الله الرحمن الرحيم الملك القدوس السلام المؤمن المهيمن العزيز الجبار المتكبر الخالق البارئ المصور الغفار القهار الوهاب الرزاق الفتاح العليم القابض الباسط الخافض الرافع المعز المذل السميع البصير الحكم العدل اللطيف الخبير الحليم العظيم الغفور الشكور العلي الكبير الحفيظ المقيت الحسيب الجليل الكريم الرقيب المجيب الواسع الحكيم الودود المجيد الباعث الشهيد الحق الوكيل القوى المتين الولى الحميد المحصى المبدئ المعيد المحيى المميت الحي القيوم الواجد الماجد الواحد الصمد القادر المقتدر المقدم المؤخر الأول الأخر الظاهر الباطن الوالي المتعالي البر التواب المنتقم العفو الرؤوف مالك الملك ذو الجلال والإكرام المقسط الجامع الغني المغني المانع الضار النافع النور الهادي البديع الباقي الوارث الرشيد الصبور
+7 (7222) 52-19-11

ИСЛАМ – ӨРКЕНИЕТ ДІНІ

 

ea9e81301daf974563f48aafeb2472aa_XL

Наурызбай қажы Өтпенов,

ҚМДБ-ның Астана қаласының өкілі

 

Бүгінде дүние жүзінде миллиардтаған адамның айқын сеніміне айналған Ислам діні әлемдік ірі діндер қатарына жатады. Мұның тарихи себептері де бар. Соның бірегейі – Ислам адамзаттың күнделікті талаптарына жауап беруі, көптеген заманауи мәселердің хақ дінде оңтайлы шешімінің болуында. Осы себептен де Ислам дінін нық сеніммен өркениет діні деп айтуға болады.

Әрине, Ислам діні, ең алдымен, құлшылыққа үндейді. Дегенмен, Ислам дінін тек намаз, ораза, қажылықпен шектегендер өрескел қателеседі. Ақиқатында, Ислам өзіне тіршіліктің тек рухани жағын ғана қамтумен шектелмейді. Жоғарыда айтылғандай, адамзат тіршілігінің барлық саласын қамтиды. Мәселен, қоғамдағы қарым-қатынас, сауда-саттық, қоғамның саяси өмірі  тағысын тағы. Осы тұрғыдан алғанда, адамзатқа жетінші ғасырда парыз етілген Ислам діні өзін өркениет діні екенін дәлелдей білді. Ислам діні адамзат өміріне енісімен мәдениет пен өркениетке, білімге үндеді. Мысалы, тазалық мәселесін алайық. Адам табиғатына тән бұл қасиет барша өркениетте қастерленген.

Тазалықтың адам өмiрiндегi орны мен мәнi жоғары болғандықтан, оны әспеттеу әрi соған ұмтылу – әрбiр мұсылманның мiндетi.

Исламдағы тазалық талабы Қасиеттi Құран Кәрім және ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сүннетінен туындайды. Мәселен, Алла Тағала Құранда:

إِنَّ اللَّهَ يُحِبُّ التَّوَّابِينَ وَيُحِبُّ الْمُتَطَهِّرِينَ

«Алла Тағала тәубе етушiлердi және таза болушыларды жақсы көредi[1]».

Исламда тазалық діннің ажырамас бөлігі ретінде қарастырылады. Осы себептен ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.):

اَلطُّهُورُ شَطْرُ الإِيمَانِ

«Тазалық – имандылықтың жартысы», – дей отырып, тазалықты адамның рухани, мәдени жетiлу деңгейiнiң, кiсiлiгi мен тәрбиесiнiң маңызды көрсеткiштерiнiң бiрi екенін білдіреді.

Қазіргі күні кез келген елдің өркениеттілігі ондағы демократиялық құндылықтарымен өлшенеді. Мәселен, ер мен әйелдің теңдігін алайық. ҮІІ ғасырда Исламның адамзатқа келген дәуірін алайық. Сол заманда ең өркениетті елдері қатарында Арабстанның солтүстігіндегі Византия және араб жазирасының шығыс тарапындағы Парсы империяларының аттары аталатын. Алайда, ондағы әйел затының абыройы, құқығы дұрыс сақталынбаған еді. Дәлірек айтар болсақ, онда әйелдердің еш азаматтық құқығы болмайтын, олар қоғамдық өмірге араласа алмайтын, мирас алмайтын. Тіпті, кей жағдайда өздері қолдан қолға мүлік секілді өтетін. Ол ол ма?! Кей жағдайда өз кіндігінен тараған ұлдары аналарын жұбайлыққа алатын да жағдайлар орын алған.

