Ислам – татулық пен бірлікті бұйырады | жұма уағызы

الْحَمْدُ لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالْعَاقِبَةُ لِلْمُتَّقِينَ، وَلَا عُدْوَانَ إِلَّا عَلَى الظَّالِمِينَ، وَأَشْهَدُ أَنْ لَا إِلَهَ إِلَّا اللهُ، وَحْدَهُ لَا شَرِيكَ لَهُ، لُهُ الْمُلْكُ وَ لَهُ الْحَمْدُ، وَهُوَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ قَدِير،وَأَشْهَدُ أَنَّ سَيِّدَنا وَحَبِيبَنَا وَشَفِيعَنا مُحَمَّدًا صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ  ، وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ، وَمَنْ سَارَ عَلَى نَهْجِهِ، إِلَى يَوْمِ الدِّينِ،

Ислам сөзі – «амандық, есендік, мойын сұну, бағыну, берілу» ұғымын білдіреді. Яғни ислам амандық пен бейбітшілік діні деген сөз. Әлемді сүйіспеншілікпен жаратқан Ұлы Жаратушының ақырғы пайғамбары жер бетіне бейбітшілік орнату үшін жіберілген. Құранда бұл турасында:

وَمَا أَرْسَلْنَاكَ إِلَّا رَحْمَةً لِلْعَالَمِينَ  

«Біз сені әлемдерге тек рақым етіп қана жібердік» (Әнбия-107),

– деп сан ғасырлар бойы мұсылмандар осы ерекшелікпен өз діндерін мақтан етіп, насихаттауда.

Құранда бейбітшілік мағынасын білдіретін «сәлам» сөзі көптеген аятта айтылуда. Өйткені Құран ынтымақ пен бейбітшілікті баса назарда насихаттайды.

Адам саналы жаратылыс иесі болғандықтан еріксіз түрде: Мен қайдан келдім? Қайда барамын? Бұл дүниеге не үшін келдім? Жаратушы бар ма? деп сұрақтар қояды. Осындай сұрақтардың жауабын беру үшін Алла Тағала пайғамбарлар арқылы дін және заңдылықтар топтамасынан тұратын қағидалар жіберді. Міне сол қағидалар мен заңдылықтар тек ауыз екі  ғана емес, жазбаша түрде қасиетті кітаптармен де расталып отырды. Адамзатқа қанша елші  және кітап түскенімен сан ғасырға созылған тарихында әр алуан наным-сенім пайда болды. Жербетіндегі діндердің ешбірі бөлінушілікке жол бермегенімен адамдардың ойлау мен түсінік деңгейіне ешқашан да тосқауыл бола алмайды. Себебі, жоғарыда айтылған сұрақтарды әрбір діни сенімдегілер өзінше түсініп, түсіндіруге тырысады және мұның ақыры түрлі секталардың пайда болуына әкеп соқтырады. Ислам бойынша діндер негізінен екіге бөлінеді: Алла тарапынан жіберілген діндер (иудаизм, христиан, ислам); Алла тарапынан жіберілмеген діндер (буддизм, индуизм, сихизм т.б.).

Ислам әрбір дін өкіліне құрметпен қарайды. Ешкімді дініне, ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап бөлмейді. Адамға адами тұрғыдан баға беріп, Алла алдында ешкім ешкімнен жоғары емес, тек тақуалық пен діндарлықта ғана дәрежелері жоғары болады деген сеніммен әрекет етеді. Себебі Алла Тағала Құранда:

يَاأَيُّهَا النَّاسُ إِنَّا خَلَقْنَاكُمْ مِنْ ذَكَرٍ وَأُنثَى وَجَعَلْنَاكُمْ

شُعُوبًا وَقَبَائِلَ لِتَعَارَفُوا إِنَّ أَكْرَمَكُمْ عِنْدَ اللَّهِ أَتْقَاكُمْ إِنَّ اللَّهَ عَلِيمٌ خَبِيرٌ

«Уа, адамзат! Сендерді Біз әуелде бір еркек, бір әйелден, бір ата, бір анадан өрбіттік. Өзара қарым-қатынас жасауларың үшін көптеген ұлт, ұлыс етіп көбейттік. Сендердің бір-біріңнен артықтығың несібелеріңмен емес, діндар-тақуалықтарыңмен есептеледі» (Хужурат сүресі, 13 аят),

– деп бұйырса, Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын)  да былай дейді: «Уа, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың біреу, ешбір араб араб еместен, араб емес арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан діндарлығынан басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз Алланың алдында ең мәртебелілерің діндар болғандарың».

