Діндераралық достық, халықтар арасындағы татулық пен сыйластық

Әуелі күллі мадақ-мақтаулар мен хамді-саналар және сансыз шүкірлеріміз Ұлы Жаратушы Иеміз Алла Тағалаға болғай!

Алланың игілігі мен ізгілігі, салауаты мен сәлемі ардақты пайғамбарымыз Мұхаммад (с.ғ.с.)-ға, оның пәк отбасы мен салихалы сахабаларына және барша иман жүзді ізгі жандарға дарығай! 

Құрметті жамағат!

Татулық және достық деген кезде жұдырық болып жұмылған, ынтымық-бірлігі жарасқан ұлттар мен алауыздығы жоқ ел еске түседі. Қай ұлт, қай ел болса да бейбітшілік пен ашық аспанды, бақытты, терезесі тең, керегесі кең елдер қатарында болуды аңсайды. Өйткені, татулық пен келісім, бейбітшілдік пен тұрақтылық бар елді бақыт өзі іздеп келеді. Қабан (Қабылиса) жырауда:

Бақыт қайда барасың?
Көршімен болған бірлігі,
Тағат, ғибадат тірлігі
Ұйымшыл елге барамын, – деп жырлаған екен. Бабаларымыздың мұндай жырлары талай санаға сәуле құйып, түсінген жанға үлкен үгіт болатыны сөзсіз.

Иә, адамдар арасында бірлік болса, олар ынтымақта, тату-тәтті өмір сүреді. Өзара сыйласып, ұйымшылдық көрсеткен кезде ғана бірлікке қол жеткізуге болады. Халқының қамын жеген Әлихан Бөкейханов: «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса – халықтық мақсат сонда орындалады. Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана» – деп ынтымақ-бірлікке үндеген. Ал, ынтымақ-бірлікке апаратын жол халықтың өзара тату болуы.

Дана халқымыз: «Татулық табылмас бақыт», «Жолдасы көптің – олжасы көп» – деп тектен-тек айтпаса керек. Хакім Абай атамыз: «Татулықтан артық жолдас жоқ» – дегенді.

Ендеше, құрметті оқырман бұл мақаламызда ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің бастамасымен қолға алынған, әсіресе қазіргі қоғамдағы аса маңызды тақырыптардың бірі «Діндераралық достық, халықтар арасындағы татулық пен сыйластық» төңірегінде өрбітпекпіз. Бұл тақырыпта барша адам баласына өмірі өрнек болған Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өзге дін өкілдерімен қалай мәміле жасағандығы турасында да әңгіме қозғайтын боламыз. Аталмыш тақырыптың негізгі мақсаты – ұлты мен дініне, тегіне бөлінбей, бұқара халықтың татулықта өмір сүруі болып отыр.

Татулық бар жерде береке жүретінін тарих әлдеқашан дәлелдеген. Осы орайда татулық, достық, жақсылық, ізгілік, мейірімділік сынды ізгі қасиеттерді ұлықтауда «Біз – бір елміз, біртұтас халықпыз»  деп айту әбден орынды.

Соның ішінде діни татулық пен келісім – халықтың бірлігі мен елдің тұрақтылығының кепілі. Діндераралық түсіністік, сыйластық – уақыт талабы екендігі мәлім. Тарих деректеріне көз жүгіртсек, Қазақ елі әрқашанда түрлі халықтардың діни дәстүрлерінің, мәдениеттері мен өркениеттерінің тоғысатын мекені болып, әлі күні бүгінге дейін солай жалғасын тауып келеді.

