الله الرحمن الرحيم الملك القدوس السلام المؤمن المهيمن العزيز الجبار المتكبر الخالق البارئ المصور الغفار القهار الوهاب الرزاق الفتاح العليم القابض الباسط الخافض الرافع المعز المذل السميع البصير الحكم العدل اللطيف الخبير الحليم العظيم الغفور الشكور العلي الكبير الحفيظ المقيت الحسيب الجليل الكريم الرقيب المجيب الواسع الحكيم الودود المجيد الباعث الشهيد الحق الوكيل القوى المتين الولى الحميد المحصى المبدئ المعيد المحيى المميت الحي القيوم الواجد الماجد الواحد الصمد القادر المقتدر المقدم المؤخر الأول الأخر الظاهر الباطن الوالي المتعالي البر التواب المنتقم العفو الرؤوف مالك الملك ذو الجلال والإكرام المقسط الجامع الغني المغني المانع الضار النافع النور الهادي البديع الباقي الوارث الرشيد الصبور
+7 (7222) 52-19-11

МҰХАРРАМ АЙЫ ЖӘНЕ АШУРА КҮНІНІҢ ҚАСИЕТІ

Әуелі барша мадақ-мақтаулар мен хамд-саналар күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті мұхаррам айын жыл басы етіп, сыйға тартқан Ұлы Жаратушы Иеміз Алла Тағалаға болсын!

Алланың игілігі мен сәлемі осындай қасиетті мұхаррам айында өз үмбетін құлшылық-ғибадат пен нәпіл ораза тұтуға ынталандырған пайғамбарымыз Мұхаммедке ﴾с.а.у.﴿, оның игі отбасы мен салихалы сахабаларына және де қиямет күніне дейін оның ізінен ізгілікте ілесіп, сүннетін бекем ұстаған барша ізгі жандарға болғай!

Барша мұсылман қауымын үстіміздегі кіріп келген қасиетті мұхаррам 1437-ші һижри жаңа жыл басымен құтықтаймын! Күллі мұсылман қауымы үшін мүбарак болғай! Жаратқан Алла Тағала ауыртпашылық пен қиыншылықтарды ескі жылдың еншісінде қалдырып, һижри жаңа жылында Раббымыз әрбір шаңыраққа құт-береке, бақытты ғұмыр сыйлап, тұғырлы еліміздің егемендігін баянды етіп, бастарынан таршылық пен тауқымет кешіп жатқан мұсылман елдеріне тыныштықты нәсіп еткей!

Қасиетті мұхаррам айы һижри жыл санауы бойынша жаңа жылдың бірінші айы, әрі қасиетті Құран Кәрімде айтылғандай Алланың қасында ерекше құрметке ие болған қасиетті төрт айдың бірі. Бұл жөнінде Жаратқан «Тәубе» сүресінің 36-аятында:

إِنَّ عِدَّةَ الشُّهُورِ عِنْدَ اللَّهِ اثْنَا عَشَرَ شَهْراً فِي كِتَابِ اللَّهِ يَوْمَ خَلَقَ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضَ مِنْهَا أَرْبَعَةٌ حُرُمٌ...

«Расында Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардың төртеуі (Зүлқағда, Зүлхиджә, Мұхаррам және Ражәб) құрметті айлар».

Тіпті, бір топ ғалым-ғұламалар: «жыл он екі айдың ішіндегі қасиетті рамазан айынан кейінгі ең абзал ай – қасиетті мұхаррам айы және оның оразасы рамазан айындағы парыз оразадан кейінгі ең абзал ораза болып есептеледі. Сонымен қатар, әр жыл басы қасиетті мұхаррам айымен басталып, әрі қасиетті мұхаррам айына келіп аяқталады», – деп баян еткен. Хасан әл-Басри ﴾р.а.﴿ осы жайында: «Шын мәнінде, Алла жылды мұхаррам айымен бастап және осы аймен жылды аяқтайды. Сонымен қатар осы жылда, Алланың алдында қасиеттілігі себепті рамазаннан кейін мұхаррамнан асқан ай жоқ»[1] – деген.

