الله الرحمن الرحيم الملك القدوس السلام المؤمن المهيمن العزيز الجبار المتكبر الخالق البارئ المصور الغفار القهار الوهاب الرزاق الفتاح العليم القابض الباسط الخافض الرافع المعز المذل السميع البصير الحكم العدل اللطيف الخبير الحليم العظيم الغفور الشكور العلي الكبير الحفيظ المقيت الحسيب الجليل الكريم الرقيب المجيب الواسع الحكيم الودود المجيد الباعث الشهيد الحق الوكيل القوى المتين الولى الحميد المحصى المبدئ المعيد المحيى المميت الحي القيوم الواجد الماجد الواحد الصمد القادر المقتدر المقدم المؤخر الأول الأخر الظاهر الباطن الوالي المتعالي البر التواب المنتقم العفو الرؤوف مالك الملك ذو الجلال والإكرام المقسط الجامع الغني المغني المانع الضار النافع النور الهادي البديع الباقي الوارث الرشيد الصبور
+7 (7222) 52-19-11

Мұсылман қандай болу керек | жұма уағызы

Ислам  — Алла Тағаланың адамзатқа жіберген ең соңғы діні, Құран ең соңғы кітабы, Мұхаммед ﷺ ең соңғы пайғамбары. Осыдан он төрт ғасыр бұрын Құран нұрынан нәр алған алғашқы мұсылмандар дереу надандық шекпенінен айрылып, ғылым білімге жаппай ден қойды. Мұсылман табаны тиген жер сол мезетте тыныштық ордасына, ғылым-білім мекеніне айналды. Әлбетте бұл шынайы исламның көрінісі, шынайы мұсылмандардың бойынан байқалатын сипаттар.

Мұсылманның бойында болуы тиіс сипаттарды атап өтсек:

Дұрыс сенімде болу.

Яғни, бір Аллаға сену, иман негіздерін толық мойындау, Аллаға серік қоспау.

Серік қосу – Алла кешірмейтін ең үлкен күнә. Жаратушы жалғыз Аллаға тән сипаттарды Одан басқаға таңу, басқаны құдай деп сену. Алладан емес өзгеден перзент сұрау, ауруына шипа дәм ету, ісіне береке тілеу және т.б.[1]

Құран Кәрімде бұл істің үлкен, зор күнә екенін Лұқман хакімнің  баласына айтқан насихатынан байқауға болады:

وَإِذْ قَالَ لُقْمَانُ لِابْنِهِ وَهُوَ يَعِظُهُ يَا بُنَيَّ لَا تُشْرِكْ بِاللَّهِ ۖ إِنَّ الشِّرْكَ لَظُلْمٌ عَظِيمٌ

«Сонда Лұқман өзінің ұлына уағыздап: «Уа, ұлым! Аллаға серік қоспа! Расында, серік қосу өте зор күнә»[2], – деді.

Жаратушы Алла шексіз рақым иесі дегенмен, Өзінен басқаға жалбарынып, жалған құдайлардан қажетін сұрап, табынуды ешқашан кешірмейді. Ол жайында Құранда:

 إِنَّ اللّهَ لاَ يَغْفِرُ أَن يُشْرَكَ بِهِ وَيَغْفِرُ مَا دُونَ ذَلِكَ لِمَن يَشَاءُ وَمَن يُشْرِكْ بِاللّهِ فَقَدْ ضَلَّ ضَلاَلاً بَعِيداً

«Шындығында Алла Өзіне серік қосқанды кешірмейді, ал одан басқаны (басқа күнәні) қалаған пендесіне кешіреді. Кімде-кім Аллаға серік қосса, ол қатты адасады»[3]деп, серік қосудың үлкен күнә екенін ескертуде.

Және бір аятта:

﴿وَلاَ تَدْعُ مِن دُونِ اللّهِ مَا لاَ يَنفَعُكَ وَلاَ يَضُرُّكَ فَإِن فَعَلْتَ فَإِنَّكَ إِذاً مِّنَ الظَّالِمِينَ﴾

«Және де Алладан өзге саған пайда, зиян келтіре алмайтын нәрселерге жалбарынба. Егер оны істесең, онда күдіксіз сен залымдардан боласың»[4]деді.