Ата дініміз Ислам – 15 ғасыр уақытқа жуық бейбітшілікті ту етіп, мемлекеттің тыныштығы мен тұрақтылығын басты назарда ұстауды ұрандатқан дін.  Ертеде Исламға дейінгі қараңғылық пен надандық дәуірінде өмір сүрген рулар мен тайпалар ғасырлар бойы, тіпті болмашы себептерге бола кектесіп бір-бірлерімен жауласқандықтары белгілі. Соңы пайғамбар келер кезде араб түбегі ғана емес, күллі адамзат ең ауыр кезеңді бастан кешуде еді. Жер жүзі халықтары наным – сенім тұрғысынан бір-біріне кереғар топтарға бөлініп, жік-жікке ыдырады. Адамгершілік, қадір-қасиет аяқ асты етіліп, күштілер әлсіздерге күн көрсетпей табанына салып езумен болды. Асыл дініміз Ислам келуімен күллі адамзаттың түрі мен түсіне, тегі мен нәсіліне, ұлты мен ұлысына, діні мен діліне қарамастан ынтымақ пен бірлікке, бейбітшілік пен келісімге, өзара төзімділік пен бір ортақ ымраға келуге шақырды. Сондай-ақ, араларындағы кикілжін соғыстарды доғарып, бүтіндей адамзатты достық пен тату-тәтті өмір сүрулеріне бұйырды. Исламның туын желбіреткен ардақты Алла Елшісі (с.ғ.с.) адамзат тарихының дамуын күрт өзгертіп, рухани салада әрі қоғамдық салада ең үлкен төңкеріс жасады. Адамдардың ой-санасын ақиқатқа жетелейтін жүректеріне мейірім мен рақым сыйлады. Міне осындай қараңғы дәуірде Алла Тағала сүйікті құлы Мұхаммедке (с.ғ.с.) пайғамбарлық міндетті жүктеді. Мейірім мен мейірбандылықтың, адамгершілік пен парасаттылықтың, ізгілік пен жақсылық, көркем мінез-құлықтың үлгісін паш етсін деп Алла Тағала оны күллі әлемге тек рақым етіп жіберді. Алла Тағала «Әнбия» сүресінің 107-ші аятында:

وما أرسلناك إلا رحمة للعالمين

«Біз сені әлемдерге рақым шуағы етіп жібердік» деп, мұсылман болсын, мейлі християн болсын, мейлі яһуди болсын ешкімді бөліп жармастан бүтіндей адамзатқа мейіріммен жіберілген елші екендігін баяндаған.

Иә, Ислам діні қандай тамаша болса оның мақсаттары да сондай тамаша. Ислам діні қандай достық, бейбіт дін болса, оған апаратын жолдар да дәл сондай екендігін ұмытпағанымыз жөн.

Адамзатқа үнемі жақсылық қалайтын асыл дініміздің басты қағидаларының бірі Құранның:

لا إكراه في الدين

«Дінде зорлық жоқ»[1] деген аяты болып табылады. Ислам дінінің хақтығы мен пәктігі айқын болуымен қатар ол ешкімді өзін қабылдатуға немесе мойындатуға күштеп мәжбүлемейді. Керсінше, әркімге таңдау құқығын берген. Ислам діні ақиқат пен парасаттылық, адамгершілік пен кішіпейілділік, әділдік секілді кісіге қажет қасиеттерге үгіттейтін ұлы дін.

Ислам дінін ұстанған адамға «мұсылман» деп айтамыз. Мұсылман өзінің атына заты сай бейбітшілдікті, тыныштықты, дінаралық татулықты, ұлтаралық достықты қоршаған ортаға іс жүзінде көрсетіп, жая білген тұлға. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінде:

«المسلم من سلم المسلمون من لسانه ويده»

«Нағыз мұсылман өзге мұсылмандар оның тілі мен қолынан зиян көрмеген адам» деп айтқан[2]. Демек, нағыз мұсылман – қоғамдағы өзге адамдарға зиян тигізбей мемлекеттің тыныштығын басты назарда ұстайтын адам.