Ислам діні келісімен қоғамдағы әйел баласының мәртебесін көтеріп, әйел затын бірінші мәселеде ана ретінде құрметтеуді, қастерлеуді бұйырды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.)

الْجَنَّةُ تَحْتَ أَقْدَامِ الأُمَّهَات

«Жәннат – аналардың табанының астында» деген сөзі – осының айқын дәлелі.

Ислам діні білім және ғылым діні екені сонау бастан-ақ байқалды. Бұған да дәлел баршылық. Мәселен, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) түсірілген бірінші уахиінде-ақ «Оқы, біл, үйрен» деген талап қойылған болатын.

Кез келген елдің болашағының жарқын болуы ғылымның дамуына байланысты. Осы себептен де білім беру жүйесін мемлекеттің, қоғамның күре тамыры деп айтса болады. Ислам тарихынан белгілі, мұсылмандар сонау бастан-ақ білімге ерекше көңіл бөліп, оған құштарлық танытты. Исламның бастапқы дәуірлерінде-ақ пайда болған Мәдина, кейін Мекке, онан соң Куфа мен Бағдаттағы медреселер – соның айқын айғағы. Ал, Испаниядағы Андалусия мектептері бүкіл Еуропаның ілгерілеуіне басты себебі екенін ешбір заманауи ғалым жоққа шығара алмайды.

Сонымен қатар, Исламды ғылымнан бөлек дүние ретінде қабылдайтындар да аз емес. Ал, шын мәнінде, Ислам ғылымды жоққа шығармайды, керісінше заманауи ғылымның негізі, іргетасы болып табылады. Осы себептен Ислам діні бүкіл адамзат өркениетінің көшбасшысы деп айтуға тұрарлық. Мысал ретінде айтар болсақ, Исламмен бірге тарихта сенім мен қалау еркіндігі тәрізді ұғым пайда болған. Осы себептен, заманауи өркениет барша жетістіктері үшін Ислам дініне қарыздар.

Мұсылмандар адамзат табиғатына тән теңдік пен үйлесімділік өркениетін құра білді. Осы себептен Ислам дінінен рух пен материя, діни сенім мен ғылым үйлесімділігін анық көреміз. Кезінде Ислам халифатындағы медреселерге парасаттылыққа қол жеткізуді көздеп мыңдаған өзге дін өкілдері ағылып келетін болған. Бұған мысал ретінде, Андалусияда және Шам өлкелеріндегі медреселерді келтірсе болады. Сол медреселердегі оқыту жүйелерінің арқасында ғылымды меңгерудің түрлі әдістемелері пайда болған.

Ислам саналылыққа үндеп, Құранға сүйенумен қатар, логика мен ғылымды пайдалануға шақырады. Осы жағдай кезінде ғылымның түрлі саласы дамуына елеулі септігін тигізе білді.

Бүкіл әлемге, соның ішіне адамзатқа өсіп-өну, даму, ілгерілеу – табиғи тән құбылыс. Ал, дамудың діңгегін, жаңалықтың негізін ойлана білу қабілеті құрайды. Ал, Ислам пікірлесуді адамзат табиғатына тән сипат деп санап,тіпті айнала әлемге зер салып ойлануды бұйырады. Өйткені, пенденің ойлануы адамзат үшін пайдалы бір жаңалыққа септігін тигізуі әбден ықтимал.

Ислам – әмбебап дін. Сондықтан да ол өзге өркениет өкілдері үшін әрқашан ашық әрі адамзат үшін пайдалы кез келген даналықты қабыл етеді. Бұл сөздерімізге Ислам тарихында орын алған көптеген ғылыми жетістіктер мен жаңалықтар дәлел бола алады.

Адамзат тарихында ғылыми даму мен мұсылмандық идеологияның арасында ешқашан қарама-қайшылық болмаған. Сол үшін де мұсылман ғұламасы дін ғалымы болумен қатар, ғылымның түрлі саласының көрнекті қайраткер бола білген. Бір ғажабы, мұндай ерекшелік тек мұсылман ғалымдарына тән сипат болып келеді. Мысал ретінде Хорезми, Фараби, Ибн Хайсан, Ибн Сина, Ибн Нафис сынды мұсылман өркениетінде көшбастаушы ғалымдарды айтсақ болады. Бұл аталған әрбір ғалымның сиялы сауытымен жазылған еңбектері жүздеп саналады. Мәселен, орта ғасырлық ғалым Мұхаммед ибн Мұса Әл-Хорезмиді алайық.