Имандылық, тақуалық.

Тақуалық — адамның діни, адамгершілік, әдептілік парыздары мен міндеттеріне адалдығын сипаттайтын имандылық қасиеті. Әбу Хурайрадан (Алла одан разы болсын) жеткен хадисте:

          سُئِلَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَنْ أَكْثَرِ مَا يُدْخِلُ النَّاسَ الْجَنَّةَ فَقَالَ تَقْوَى اللَّهِ وَحُسْنُ الْخُلُقِ

Пайғамбарымыздан ﷺ көбірек жәннатқа кіргізетін амал жайында сұралғанда, «Тақуалық және көркем мінез»[5], — деп жауап берді. Көркем сөйлеу, адамдармен жақсы қарым — қатынаста болу, адамдарға сабырлы болып оларға жәрдем беру сияқты ұнамды болған мінез — құлықтардың исламда үлкен орны бар. Алла Тағала тақуалар жайлы Құран Кәрімде былай дейді :

          يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ حَقَّ تُقَاتِهِ وَلا تَمُوتُنَّ إِلا وَأَنْتُمْ مُسْلِمُونَ

«Әй, мүміндер! Алладан шынайы қорқыңдар да мұсылман болған күйде ғана жан тапсырыңдар»[6].

إِنَّ أَكْرَمَكُمْ عِندَ اللَّهِ أَتْقَاكُمْ  إِنَّ اللَّهَ عَلِيمٌ خَبِيرٌ

Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Шәксіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы.[7]

Сондай-ақ, Әбу Умәмә (Алла оған разы болсын): «Мен Алла Елшісінің ﷺ қоштасу қажылығында хұтпа айтып тұрып: «Алладан қорқыңдар, бес уақыт намаздарыңды толық орындаңдар, (Рамазан) айында ораза ұстаңдар, малдарыңның зекетін өтеңдер, басшыларыңа бағыныңдар, Раббыларыңның Жәннатына кіресіңдер», — дегенін естідім», — дейді.[8]

Тақуалық сипаттарының бірі – басқа бір мұсылманға тілімен, қолымен зиян келтірмеу. Пайғамбарымыз ﷺ хадисінде:

الْمُسْلِمُ مَنْ سَلِمَ الْمُسْلِمُونَ مِنْ لِسَانِهِ وَيَدِهِ

«Мұсылман басқа бір мұсылманға, тілімен, қолымен зиян келтірмеген»[9] деген.

Екіжүзділіктен қашық болу, жүрек тазалығы.

Әрбір мұсылман ада болуы тиіс сипаттардың бірі — екіжүзділік, жүрек ластығы. Пайғамбарымыз ﷺ:

إِنَّ الله لا يَنْظُرُ إِلى أَجْسامِكْم، وَلا إِلى صُوَرِكُمْ، وَلَكِنْ يَنْظُرُ إِلَى قُلُوبِكُمْ

«Шын мәнінде Алла сендердің дене бітімдеріңе және келбеттеріңе қарамайды, алайда сендердің жүректеріңе және амалдарыңа қарайды»[10],– деді.

Жүрегі жақсы ниетке тола адам ешкімге жаманшылық ойламайды, күндемейді, қызғанбайды,жаманшылық жасамайды,тіліне ие боп жүреді, біреудің байлығын көріп ауырмайды,кедейді көріп асып-таспайды, көмек сұраған кісіге қолынан келгенше көмектеседі.

Білімді игеру, парасаттылық.

Қазіргі заман мұсылмандарының ең әлсіз тұсы — білімсіздік, ғылым үйренуге деген құлшыныстың жоқтығы. Ғылым-білімнен алыс болуымыздың айқын мысалы – киген киіміміз, мінген көлігіміз, тұрмыстық мақсаттағы қолданыстағы заттарымызды өзіміздің өндіре алмауымыз, дайынға құмар болуымыз соны ойластырып, пікір қылып, талпынбауымыз. Пайғамбарымыздың ﷺ хадисінде: «Ғылымды Қытайдан болсын талап ет» деу арқылы ілім ізденуде ешқандай шекара жоқ екенін меңзейді.