Тәуелсіздік алғалы руханиятқа шөліркеген халқымыз уақыт өткен сайын имандылыққа бет бұруда. Аллa Тағаланың рахымымен, халқымыздың талпынысымен Ислам діні еліміз Қазақстанда қарқынды дамып келеді. Бұның нәтижесінде мешітке келушілер мен намазға жығылушылар санының артуы қуантса, енді бәз біреулер үй ішінен үй тігіп, ынтымағы мен бірлігі жарасқан мұсылмандардың арасында ірткі салып, Касиетті Құран мен хадистерге кайшы ic-әрекеттері арқылы ислам ілімі мен оның асыл құндылықтарына зиянын тигізіп жүрген Ислам атын жамылған діни ағымдардың белсенділігі хақ дініміз исламға зиянын тигізуде.

Мұсылман кісі өзгелерге тіл тигізіп сауап таппайды, керісінше исламнан алшақтатқандығы үшін күнә табады. Олай болса, мұсылманның міндеті өзгелерді діннен үркіту емес, өз дінін кемшіліксіз түрде жеткізе білу. Сонымен қатар исламда зорлық жоқ. Бақара сүресінің 256 аятында: «Дінде зорлық жоқ»,- деп Алла Тағала анық түрде баян еткен соң әрбір мұсылман пенде өз дінін насихаттап, қоғамдағы бейбітшілікті орнатуға талпынуы керек.

Соңғы уақыттарда діндер аралық диалог, үн қатысу мәселесі өзекті тақырыпқа айналды. Алайда бұл үн қатысуды Құран ғасырлар бұрын мұсылмандарға әмір еткен. Құранда Алла Тағала кітап иелерін бірлікке, татулыққа және үн қатысуға былайша шақыруды үйретеді:

«Уа Мұхаммед! Оларға айт: Ей, кітап иелері! Сендер мен біздің арамыздағы мынандай ортақ сөзге келіңдерші: (яғни) Алла Тағаладан басқаға құлшылық етпейік, Оған еш нәрсені ортақ қоспайық. Сондай-ақ Алладан өзгені бір-бірімізге тәңір тұтпайық. Егер олар жүз бұрса: Куә болыңдар, шәксіз біз мұсылман болдық, деңдер» (Әли Имран сүресі, 64 аят).

Ислам діні қоғамдағы өзге дін өкілдерімен сыпайлықпен қарым-қатынас жасауымызды бұйырады. Құранда бұл жайында былай дейді:

وَلَا تُجَادِلُوا أَهْلَ الْكِتَابِ إِلَّا بِالَّتِي هِيَ أَحْسَنُ

«Кітап иелерімен ең көркем түрде, сыпайылық пен әдептілік сақтап пікір таласыңдар» (Анкабут сүресі, 46 аят).

Бұның ең үлкен айнымас үлгісін Хазіреті Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын)  пайғамбар өз кезегінде тамаша етіп жүзеге асырды. Мысалы, исламның алғашқы кезеңдерінде христиан болған римдіктерді, эфиопиялықтарды отқа табынушы парсыларға қарағанда іштей жақын тұтты. Рим империясы отқа табынушы парсылардан жеңілгенде Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын)  әһли китап болған римдіктердің жақын уақытта жеңіске жететіндіктерін айтқан еді. Расында да Рум сүресінде айтылғандай олар жеңіске жетті. Сондай-ақ әһли кітап болған Рим, Мысыр, Хабаш патшаларын исламға шақырып хат жолдаса, 623 жылы Мадинада алғашқы мұсылман ата заңы қабылданып, онда Мадиналық яһудилерге де діни еркіндік танылып, әділ қоғамдық заң жүйесі жүзеге асырылды.