Сахаба Әбу Зәр әл-Ғифари ﴾р.а.﴿:

وقال أبو ذر رضي الله عنه: سَأَلْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَيُّ اللَّيْلِ خَيْرٌ ؟ وَأَيُّ الأَشْهُرِ أَفْضَلُ ؟ فقال: خَيْرُ اللَّيْلِ جَوْفُهُ ، وَأَفْضَلُ الأَشْهُرِ شَهْرُ اللَّهِ الَّذِي تَدْعُونَهُ الْمُحَرَّمَ

«Мен Пайғамбарымыздан ﴾с.а.у.﴿: «Түннің қай (бөлігі) мен айлардың қайсысы қайырлы?» – деп сұрағанымда, ол ﴾с.а.у.﴿: «Түннің қайырлысы – ортасы, айлардың абзалы – Алланың айы болғандықтан мұхаррам»[2], – деді.

Сахаба Әбу Һұрайра ﴾р.а.﴿:

 عَنْ أَبِي هُرَيْرَة  قَالَ: َ قَالَ رَسُولُ اللَّه أَفْضَلُ الصِّيَامِ، بَعْدَ رَمَضَانَ، شَهْرُ اللَّهِ الْمُحَرَّمُ. وَأَفْضَلُ الصَّلاةِ، بَعْدَ الْفَرِيضَةِ، صَلاةُ اللَّيْلِ

«Алланың Елшісі ﴾с.а.у.﴿:рамазан айынан кейінгі ең абзал ораза – Алланың айы мұхаррам айындағысы және парыздан кейінгі ең абзал намаз –  түнгі намаз» – деп айтқан»[3].

Ислам ғұламалары осы хадиске қатысты айтқан сөздерінде: «Аталмыш хадис Алланың айы болған мұхаррам айында ораза тұтудың абзалдығына дәлел. Сонымен қатар, ондағы ораза – артықшылық жағынан рамазан айындағы оразадан кейін тұрады. Бұл айдағы оразаның абзал болуы – оның абзал уақытта және ондағы сауаптың ұлық келетіндігіне байланысты. Әлбетте, ораза Алла Тағаланың қасындағы амалдардың ең абзалы. Алла Тағала осы айды ұлықтап, дәріптеп (Алланың айы мұхаррам деп) Өзінің есіміне жалғады. Мысалға: Алланың үйі, Алланың елшісі делінгендей. Мұхаррам (яғни, тыйым салынған) деп аталуы оның «тыйым салынғандығын» нақтылай түседі. Өйткені, арабтар осы айды бір жылы «рұқсат етіп» келесі жылы «тыйым салып» екіленетін  еді», – деген. Кейбір ғалымдардың пікірінше осы айдың мұхаррам, яғни «тыйым салынған» ай деп аталуының сыры:

 

 

لتحريم القتال فيه  وقيل لتحريم الجنة فيه على إبليس . والأول أصح

 

«Ол айда соғысу тыйым салынғандықтан. Тағы бір жерде: Ол айда Ібіліске жәннат тыйым салынғандықтан, дұрысырағы алғашқы айтылғаны», – деп түсіндірген.

Атақты ғалым имам ас-Суюти: «Маған төмендегідей сауал қойылды: «Дәрежесі мұхаррам айымен тең есептелетін, бәлкім рамазан сияқты абзал айлар барлығына қарамастан, осы ай (мұхаррам) «Алланың айы» деп не себепті аталады?» Менің осы сұраққа жауабым: Бұл айдың есімі ислами болып табылады, басқа айлардың атауы жәһилият заманында бар еді. Жәһилият заманында мұхаррам айы «сафарул әууәл», ал келесі ай «сафару сани» деп аталатын. Ислам келген кезде, Алла оны «мұхаррам» деп атады, міне, осы себепті бұл айды Аллаға жалғайды»[4] деген.