Мұхаммед ибн Мұса Әл-Хорезми  – Орта ғасырлық ұлы ғалымматематикастроном (жұлдызшы), тарихшы, географ. Әл-Мамұн (813-833) халифі кезеңінде Әл-Хорезми Бағдаттағы Академия іспеттес «Даналық үйі» кітапханасын басқарды.

Осы орында математика саласындағы біршама ғалымдардың есімін атап өтсек орынды болады. Мәселен, Беттани (858-929) – Еуропаға математика саласы бойынша үлгі болған мұсылман ғалымы. Жак Рислердің ойынша, дәл осы Беттани тригонометрияның негізін салушы ғалым болған.

Мұсылман ғалымдары ғылымның әрбір сатысынан орын ала білді. Тіпті, сол  сатылардың ең жоғары деңгейін иелене білді. Мәселен, кристалл туралы ең алғашқы мәліметтер біздің жыл санауымызға дейінгі VI ғасырда Пифагордың, IV ғасырда Платонның, III ғасырда Евклидтің еңбектерінде кездеседі. Ал, орта ғасыр дәуірінде Батыс елдеріндегі кристалдар және минералдар туралы мағлұматтар мардымсыз болғандықтан, Еуропада минералогия ғылымы тарихтың тоқырау кезеңіне душар болды десек қате болмас. Орта ғасырларда барлық ғылым салаларын ілгері дамытушылар арабтар, дәлірек айтар болсақ мұсылман ғалымдары екенін тарих мойындайды.

Ислам мәдениеті – ең кемінде VII-VIII ғасырлар ағымында жер жүзіне жайылған көп салалы мәдениет. Өйткені, мұсылман ғалымдары математика, астрономия, алхимия, медицина, минералогия, география және т.б. ғылымдар бойынша аса құнды еңбектер жаза білді. Ол кезде ғылым тарауларға айтарлықтай талданып жіктелмеген. Ғылымдарды көбінесе тұтас алып, тек бірен-саран салалары ғана белгілене бастаған. Осы тұста мұсылман ғалымдары көп еңбек сіңірді. Мысалы, минерология саласының атақты тұлғасы – Жәбир ибн Хайян. Ол кәдімгі араб алхимиясының іргетасын қалаушы атақты ғалым. Оның алхимия еңбектерімен қатар, онымен тығыз байланысқан минералдардың жаратылысы мен тастар туралы еңбектері болған. Бұл тізімде минералдарды зерттеумен шұғылданған әр саланың мамандары: Абул-Қасым ибн Салям,Мазауи және Әл-Кинди, Әл-Рази және басқалар. Сонымен қатар, Әл-Фараби және Әбу Райхан Мұхаммед ибнАхмед Бируни де минералогия ғылымына қосқан үлесі аз емес.

Физика саласын алайық. Нью-Йорктық университеттің профессоры Дрэйпер «Ғылым мен Дін арасындағы сөзталас» деген кітапта былай дейді: «Егер біз мұсылман ғалымдарының жасаған орасан зор еңбектерінің тізімін жазатын болсақ, бір кітаптың аясына сыймас еді. Мұсылмандар ескі ғылымдарды өлшеусіз дамытты. Сонымен қатар, ескі ғылымдарға белгісіз қаншама жаңа ғылым салаларын ашты». Мәселен, Ахмед бин Муса «Таңғажайып жүйелер» шығармашылығында автоматты жөндеу жүйесінің 1000-нан аса жоспарын сызды.

Оптика ғылымының негізін салушы Ибн Хайсам (965-1051) өзінің ғылыми еңбегі «Көрініс кітабы»  деген кітабында Роджер Бэкон (1214—1294), Кеплер (1571—1630) және Леонардо да Винчи (1452—1519) деген секілді батыс ғалымдарының  ғылыми еңбектенуіне серпіліс берді. «Көрініс кітабы»  ғылым әлемінде негізгі кітап  ретінде 600 жыл бойы есептеліп келді.

Астрономия саласына көз жүгіртейік. Бұл сала да – мұсылман ғалымдарын ғасырлар бойы қызықтарып, зерттеп келген дүниелері. Ірі-ірі деген барлық мұсылман қалаларында толық дерлік обсерваториялар болған. Обсерваторияларда ғалымдар жүздеген жылдар бойы ғылыми зерттеулер жүргізіп, осы салада көптеген жаңалық ашып, батыстық Джордано Бруно (1546—1601), Коперник (1473—1543), Галилей (1564—1642) сияқты атақты ғалымдардың ілім  нәрін алатын бұлақ көзі болды. Париждегі Ислам университетінің профессоры Жак Рислер мұсылмандардың Батыстың Қайта құрылуына тигізген ықпалы туралы былай деген: «Мұсылман астрономдары біздің Қайта құрылуымызға дәл математика ғалымдары секілді ықпал етті».