Ілім алудың үкіміне келетін болсақ, ол барша мұсылманға парыз.

 Пайғамбарымыз ﷺ хадис шәрифінде:

طَلَبُ العِلْمِ فَرِيْضَةٌ عَلَىْ كُلِّ مُسْلِمٍ

 «Білімді талап ету әрбір мұсылманға парыз»[11], деген.

Заманымыздағы ілімсіздіктің айқын көрінісі — діни ілімсіздік. Соның салдарынан көптеген жастарымыз әртүрлі жат ағымдардың жетегінде кетуде.

Ысырапқа жол бермеу және сараңдықтан алыс болу.

Мұсылман баласы үнемшіл, қолында барына қанағат етіп, ысырапқа жол бермеуі қажет. Өйткені, Алла Тағала ысырап жасаған адамдарды жақсы көрмейді. Алла Тағала:

وَكُلُوا وَاشْرَبُوا وَلَا تُسْرِفُوا ۚ إِنَّهُ لَا يُحِبُّ الْمُسْرِفِينَ 

«...Ішіңдер, жеңдер бірақ ысырап қылмаңдар, шындығында Алла Тағала ысырап етушілерді сүймейді»[12]  – деп,

берілген нығметті ысырап жасамауымызды талап етеді, атақты хадисте:  «Жеңдер, ішіңдер, сабақа беріңдер және киініңдер, бірақ ысырапшылдық пен дандайсуға жол бермеңдер[13] – дейді.

Ысырап ету — мал-дүниені керек емес нәрсеге онды-солды шашу. Сонымен қатар, үнемшіл боламын деп сараңдыққа да бой алдырмау қажет. Яғни, мұсылман адам ысырапқа жол бермей, сараңдықтан алыс, жомарттыққа жақын болуы қажет.

Отансүйгіштік.

«Отанды сүю – иманнан», – деген қанатты сөз бар. Отанға деген ыстық сезім, ықылас – жалпы адамзаттық қасиет, адамдар арасында қалыптасқан табиғи сипат. Отаншылдық, патриотизм – асыл дініміздің ұстанымымен тығыз ұштасып жатқан ұғымдар.

Пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ:

عَيْنانِ لَا تَمَسّهُمَا النَّارُ عَيْنٌ بَكَتْ مِنْ خَشِيَةِ اللهِ وَ عَيْنٌ بَاتَتْ تَحْرُسُ فِي سَبِيلِ اللهِ

«Екі көз ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі, күнәсына өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екіншісі, Отанды қорғап, шекара күзеткен көз»[14]деген.

Біздің сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ жер бетіндегі ең қасиетті мекен Мекке қаласында жарық дүниеге келді. Балалық шағы Меккенің топырағында өтті. Ғаламның Раббысы Алладан пайғамбарлық жауапкершілігі жүктелген күннен бастап, дұшпандарының қатары артты. Яғни, екі дүние сардары Мұхаммед ﷺ Меккедегі мүшріктерден көп қиындық көріп, исламның ертеңі үшін Мәдинаға қоныс аудармаққа шешім қабылдады. Мекке шаһарынан қасиетті Мәдинаға қоныс аударуға шыққан кезінде ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ «Хазрауа» деген жерге жеткенде түйесін тоқтатып, кіндік қаны тамған Меккеге жабырқау көңілмен ұзақ қарап: «Сен мен үшін сондай қымбатсың, сүйіктісің. Егер де тұрғындарың сенен шығармағанда сенен басқа жерде тұрақтамас едім»[15] – деп, өзінің туған жеріне деген сүйіспеншілігін білдірген.

Сыртқы келбетінің ұқыптылығы.

Амру бин Шуғайбтан келген  хадисте:

إنَّ الله يُحِبُّ أَن يَرَى ءاثَارَ نِعمَتِه على عَبدِه"

Пайғамбарымыз ﷺ:

«Алла берген нығметін құлының бойынан көргісі келеді»[16], – деген.

Басқа адамдарды ислам дініне сүйсіндіру үшін адам өзінің киім киісіне, бойынан ұнамсыз иістердің шықпауына ерекше көңіл бөлуі керек. Өйткені діннен алыс адам мұсылманның сыртқы бейнесіне қарап, баға береді.