Хз. Пайғамбарымыз исламның ынтымағы мен бірлігін сақтау жолында өте сабырлылықпен әрекет етті. Қоғамның ынтымағы ауадай қажет болғандықтан, Мадина халқы арасында іріткі салушы мунафиқтар мен олардың басында кімдердің жүргенін өте жақсы білетін. Бірақ осыны ешқашан елге паш етпеген. Паш ету былай тұрсын, оларға да мұсылмандар сияқты қарайтын. Мунафиқтардың көсемі Абдуллаһ б. Убәй б. Сәлулдің жасаған қиянатына төзіп, жазаламады. Хз. Омар қаншама рет мунафиқтың басын шабуға рұқсат сұрағанымен Хз. Пайғамбарымыз мәселені Аллаға тапсырып, дін исламға, қоғамға зиян тигізуші екі жүзділерді өлтіртпеді. Тіпті мунафиқтардың көсемі Абдуллаһ б. Убәй б. Сәлул қайтыс болмастан алдын баласын Хз. Пайғамбарға жіберіп, үстіндегі көйлегін (ниеті кебін ету) сұратқанда, екі дүние сардары, адамзаттың ардақтысы Хз. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын)  көйлегін береді. Міне осындай ғибратты оқиғаларды Пайғамбар (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын)  өмірінен көптеп кездестіруге болады. Сонымен қатар Хз. Пайғамбардан (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын)  тәлім алған сахабалардың ғұмыр тарихынан көп мысал келтіруге болады. Яғни қоғамның ынтымағы мен бірлігі, дін исламның өркендеуі үшін жасаған қызметтері расында да үлкен жетістікке жетткізді.

Қоғам ішінде бүлікшілік пен алауыздықты тоқтату әрбір мұсылманның міндеті. Құран мен Хадис біздерге осыны бұйырады. Қоғамның бірлігі мен ынтымағы үшін кейбір істен бас тарту иманның кемелдігінен.

Әлемдік діндердің ешбірі қоғам тыныштығын бұзуға рұқсат бермейді. Сол секілді ислам дінінің де өзіндік ерекшеліктері бар. Ең басты ерекшелігі қоғамды басқарушы әміршіге әрбір мұсылманның бағынуын, тыңдауын талап етеді:

يَاأَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا أَطِيعُوا اللَّهَ وَأَطِيعُوا الرَّسُولَ وَأُوْلِي الْأَمْرِ مِنْكُمْ

«Ей, иман келтіргендер! Аллаға, пайғамбарға және өз араларыңдағы әмір иелеріне бойұсыныңдар» (Ниса-59).

Хз. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын)  бұл жайында былай дейді: «Кім маған итағат етсе, Аллаға итағат еткен болады. Кім маған қарсы шықса Аллаға қарсы шыққан болады. Кім әміршіге итағат етсе, маған итағат еткені. Кім әміршіге қарсы келсе, маған қарсы келгені» (Муслим риуаяты).

Тағы бір хадисте былай дейді: «Кімде кім итағаттан шығып, яғни мойын сұнбай жамағаттан бөлініп кетіп, содан кейін сол кеткен күйінде өлетін болса, онда ол надандық өліммен өлген болады» (Муслим риуаяты).

 Ал қоғамның тыныштығын бұзатын бүлік пен іріткі салуға Алла Тағала мұсылмандарға қатаң түрде тыйым салады. Қасиетті Құранда бұл мәселе жайында былай дейді:

وَالْفِتْنَةُ أَكْبَرُ مِنْ الْقَتْلِ

«Бүлік шығару адам өлтіруден де бетер»  (Бақара сүресі, 217 аят).

مَنْ قَتَلَ نَفْسًا بِغَيْرِ نَفْسٍ أَوْ فَسَادٍ فِي الْأَرْضِ فَكَأَنَّمَا قَتَلَ النَّاسَ جَمِيعًا وَمَنْ أَحْيَاهَا فَكَأَنَّمَا أَحْيَا النَّاسَ جَمِيعًا

«Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық жасамаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен және кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса) барлық адамды тірілткенмен тең деп жаздық» (Майда сүресі, 32 аят).

Міне көріп отырғанымыздай Алла Тағала мұсылмандарға қоғам ішінде бүлік шығаруларына тыйым сала отырып: «Жер беті түзетілгеннен кейін бүлікшілік жасамаңдар» (Ағраф сүресі, 56 аят) деп үстеме аятпен қайталап ескертеді де мына бір аятпен қоғам тыныштығын бұзған жанды сүймейтіндігін бұйырады:

وَاللَّهُ لَا يُحِبُّ الْمُفْسِدِينَ

«Алла бүлік шығарушыларды сүймейді» (Майда-64).

