الله الرحمن الرحيم الملك القدوس السلام المؤمن المهيمن العزيز الجبار المتكبر الخالق البارئ المصور الغفار القهار الوهاب الرزاق الفتاح العليم القابض الباسط الخافض الرافع المعز المذل السميع البصير الحكم العدل اللطيف الخبير الحليم العظيم الغفور الشكور العلي الكبير الحفيظ المقيت الحسيب الجليل الكريم الرقيب المجيب الواسع الحكيم الودود المجيد الباعث الشهيد الحق الوكيل القوى المتين الولى الحميد المحصى المبدئ المعيد المحيى المميت الحي القيوم الواجد الماجد الواحد الصمد القادر المقتدر المقدم المؤخر الأول الأخر الظاهر الباطن الوالي المتعالي البر التواب المنتقم العفو الرؤوف مالك الملك ذو الجلال والإكرام المقسط الجامع الغني المغني المانع الضار النافع النور الهادي البديع الباقي الوارث الرشيد الصبور
+7 (7222) 52-19-11

Құрбандықтың даналығы

ҮШ СЫНАҚ

Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың жүрегіне ерекше жақын үш нәрсесі бар еді. Олар: баласы, жаны және малы. Аллаһ тағала оны осы үшеуімен де сынап көрді. Хазреті Ибраһим (ғ.с.) Аллаһты ұлықтау жолында бар малын түгел сарп етті. Нәмрудпен айқасып, отқа тасталды (жанын қиюдан да қорыққан жоқ). Аллаһтың әмірімен баласын құрбандыққа шалу керек болғанда оған да мойынсұнды. Осылайша Аллаһпен дос болу мәртебесіне қол жеткізіп, «Халилуллаһ» деген атаққа ие болды.

Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар сүрінбей өткен бұл сынақтарды бүкіл адамзат басынан өткізуде. Ал, одан қалай өтуде?! Бұл бөлек әңгіме...

Малымызды Аллаһ жолына жұмсау, жанымызды ажал келмей тұрып тек Жаратушы Иемізге құлшылық еткізу — үлкен сын, Жаратушымыздың адам баласына берген мүмкіндігі әрі сыйы. Өйткені, сынақта сынып қаламасаң мәңгілік пейішке қол жеткізесің.

Құрбандықтың мақсаты

Аллаһтың сынағына сүрінбей өткен жандардың өнегелі өмірлерін үлгі етіп, Жаратушыға толық мойынсұна құрбандықтың мақсатын терең түйсіну қажет. Жаратушы Иеміз Құранда: «(Құрбандарыңның) еттері де, қандары да Аллаһқа бармайды. Аллаһқа баратын тек сендердің тақуалықтарың ғана» - дейді («Хаж» сүресі, 37-аят). Мұны хазреті Мәуләна: «Ешкінің көлеңкесін құрбан етуге тырыспа!» — деп қарапайым түсіндіре білген.

Яғни, негізгі мақсатты ұмытып, тек қана сыртқы көрінісін ғана орындап әуре болудың қажеті жоқ. Бұған Адам атаның қос ұлы Әбіл мен Қабылдың құрбандықтарын мысал етуге болады. Әбіл шын иетпен малының ең семізін Аллаһ жолына арнаса, Қабыл жиған өнімінің нашарын ұсынды. Нәтижесі белгілі. Әбілдің құрбандығы қабыл болып, Қабылдікі кері қайтарылды. Сондықтан іс-әрекеттерімізге ақиқат айнасынан қарап, Жаратушы Иеміздің бізге берген нығметтеріне шүкірлік етіп, ниетті дұрыстау керек. Аллаһтың бергенін Өзіне қаншалықты қайтарып берудеміз?!

Негізінде әр адамның ақиреттегі табатыны тек осы дүниеде қия білгенінің (Аллаһ жолындағы жасаған қандай болсын құрбандықтарың) мөлшеріндей ғана болмақ. Оның шарты — шынайылық. Егер олай болмай ешкінің көлеңкесі құрбандыққа шалынса, онда қанның иісі мен өліктердің үйіндісі ғана көбейе түспек. Сондықтан шынайы құрбандық табыстардың ең ұлысы. Адам өзін Аллаһқа және Пайғамбарына (c.ғ.с.) құрбан етуге даяр болғанда ғана мәңгілік бақытқа жетуге жолдама алады. Сол сәттен бастап пәнилік сырлардың ар жағына қадам басады. Аллаһтың сүйікті құлдарының қатарына қосылады. Мәуләна Жәләлиддин Руми бұл жөнінде былай дейді:

«Олар ой мен қайғының ауыр жүгінен құтылып, жарыққа қол жеткізіп жалған дүниенің сынағынан сүрінбей өткендер.

 Олар барлығы қорқатын, үркіп қашатын өлімге қарап күлімдей алады.

 Олардың көңілін ешкім жаралай алмайды.

Сегіз жәннат нақыштарының жарқылы олардың көңіліне шағылысып, көрініс береді. Аллаһ сыйлаған мәңгілікті өздеріне мекен еткендердің мәртебелері Арыштан да, Күрсіден де ұлы.

 Олар шынайылықты ту еткен хазреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) нөкері әрі осы жолда жандарын пида етуден тайынбайтындар.