Әсіресе, Алла Тағала Құран Кәрімде айтылған ерекше құрметке ие төрт айда  зұлымдық жасауға, күнәлі істерге бой алдыруға қатаң ескерту жасап:

 فَلا تَظْلِمُوا فِيهِنَّ أَنْفُسَكُم

«Бұл айларда өздеріңізге зұлымдық жасамаңыздар»[5] – деп қайтарған.

Имам Құртуби өзінің «әл-Жамиғ» атты еңбегіндегі осы аяттың тәпсірінде: «Алла Тағала бұл төрт айды ерекше еске алып, тіпті, зұлымдық жасау әрқашанда тыйым салынған болса да, осы айды дәріптегендіктен зұлымдық  жасауға  бұл айда ерекше тыйым салған», – деп айтқан.

Негізінде, нағыз мұсылманның қай уақытта болмасын әрқашанда біреуге зұлымдық жасап зиян келтіруден аулақ болып сақтануы қажет. Өйткені, Әбу Мұса ﴾р.а.﴿: «Алланың елшісі ﴾с.а.у.﴿: «Расында, Алла Тағала залымды жазаламай оған мұрсат береді. Ал, егер оны жазалау үшін ұстаса, қашып құтыла алмайды» деп, Құранның: «Міне, зорлықшыл залым ауыл (тұрғындарының) сазайын осылай береді. Шынында, Оның жазасы өте ауыр әрі қатты»[6], – деген аятты оқыды», – деп айтты».

Жай уақыттың өзінде зұлымдық жасау тыйым салынған жазасы ауыр күнә болып есептелсе, ал, қасиетті мұхаррам айында зұлымдық етудің күнәсі мен оның жазасы қандай болмақ? Біле білсек, осындай қасиетке ие, әрі Алланың разылығына жетелейтін абзал айды құлшылықсыз, нәпіл оразасыз құр босқа өткізудің өзі,  өз-өзімізге зұлымдық ету болып табылса керек.

Бұл мұхаррам айының оныншы күні «ашура» күні деп аталады. Осы аталған күнде ораза тұтқан пенденің күнәсі кешірілетіндігімен Пайғамбарымыз ﴾с.а.у.﴿ сүйіншілеген. Абу Қатададан жеткен хадисте Алланың елшісі Ашура күні ораза тұту жайлы сұралғанда:

عن أبي قتادة  أن رسول الله  سئل عن صوم يوم عاشوراء ، فقال : ( يكفر السنة الماضية ) وفي رواية : وَصِيَامُ يَوْمِ عَاشُورَاءَ أَحْتَسِبُ عَلَى اللَّهِ أَنْ يُكَفِّرَ السَّنَةَ الَّتِى قَبْلَهُ

«Ашура күнінің оразасы өткен бір жылғы істелген күнәдан арылтады»[7]. Тағы бір риуаятта: «Ашура күнінің оразасы өзінен алдыңғы бір жылғы істелген күнәдан арылтуын

Алладан үміт етемін»[8] – деп айтқан.

Негізінен, ашура күнгі ораза сонау Мұса ﴾а.с.﴿ пайғамбардың заманынан бері келе жатқан ғибадат. Құдай Тағала осы күні Мұса ﴾а.с.﴿ мен Исрайл ұрпақтарын залым Перғауыннан құтқарып, Перғауынды теңізге батырған күн. Ибн Аббас ﴾р.а.﴿ жеткізген хадисте:

عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ قَالَ لَمَّا قَدِمَ النَّبِىُّ -صلى الله عليه وسلم- الْمَدِينَةَ وَجَدَ الْيَهُودَ يَصُومُونَ عَاشُورَاءَ فَسُئِلُوا عَنْ ذَلِكَ فَقَالُوا هَذَا الْيَوْمُ الَّذِى أَظْهَرَ اللَّهُ فِيهِ مُوسَى عَلَى فِرْعَوْنَ وَنَحْنُ نَصُومُهُ تَعْظِيمًا لَهُ. فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ -صلى الله عليه وسلم- « نَحْنُ أَوْلَى بِمُوسَى مِنْكُمْ ». وَأَمَرَ بِصِيَامِهِ

«Алланың Елшісі ﴾с.а.у.﴿ Мәдинаға келгенде яһудилердің ашура күні ораза тұтқандарын көріп, соның себебін сұрайды. Сонда олар: «Бұл күні Алла Тағала Мұсаны Перғауынға үстем етті. Сондықтан осы күнді ұлықтап ораза тұтамыз» – деді. Сонда Алланың Елшісі ﴾с.а.у.﴿: «Біз Мұсаға сендерденқарағанда әлдеқайда жақынбыз», – деп ораза тұтуға әмір етті»[9] делінген.