Мешіт жамағаты да қоғамның ажырамас бөлігі екендігін ескеретін болсақ, мешіт жамағаты арасында түрлі жанжал мен араздық тудыру, имамның айтқанын тыңдамай қарсы келу аяттың шеңберіне кіретіндігін ұмытпағанымыз жөн. Себебі, аят қоғам ішіндегі өзге дін иелеріне емес, мұсылмаға бүлік шығармауды бұйырып тұр.  Ислам шариғаты қоғамның тыныштығын бұзған бүлікшінің жазасы ретінде қол аяғын айыр етіп кесуді және өлсе жаназасын шығармауды бұйырған.

Хз. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын)  бір хадисінде былай дейді:«Сендерге намаз, ораза және садақадан да артық бір нәрсе айтайын ба?- деді. Сахабалар: Иә, Я Расулуллаһ!- десті. Пайғамбарымыз: Жарастыру, татуластыру. Себебі, араның бұзылуы шаштың түбінен емес, діннің түбінен қопарады,- деді» (Тирмизи, Қиямет 56).

Екінші халифа Омардың тұсында ислам әлемі етек жайып, көптеген жерлер халифа билігіне қарайды. Сол жерлерді мекендеген түрлі ұлттар мен ұлыстардың ешбіріне мұсылмандар тарапынан қысым жасалмай, тұрғындар еркін өмір сүре білді. Ислам әскерлері әһли кітап яғни христиан дін өкілдері көбірек шоғырланған Палестина аймағын басып алғаннан кейін, ондағы тұрғындар мен Хазіреті Омар 637 жылы былайша келісім шарт жасайды: «Бұл Алланың құлы, мұсылмандардың әміршісі Хаттабұлы Омардың Илиа халқына берген қауіпсіздік қағазы. Олардың жандарына, малдарына, шіркеулеріне, крестеріне, дені саулары мен сырқаттарына және қалған ұлтына амандық берілді. Шіркеулеріне ешкім тұрғын үй есебінде жасамайды, оларды ешкім бұзбайды, олардың ішкі және сыртқы қор мүліктерінен ешнәрсе кемітілмейді, олардың малдарына ешкім қол сұқпайды. Мұндағылардың дініне зорлық жасалмайды, ешкімге дін негізінде зорлық көрсетілмейді».[Жолдасов Абдулла, Әділетті төрт халифа, Шымкент, 72-73 бет]

Міне осындай бейбітшілікпен қоғамды басқарған ислам әлемінде өзге дін өкілдері мұсылмандардың тілеуін тілейтін сәтіде болғандығын тарихтан білеміз. Халифа Омардың тұсында көзі тірісінде жәннәтпен сүйіншіленген Әбу Убайда ибн Жаррах Сирияның әкімі болады. Рим императоры Геракл Сирияны өзіне қаратып алу мақсатында қалың қолмен аттанады. Бұл кезде Хз. Әбу Убайданың қарамағында аз ғана әскері болып, қаланы жаудан қорғауы мүмкін емес еді. Дереу Шам тұрғындарын жинап алып: «Сіздерден жизия (мұсылман билігін мойындап, өз діні бойынша өмір сүрген кісіден алынатын жан салығы) салығын алдық. Алайда дәл қазір бізде жауға төтеп беретін күш жоқ. Сіздерді қорғай алмайтындықтан жизия салығын қайтарып беруді жөн көрдік. Өйткені бұл жағдайда оның бізде болуы дұрыс емес» – дейді.

Жиналған салық иелеріне қайтарылды. Бұл оқиғаға куә болған христиан дін адамдары шіркеулерді лық толтырып, мұсылмандардың жанын аман алып қалуын Жаратқан Иеден жалбарына сұрады. Христиан діндарлары күллі шіркеуді күңірентіп былай дұға жасады: «Мұсылмандар мен бірге бізді қанқұйлы Гераклдың жауыздығынан құтқара гөр». (Саңлақ сахабалар, 129 бет).

Хз. Османның халифалық тұсында Әзербайжан мен Арменияға ислам әскерлері жорық жасайды. Сол жорыққа Сирия, Ирак Хижаз, Иран аймағынан сарбаздар жиналған еді. Аталмыш аймақта сол уақыттарда Хз. Пайғамбарымыздың ұлы сахабалары, Құран хафиздері дін исламды насихаттауда болатын. Құран жеті қырағатпен түскендіктен қай қырағат  бойынша Құранды үйренген болса,  ұстаз сахабалар үйренген қырағатымен сол аймақтың мұсылмандарына Құран үйреткен еді.

