الله الرحمن الرحيم الملك القدوس السلام المؤمن المهيمن العزيز الجبار المتكبر الخالق البارئ المصور الغفار القهار الوهاب الرزاق الفتاح العليم القابض الباسط الخافض الرافع المعز المذل السميع البصير الحكم العدل اللطيف الخبير الحليم العظيم الغفور الشكور العلي الكبير الحفيظ المقيت الحسيب الجليل الكريم الرقيب المجيب الواسع الحكيم الودود المجيد الباعث الشهيد الحق الوكيل القوى المتين الولى الحميد المحصى المبدئ المعيد المحيى المميت الحي القيوم الواجد الماجد الواحد الصمد القادر المقتدر المقدم المؤخر الأول الأخر الظاهر الباطن الوالي المتعالي البر التواب المنتقم العفو الرؤوف مالك الملك ذو الجلال والإكرام المقسط الجامع الغني المغني المانع الضار النافع النور الهادي البديع الباقي الوارث الرشيد الصبور
+7 (7222) 52-19-11

САБЫРЛЫҚ – ЖҰМАҚҚА ЖЕТЕЛЕЙДІ

Адамзат баласы пенде болып жаратылғаннан соң бұл жалғанда түрлі қиындықтарға тап болуы немесе басына ауыр жағдай туғанда әл-дәрмені таусылуы әбден мүмкін. Осындай жағдайларда адам баласының жұбанышы – сабыр болары да сөзсіз. Өйткені, сабыр сақтай білу өмірдің тауқыметін жеңе отырып, жаңа ғұмырға жол ашады. Тағдырға налығанмен де ертеңгі күнінің жарық боларына сенеді. Сабырлық таныту адам баласын парасаттылықтың шыңына жетелесе, бір жағынан елеулі жетістіктерге қол жеткізеді.

Сонымен сабыр сөзіне қысқаша анықтама беріп көрелік. Сабыр сөзі араб тілінде «الصبر – ас-сабру» деген сөз. Тіліміздегі мағынасы: «шыдамдылық таныту» дегенді білдіреді. Ал шариғатымыздағы терминдік мағынасы: «Жаратқанның разылығын алу ниетімен өмірде кезігетін түрлі сынақтарға, қиындықтарға асқан ұстамдылықпен байыптылық көрсету» деген сөз.
Сабырлылық таныту, сабырлы болу дегенді тек діни (имани) түсінікпен ғана шектемеу керек, оның дүниелік тұрғыдан да аса маңызды екендігін, яғни осы дүние тіршілігімізде де өзіндік орны бар екендігін айтуымыз керек. Әрине сабырлы пенделерді Алла Тағаланың ерекше жақсы көретіндігі ақиқат. Осы тұрғыдан алғанда Раббысын танитын мұсылман пенде үшін сабырлы болудың орны ерекше болмақ. Өйткені мұндай пенде Алласын таниды һәм Одан үміт етеді. Ендеше Алла Тағаланың сабыр жайында айтқан қасиетті аяттарына кезек берелік.

1. Құран Кәрімде айтылған сабыр сөзінің түсініктемесі
«Әли-Имран» сүресінің 200-аятында Алла Тағала қиыншылықтан құтылып, бақытқа жетудің ең басты шарты – сабыр екендігін, ал оған сабырмен тойтарыс бере алмайтындардың табысқа жете алмайтындығын білдіруде.

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ اصْبِرُواْ وَصَابِرُواْ وَرَابِطُواْ وَاتَّقُواْ اللّهَ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ

«Уа, иман келтіргендер! Қиыншылыққа сабыр етіңдер, қорғанысқа шыдаңдар. Мақсаттарыңа жету үшін Алладан қорқыңдар». Бұл аятта дүние және ақырет жетістігінің сабырмен тығыз байлынысты екендігін көрсетуде.
Ал келесі аятта:

وَلَنَبْلُوَنَّكُمْ بِشَيْءٍ مِّنَ الْخَوفْ وَالْجُوعِ وَنَقْصٍ مِّنَ الأَمَوَالِ وَالأنفُسِ وَالثَّمَرَاتِ وَبَشِّرِ الصَّابِرِينَ