Сахабалар мұхаррам айында, соның ішінде ашура күні ораза тұтуға аса мән беретін және басқаларды да соған үгіттейтін еді. Әл-Асуад ибн Язид ﴾р.а.﴿:

مَا رَأَيْتُ أَحَدًا كَانَ آمَرَ بصوم عَاشُورَاءَ مِنْ عَلِيِّ بْنِ أَبِي طَالِبٍ ، وَأَبِي مُوسَى رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا

«Мен Али ибн Әбу Тәліп пен Әбу Мұса секілді ашура күніндегі оразаны тұтуға шақырған адамдарды көрмедім»[10], – деп айтқан.

Айша анамыз (р.а. -һа):

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ كَانَ يَوْمُ عَاشُورَاءَ تَصُومُهُ قُرَيْشٌ فِي الْجَاهِلِيَّةِ وَكَانَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَصُومُهُ فَلَمَّا قَدِمَ الْمَدِينَةَ صَامَهُ وَأَمَرَ بِصِيَامِهِ فَلَمَّا نَزَلَ رَمَضَانُ كَانَ رَمَضَانُ الْفَرِيضَةَ وَتُرِكَ عَاشُورَاءُ فَكَانَ مَنْ شَاءَ صَامَهُ وَمَنْ شَاءَ لَمْ يَصُمْهُ

«Құрайыштар жәһилият кезінде ашура күні ораза тұтатын және жәһилият кезінде ол күні Алланың Елшісі де ﴾с.а.у.﴿ ораза тұтатын еді. Мәдинаға келгеннен соң да (Пайғамбар ﴾с.а.у.﴿) сол күні ораза тұтты және ораза тұтуды бұйырды. Ал, рамазан  парыз етілген соң ашура күнін тоқтатты, қалаған тұтатын, қаламаған тұтпайтын»[11], (яғни, әркімнің өз еркінде қалды) деген. Имам Шафиғи «Ашура күнгі оразаны тоқтатты» дегенді төмендегідей түсіндірді: «Яғни, осы күнгі оразаны ұстау парыз деп санауды тоқтатты» – деді.

Жоғарыдағы хадистерден тағы бір жайтты ұғынарымыз ғалымдардың айтуынша:

وهذا يدل على قدسية هذا اليوم وعظيم منـزلته عند العرب في الجاهلية قبل بعثة النبي ، ولهذا كانوا يسترون فيه الكعبة

«Міне, мұның өзі пайғамбарлықтан бұрын жәһилият дәуірінде арабтардың қасында осы күннің (ашура) орны ерекше ұлық, қасиетті болғандығын көрсетеді. Дәріптеудің белгісі ретінде сол күні Қағбаның кисуасын жаңалау шарасын өткізетін» – деген.

Ашура күнінің оразасына қоса мұхаррам айының тоғызыншы күні ораза тұтқан жөн. Имам Мүсілім риуаят еткен хадисте Алланың Елшісі ﴾с.а.у.﴿:

فَإِذَا كَانَ الْعَامُ الْمُقْبِلُ صُمْنَا يَوْمَ التَّاسِعَ إِنْ شَاءَ اللَّهُ

«Алла қаласа келесі жылы тоғызыншы күні де ораза тұтармыз»[12] деп айтқан. Алайда, Алланың Елшісі ﴾с.а.у.﴿ келесі жылға жетпей көз жұмды. Ашура күнінің оразасына тағы бір күнді қоса тұтудың бір мәнісі яһудилерге ұқсамау. Ибн Аббас ﴾р.а.﴿: «Тоғызыншы және оныншы ашура күні ораза тұтып яһудилерден өзгешеленіңдер!» – деп кітап иелеріне ұқсамау үшін ашура күнінің оразасына тағы бір күнді қосып тұтуға кеңес берген. Егерде бір себептерге орай мұхаррамның тоғызыншы жұлдызы ораза ұстай алмай қалса, онда он бірінші күнді ашураға қосып ұстауға мүмкіндігі болады.