Әзербайжанды азат ету жорығында жан-жақтан жиналған мұсылман сарбаздар намаз өтеу кезінде үлкен жанжалға ұшырайды. Себебі әр аймақтан келген мұсылмандар өздеріне үйреткен қырағатты дұрыс деп, өзге қырағатпен үйренгендерді бұрыс деп, таласқа, тіпті қол жұмсауға дейін барады. Мәселенің ақыры жақсылыққа апармасын білген Хз. Хузайфа халифа Хз. Османға болған жәйтті түсіндіріп, яһудилер мен насранилердің (христиандар) кебін кимеу үшін шара қолдануды ұсынады. Сахабалар кеңесе келе жеті қирағатпен (ләһжә) түскен Құранды мұсылман қауымының ынтымағы мен бірлігі үшін бір қирағатқа түсіруді, яғни Қурайш диалектісімен (қирағатымен) жазуға шешім қабылдайды. Нәтежеде Құран Қурайш диалектісі бойынша қайта жазылып, маңызды қалаларға бір нұсқасы жіберіліп, өзге диалектімен (қирағатпен) жазылғандарын өртеуге бұйрық береді. Ирак мектебінің ұстазы, Хз. Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын)  ұлық сахабасы Хз. Абдуллаһ ибн Мәсғуд мұсылманның ынтымағы мен бірлігі үшін қолындағы тікелей Хз. Пайғамбардың аузынан естіп, жазып алған Құранын қимай-қимай көз жасын көл қылып, ақыры жояды. Амал қанша? Хз. Пайғамбардан тікелей үйренген, жаттаған Құранын алауыздыққа жол бермеу мақсатында өртеп жібереді. Олай болса, құрметті бауырлар біздер де қоғамның, мұсылман қауымының ынтымағы мен бірлігі үшін мешітке келгенде тәртіп сақтап, бір бағытта, бір мазһабта жүруіміз керек. Сахабалар мұсылманның бірлігі үшін көп нәрсені тәрк етуге мәжбүр болғандай біздер де бірлігімізді бұзбау үшін өзімізше дұрыс деп тапқан кейбір фиқһи мәселеде сіреспей, еліміздің ынтымағы үшін бір мазһабпен жүрейік. Сонда ғана біздер өркендейміз.

Мәселеге орай тағы да тарихтан мысал келтіріп өтейік. Хз. Али қайтыс болғанда (661 ж.) Куфалықтар Хз. Алидің үлкен ұлы Хз. Хасанды халифа етіп сайлайды. Хз. Али оңтүстік аймақта халифа болып тұрғанда, солтүстік яғни Сирия аймағында Хз. Муғауия өз халифалығын жариялап, бір мезетте ислам әлемін екі халифа басқарған еді. Хз. Хасанды халифа етіп тағайындаған соң ислам әлеміндегі саяси жанжал қайта жанданып, екі халифа арасында соғыс өрті шығу қаупі туындайды. Сол кезде Хз. Хасан небәрі 6 ай ғана халифа болса да, ислам әлемінің тыныштығы, қоғамның бірлігі мен ынтымағы үшін халифалықтан бас тартып, Хз. Муғауияға биліктің тізгінін ұстатады. Өйткені, қаншама бейкүнә жандардың опат болуы бек мүмкін еді. Сол себепті Хз. Хасан қоғамның ынтымағын жеке бастың пайдасынан жоғары қойды.

692 жылы Ирактың әкімі залым Хажжаж ибн Юсуф әс-Сақафи Мекке қаласын соқыр саясаттың нәтежесінде қанды қырғынмен басып алады. Қаншама жазықсыз адамды өлтіреді. Меккені басып алған соң намазды оқу үшін өзі имам болып алға шығады. Сол кезде Меккеде Хз. Пайғамбардың көзін көрген, тәлімін алған қаншама ардақты сахабалар соның ішінде Хз. Абдуллаһ ибн Омар да бар еді. Халық залым Хажжаждың артында намазға тұрып-тұрмау мәселесінде Хз. Абдуллаһ ибн Омарға қарайды. Хз. Абдуллаһ ибн Омар еш қысылмастан залым Хажжаждың артында тұрып намаз оқиды. Өзгелер де намазға тұрады. Намаздан кейін одан неліктен мұндай қаныпезер адамның артында намазға тұрғанын сұрағанда: “Егер мен оның артында намазға тұрмағанда тағы да қаншама адамның қаны төгілетін еді”,- деп жауап береді. Демек, қоғамның ынтымағы мен бірлігі үшін жеке бастың пайдасы мен нәпсінің қалауын тәрк ету әрбіріміздің басты міндетіміз екенін ұмытпағанымыз жөн.