Мұсылмандар жұлдыздардың орналасқан жерлерін және олардың қашықтықтарын анықтайтын құралды құра білді. Мәселен, Зеркали (1029—1087) сол заманға сәйкес нақты және дәл астролябияны ойлап тапты.

Мұсылман ғалымдары еуропалықтардан әлдеқашан бұрын Жердің шар тәріздес екенін және өз ортасын айналатынын айтқан болатын. Бируни Жердің өз ортасын және Күнді айналатынын дәлелдеді. Мысалы, Индиядағы Нандана қаласындағы өткізген зерттеулерінің нәтижесінде Жердің бетінің көлемін анықтай білді. Осы Жерді анықтау әдісін Еуропада «Бирунидің ережесі» деп атайды.

Ферганидің астрономия саласындағы  еңбектері 700 жыл бойы Еуропада оқулық ретінде қолданылып келді. Фергани сонымен қатар, Күнде дақтардың барын да ғылыми тұрғыда анықтады.

Самарқанда үлкен обсерватория салғызып, өмір жолын ғылымға арнаған Ұлықбек те өз заманының ұлы астрономы болған.

География саласының да ғылым ретінде қалыптасуында мұсылман ғалымдарының қосқан үлесі зор. Мәселен, Эвлия Челебидің (1611—1682) жердің түкпірлерін зерттей келе жасаған жолжазбалары және Ибни Батутидің (1304—1369)  барлық континенттер мен материктерді шарлай жазған жол жазбалары  тарихи және географиялық тұрғыдан құнды қазына болып табылады.

Көптеген ғасырлар бұрын Бируни Американың бар екендігін жорамалдап айтып кетсе, Пири Райс (1465—1554) «Китаби-Бахрийя» деген кітапта Американың бар екендігін қозғаған. Ал, Васко де Гаманың (1450—1554)  саяхат жасау кезіндегі жол сілтеушісі  теңізші-ғалым Ибн Межид болды.

Идриси (1100—1166) осыдан  850 жыл бұрын қазіргі картаға сәйкес дүние жүзінің географиялық  картасын құрған.

Социология және архитектура салалары. Ибн Халдун (1332—1406)  беделді тарихшы ретінде танылып, социология саласының ғылыми сала ретінде қалануының негізін салды. Оның шығармалары көптеген батыстық ғалымдар үшін жол көрсетуші жарық жұлдыз болды.

Архитектура саласында Мемар Синан (1489—1588) өзінің шығармашылықтары арқылы мәңгі өшпестей із қалдыра білді.

Ботаника мен зоология салалары. Орта ғасырларда мықты ботаник пен фармацевт атағына ие болған Ибн Байтар (1190—1248), өзінің кітабында дәрілік шөптер мен өсімдіктердің 1400-ден астам түрлеріне сипаттама берген. Бұл жазылған дүние осы саладағы негізгі білім ретінде қолданылып келді.

Дамир (1349—1405) есімді ғалым «Хаятул-хаяван» деген кітабында жануарлар туралы көрсеткен нақты мағлұматы зоология саласының дамуына ықпал етті.

Ибн Аууам (XII ғ.) орта ғасырларда өзінің ауылшаруашылық туралы жазған кітабы арқылы танымал болды.

Қазіргі күні көкірек көзі ашық әрбір азамат жоғарыда есімдері аталған мұсылман ғалымдарын және олардың жетістіктері жайында білуі тиіс. Айналып келгенде, осы айтылғанды білу дінді біліп-тану деп айтуымызға толық болады.

Сөз соңын Батыстық профессор Либридің мына сөзімен аяқтаған дұрыс болар: «Егер де мұсылмандарды тарих сахнасынан алып тастап қарайтын болсақ, біздің ғылымымыздың дамуы бірнеше жүздеген жылдарға артта қалып қойған болушы еді. Алты ғасыр бойы  араб шығармаларын аударып қолдану Еуропа университеттерінде білім алудың жалғыз бұлақ көзі болып келді. Тіпті, мұсылмандар кейбір ғылым салаларында, мәселен медицина саласында, осы күнге дейін ықпал етуін тоқтатқан емес. Ибн Синаның кітабына сұранымдар өткен ғасырдың соңында жазылып бітті».

 

[1] Бақара, 222-аят