Қасиетті Құранның өзі мұсылман жұртшылығын өзге дін өкілдерімен ынтымақ жарастыруға, діни төзімділікке, ортақ түсіністікке үндейді. Қасиетті Құранда аса Қамқор ерекше Мейрімді Раббымыз:

يَاأَيُّهَا النَّاسُ إِنَّا خَلَقْنَاكُمْ مِنْ ذَكَرٍ وَأُنثَى وَجَعَلْنَاكُمْ شُعُوبًا وَقَبَائِلَ لِتَعَارَفُوا إِنَّ أَكْرَمَكُمْ عِنْدَ اللَّهِ أَتْقَاكُمْ إِنَّ اللَّهَ عَلِيمٌ خَبِيرٌ

«Уа, Адамзат! Біз сендерді бір еркек пен бір әйелден жараттық. Бір-бірлеріңмен танысып, білісулерің үшін сендерді ұлыстар мен түрлі ұттарға бөлдік. Араларыңдағы ең ізгілерің тақуалықта тым жоғары болғандарың» деп айтты[3]. Жоғарыдағы кәләм шәрифтің мән-мағынасына ой жүгіртіп, зер салсақ күллі адамзат бір ата мен бір анадан өрбіп өскендіктен баршамыздың арғы тегіміз бір. Бір атадан таралғанбыз. Сондай-ақ, біздердің әртүрлі ұлыстар мен ұлттарға бөлінуіміздің астарында танысу мен білісу даналығы жатыр. Ал, танысу мен білісу жолы – өзара түсіністік пен татулық. Ислам өзінен басқа діндер мен барша ұлттарға сыйластықпен қарайды. Адамдарды нәсілі мен дініне қарап бөліп жармайды. Жаратқан Иенің құзырында күллісі тең, тек ақиқатқа ілесіп, тақуалық (шынайы діндарлық) танытқан пенделер ғана жоғары болатындығын ескертеді.  

Міне, Жаратқан Иеміз қасиетті Құран аятында біздерге осылайша құлдарын көп ұлтты етіп жаратуының даналығын баян етті. Хазіреті Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ғибратты өмір жолына қарасақ, кәпір болсын, мүшрік болсын, кітап иелерімен татулық пен жарастықта өмір сүргенін көреміз. Келісімдер, достық қарым-қатынастарда болу, сауда серіктестіктерін құру дінаралық татулықтың сан түрлі қырын байқатады. Екі жақты мұндай мысалдар бізге хазіреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көрсеткен үлгісі болғандықтан, ол барша мұсылмандар үшін маңызды. Алла Тағала «Ахзаб» сүресінің 21-ші аятында: 

لَقَدْ كَانَ لَكُمْ فِي رَسُولِ اللَّهِ أُسْوَةٌ حَسَنَةٌ

«Расында сендер үшін Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар» делінген[4]. Дінаралық татулық, өзара түсіністік пен діни төзімділікке шақыруда хазіреті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өз өмірінде тікелей көрсеткен жарқын үлгісі көп- ақ.

Ардақты Алла Елшісі (с.ғ.с.)-нің өзге дін өкілдерімен жасаған көркем  мәмілесі турасында қалам тебіренткен ғалымдардың тұжырымдаған бірқатар аят-хадистерге тоқталатын болсақ:

Алла Тағала Құран аятында:

وَلَقَدْ كَرَّمْنَا بَنِي آَدَمَ

«Расында адам баласын ардақты қылдық»[5] деп, адамның бәрі адамдық құндылықтар мен құқықтарда бірдей екендігін ескертеді. Исламның назарында кісінің бәрі бірдей. Дініміз пенделерді тек қана тақуалық таразысы арқылы ажыратады. Жоғарыдағы аяттағы Құдай Тағаланың адамды ардақтауы – жердің күллі тарапындағы және әр заманда өмір сүрген адамдар үшін берілген ұлы нығмет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-нің өзге дін өкілдерімен жасаған көркем мәмлесінен адамгершілітің шынайы үлгісін көресіз.