«Біз сөзсіз сендерді аздап қорқытып та, ашықтырып та, мал-жандарыңды, шаруаларыңды кемітіп те сынаймыз. Сабыр еткендерді қуантып (сүйіншілеп) қой» («Бақара» сүресі, 155-аят). Бұл аятта қорқыту, аштық, мал-жан, шаруашылықты кеміту секілді мұсылман баласының басына тиер сынақтар сөз етіледі. Алайда мұның баршасына сабырмен жауап берген және Аллаға деген сеніміне берік болған мұсылман ғана табысқа қол жеткізеді. Ал мұны мына аяттан көруге болады:

إِنَّمَا يُوَفَّى الصَّابِرُونَ أَجْرَهُم بِغَيْرِ حِسَابٍ

«Сабыр етушілерге берілетін сыйлық есепсіз» («Зүмәр» сүресі, 10-аят). Қарап отырсақ, берілетін сыйлықтың есепсіз болуына қарағанда, сабырдың қаншалықты маңызды амал екені анық байқалады. Қиыншылықтар кезіндегі сабырлылық ең үлкен еңбек болмағанда, Жаратқаннан есепсіз сыйлық уәде етілмес еді. Сондай-ақ, тағы бір аятта:

وَلَمَن صَبَرَ وَغَفَرَ إِنَّ ذَلِكَ لَمِنْ عَزْمِ الْأُمُورِ

«Кімде-кім (өзіне жасалған зәбір-жапаға) сабыр сақтаса, кешірімшіл болса, бұл келелі іс («Шура» сүресі, 43-аят). Шынында қиын іске сабыр ету немесе кешірімді болу оңай шаруа емес. Қиыншылыққа сабыр ету, өзгелердің қателіктерін кешіре білу дінімізде маңызды іс. Сол үшін қиын істі жеңуде Алладан сабыр арқылы жәрдем сұрауымыз керек. Бұл жайында Алла Тағала бізге былай бұйырады:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ اسْتَعِينُواْ بِالصَّبْرِ وَالصَّلاَةِ إِنَّ اللّهَ مَعَ الصَّابِرِينَ

«Уа, иман келтіргендер! Сабыр және намаз өтеу арқылы Менен жәрдем сұраңдар. Алла сабырлылармен бірге» («Бақара» сүресі, 153-аят). Дініміздің тірегі болған намаз өзге құлшылықтардың өзегі десек, сабыр да күллі көркем мінез-құлықтың бастауы болып табылады екен. Және бір аятта:

وَلَنَبْلُوَنَّكُمْ حَتَّى نَعْلَمَ الْمُجَاهِدِينَ مِنكُمْ وَالصَّابِرِينَ وَنَبْلُوَ أَخْبَارَكُمْ

«Біз сендерді іштеріңнен соғысқа шыққандарды, сабыр етушілерді білгенге дейін, сырларыңды ашқанға дейін сынаймыз («Мұхаммед» сүресі, 31-аят). Аят соғысқа шыққандар мен сабыр етушілердің бір-біріне жақын екендігін білдіріп, сабыр да күрестің бір түрі екенін түсіндіруде. Отанды қорғау үшін қолға қару алып жаумен соғысу нағыз ер азаматқа тән қасиет десек, өмірдің қиыншылықтарына да сондай сабыр таныту ерліктің белгісі.

Міне, жоғарыда аталған Құран аяттары сабырдың дүниеде адамзат үшін қаншалықты маңызды екенін және оның берер жетістігі мен жемісі де мол екенін тайға таңба басқандай танытуда. Олай болса, Алланың Елшісі, адамзаттың ардақтысы пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) хадистерінде сабыр қалай сипатталады осыған тоқталып көрелік.

