الله الرحمن الرحيم الملك القدوس السلام المؤمن المهيمن العزيز الجبار المتكبر الخالق البارئ المصور الغفار القهار الوهاب الرزاق الفتاح العليم القابض الباسط الخافض الرافع المعز المذل السميع البصير الحكم العدل اللطيف الخبير الحليم العظيم الغفور الشكور العلي الكبير الحفيظ المقيت الحسيب الجليل الكريم الرقيب المجيب الواسع الحكيم الودود المجيد الباعث الشهيد الحق الوكيل القوى المتين الولى الحميد المحصى المبدئ المعيد المحيى المميت الحي القيوم الواجد الماجد الواحد الصمد القادر المقتدر المقدم المؤخر الأول الأخر الظاهر الباطن الوالي المتعالي البر التواب المنتقم العفو الرؤوف مالك الملك ذو الجلال والإكرام المقسط الجامع الغني المغني المانع الضار النافع النور الهادي البديع الباقي الوارث الرشيد الصبور
+7 (7222) 52-19-11

Дұға сыры

Қамшының сабындай қысқа өмірде қуаныш пен қайғы қатар жүреді. Бұл екі жағдайда да иманы күшті жандар Аллаһқа одан сайын жақындай түседі. Өйткені, шынайы құл бақыт мен қуанышқа кенелгенде шүкір етіп, ауыр да қиын сәттерде сабырлық танытып, Жаратушысының алдында жүзі жарқын болады. Ал, бұған қалай қол жеткізеді деп ойлайсыз? Жауабы қарапайым. Ол үшін дұғаның сырын түсінсе болғаны.

Дұға — он сегіз мың ғаламды жаратқан Аллаһ тағалаға сыйынып, Оған жалбарынуы, өзінің әлсіздігі мен пендешілігін мойындау. Шындығында да, әлемдегі барша құбылыстар Жаратушының шексіз ғылымының нәтижесінде іске асуда. Сондықтан, Аллаһтың шексіз құдіретінің алдында адам баласы тек қана бас иіп, әлсіздігін мойындап, құл екендігін сезінуі тиіс. Ал, оны мойындаудың ең төте жолы — дұға. Өйткені, дұға — тәкаппарлық пен менмендіктен арылып, Аллаһтың алдында шарасыз екендігін түсіну. Бұл жалғанда жолаушы екенін есіне түсіру.

Дұға — діннің негізі, құлшылықтың өзегі әрі рухы мен қайнар бұлағы. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде:

«Дұға — құлшылықтың дәл өзі» дегеннен кейін: «Раббыларың: «Маған жалбарыныңдар! Тілектеріңді қабылдаймын. Расында, Маған құлшылық етуден паңсыңғандар, олар қор болып, тозаққа кіреді» («Ғафыр» сүресі, 60-аят) деген аятты оқыған (Әбу Дәуіт, Витр, 23/1479; Тирмизи, «Тәпсір», 40/3247).

Тағы бір хадисте былай делінген:

«Аллаһтың жанында дұғадан асқан құнды нәрсе жоқ» (Тирмизи, «Дауағат», 1/3370)

«Дұға — құлшылықтың өзегі» (Тирмизи, «Дауағат», 1/3371).

«Кімде-кімге дұғаның есігі ашылар болса, оған мейірім есіктері ашылды деген сөз. Аллаһтың ең жақсы көретін нәрсесі Өзінен кешірім тілеу. Дұға барша бәлеге тосқауыл. Сондықтан, дұғаға бет бұрыңдар» (Тирмизи, «Дауағат», 101/3548).

«Сендерге дұшпаннан қорғайтын әрі ризықты молайтатын бір нәрсені айтайын ба? Күндіз-түні Аллаһқа дұға етіңдер. Өйткені, дұға — мүміннің қаруы» (Хайсами, «Мәжма», 147).

Өйткені, дұғада әлсіздік пен кішіпейілділік, тәубе мен мойындау, мадақ пен ұлықтау сияқты көптеген жан мен тәннің қалаулары жасырынған. Дұға — жүректегі Аллаһқа арналып ашылған үлкен есіктің кілті.

Ал, Аллаһ тағала Құран кәрімде былай деген:

«Маған жалбарыныңдар! Тілектеріңді қабылдаймын» («Ғафыр» сүресі, 40-аят).