Мәселен Алла Елшісі (с.ғ.с.) хадисінде:

«إذا رأيتم الجنازة فقوموا حتى تُخلِّفكم»

«Егерде, жаназаны (апара жатқанын) көрсеңіздер, өтіп кеткенше тұрып тұрыңыздар!» деп айтқан[6].

Тағы бір хадисте:

«فمرت به يومًا جنازة، فقام، فقيل له: إنها جنازة يهودي، فقال: «أليست نفسًا»»

Бір күні Алла Елшісі (с.ғ.с.) қайтыс болған яһудиді жерлеуге апара жатқанын көргенде, орнынан тұрып құрмет көрсеткен. Қасындағы сахабалары оның яһуди екендігін айтқанда, «кім болса да жан иесі (адам) емес пе»[7] – деп тамаша жауап қатқан.

Мінекей, бейбітшілдік пен татулықтың жаршысы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-нің кез-келген пендеге деген құрметі осындай еді!

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

«إنما بُعثت لأتمم مكارم الأخلاق»

«Мен – көркем мінезді кемеліне келтіру үшін жіберілдім»[8]десе, тағы басқа хадисінде: «Мен – тек тура жолға жеткізуші рақым болып жіберілдім»деп, өзінің өмірге келгендегі асыл мұратын білдіре келіп, саналы ғұмырын көркем мінез бен рақымдылықты мұсылманға да, мұсылман емеске де дәріптеуге арнады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-нің басқа дін өкілдерінің қал-жағдайларынан хабар алуға, науқастарының көңілін сұрауға, қажеттілік туындаса көмек көрсетуге,  сыйлық беріп, сауда жасауға т.б қарым-қатынас түрлерін орнатуға үндеп, өз ісімен үлгі бола білген асыл тұлға.

Бір хадисте:

«وكان محمد صلى الله عليه وسلم ربما عاد المرضى من غير المسلمين؛ فقد زار النبي صلى الله عليه وسلم  أبا طالب وهو في مرضه، كما عاد الغلام اليهودي لما مرض»

«Мұхаммед (с.ғ.с.) мұсылман еместердің науқастарының көңілін сұрап баратын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Әбу Талибтің, сондай-ақ яһуди баланың да науқастанып жатқанда зират етіп көңілін сұрап барған» делінген.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-нің өзі дүниеден өтерінен біраз күндер бұрын бір яһудиден қарыз алып, сол құнға сай өзінің сауытын кепілдікке берген. Айша (р.а.) анамыз:

«تُوُفِّيَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَدِرْعُهُ مَرْهُونَةٌ عِنْدَ يَهُودِيٍّ بِثَلَاثِينَ صَاعًا مِنْ شَعِيرٍ»

«Алла Елшісі (с.ғ.с.) қайтыс болғанда, өз отбасының напақасы үшін бір яһудиден отыз сағь арпа алып, сауытын кепілдікте қалдырғанын»[9]жеткізген.

Өмірінің соңында мәңгілікке көз ілер алдында хазіреті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өз үмбетіне: «Сіздерге әһлі кітап иелері христиандар мен яһудилерді аманат етем» деген мағынада хадистері де кездеседі. Бұл жерде меңзелгені мұсылмандардың кітап иелері зиммиларға жақсы әрі әділ қарау, олардың құқын аяқасты етпеу, мұсылмандыққа жараспайтын қылыққа барып оларға қиянат жасамау керектілігі әмір етілген. Пайғамбар (с.ғ.с.)-ның тәлім-тәрбиесін көрген саңлақ сахабалар да жоғарыдағы өсиетті жеткізген-ді.