Қадірлі жамағат! Әсіресе, һижри жаңа жылға қадам басқалы тұрғанда Жаратушы Иемізге жалбарынып, өткен жылда жасаған күнәларымыз үшін жарылқау тілеп, өткен бір жыл бойы жасаған істерімізді есепке алып, жаңа жылды Раббымызға деген шынайы тәубемен қарсы алғанымыз жөн!

Себебі, біздің өміріміз санаулы ғана күндерден тұратындығы белгілі. Олай болса, сол күндерімізді, әсіресе мұндай қасиетті айды өз деңгейінде пайдаланып құлшылық-ғибадатпен толтырсақ, Раббымыздың мейіріміне бөленеріміз анық. Осы орайда ибн Омардың ﴾р.а.﴿ мына бір сөзін келтіре кетсек орынды болар:

وَكَانَ ابْنُ عُمَرَ يَقُولُ إِذَا أَمْسَيْتَ فَلَا تَنْتَظِرْ الصَّبَاحَ وَإِذَا أَصْبَحْتَ فَلَا تَنْتَظِرْ الْمَسَاءَ وَخُذْ مِنْ صِحَّتِكَ لِمَرَضِكَ وَمِنْ حَيَاتِكَ لِمَوْتِكَ

«Кешті батырсаң таңды күтпе, ал таңды атырсаң кешті күтпе. Денсаулығыңнан ауруыңа және өміріңнен өліміңе (пайда) ал»[13].

Жоғарыда айтылғандай кешті батырсақ таңды атыруымызға кім кепіл, ал таңды атырсақ кешті батыруымызға кім кепіл? Сондықтан да, төрт көзіміз түгел, он екі мүшеміз сау тұрғанда, денсаулығымыз сыр берместен бұрын құлшылығымызды күшейтіп, ақыретіміз үшін азық жинауымыз дұрыс болар!

Пайғамбарымыздың ﴾с.а.у.﴿:

مَنْ وَسَّعَ عَلَى عِيَالِهِ يَوْمَ عَاشُورَاءَ وَسَّعَ اللَّهُ عَلَيْهِ سَائِرَ سَنَتِهِ

«Кім ашура күні отбасына кеңшілік көрсетсе, Алла оған жыл бойы кеңшілік көрсетеді», – деген мағынада келген кеңесі де бар екендігі айтылған. Аталмыш хадис дереккөздерде әлсіз болса да, мағынасының мән-жайын терең ұқсақ, бағытымызға кереғар болмаса керек. Тіпті бұл күні отбасы мүшелерімен қатар туған-туыстарды, дос-жарандар мен жетімдерді және көрші-қолаңды да ұмытпаған жөн.

Қорыта айтқанда «Мұхаррам» айы мен «Ашура» күні қасиетті дінімізде қала берді діндер тарихында ерекше орынға ие. Хадис кітаптарында бұл күннің «Ашура» деп аталуының тағы бір сыры бұл күні Алла Тағала он пайғамбарға он түрлі сый берген деседі. Олар:

1.Мұса ﴾а.с.﴿ пайғамбардың мұғжизасы. Ол осы күні теңізді жарып шығып,  Перғаунды әскерімен қоса теңізге батырады.

2.Нұх ﴾а.с.﴿ пайғамбар кемесін Жуди тауының үстіне осы күні тіреген.

3.Юнус ﴾а.с.﴿ пайғамбар балық ішінен осы күні құтылған.

4.Адам ﴾а.с.﴿ пайғамбардың тәубесі осы күні қабыл болған.