Дұға айтылған сайын мүміннің жүрек түкпірінен орын алып, тұла бойына ішкерілей еніп сіңеді. Сондықтан Аллаһтың сүйікті құлдары дұғадан күдер үзбейді. Өйткені, олардың жүректері дұғаның сырын түсіндіретін мына бір аятпен көмкерілген:

«Ей, Мұхаммед (с.ғ.с.) оларға: «Егер құлшылықтарың, дұғаларың, жалбарынуларың болмаса, Раббым, сендерді не үшін бағаласын, — деп айт!» («Фурқан» сүресі, 77-аят)

Міне, дұға мүміннің жүрегінен орын алуы Аллаһ пен құлдың арасында рухани байланысты қалыптастырады. Ерекше сезіммен, құлай беріліп сұралған дұғалар Аллаһтың мейіріміне бөлейді. Сезімі, білімі, күш-қуаты шектеулі адамның қажеттілігі мен арман-тілектері ешқашан таусылмайтындықтан, қазынасы мен байлығы бітпейтін Аллаһқа жалбарынуы заңды. Әрбір есікке барып, бірнәрсе сұраудың өзіндік жөн-жоралғысы болатыны сияқты Аллаһқа дұға етіп, жалбарынудың да өзіндік әдебі бар.

Өздерін күнәсіз, пәк сезінетін тәкаппарлардың дұғалары қалайша қабыл болсын? Керісінше, жанары жасқа малынып, жүрегімен жылайтын Аллаһтың сүйікті құлдарының дұғалары қабыл болуға әбден лайық. Құран кәрімде бұл жайлы былай дейді: «Раббыларыңа жалбарынып, жасырын түрде тілеңдер. Шүбәсіз, Ол шектен шығушыларды жақсы көрмейді» («Ағраф» сүресі, 7-аят).

Дұғаны үміт пен қорқыныштың арасында ерекше тебіреніспен жасаған жөн. Адам баласының ақиреттегі жағдайы тек Аллаһқа ғана мәлім. Әр жан өзін «жұмаққа кіретін соңғы адам мен болармын» деп үміттеніп жүруі керек. Сондай-ақ, «тозаққа кіретін жалғыз мен болармын» деген қорқынышты да ұмытпағаны абзал. Егер қандай да бір қателік жасап қойса, тәубеге келуі жеткіліксіз. Қате мен күнәні ендігәрі қайталамауы шарт.

Мұсылманның мұсылманға жасаған дұғасы қабыл. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

«Бір мүміннің бауырына жасаған дұғасындай жылдам қабыл болатын дұға жоқ, — «Тирмизи», («Бир», 50).

Адамдар «дұғасы қабыл болады-ау» деп үміттенген кісінің өзіне дұға етуін сұрап жатады. Олар дұғаның қабыл болуына ерекше ықылас пен шынайы сенім керектігін білсе ғой, шіркін!? Демек, күнәға батқан адам болса да, мүмін бауыры үшін шынайы ниетпен артынан дұға жасайтын болса, бұл алдына «біз үшін дұға етіңізші» деп жалынып барған адамдардың дұғаларынан да қайырлы деген сөз.

Шындығында да, кез-келген құл, мейлі ол күнәһар болса да бұл оның Аллаһтың алдында ескерусіз қалғанын білдірмейді. Сондықтан да, Аллаһ тағаланың кімнің дұғасын қабыл ететіндігін ешкім білмейді. Ол тек Жаратушыға ғана аян. Аллаһ тағала шынайы жүрекпен жалбарынып, дұғаларды қабыл ететіндігін естен шығармаған жөн.

Енді бір жағынан, дұға ету керек екен деп, айқайлап дауыс көтеріп, «елдің алдында шешендігіммен танылайын» деген ниеттен де сақтанған жөн. Әртүрлі сөздерді шұбатып айта беру де әдепке жатпайды. Егер бұлай болса, дауыс көтеру дегеннің не екенін білмейтін, тілге келе алмай жатқан науқастың дұғалары мүлде ескерусіз қалған болар еді. Ішкі жан дүниемен де, тілмен де тілек тілеудің маңызы зор.

Дұғадағы мұндай сырларды жоққа шығару оның негізін, өзегін, рухын түсінбегендіктен. Бұл дұғаның мәні мен мағынасын жоғалтады. Хазреті Пайғамбар (с.ғ.с.) осылай еткендер жайлы:

«Дұға жасағанда шектен шығатын бір топ адамдар пайда болады...» (Әбу Дәуіт» Витр», 23) деп үмметін мұндай жағдайдан сақтандырған.