Мұсылман адамның киімі әдемі әрі таза болуы қажет. Әсіресе басқалармен қарым-қатынас жасасқанда және құлшылық-ғибадаттарын орындағанда. Алла Тағала:

يا بَنِي آدَمَ خُذُوا زِينَتَكُمْ عِندَ كُلِّ مَسْجِدٍ وَكُلُوا وَاشْرَبُوا وَلَا تُسْرِفُوا ۚ إِنَّهُ لَا يُحِبُّ الْمُسْرِفِينَ

«Ей, Адам балалары! Әрбір мешітте (құлшылық кезінде) зейнеттеріңді алыңдар»,[17] – деген.

Жан-жақтылық.

«Жігітке жеті өнер аз» дегендей, кәзіргі заман мұсылмандары тек діни біліммен шектелмей, заманауи технологияны меңгеріп, жан-жақты біліммен қарулануы тиіс. Әнастан жеткен хабарда Пайғамбарымыз ﷺ былай дейді: «Сендердің жақсыларың дүниесін ақыретке, ақыретін дүниеге тастап қойғандарың емес, бәлкім екі дүниенің арбасын бірдей ұстағандарың. Шын мәнінде дүние ақыретке жетелейді».[18]

Көркем мінез-құлық.

Мұсылманның көріктісі, жақсысы — оның мінез-құлқының көркем болуында. Көркем мінез–сабырлық, шыншылдық, аманат, туралық, тіліне ие болу, ойының таза болуы, жомарттық, кішіпейілділік, қарапайымдылық, бауырмалдылық, бірлік, батылдық сияқты т.б. көптеген мақтаулы сипаттарымен танылады. Пайғамбарымыз ﷺ:

 إِنَّمَا بُعِثْتُ لأُتَمِّمَ مَكَارِمَ الأَخْلاقِ

«Мен көркем мінездерді толықтастыру үшін жіберілдім»[19] , деген екен.

Отбасына қамқорлық жасау.

Мұсылман өз қарамағындағыға жауапты. Жанұя мүшелері ер адамының жауапкершілігінде, демек мұсылман ер өзінің әйеліне, балаларына, жанұясына жауапты. Отбасын асырау,нәпақа тауып беру, жанұясын адамгершілікке, имандылыққа үйрету, салт-дәстүрін дәріптету ер адамның  жауапкершілігінде.Сондықтан әр мұсылман өзінің отбасы мүшелеріне,өсіп келе жатқан балаларына дұрыс дәстүрлі  ислами тәрбие, білім беруге жағдай жасауы қажет.

Пайғамбарымыз ﷺ адамзатқа жанұямен қандай қарым-қатынаста болу керек екендігі жайында сөзімен, іс-әрекетімен үлгі-өнеге көрсетіп кеткен. Пайғамбарымыз ﷺ әйелдеріне ерекше құрмет көрсете білген адам. Өзінің мүбарак хадисінде:

(( خَيْرُكُمْ خَيْرُكُمْ لِأَهْلِهِ وَأَنَا خَيْرُكُمْ لِأَهْلِي ))

«Сендердің жақсыларың жанұяларына жақсы болғаны, мен сендердің ішінде жанұясына ең жақсы қарайтын адаммын»[20] деген.

Тіпті адамның жанұясы үшін напақат табуының өзі ең сауапты амалдардың бірі екенін ескерткен. Алла елшісі ﷺ осы турасында:

«إِنَّ مِنْ أَعْظَمِ الْأُمُورِ أَجْرًا النَّفَقَةُ عَلى اْلأهْلِ»

«Сауап тұрғысынан ең ұлы амалдардың бірі – жанұясына нәпақат табу»[21]деген.

Толлеранттылық.

Ауызбіршілік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерде қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді.  «Бірлік бар жерде — тірлік бар» дейді біздің халық. Дана жұрт мұны тегіннен-тегін айта салмаса керек….