2. Хадистерде айтылған сабыр сипаттамасы

عَنْ أَبِى مَالِكٍ الأَشْعَرِىِّ قَالَ قَالَ رَسُولُ اللَّهِ -صلى الله عليه وسلم الطُّهُورُ شَطْرُ الإِيمَانِ وَالْحَمْدُ لِلَّهِ تَمْلأُ الْمِيزَانَ. وَسُبْحَانَ اللَّهِ وَالْحَمْدُ لِلَّهِ تَمْلآنِ — أَوْ تَمْلأُ — مَا بَيْنَ السَّمَوَاتِ وَالأَرْضِ وَالصَّلاَةُ نُورٌ وَالصَّدَقَةُ بُرْهَانٌ وَالصَّبْرُ ضِيَاءٌ وَالْقُرْآنُ حُجَّةٌ لَكَ أَوْ عَلَيْكَ كُلُّ النَّاسِ يَغْدُو فَبَائِعٌ نَفْسَهُ فَمُعْتِقُهَا أَوْ مُوبِقُهَا

Әбу Малик әл-Ашари (р.а.) Алла елшісінің (ﷺ) былай деп айтқанын жеткізеді: «Тазалық – діннің жартысы, «Әлхамдулиллаһ» сөзі таразыны толтырады, «Субханаллаһи уалхамдулиллаһи» деген сөз көк пен жердің арасын толтырады, намаз – нұр, садақа – дәлел, сабыр – жарқырау, ал Құран – сен үшін жақтаушы не қаралаушы дәлел. Барлық адамдар таңертең үйлерінен жандарын жақсылыққа, не қапасқа сату үшін шығады» (Хадисті Мүслим риауят еткен).

Расында, мұсылман дүние тіршілігінде күш-қуатын сабырмен көрсете алады. Демек мұсылман сабырымен қиындықты жеңіп, аяғына тұрар болса, дүниедегі пайдасы алға қойған мақсаттарына қол жеткізе түседі.

«وَعَنْ أبي سَعيدٍ بْن مَالِك بْن سِنَانٍ الخُدْرِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا أَنَّ نَاساً مِنَ الأنصَارِ سَأَلُوا رَسُولَ الله صَلّى اللهُ عَلَيْهِ وسَلَّم فأَعْطاهُم ، ثُمَّ سَأَلُوهُ فَأَعْطَاهُمْ ، حَتَّى نَفِد مَا عِنْدَهُ ، فَقَالَ لَهُمْ حِينَ أَنَفَقَ كُلَّ شَيْءٍ بِيَدِهِ : « مَا يَكُنْ مِنْ خَيْرٍ فَلَنْ أدَّخِرَهُ عَنْكُمْ ، وَمَنْ يسْتعْفِفْ يُعِفَّهُ الله وَمَنْ يَسْتَغْنِ يُغْنِهِ اللَّهُ ، وَمَنْ يَتَصَبَّرْ يُصَبِّرْهُ اللَّهُ . وَمَا أُعْطِىَ أَحَدٌ عَطَاءً خَيْراً وَأَوْسَعَ مِنَ الصَّبْرِ » مُتَّفَقٌ عَلَيْهِ»

Әбу Саъид ибн Малик ибн Синан әл-Худри (р.а.) мына хабарды жеткізеді: «Бірде ансарлардың ішінен адамдар Алланың елшісінен (ﷺ) бір нәрсе сұрады. Алла Елшісі (ﷺ) оларға сұрағанын берді, сосын олар тағы да бір нәрсе сұрады, сұрағандарын тағы берді, олар сосын тағы да бір нәрсе сұрады, оларға сұрағанын тағы да берді, соңында өзінде барының бәрін берді. Сосын былай деді: «Маған не берілсе де, мен оны сендерден еш уақытта жасырмаймын. Дегенмен, естеріңде сақтаңдар, кімде-кім ұстамдылыққа тырысса, Алла оны ұстамдылыққа алып келеді, кімде-кім өз күшімен ғана істеуге тырысса, Алла оны басқа адамдарға жалбарынудан сақтайды, ал кім сабыр сақтаса, Алла оған сабыр береді және ешкім сабырдан артық сый алған емес» (Хадисті Бұхари мен Мүслим жеткізген).

Ислам тарихына көз жүгіртсек, Пайғамбарымыз (ﷺ) мұсылмандардың ең арқа сүйер тұлғасы болатын. Сахабалар қандай таршылыққа, қиыншылыққа немесе аштық халге келсе, алдымен Алла Елшісінің қасынан табылатын. Пайғамбар (ﷺ) олардың қиыншылықтарына материалдық һәм рухани қолдау көрсетіп, жеңілдетуге жәрдемдесетін. Міне, жоғарыдағы хадисте пайғамбар (ﷺ) алдымен матиралдық көмегін көрсетіп, сонан кейін бірнеше моральдық қолдау жасағандығы баяндалады. Соның бірі ретінде сабырды ерекше тілге тиек етеді. Демек, мұсылманның қиыншылықтағы ең үлкен қалқаны ол – сабыр екені сөзсіз.