Тағы бір хадисінде:

«Сендер құлағы естімей саңыраудан дұға тілеп жатқан жоқсыңдар. Барша нәрсені толық еститін әрі сендерге өте жақын Аллаһқа жалбарынып жатырсыңдар», — дейді («Бухари», Жихад» 131)

Ұлы Аллаһ тағала шынайы ниетпен жасалған дұғаларды кері қайтармайды. Дегенмен, Аллаһтың өлшеміне қайшы келетін дұғаларды қабыл етпейтіндігін ұмытпаған жөн. Сондықтан да, дұға еткен адам ешқашан жалықпай, оны үзбеуі қажет. Өйткені, кейбір дұғалар ақиретте алдыңнан шығады.

Қандай да бір адам ойына тура келген әрі өзіне жаққан бір нәрсені сұраған кезде оның өзіне жақсылық, не жамандық әкелерін білмей қателесуі мүмкін. Өйткені, кейбір нәрселердің сырты бүтін, іші түтін болады. Атап айтар болсақ, перзент сүйіп, мәпелеу өсіру — баршаның арманы. Мұны Аллаһтың үлкен сыйына жатқызуға болады. Ақша мен мәртебе де осының қатарында. Десек те, мұның соңы орны толмас өкініштерге апарып соқтыратын кездері де кездесіп жатады. Балаң бағың емес, сорың болып, байлығың мен атағың азғындыққа ұшыратуы әбден мүмкін.

Олай болса, Аллаһқа жалбарынып, дұға тілеген кезде қайырлы нәрсені сұраған дұрыс. Жаратушыдан бірнәрсе сұрағанда:

— Уа, Раббым! Маған қайырлысын нәсіп ете гөр! — деп тілеген жөн. Бұлай істемеген жағдайда, өзімізге бәле тілеп алғанымызды байқамай қалуымыз ғажап емес.

Ендігі бір мәселе — жүрек тазалығы. Өйткені, жүрек әрдайым Аллаһтың бақылауында. Сондықтан жақсы ниетпен, игі тілекпен жүруіміз қажет. Бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

«Күмәннан сақтаныңдар. Өйткені, күмән — сөздердің ішіндегі ең жалғаны. Өзгелердің өзара әңгімелерін тыңдамаңдар, айыптарын ашпаңдар, бір-бірлеріңе қарсы мақтанып, даңдайсымаңдар, бір-бірлеріңнен қызғанбаңдар, кектенбеңдер, бір-бірлеріңмен бет жыртыспаңдар. Ей, Аллаһтың құлдары! Аллаһтың сендерге әмір еткеніндей бауыр болыңдар, — деген («Мүслім», Бирр. 34-28)

Басқа бір хадисте Аллаһтың Елшісі (с.ғ.с.):

«Жақсы ой — иманның талабы («Әбу Дәуіт», Жанайыз 13», «Әдеп» 81).

«Біз мүмін жайлы тек қана жақсы ой ойлаймыз» («Ибн Маже, «Фитен», 2) деген.

Аталмыш хадистерден дұғада, сезім мен ой арқылы жасалған дұғалардың барлығында арам ойлардан сақтану керектігін аңғаруға болады. Мәселен, қандайда бір әйел баласына қатты ашуланған кезінде байқамай:

— Аллаһ сенің жаныңды алса ғой! Қашан құтылар екем осыдан! — деп айтып қоюы мүмкін. Бұл сөз дұға іспеттес болғандықтан, қабыл болып кетуі мүмкін.

Бұл жайында мынадай риуаят бар. Бір кісі хазреті Абдуллаһ бин Мүбаракқа келіп, баласынан көрген жаманшылығын айтып, шағымданды. Абдуллаһ бин Мүбарак:

— Балаңа қарғыс айтқан ба едің? — деп сұрады. Әлгі кісі:

— Иә, — деп жауап берді. Сонда Абдуллаһ бин Мүбарак:

— Балаңның шектен шығуына өзің себепші болған екенсің! — деді.

Уа, Раббым! Біз Мұхаммед (с.ғ.с.) Мұстафаның сенен сұраған барлық нәрсесін сұрап, Сенен пана тілейміз! Оның сақтанған нәрселерінен бізді де сақта. Уа, Раббым! Бізді сенің таңдаулы әрі сүйген, игілік берген құлдарыңның жолына түсір! Бізді тек қана Сенен ғана жәрдем тілейтін шынайы мүмін құлдарыңның қатарына қос! Біздің қайырлы дұғаларымызды мейірім мен қамқорлығыңа алып қабыл ете гөр! Бізге екі дүниеде де жақсылық бере гөр!

Осман Нұри Топбаш