Сахабалардың бірі:

«فَدَخَلْتُ عَلَى عُمَرَ حِينَ طُعِنَ ، فَقَالَ : ” أُوصِيكُمْ بِأَهْلِ الذِّمَّةِ ، فَإِنَّهُمْ ذِمَّةُ نَبِيِّكُمْ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ “»

«Мен Омар (р.а.)-дың өміріне қастандық жасалығанда (ол өлім аузында жатқанда) ол кісіге кірдім. Сонда ол: «Сіздерге әһлі зиммиларды (өзге дін өкілдерді) аманат еттім. Себебі, олар пайғамбарларың (с.ғ.с.)-нің  (аманаттаған)  зиммилары»[10] деп өсиет қалдырды. Абдул Азиз әш-Шами өзінің «Пайғамбар (с.ғ.с.)-нің мұсылман емес адамдармен жасаған мәмілесі» атты кітабында былай дейді:

«وفي أكثر من ثلاثين حديثًا يشدِّد محمد صلى الله عليه وسلم  على أصحابه على حق المُعاهَد، وهو من ارتبط مع المسلمين بمعاهدة، فمنها قوله»

«Мұхаммед (с.ғ.с.) отыздан астам хадисінде сахабаларына (татулықта) уәделескен өзге дін өкілдерінің құқықтарының сақталуы жайында қатаң тапсырды. Соның бірі:

«من قتل نفسًا معاهدًا لم يرح رائحة الجنة، وإن ريحها ليوجد من مسيرة أربعين عامًا»

«Кім уәделескен кісіні (мұсылмандармен бірге өмір сүретін өзге дін адамын) өлтірсе, ол жәннаттың исін де сезбеді. Әрине, жәннат исі қырық жылдық қашықтықтан келіп тұрады»[11], – деген.

Сондай-ақ,

«ألاَ مَنْ ظَلَمَ مُعاهَداً أوِ انْتَقَصَهُ حَقّهُ أوْ كَلَّفَهُ فَوْقَ طاقَتِهِ أوْ أخَذَ مِنْهُ شَيْئاً بِغَيْرِ طِيبِ نَفْسٍ مِنْهُ فأَنا حَجِيجُهُ يَومَ القِيامَةِ»

«Кім уәделескен (өзге діндегі) адамға зұлымдық жасаса, яки оның ақысын бермесе, немесе оны шамасы жетпейтін нәрсеге мәжбүрлесе, немесе оның ризалығынсыз бірдемесін тартып алса, қиямет күні мен сол адамның кегін алып беремін»[12],– деп ескертті.

Қадірлі жамағат! Жоғарыда айтып өткеніміздей өзге дін өкілдерінің қауіпсіздігіне  Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-нің хадистерінен артық кім кепілдік бере алады десеңізші!

Тіпті, християн қауымының Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-нің мешітінде өздерінің құлшылықтарын орындағаны тарихта орын алған. Хадисте:

«ولما قدم وفد نجران -وهم من النصارى-على محمد صلى الله عليه وسلم  بالمدينة، دخلوا عليه مسجده بعد العصر، فكانت صلاتهم، فقاموا يصلون في مسجده، فأراد الناس منعهم فقال محمد صلى الله عليه وسلم : «دعوهم»، فاستقبلوا المشرق فصلوا صلاتهم»

«Мұхаммед (с.ғ.с.)-ға Мәдинә шаһарына Нәжраннан бір топ християндар келіп, асырдан кейін мешітке кіреді. Сөйтіп олардың құлшылық уақыты болып, өздерінің мінәжәт-құлшылықтарын мешітте жүзеге асырады. Адамдар тыймақшы болып еді, Мұхаммед (с.ғ.с.): «тиіспей жөндеріне қойыңдар» – деді. Осылайша християндар шығысқа бет бұрып, құлшылықтарын  жасады». Әртүрлі халық арасын татулыққа шақыруда бұдан асқан үлгі бар ма?

