оның бір айтқан бос сөзі» (100).

Әрине, осы мезетте өлген адам осы дүниедегі тірі адамға мұқтаж болып қалады. Өйткені, тірі адамның дұға  тілегі қабыл. Оған дәлел Бақара сүресінің 186-шы аятында:

قال  تعالي**  و  اذا  ساْلك  عبادي  عني   فاءني  قريب  اْجيب  دعوة  الداع  اذا

دعان**... 186.

«Егер менің құлым мен жайында сұраса мен оған жақынмын, сұраушының тілегін қабыл етемін».

Осы жоғарыдағы аят пен хадистен түсінеріміз Алла Тағала тірі адамның қандай дұға тілегі болса қабыл етеді екен.

Бұл жерде тағы бір сұрақ туындауы мүмкін. Біздің дұға-тілегіміз және берген садақамыздың сауабы тікелей мәйітке жете ме?

Мәйітке арнап берген садақамыздың сауабы марқұмға жетеді.

Имам Бухаридің «Китабул-уасая» атты хадис кітабында келген хадисте және Имам Муслимнің «Ал-уасия» атты хадис  кітабында келген хадисте Айша (р.л.ғ.) риуаят етілген:

عن  عاءشة  رضي  اللة عنها * اْن  رجلا  قال للنبي .  صلى  الله  عليه وسلم

ان   اْمي  افتلتت  نفسها  و  اني  اْظنها  لو تكلمت  تصدقت  فلي  اْجر اْن  اْتصدق

عنها ؟ قال\ نعم *.

«Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір адам келіп: «Анам кенеттен қайтыс болды. Егер анам сөйлеуге күйі жеткенде садақа берген болар ма еді деп ойлаймын. Егер мен анам үшін садақа берсем сауабы оған жете ме?» деп Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) -нан сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ия, сауабы жетеді» деп жауап берді.

Осы жоғарыдағы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінен не түсінеміз? Яғни, өмірден өткен адам үшін садақа берсек сауабы сол мәйітке жетеді екен.

Алла Тағала Ясин сүресінің 12 аятында:

قال  تعالي **  انا   نحن  نحي  الموتي  و  نكتب  ما  قدموا  و ءاثارهم   و  كل   شيء   اْحصيناه  في  امام  مبين 12**

«Рас біз өліктерді тірілтеміз. Сондай-ақ, олардың ілгері жібергеннен  кейін қалдырған нәрселерін жазамыз. Әр нәрсені ашық бір Кітапта түгендеп қойдық».

Не үшін Алла Тағала «Кейін қалдырған нәрселерін жазамыз» деді.

Егер ол адам тірі кезінде қандай бір жақсылық істесе сауабы өлгеннен кейін де барып тұрады және мәйітке арнап садақа берсеңіз, Құран оқысаңыз сауабы  барып тұрады дегенді білдіреді.

* Мәйітке дұға пайда бере ме?

Имам  Ал-баззар өзінің «Мажмағул зауайд» — атты кітабында Абу Хурайрадан риуаят етілген сахих хадисінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтты:

و  روي  البزار   باْسناد  رجاله   الصحيح   عن  اْبي   هريرة  عن  النبي

صلى  الله  عليه وسلم  قال  * ان  الله  تعالي   ليرفع  للرجل  الدرجة   فيقول  \ اْني

لي   هذه   فيقول * بدعاء  ولدك  لك*.

«Алла Тағала қиямет күні бір адамның дәрежесін көтергенде, әлгі адам «Я, Раббым! Менің дәрежемді не үшін көтердіңіз?» дейді.

Алла Тағала: «Балаңның саған жасаған дұғасы үшін».

Осы жоғарыдағы хадис мәйітке дұғаның пайдасы бар екенін дәлел етеді және осы жайында тағы басқа хадистер жетерлік.

* Мәйітке арнап қажылық амал жасауға бола ма?