5.Юсуф ﴾а.с.﴿ пайғамбар бауырлары тастаған құдықтан осы күні шығарылған.

6.Иса ﴾а.с.﴿ пайғамбар осы күні дүниеге келген және осы күні көкке көтерілген.

7.Дәуіт ﴾а.с.﴿ пайғамбардың тәубесі осы күні қабыл болған.

8.Ибраһим ﴾а.с.﴿ пайғамбардың ұлы Исмаил ﴾а.с.﴿ пайғамбар осы күні дүниеге келген.

9.Якуб ﴾а.с.﴿ пайғамбар ұлы Юсуф ﴾а.с.﴿ үшін қайғырып соқыр болған көздері осы күні қайта көре бастаған.

10.Айюб ﴾а.с.﴿ пайғамбар науқасынан осы күні айыққан.

Сондықтан осы күннің қадір-қасиетін ұғып, шамамыз келгенше жақсылық жасап, күндізін оразамен, түнін құлшылықпен өткізейік, ағайын!

Батыржан Берденұлы Мансұров
ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкіл имамы

 

[1] Абдуррахман ибн Ахмад ибн Ражаб Зайнуддин Әбулфараж әл-Ханбали әд-Димашқи. Латаифу әл-маариф фима ли мауасими мин әл-уазаиф. – Бейрут: Дәр ибн Касир, 1999. – 79 б.
[2] Ахмад ибн Шуғайб Әбу Абдуррахман ән-Нәсаи. Сүнән ән-Нәсаи әл-кубра. Баспаға әзірлеген Абдулғаффар Сүлайман әл-Бәндари. – Бейрут: Дәр әл-кутуб әл-илмия, 1991. ІІ т. – 470 б. (№ 4216 хадис). Жалпы: 489 бет.
[3] Муслим ибн әл-Хажжаж Әбу әл-Хусайн әл-Қушайри ән-Найсабури. Сахих Муслим. Баспаға әзірлеген Мухаммад Фуад Абдулбақи. ІІ т. – 821 б. (№ 1163 хадис).
[4] Абдуррахман ас-Суюти. Әд-Дибаж алә Сахих Муслим. ІІІ т. – 352 б.
[5] «Тәубе» сүресі, 36-аят.
[6] «Һүд сүресі», 102-аят.
[7] Әбу Нағим әл-Асбаһани. әл-Муснаду әл-мустахражу ала сахих әл-имам Муслим. – Бейрут: Дәр әл-кутуб әл-илмия, 1996. ІІІ т. – 203 б.
[8] Муслим ибн әл-Хажжаж Әбу әл-Хусайн әл-Қушайри ән-Найсабури. Сахих Муслим. Баспаға әзірлеген Мухаммад Фуад Абдулбақи. ІІ т. – 818 б. (№ 1162 хадис).
[9] Әбу Дәуід Сүлайман ибн әл-Ашъас әс-Сижистани. Сүнән Әби Дәуід. – Бейрут: Дәр әл-китаб ал-араби. ІІ т. – 302 б. (№ 2446 хадис).
[10] Сүлайман ибн Дәуд ибн әл-Жаруд. Мүснәд Әби Дәуд Ат-Таялиси. Бидәр һижр, 1999. ІІ т. – 537 б.
[11] Әбу Абдулла Мухаммад ибн Исмайл әл-Бухари. Әл-Жамиғу әл-муснаду ас-сахиху әл-мухтасару. Дәр Туқ ән-нажа, 1422. ХІ т. – 30 б. (№ 4504 хадис).
[12] Әбу Бәкір Ахмад ибн әл-Хусайн ибн Али әл-Байһақи. Әс-Сунан әл-кубра. – Хайдарабад 1344. 4 т. – 287 б. (№ 8662 хадис).
[13] Әбу Бәкір Ахмад ибн әл-Хусайн әл-Байһақи. Шуабу әл-иман. – Бейрут: Дәр әл-кутуб әл-илмия, 1410. 7 т. – 261 б. (№ 10244 хадис). – 540 бет.