الله الرحمن الرحيم الملك القدوس السلام المؤمن المهيمن العزيز الجبار المتكبر الخالق البارئ المصور الغفار القهار الوهاب الرزاق الفتاح العليم القابض الباسط الخافض الرافع المعز المذل السميع البصير الحكم العدل اللطيف الخبير الحليم العظيم الغفور الشكور العلي الكبير الحفيظ المقيت الحسيب الجليل الكريم الرقيب المجيب الواسع الحكيم الودود المجيد الباعث الشهيد الحق الوكيل القوى المتين الولى الحميد المحصى المبدئ المعيد المحيى المميت الحي القيوم الواجد الماجد الواحد الصمد القادر المقتدر المقدم المؤخر الأول الأخر الظاهر الباطن الوالي المتعالي البر التواب المنتقم العفو الرؤوف مالك الملك ذو الجلال والإكرام المقسط الجامع الغني المغني المانع الضار النافع النور الهادي البديع الباقي الوارث الرشيد الصبور
+7 (7222) 52-19-11

Бала тәрбиесі Рухани дерт

Ата-ана өз перзентін көз қуанышымыз, жүрегіміздің сынығы деп ерекше жақсы көреді. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіреді. Баланың табанына кірген шөгір менің маңдайыма кірсін деп, аяулы алақанына салып ер жеткізеді. Перзентінің тәні ауыра қалса, жанын қоярға жер таппай шыж-быж болады да қалады. Бірақ мұның барлығы да олардың тәні мен денесін қорғаштаудың амалдары ғана.

Ал енді сол балаларымыздың жаны қалай дамып жатыр, рухы қандай күй кешуде? Шыны керек, оған көп көңіл бөлмейтін секілдіміз. Ақиқатына қарасақ, ұл-қызымызды рухани дерт, ауру шалғанына да біраз уақыт болып қалғандай.

Біз егер көйлектің іші-тысын ауыстырғандай етіп, олардың ішкі жан дүниесін сыртқа шығарып қарайтын болсақ, ондағы рухани аурулардың түрлері мен көптігін көріп таң қалар едік-ау. Таң қалудан бұрын «әттеген-ай» деп «аһ» ұрар едік. Тіпті жас балапандарымыздың кіп-кішкентай жүрегін шағу үшін маңайлап жүрген аузы арандай рухани жыландар мен рухани шаяндарды көргенде, шыбын жанымыз шырқырап, сан соғар едік. «Байғұс балаларымызды осындай рухани мүгедек халге жеткізген бізге обал жоқ» деп өзімізді-өзіміз жегідей жеп, бармағымызды шайнар едік.

Бір ғана жұбанышымыз сол — рухани аурулар әзірше көзге көрінбейді. Балалар да «Әке, жанымыз ауырып барады, жәрдем бере гөр» деп жылайтындай, шағым жасайтындай күйде емес. Өйткені жан ауруы адамның ішіне арыстандай ақырып, өзін білдіріп кірмейді. Жүрген ізін білдірмейтін жыландай болып, байқатпай, дыбыссыз келеді. Келеді де, адамның ең басты алтын сарайы — жүрегінен келіп орын алады.

Бірақ жанның дерті күндердің бір күні сыртқа шықпай қоймайды. Алайда ол кезде балаларымыздың буындары қатып, бұғаналары бекіп, мінездері тастай қатып қалған кез болады. Түзетуге кеш болады. Қазір біз баламызды тек өсіріп отырмыз. Жетілдіріп отырған жоқпыз. Жетілдіру деп жан мен тәнді қатар дамытуды айтады. Әйтеуір, ұл-қызымызды заңгер етсек, экономист, кеденші етсек деп жүрып, олардың руханиятын ұмыт қалдырамыз. Абайша айтқанда,

Балам закон білді деп

Қуанар ата-анасы.

Ойында жоқ олардың

Шариғатқа шаласы дегеннің керін көріп жүрміз.

Олай болса, құрметті ата-аналар! Ұл-қызымыздың жүрегін Жаратушы Иеміз Алла тағаланың талаптары бойынша Ислами қорғандармен, рухани қамалдармен қорғап бағуға тиіспіз.

Естеріңізде болсын, балалық кезең адам өміріндегі ең маңызды кезең. Адамның рухани тұлғасының қалыптасуы осы балалық шақтан басталады. Адамның жақсы болуы да, жаман болуы да, ауру болуы да, сау болуы да осы кезеңге тікелей қатысты. Перзенттеріміз ер жетіп, бой жеткен соң, олардың бойынан бізге ұнамайтын әрекет-қылықтар мен көріксіз мінездер байқап жатсақ, онда олардың бала кезіндегі табиғатын дұрыс қадағаламағанымыз деп ұққан дұрыс. Рухани аурулардың барлығы да адамның жас кезінде қалыптасады. Өтірік те, өсек те, ұрлық та, ұшқарылық та — бәрі де бәрі осы кезеңде бала жүрегіне егілген рухани тікен-жантақтардың жемісі саналады.

Әрине, барлық баланың тәрбиесі қисық немесе бұзық деуден де аулақпыз. Ата-анасының аузынан бір ауыз дөрекі сөз немесе өсек пен өтірік естімей, жарқырап өскен шамшырақ балаларға қызығудан артық сөзіміз жоқ. Кешегі Абай, Ахмет, Тұрарларды осындай биік деңгейлі өнеге көріп өскен биік тұлғалар деп санаймыз.

Балалар 5-6 жасқа дейін жақсы мен жаманды, дұрыс пен бұрысты толық парықтай алмайды. Сол үшін қолдарын ыстық суға да, отқа да апарып қалады. Өйткені олардың қауіпті екенін біле бермейді. Ата-ана оларды содан қорғаштап өсіреді. Алла олардан разы болсын. Алайда қауіп-қатер баланың тек тәніне ғана емес, жанына, рухына да төнетінін ескерсе екен дейміз.

Кейде көшелерден біреудің ұлы мен біреудің қызы әдепсіз, ұятты қылықтар жасап жатқанын байқап қаламыз. Біздің ұл-қызымыз да ертең бір жерде солай жүрмесіне кепілдігіміз жоқ. Ендеше, баланы көз алдымыздан таса жерге шығармас бұрын оларға Исламның негізгі қағидаларын ұқтырып қойғанымыз жөн. Мысалы, «Жан балам, көшеде арақ-шарап, сыра үшіп жүрген жастарды көрсең, оларға еріп кетпе, Алла ондайларды жақсы көрмейді. Әдепсіз қыздар қылымсыса, олардан бойыңды аулақ сал. Зинақорларға ауыр азап дайын тұр. Соған душар боп қап жүрме. Үлкенді көрсең, сыйлай жүр. Дініміздің талабы сол. Айналаңа жақсылық нұрын төге жүр. Ардақты пайғамбарымыздың сүннеті сол. Қолың босаса, кітап оқы, ғылым ізден. Ғылым екі дүние бақытына қол жеткіздіреді. Алла тағаланы бір сәтке де ойыңнан шығарма. Ол бәрімізді көріп тұр» деген секілді кеңестерді бала бойына жастайынан сіңіруміз керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) алтыннан асыл хадистерінің бірінде былай деген: «Бала бойына жастай сіңірілген нәрсе, ол үлкейгенде ақылына ақыл қосады». «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген мақалымыз соны білдірсе керек. Олай болса, ұл-қызымызға ұяда үлгі болайық, құрметті ата-ана!

А.Ноғаев
ҚМДБ Уағыз-насихат маманы