Алла Тағаланың Пайғамбарымыз Мұхаммедті ﷺ соңғы пайғамбар етіп, әрі оған дейінгі Алла тарапынан түскен діндерді растау үшін жібергендігі — басқа діндерге деген Ислам дінінің құрметі және ерекше ілтипатын білдіреді. Әрбір мұсылман Алла  тарапынан жіберілген кітаптарға және пайғамбарларға  толық иман келтірмейінше иманы кәміл болмайды. Алла Тағала Құран кәрімде:

        آمَنَ الرَّسُولُ بِمَا أُنزِلَ إِلَيْهِ مِن رَّبِّهِ وَالْمُؤْمِنُونَ كُلٌّ آمَنَ بِاللّهِ وَمَلآئِكَتِهِ وَكُتُبِهِ وَرُسُلِهِ لاَ نُفَرِّقُ بَيْنَ أَحَدٍ مِّن رُّسُلِهِ وَقَالُواْ سَمِعْنَا وَأَطَعْنَا غُفْرَانَكَ رَبَّنَا وَإِلَيْكَ الْمَصِيرُ     

 «Пайғамбар өзіне Раббы тарапынан түсірілгенге иман келтірді. Мүміндер де барлығы: Аллаға, періштелерге, кітаптарға және пайғамбарларға иман келтірді. «Елшілердің араларын айырмаймыз, естідік те бой ұсындық. Раббымыз! Сенен жарылқау тілейміз, қайтып барар жеріміз де Сенің алдың»[22] деді.

Жақсы жолдастар таңдай білу.

Алла Тағала Құран Кәрімде жақсылармен бірге болу керектігі жайында:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ وَكُونُوا مَعَ الصَّادِقِينَ

«Әй мүміндер! Алладан қорқыңдар және шыншылдармен бірге болыңдар»[23]

Пайғамбарымыздың ﷺ бұл жайында:

المرء على دين خليله، فلينظر أحدكم من يخالل

Адамның діндарлығы оның досына байланысты, сол себепті адам өзінің досына қарасын,деген.[24] 

Денсаулыққа мән беру, спортпен шұғылдану;

Ислам діні қоғамын қуатты да айбынды болуы үшін, спортқа ерекше көңіл аударып, онымен айналысуға шақырады. Қасиетті Құранның 42 жерінде «қуат» сөзі кездеседі. Әбу Һурайра жеткізген хадис-шәріпте хазреті пайғамбарымыз Мұхаммед  ﷺ осы мәселеге байланысты:

«Екеуінде де өз қайыры болса да, қуатты мүмін Аллаға, әлсіз мүміннен жақынырақ және сүйіктірек»[25], – деген.

Қорыта келе, заман ағымынан мұсылман ешуақытта тыс қалуы тиіс емес, керісінше адамгершілікте, білімге құштарлықта, жаңалық ашуда Жаратқаннан қорқуда, парасаттылықта алдыңғы қатардан көрінуі ләзім. Алла біздері шынайы, иманы кәміл, Өзіне сүйікті құлдардың қатарынан ете көр.


[1] http://fatua.kz/kz/post/view?id=463

[2] "Лұқман" сүресі, 13-аят.

[3] "Нисә" сүресі, 116-аят.

[4] "Юнус" сүресі, 106-аят.

[5] Ахмад хадистер жинағы

[6] "Әли Имран" сүресі, 102-аят.

[7] "Хужурат" сүресі, 13-аят.

[8] Тирмизи хадистер жинағы

[9] Мүслім хадистер жинағы

[10] Мүслім хадистер жинағы

[11] Ибн Мәжә хадистер жинағы

[12] "Ағраф" сүресі, 31-аят.

[13] Насаи хадистер жинағы.

[14] Табарани хадистер жинағы

[15] Табарани хадистер жинағы

[16] Тирмизи хадистер жинағы

[17] "Ағраф" сүресі, 31-аят.

[18] Хатиб әл-Бағдади.

19] Ахмад хадистер жинағы

[20] Тирмизи хадистер жинағы

[21] Муслим хадистер жинағы

[22] "Бақара" сүресі 285-аят

[23] "Тәубә" сүресі, 119 аят

[24] Әбу Дауіт хадистер жинағы.

[25] Муслим хадистер жинағы