و  روي  ابن  عباس رضي  الله  عنه  جاءت  امراْة  جهينية  الي  النبي صلى

الله  عليه وسلم   فقالت \  ان  اْمي  نذرت   اْن  تحج  فلم  تحج  حتي  ماتت  اْ  فاْحج

عنها  ؟  قال  نعم   حجي  عنها  اْراْيت  لو  كان علي  اْمك  دين  اْ  كنت  قاضية ؟

قال  \  اْقضوا  الله   فاالله   اْحق  بالوفاء .*

Сахих Бухаридің 3 том, 33 бетінде «Бабул-хаж уән-назри анил-мәйт» атты кітабында Ибн Аббастан (р.л.ғ.) риуаят етіледі: «Жәһина руының бір әйелі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) -нан сұрады «Анам қажылыққа баруға нәзір еткенімен кенеттен өлім жетіп қажылық жасай алмады. Сол анамның орнына қажылық амалын жасасам бола ма?»

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтты: «Иә, анаң үшін қажылық жаса» — деді.

Бұл жоғарыдағы хадистен түсінеріміз мәйіт үшін жасаған қажылықтың сауабы мәйітке барады екен.

Осы жоғарыдағы хадистер неге дәлел қылады екен?

Марқұмға оқылған Құран, берген садақа, дұғаның сауабы мәйітке барады екен.

Әрине біздің ата-бабаларымыз осы хадистерге амал қылғаны айдан анық.

Мәйітке оқылатын қатым, жетісі, қырқы және жылының қандай пайдасы бар?

Бірінші:

А) Мәйітке арнап жайылған дастархан, оған берілген садақа болып саналады. Ал садақаның мәйітке сауабы жететініне дәлел хадисті жоғарыда келтірдік.

Б) Сол хатымда мәйітке дұға қыламыз. Сол дұға мәйітке жететініне хадис шариф дәлел болады.

Екінші: Хатым түсіріп отырған мәйіттің жақындарына да қатымның пайдасы бар.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады: «Әр қонақ сол шаңыраққа он ырыздықпен келеді де, біреуін жеп, тоғызын тастап кетеді».

Ырыздық дегеніміз – ол мал-мүлік, ғұмырының ұзақтығы, дүниеге сәби келу т.б. Олай болса қатым түсіріп отырған шаңырақтың ырыздығы көбейеді екен.

Үшінші: Дінімізге пайда.

Қазақ халқы өлім мен тойда жиналады. Біреудің жетісі, қырқы немесе жылдығы деп жан-жақтан келіп, бас қосады.

Сол жиналған жұртқа имам уағыз айтып, халықты имандылыққа шақырады. Осындай жиылыстар болмаса дін өкілдері дінді қай жерде айтады. Яғни, осындай жиылыстар болмаса мешіт пен халықтың арасындағы байланыс үзіледі.

Төртінші пайдасы: Осындай қатымда өлім болған үйге туысқандары жиылып, көңіл айтып, материалдық т.б. көмек көрсетеді. Бұл әрине туысқандардың бір-біріне деген сүйіспеншіліктері арта түседі. Дінімізде туысқандардың арасын біріктіру, жақындату басты назарда болып саналады.

Имам Бухари мен Муслимнің хадис кітабында:

Жабир бин Мутғим (р.л.ғ.) -дан Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтты:

و روي  جابر بن  مطعم  رضي  الله  عنه  فقال   النبي صلى  الله  عليه وسلم  *

القاطع  لا يدخل   الجنة.*

«Туысқандықты үзген адам жәннатқа кірмейді».

Әрине жетісі, қырқы, жылы сияқты немесе хатым түсіру шариғатта рұқсат. Бірақ, осы жәйтті харамға айналдырып алмауымыз керек. Егер сіз хатым т.б. түсіруде қаражаттан қиналып, сол үшін банктен немесе жеке бір тұлғадан қарыз алып жасап жатсаңыз харам болады.

Мұсылман қандай да бір шариғатта рұқсат нәрседе шектен шығуға болмайды. Мысалы: Тамақ жеу шариғатта рұқсат. Алайда, егер сіз тамақты тойғаныңызға қарамай жеген үстінде жеп тіпті құсуға дейін шектен шықсаңыз харам болады.

Егер жағдайыңыз жетіп жатса хатым түсіріп жоғарыдағы хадистерге амал қылғанға не жетсін.

Өйткені, бәріміз сол жаққа барамыз ғой, сонда осы дүниеде қалғандарға мұқтаж боламыз. Сонда біз үшін осындай амал істеп жатса, сауабы бізге жетіп жатса, қандай бақыт!

 ҚМДБ-ның Семей аймағы бойынша

өкіл имамы:  Ержан  Малғажыұлы

Семей қаласы.