Кім болса да өз жақындарын басқалардан артық бағалап көзінің қарашығындай көреді. Сол сияқты Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) жақын жандар (Аллаһтың үкімдерін орындап, Расулуллаһтың (с.ғ.с.) сүннетіне амал еткендер) ертең ақиретте шапағатқа ие болары сөзсіз. Сондықтан Хаққа ғашық болып, Аллаһ Елшісін (с.ғ.с.) бүкіл адамзаттан жақсы көруге тиіспіз. Ал, жақсы көрудің белгісі осы жолды мықтап ұстанып, құрбандыққа бара білу. Аллаһ тағала Өзіне құрбан боларлықтай тәуелді болған мүмін құлдарын басқалардан артық сүйеді, жоғары бағалайды.Хазреті Мәуләна айтқанындай: «Ондай адам Исмаил (ғ.с.) пайғамбар сияқты тамағын бауыздауға ұсынады, Аллаһ жолында құрбан болуға дайын. Алайда, Жаратушы тамақты бауыздатпайды. Сондықтан да шәһидтер Аллаһ жолында жандарын пида еткендері үшін тірі. Сен отқа табынушыларға ұқсап денеге қарама!».

Өздерін Хаққа құрбан еткен құлдар «Қамар» сүресінің 54-55 аяттарында айтылғанындай Аллаһқа жақын болу арқылы шексіз нығметке қол жеткізгендер:

«Тақуалардың жәннатқа кіретіні даусыз. Олар пейіште өзендердің жағасында тұрады. Құдіретті Аллаһтың құзырында олар ең ғажайып мекенде».

Намаз, нәпсі және құрбандық

Барлық құлшылықтарымызда мойынсұну, құрбандық сезімі үстемдік құруы керек. Әсіресе намазда... Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) намазға ерекше көңіл бөліп, оның маңыздылығын меңзеп:

«Намаз Аллаһтан қорқатын құлдардың құрбандығы» — деген. Бұл хадис төңірегінде ой толғаған Мәуләна:

«Олар тәкбір алып намазды бастағанда бұл дүниені сол сәтте құрбандыққа шалып, жандары биіктерге ұша жөнеледі», — дейді. Содан кейін шынайы намаз оқығысы келетін әр адамға былайша үн қатады:

«Сен де олардың артынан ілескің келсе қиямға тұрып, жүзіңді Аллаһқа бұр. Егер білсең, намазды бастарда «Аллаһу әкбар» — деп айтудың мағынасы мынау: «Ей, Аллаһым! Сенің құзырыңда құрбан болдым. Дүниелік барлық нәрсені артқа тастап, Саған жүзімді бұрдым».

Құрбандық шаларда «Аллаһу әкбар» демеуші ме едік. Міне, намазда да нәпсімізді сол сәттерге құрбан ете тұрып сол сөзді айтамыз. Осы сәтте денеміз Исмаил (ғ.с.), жанымыз Халил Ибраһимнің (ғ.с.) орнында. Жан еркелеген денені нәпсінің билігінен азат ету үшін тәкбір алған кезде, дене нәпсіден босап намазға кіріседі. «Бисмилләһир рахманир рахим» деумен құрбан болып кете барады.

Ей, ақыл иелері! Намазда Хақпен бірге болуды түсіну ақылдың шамасынан тыс. Мұны түсіну үшін ақыл Хаққа құрбан болып, көңіл әлемі тірілуі тиіс!

Құрбандық нәпсіні тәрбиелейді. Жүнәид Бағдадидің былай дегені бар:

— Нәпсілеріңді құрбандық етіңдер. Біле білсеңдер, нәпсі біз бен Аллаһтың арасында тұратын қалың перде. Өмір нәпсіні өлтірумен басталады, — десе Шибли хазрет:

— Нәпсі өлмей, рух тірілмейді. Хаққа ғашықтар рухтың өмірін нәпсінің өлімінен табады, — дейді.

Жан құрбандығы

Жан беру ғашықтықтың ең биік шыңы. Фузули ақын бұл туралы керемет айтқан: «Жанды беру Жаратқанға ғашықтықтың кемелдігі, Жан бермеген өзінің кемел емес екендігін мойындасын!».

Адамдар әдетте бір нәрседен берген кезде ол азаяды деп ойлайды. Дұрыс. Есепке салсақ, бесеудің үшеуін берсек екеуі қалады, яғни азаяды. Бұл дүниелік беру, жұмсау мәселесінде осылай берсең кемиді. Алайда, Аллаһ жолына беретін болсаң, математикалық өлшемдер астан-кестең болады. Керісінше, берген сайын көбейеді. Бұл Жаратушы Иенің құдіреті мен кеңшілігінен. Хазреті Мәуләна бұл ақиқатты былай түсіндіреді:

«Мына шынар ағашының жапырақтары түссе, Жаратушы оған жапырақсыз тіршілік ету күшін береді. Аллаһ жолында барын таратып, қолыңда ештеңе қалмаса, Аллаһтың қамқорлығы сенің аяқ астында қалуыңа жол бере ме?!

Егін еккеннің қамбасы күзге дейін бос қалады. Бірақ оның пайдасын егін жинайтын кезде көреді. Ал, бидай егілмей қамбада сақталса, құрт-құмырсқаға, тышқанға жем болатын еді. Адам баласы оның (жан берудің) сыртқы пішіне қарап қорқады. Ал, негізінде ішкі жағы тірілік... Былай қарасаң өлім, ал шындығында мәңгілік өмір».

Аллаһым! Көңілдерімізді хазреті Ибраһим (ғ.с.) мен Исмаилдың (ғ.с.) шынайылығымен, тәуекелімен безендіргейсің! Әмин!

Осман Нұри Топбаш