وَعَنْ أبي يَحْيَى صُهَيْبِ بْنِ سِنَانٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ : قَالَ رَسُولُ الله صَلّى اللهُ عَلَيْهِ وسَلَّم : عَجَباً لأمْرِ الْمُؤْمِنِ إِنَّ أَمْرَهُ كُلَّهُ لَهُ خَيْرٌ ، وَلَيْسَ ذَلِكَ لأِحَدٍ إِلاَّ للْمُؤْمِن : إِنْ أَصَابَتْهُ سَرَّاءُ شَكَرَ فَكَانَ خَيْراً لَهُ ، وَإِنْ أَصَابَتْهُ ضَرَّاءُ صَبَرَ فَكَانَ خيْراً لَهُ  رواه مسلم

Әбу Яхия Сухайб ибн Синан  (р.а.) ол Алла елшісінің (ﷺ) былай деп айтқанын жеткізді: «Мұсылманның жайына таң қаласың! Шындығында, оның кез келген жайында игілік бар және бұл мұсылманнан басқа ешкімге берілмеген: егер оған бір жақсылық келсе, ол Аллаға шүкірлік айтады және оның сол айтқанында игілік бар, ал егер оған бір қайғы келсе, ол оған да сабыр етеді, оның бұл ісі де өзіне игілік болып оралады» (Хадисті Мүслим риуаят еткен).

Шынында мұсылманға жарасымды нәрсе – нығметке жолыққанда шүкір етіп, қиыншылық сәтінде сабыр жасауы. Өйткені, бұл хадис қазынаға тап болғанда шүкір етпеу пендені тәкаппарлыққа, менмендікке, дандайсу мен Құдайын ұмыту секілді дертке шалдықтыратынын, қиындыққа сабыр етпеу – өз-өзін жоғалтып құрдымға жіберуге, түрлі жаманшылыққа итермелеуге әкеліп соғарын көрсетуде. Хадистен түсінеріміз, нығметке шүкір ету оның көбеюіне, ал қиыншылыққа сабыр ету пәлекеттер мен күнәлі істердің азаюуына бірден-бір себепкер болады.

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِي اللَّهُ عَنْهُ قَالَ : مَرَّ النَّبِيُّ صَلّى اللهُ عَلَيْهِ وسَلَّم بِامْرَأَةٍ تَبْكِي عِنْدَ قَبْرٍ فَقَال : اتَّقِي الله وَاصْبِرِي  فَقَالَتْ : إِلَيْكَ عَنِّي ، فَإِنِّكَ لَمْ تُصَبْ بمُصِيبتى، وَلَمْ تعْرفْهُ ، فَقيلَ لَها : إِنَّه النَّبِيُّ صَلّى اللهُ عَلَيْهِ وسَلَّم ، فَأَتتْ بَابَ النَّبِّي صَلّى اللهُ عَلَيْهِ وسَلَّم ، فلَمْ تَجِد عِنْدَهُ بَوَّابينَ ، فَقالتْ : لَمْ أَعْرِفْكَ ، فقالَ :  إِنَّمَا الصَّبْرُ عِنْدَ الصَّدْمَةِ الأُولَى . أَوْ  عِنْدَ أَوَّلِ صَدْمَةٍ

Әнас (р.а.) былай дейді: «Бірде Пайғамбар (ﷺ) қабірдің басында жылап тұрған бір әйелді көріп: «Алладан қорық және шыдамды бол!», — деді. Ол әйел Пайғамбардың (ﷺ) түрін білмейтін, сондықтан: «Мені жайыма қалдыр, саған мұндай қайғы келген жоқ қой!», — деп дауыстады. Содан кейін оған: «Бұл Пайғамбар ғой! Танымадың ба?», — дейді. Сонда ол Пайғамбардың есігінің алдына келіп, қызметшісінің жоқ екендігіне таң қалды. Сосын әйел оған: «Мен сені танымай қалдым!», — дегенде Пайғамбарымыз: «Шындығында, сабырды күйзелістің басында сақтау керек», - деді (Хадисті Бұхари мен Мүслим жеткізген).