Жер беті – күллі адамзатқа ортақ мекен. Онда тату-тәтті өмір сүру бәріміздің алдымызда тұрған аса күрделі мәселе. Бүгінгі алмағайып та, қым-қуыт дүниеде тату-тәтті ғұмыр кешіп, бейбітшілік пен ынтымақтың күшейіп, дамуы үшін, әсіресе діндераралық төзімділіктің мән-маңызы зор. Ұлан-байтақ Қазақ жері көп ұлтты, көп конфессиялы, әлденеше мәдениеттер тоғысқан мемлекет екені баршаға мәлім. Тәуелсіз Қазақстан – бұл 140 этнос бейбітшілікте және келісіммен өмір сүріп жатқан ел. Ислам, христиан, буддизм, иудизм діндерінің атақты жетекшілері Астана қаласын әлемдік діндер съезін жүргізуге болатын қала ретінде мойындады. Бұл елімізде ұлттық және конфессия аралық саясаттың халықаралық қауымдастықты қызықтыратын ерекше маңызды ұсыныстарды жасауына себеп болғанын дәлелдетеді.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жыл сайын өткізіліп тұратын Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінде діни алауыздықты болдырмау, адамзатты бір-біріне өшіктірмей, үнқатысу мен прогреске шақыру, дінді қару етуге болмайтындығы, адамзатқа қайғы-қасірет әкеліп отырған соғыстарды қарудың күшімен емес, сыйластық пен түсіністікке негізделген келісімдермен ғана шешуге болатындығы жайлы айтылып келетіні жайдан-жай емес. Себебі, өзіміздің бақытты, ынтымағы жарасқан, бейбіт тату ел екендігімізді екінші тараптан осылай көрсете аламыз.

Қазақстанда әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съездерін өткізу – ғаламдық және аймақтық қауіпсіздікті нығайту мен әлемдік татулықты күшейтуге  қосқан үлкен үлесі.

Жаһандану  заманында халықтардың тату-тәтті ынтымақ-бірлікте ғұмыр кешудің  басты жолы өзара құрмет пен сыйластық. Ал, өзара сүйіспеншілікте болудың жолы жақын танысуда жатыр. Сондықтан мұны жүзеге асыру наным-сенімі әртүрлі адам баласын  өз ерекшелігімен, өз дүниетанымымен қабылдай отырып пікірлесуде. Алла Тағала біздерге:

و لا تجادلوا أهل الكتاب إلا بالتي هي أحسن

«Кітап иелерімен (өзге дін өкілдерімен) ең көркем түрде, сыпайылық пен әдептілік сақтап пікір таласыңдар»[13] деп бұйыруда.

Міне, осындай толеранттық кең пейіл түсініктің арқасында діндері сан алуан, ұлттары мен тілдері, әдет-ғұрыптары әртүрлі халық өкілдері бүгінде Қазақстан жерінде өзара түсіністік пен сыйластық аясында тату-тәтті бейбіт ғұмыр кешуде. Тарихи дәстүрлі діндердің ғибадатханаларының терезелері мешіттермен тең тұр. Қазақстан халықтары Ассамблеясының аясында қазақ жеріндегі аз ұлттардың тілдері мен әдет-ғұрыптарына қолдау көрсетіліп, діни сенімдеріне бостандық берілуде.

Иә, мұның бәрі ислам дінінің тағылымды этикасы мен Елбасының ұстанып отырған көрегенді саясатының жемісі екені айтпаса да түсінікті. Елбасымыз: «Әлемде бір ғана қауым бар, ол – адамзат қауымдастығы, бір ғана жаратушы бар, ол – Алла Тағала. Бір ғана тіл бар, ол – жүрек тілі. Ендеше барша адамзаттың тілегі бір»  – деп айтуы дінаралық татулық пен  достықты арттырары сөзсіз. Осы орайда ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің «Ислам – тәуелсіз еліміздің рухани тірегі» атты мақаласында: 

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да өзінің сансалалы қызметін Мемлекет басшысының ішкісыртқы салиқалы саясатына қолдаубілдіре отырып, көп ұлтты, көп конфессиялы еліміздің ынтымағы мен бірлігін күшейте түсуге бағыттап келеді. Өйткені, дін адамдары қашандабейбітшілік, әділдік, имандылық туын көтерушілер қатарынан табылуы тиіс. Алла тағала адам баласына бейбітшілік пен әділдікті сый етті.Олай болса, Жаратушы Иеміздің теңдессіз сыйын, бағасын біліп, қастерлеуге тиіспіз»[14] деген болатын.