Ислам қоғамдағы тыныштық пен ынтымақты сақтау үшін негізгі қағидаларды талап етеді:
  1. Өзгенің ақысын бұзбау: Ислам дінін қабылдаған, Құраннан нәр алған әрбір мұсылман өзгенің ақысын жемей, ала жібін аттамай, өзге мұсылман бауырына зиянын тигізбеу керек. Бұл жайында Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Мұсылман мұсылманның бауыры. Ол бауырына зұлымдық жасамайды және оны залымдарға тастамайды. Кім бауырының мұқтаждығын өтесе, Аллаһ та оның мұқтаждығын өтейді» (Бухари риуаяты).
  2. Әділ болумен жақсы қатынас жасау: адам өмірінің бір қалыпты болуы үшін барлығына бірдей әділ болу керек. Қоғам тыныштығы үшін бұл басты талап. Сонымен қатар өзгелермен қарым-қатынасты дұрыстау керек. Құранда бұл жайында былай дейді:«Анығында Аллаһ адамдарды әділ болуға, жақсылық жасауға, ағайынға қарайласуға бұйырады. Арсыздықтан, тоңмойындықтан, азғындықтан тыяды» (Нахыл-90).
  3. Жақсы мінезге ие болу: ислам жақсы мінез-құлықтан тұрады. Бұныда Құран ахлағы дейміз. Пенденің иман тұрғысынан кәмілдігі мен әлемнің тыныштығы жақсы мінез-құлықпен жүзеге асады. Алла Тағала мұсылмандарға барлық жақсы амалды жасауды бұйырып, жаман іс-әрекет пен қылықтан аулақ тұруды әмір етті.
  4. Сенім еркіндігі: ислам жеңіл дін әрі ешкімді діни сенімі үшін айыптамайды. Дінде зорлық жоқ. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде:«Жеңілдетіңдер қиындатпаңдар, сүйіншілеңдер қорқытпаңдар»,- деген.
  5. Мейірімді және кешірімді болу: ислам әрбір пендеге мейірімді және кешірмді болуды бұйырады. Аятта былай дейді: «Кешірім жолын ұста, дұрыстыққа бұйыр, білместіктен аулақ бол» (Ағраф-199)

Құрметті бауырлар! Ислам бізден үй ішінен үй тігіуді немесе түрлі ағымға бөлініп, кейбір діни-саяси топтың қолшоқпары болып, бүлік шығаруды емес, керісінше қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті ұстануды бұйырады.  Сол себепті Алланың біздерге нәсіп еткен тыныштығын сақтайық. Сөзімізді Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын)   мына бір хадисімен аяқтайық: «Сендерге бірге болуларыңды өсиет етемін. Бөлініп шығудан өтте қатты сақ болыңдар. Себебі, шайтан жеке басына өмір сүрген кісіге жақын болады. Бірге болған екі адамнан алыс тұрады. Кімде кім жәннәттің дәл ортасында өмір сүргісі келсе, бірге болуға мән берсін» (Тирмизи, Фитән 7).

 Уағыздан алынар тағылымдар:
  • Алла адамзатты бір атадан, бір анадан жаратты;
  • Алла құзырында адамдардың абзалы – тақуалары;
  • Ислам – мейірім, рақым діні;
  • Алла бұзғыншылдарды жек көреді;
  • Бір адамды өлтіру бүкіл адамзатты өлтіргенмен тең;

اللَّهُمَّ لَا تَدَعْ لَنَا ذَنْبًا إِلَّا غَفَرْتَهُ وَلَا هَمَّا إِلَّا فَرَّجْتَهُ وَلَا دَيْنًا إِلَّا قَضَيْتَهُ وَلَا حَاجَةً مِنْ حَوَائِجِ الدُّنْيَا وَالْآخِرَةِ إِلَّا قَضَيْتَهَا يَاأَرْحَمَ الرَّاحِمِينَ *

رَبَّنَا آتِنَا فِي الدُّنْيَا حَسَنَةً وَفِي الْآخِرَةِ حَسَنَةً وَقِنَا عَذَابَ النَّارِ وَصَلَّى اللهُ عَلَى سَيِّدِنَا وَنَبِيِّنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ الأَخْيَارِ وَسَلَّمَ تَسْلِيمًا كَثِيراً.