Міне, Алла Елшісі (ﷺ) әлгі әйел кісіге басқа пәле келгенде ең алдымен көрсетілу керек нәрсе сабыр екенін айтып түсіндірген.

عَنْ أَنسٍ رضي اللَّه عنه قال : سَمِعْتُ رسول اللَّه صَلّى اللهُ عَلَيْهِ وسَلَّم يقولُ :  إنَّ اللَّه عَزَّ وجَلَّ قَالَ : إِذَا ابْتَلَيْتُ عَبدِي بحبيبتَيْهِ فَصبَرَ عَوَّضْتُهُ مِنْهُمَا الْجنَّةَ » يُريدُ عينيْه ، رواه البخاريُّ »

Әнас (р.а.) Алла Елшісінің (ﷺ) былай деп айтқанын жеткізеді: Алла Тағала айтады: «Егер Мен құлымның екі сүйіктісін алып сынасам, ал ол оған сабыр етсе, онда Менің тарапымнан ол үшін оның сауабы, жәннат болады» («Екі сүйіктісі»  деген екі көзі. Хадисті Бұхари жеткізген).

Өмір сынақ алаңы болғаннан кейін Алла пенделеріне әртүрлі қиыншылықтар берері сөзсіз. Соның бірі – денсаулық. Иә, бір ғана көз нығметін алып, сынағанда сабырлықпен қайтарым жасайтын құлына жәннаттың нәсіп етілетіндігі хадисте баяндалып тұр. Мұнан не түйеміз? Әрине, денсаулық сыр берген кезде де сабыр ете білу керек. Мұның өзі бағалы байлықты себепкер етеді. Оған мына төмендегі риуаят дәлел болмақ.

وعنْ عطاءِ بْن أَبي رَباحٍ قالَ : قالَ لِي ابْنُ عبَّاسٍ رضي اللَّهُ عنهُمَا ألا أريكَ امْرَأَةً مِن أَهْلِ الجَنَّة ؟ فَقُلت : بلَى ، قَالَ : هذِهِ المْرأَةُ السوْداءُ أَتَتِ النبيَّ صَلّى اللهُ عَلَيْهِ وسَلَّم فقالَتْ : إِنِّي أُصْرَعُ ، وإِنِّي أَتكَشَّفُ ، فَادْعُ اللَّه تعالى لِي قَالَ :  إِن شئْتِ صَبَرْتِ ولكِ الْجنَّةُ، وإِنْ شِئْتِ دعَوْتُ اللَّه تَعالَى أَنْ يُعافِيَكِ  فقَالتْ : أَصْبرُ ، فَقالت : إِنِّي أَتَكشَّفُ ، فَادْعُ اللَّه أَنْ لا أَتكشَّفَ ، فَدَعَا لَهَا . متَّفقٌ عليْهِ

Ата бин Әбу Рабах былай дейді: «Бірде ибн Аббас (р.а.) маған: «Мен саған жәннаттық болған әйелді көрсетейін бе?», — деді. Мен: «Иә», — дедім. Ол: «Мына қара әйел кезінде Алланың Елшісіне (ﷺ) келіп: «Мен ауруым қозғанда есімнен танып құлап, денем ашылып қалады, мен үшін Аллаға дұға жасашы», — деді. Оған:«Егер қаласаң шыда, бұл үшін саған жәннат бар, ал егер қаласаң Алладан сені сауқтырсын деп дұға жасайын», — деді. Ол: «Мен сабыр сақтаймын», — деді де:«Шындығында, мен (құлаған кезде) ашылып қаламын, Алладан мен ашылмас үшін дұға жасашы», — деп өтінді. Сонда (Пайғамбар) Аллаға сол өтінішпен ол әйел үшін дұға жасады» (Хадисті Имам Бұхари мен Мүслим риуаят еткен).

Алла Елшісі Пайғамбарымыз (ﷺ) сырқат әйелге дерттен жазылудың жолын көрсетсе де, ол жәннат сыйын таңдап, өмірінің соңына дейін сабыр ететіндігін жеткізді.