Сөз соңында, қаз дауысты Қазыбек бидің мына бір нақыл сөзімен аяқтағым келіп отыр. Қазыбек би: «Тату болса – ағайын жақын, Адал болса – дос жақын» деп татулық пен адалдыққа шақырған. Лайым татулығымыз  жарасқай ағайын! Жаратқан өзі жар болып терезесі тең, керегесі кең, болашағы баянды ел болайық! 

 Батыржан Берденұлы
ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі
және «Иманғали» орталық мешітінің Бас имамы


[1] «Бақара» сүресі, 256-аят.
[2] Мухаммад ибн Исмайл Әбу Абдуллаһ әл-Бухари әл-Жуғфи. Әл-Әдәбу әл-Муфрад. Баспаға әзірлеген Мухаммад Фуад Абдулбақи. – Бейрут: Дәр әл-Бәшәиру әл-исләмия, 1989. (№ 1144 хадис). І т. – 391 б.
[3] «Хужурат» сүресі, 13-аят.
[4] «Ахзаб» сүресі, 21-аят.
[5] «Исра» сүресі, 70-аят.
[6] Әбу Бәкір әл-Байһақи. Сунан әл-Байһақи әл-кубра. Баспаға әзірлеген Мухаммад Абдулқадир Ато. – Мәккату әл-Мукаррамату, 1994. (№ 6660 хадис). IV т. – 25 б. – 358 бет.
[7] Әбу әл-Қасим Ат-Табарани. әл-Муғжаму әл-кабир. Баспаға әзірлеген Хамди ибн Абдулмажид ас-Салафи. – әл-Мусал: Мәктабату әл-улуму уә әл-хикам, 1983. (№ 5616 хадис). VI т. – 90 б. – 277 бет.
[8] Әбу Бәкір әл-Байһақи. Сунан әл-Байһақи әл-кубра. Баспаға әзірлеген Мухаммад Абдулқадир Ато. – Мәккату әл-Мукаррамату, 1994. (№ 20571 хадис). X т. – 191 б. – 350 бет.
[9] Ахмад ибн Ханбал. Муснад әл-имам Ахмад ибн Ханбал. Баспаға әзірлеген Шуғайб әл-Арнаут. – Муассасату ар-рисала, 1999. (№ 3409 хадис). V т. – 388 б. – 479 бет.
[10] Сулайман ибн Дауд ибн әл-Жаруд. Муснад Әби Дауд Ат-Таялиси. Баспаға әзірлеген Абдулмухсин Ат-Турки. – Би-Дәр һижр, 1999. (№ 66 хадис). І т. – 67 б. – 521 бет.
[11] Мухаммад ибн Исмайл Әбу Абдуллаһ әл-Бухари әл-Жуғфи. әл-Жамиғу ас-сахиху әл-мухтасару. Баспаға әзірлеген Мустафа Диб әл-Буға. – Бейрут: Дәр ибн Касир, 1987. (№ 6516 хадис). VI т. – 2533 б. – 2749 бет.
[12] Жалалуддин Абдуррахман ибн Әби Бәкір Ас-Суюти. Фатх әл-кабир фи димми әз-зиядати илә әл-жамиғи ас-сағир. Баспаға әзірлеген Юсуф Ән-Нәбаһани. – Бейрут: Дәр әл-фикр, 2003. (№ 4817 хадис). І т. – 448 б. – 473 бет.
[13] «Анкабут» сүресі, 46-аят.
[14] «Егемен Қазақстан» газеті, №182 (28121) 3 тамыз, сенбі 2013 жыл.