Тағы бір хадисте:

وعنْ أَبي عبْدِ الرَّحْمنِ عبْدِ اللَّه بنِ مسْعُودٍ رضيَ اللَّه عنه قَال : كَأَنِّي أَنْظُرُ إِلى رسولِ اللَّه صَلّى اللهُ عَلَيْهِ وسَلَّم يحْكيِ نَبيّاً من الأَنْبِياءِ ، صلواتُ اللَّهِ وسَلاَمُهُ عَليْهم ، ضَرَبُهُ قَوْمُهُ فَأَدْمـوْهُ وهُو يمْسحُ الدَّم عنْ وجْهِهِ ، يقُولُ :  اللَّهمَّ اغْفِرْ لِقَوْمي فإِنَّهُمْ لا يعْلمُونَ  متفقٌ عَلَيْه

Әбу Абдур-Рахман Абдуллаһ ибн Масғуд (р.а.) былай дейді: «Алла Елшісін (ﷺ) руластары қаны шыққанша ұрып-соқты. Алла Елшісі (ﷺ) болса: «Уа, Алла! Оларды кешіре гөр, олар не істеп жатқанын білмейді!», — деп, пайғамбарларды дәл қәзір де көз алдымда көріп тұрғандаймын», — деді (Хадисті Имам Бұхари мен Мүслим риуаят еткен).

Бұл хадисте Пайғамбарымыздың және өзінен алдыңғы пайғамбарлардың дінді насихаттаудағы көрген қиыншылығы қатар баяндалады. Ұхуд соғысында тісін сындырып, бет-жүзін жаралағандарға Алла Елшісі (ﷺ): «Аллаһым! Мына халықты кешіре гөр. Өйткені, олар білмейді ғой», — деп дұға жасаған. Міне, халықтың қиыншылығына шыдау, оған сабыр таныту пайғамбарлар сүннеті.

وعنْ أَبي هُرَيرة رضيَ اللَّهُ عنه قال : قال رسولُ اللَّهِ صَلّى اللهُ عَلَيْهِ وسَلَّم :  مَنْ يُرِدِ اللَّهُ بِهِ خَيْراً يُصِبْ مِنْهُ  : رواه البخاري

Әбу Һұрайра (р.а.) Алла Елшісінің (ﷺ) былай деп айтқанын жеткізді: «Алла кімге жақсылық қаласа, оған сынақтар (қиындықтар) жібереді» (Хадисті имам Бұхари жеткізген).

Шынында адам баласы басқа түскен қиыншылыққа сабыр етсе, ол күнәларының кешірілуіне немесе жақсылық пен сыйдың нәсіп болуына себеп болады. Имам Ғазали бұған төмендегідей үш түрлі жорамал береді:

1.Мұнафиқтың (екіжүзді) басына келген қиыншылық пен ауру. Мұндай сәтте мұнафиқ сабыр етпей, шағымға жол ашқаны үшін оған бір жаза болуы мүмкін.

2.Мұсылманның басына келген қиыншылық пен ауру. Мұсылман ондай сәтте Алладан берілген деп сабыр танытады. Мұндай кездегі көрген қиыншылығы күнәларының кешірілуіне кәффарат болмақ.

3.Шүкір және разылықпен ғұмыр кешкен мұсылмандардың қиыншылықтары мен ауру сәті. Мұндай сәтте де олар Аллаға мадақ айтып, шүкір жасайды. Ал бұл қиыншылықтар Алла алдындағы дәрежелерін көтере береді. Түсінгеніміз, мына дүниенің емтихан мекені екенін ұмытпағанымыз жөн. Қиыншылыққа сабыр танытып, оған разылық көрсету ерлік іс. Әрбір қиындық жаза емес, бәлкім дәрежемізді арттырары сөзсіз.

Келесі хадисте:

وعنْ أَبِي هُريرةَ رضي اللَّه عنه أَن رسول اللَّه صَلّى اللهُ عَلَيْهِ وسَلَّم قال :  لَيْسَ الشديدُ بالصُّرَعةِ إِنمَّا الشديدُ الَّذي يمْلِكُ نَفسَهُ عِنْد الْغَضَبِ  متفقٌ عليه

Әбу Һұрайра (р.а.) Алла Елшісінің (ﷺ) былай деп айтқанын жеткізеді: «Көпті жығып жеңген мықты емес, ашуланғанда өзін ұстаған (сабыр сақтай білген)мықты» деген (Хадисті Имам Бұхари мен Мүслим риуаят еткен).

Шындығында қас дұшпанмен күрестен гөрі, өз нәпсіңді жеңіп, оны дегеніңе көндіре білу онан да қиын іс. Сол үшін өзге біреудің нәпсіңе тигізер ауыр әрекеттерінде өз-өзіңді ұстап сабырға шақыру, ашуланбау нағыз мұсылмандық. Мына хадиске қарайық:

وعنْ أَبِي هُريْرَةَ رَضيَ اللَّهُ عنهُ أَنَّ رَجُلاً قَالَ للنَّبِيِّ صَلّى اللهُ عَلَيْهِ وسَلَّم : أوْصِني ، قَالَ :  لا تَغضَبْ فَردَّدَ مِراراً قَالَ ،  لا تَغْضَبْ  رواه البخاريُّ

Әбу Һұрайра (р.а.) былай дейді: «Бір адам Алла Алшісіне (ﷺ) келіп: «Маған кеңес бер», — деді. Ол: «Ашуланба», — деді. Осыдан кейін ол адам өзінің өтінішін үш рет қайталады. Алланың Елшісі оның әрбір қайталағанына: «Ашуланба», — деп кеңес беріп отырды» (Хадисті имам Бұхари жеткізген).

Ашулану, ашуға булығу шайтанның айласы. Ашуға бой алдырған адам ақылын жоғалтып, нәпсі деген дұшпанға жол беріп қояды. Аузына ақ ит кіріп, көк ит шығарлықтай жаман сөздер мен дініміз ұнатпайтын жат әрекеттер жасап қоюы әбден мүмкін. Ақырында аузынан шыққан былапыт сөздерді құлағы естімес халге жетеді. Мұндай жағдайда пенде иманын әлсіретіп алады алады.

Алла Тағала былай дейді:

وَاصْبِرْ فَإِنَّ اللهَ لا يُضِيعُ أَجْرَ المُحْسِنِينَ

(Мұхаммед ғ.с.) сабыр ет. Расында, Алла жақсылық істеушілердің еңбегін (сауабын) жоймайды («Худ» сүресі, 115-аят). Жаратқан Алла пайғамбарына сабыр етуді бұйырған болса, ізін басқан күллі үмметі де Алла Елшісінің (ﷺ) хадистерінен үлгі алуы тиіс. Өйткені, мұсылман сабырды Аллаға жақындай түсудің бір жолы деген ниетпен жасайды. Ал сабыр тәуекел ете білуге үйретеді.

Адам баласының көбі сабыр етуді бір жағдайға тап болғанда немесе ешбір мүмкіншілігі қалмай қалғанда амалсыздан көрсетіп жатады. Мұны сабыр деп емес, мүмкін төзімділік десе де болады. Қиыншылыққа сабыр емес, төзімділік танытқан кісі басына келген жағдайды Алла тарапынан бір сый немесе артында жақсылықтың жасырылғанын білмегендіктен рухани күйзеліске түседі. Алайда мүміннің танытқан сабырлығы төзімділіктен әлдеқайда өзгеше. Өйткені, сынақты беруші Алла екенін, сондай-ақ, жақсылыққа себепкер іс деп біледі.

Тағдырына жазғанына көңілмен разы болып, сабыр етеді. Алла оған қиындыққа сабыр етерлік күш-қуатты да беріп қояды. Сол себепті қиыншылыққа жол бермейді. Қайта келген қиыншылықтан сақтайтын бір Алла екенін біліп Оған жалбарына отырып, жәрдем тілейді. Жоғарыдағы Құран аяттары мен пайғамбар (ﷺ) хадистері бізге осыны баян етуде.

Мұсылманның сабыры:

Аллаға сенім артқан мұсылманның сабыры үздіксіз жалғасымды болады. Яғни, үлкенді-кішілі сынақтардың баршасында сабыр танытып отырады. Мұнан түйеріміз, иманнан алыс пенде бір жағдайға шыдаса, енді біріне сабырсыздық жасап төзімінде тұрақсыз екенін көрсетеді. Алайда мұсылманның сабыры қалай болады? Бұл мәселеге қысқаша тоқталып көрелік.

1.Алла разылығы үшін сабыр етеді

Мұсылманның дүниедегі негізгі мақсаты – Алланың бұйрықтарын ұнамды орындап, өзінің көркем мінезімен разылығын алу. Ал оған сабырлылықпен әрі жалғасымды болуымен қол жеткізеді. Алла Тағала былай дейді:

وَاصْبِرْ نَفْسَكَ مَعَ الذِينَ يَدْعُونَ رَبَّهُمْ بِالْغَدَاةِ وَالْعَشِيِّ يُرِيدُونَ وَجْهَهُ

«(Мұхаммед ғ.с.) таңертең, кешке Раббыларына, Оның дидарын іздеп, жалбарынғандармен бірге өзің де сабыр ет» («Кәһф» сүресі, 28-аят). Аталған аяттың негізінде Пайғамбарымыз (ﷺ) қалай сабырлық танытқан болса, үмметі де Алланың разылығын алу мақсатында сабыр етеді. Алла Тағала қиыншылықты нағыз сабыр етушілерді ортаға шығарып, білдіру үшін жаратқан. Ал мұның сырына тоқталсақ, Алланың разылығын үміт ете отырып, сабыр қылғандар жәннатпен сүйіншіленеді. Дүниелік пайда ойлап, қиындыққа амалсыз төзгендер ақырет сауабынан мақұрым қалады. Сол үшін де мұсылмандар разылық амалды көңілмен жасайды. Өйткені, Алла «Рағд» сүресінің 22-аятында:

وَالَّذِينَ صَبَرُوا ابْتِغَاءَ وَجْهِ رَبِّهِمْ

«Раббыларының ризалығын іздеп, сабыр еткендер...», - дей келе:

أُوْلَئِكَ لَهُمْ عُقْبَى الدَّارِ

«... міне ақырет жұртының табысы солардікі», - деп жоғарыдағы ақиқатты растауда.

2.Көркем мінезділікке тәрбиеленеді

Жоғарыда айтып өткеніміздей, мұсылман адам сабырды Алла разылығы үшін орындағандықтан жақсы мінезді бойына қалыптастыра бастайды. Құранда мүміннің сипаты былай келеді:

الصَّابِرِينَ وَالصَّادِقِينَ وَالْقَانِتِينَ وَالْمُنْفِقِينَ وَالْمُسْتَغْفِرِينَ بِالأسْحَار ِ

«Олар сабыр етушілер, шыншылдар, бой ұсынушылар, Алла жолында мал сарып қылушылар және таң сәріден жарылқану тілеушілер, (таң намазын оқушылар)» («Әли-Имран» сүресі, 17-аят). Аятта сөз етілгендей, сабыр жүрекке орнығумен іске асады. Бір адам өзгеге ренжігенде өзін ұстауы немесе дүниені қолда барда, тіпті кедейлікте болса да жақсылық жолында Алла разылығы үшін жұмсай білуі сабырмен келеді. Әрине, қалауынан қиып, малын өзгеге бере білу де сабырға да тиесілі. Алланың әмірі мен тыйымдарын ғұмыр бойы орындау ол да сабырмен тығыз байланысты. Нәтижесінде жұмсақтық, мейірімділік, кешерімділік, шыншылдық т.б. осындай адами қасиеттерге қол жеткізіп, Алланы разы етер көркем мінезді бойына сіңіре бастайды. Демек, Алланың рақымы мен жәннатына мұсылмандардың қол жеткізуінде сабыр осылайша себін тигізеді.

3.Сабыр етуде жарысады

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ اصْبِرُواْ وَصَابِرُواْ وَرَابِطُواْ وَاتَّقُواْ اللّهَ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ

«Уа, иман келтіргендер! Әр нәрсеге сабырлы, жауға шыдамды және қорғанысқа дайын болыңдар. Сондай-ақ Алладан қорқыңдар әрине құтыласыңдар»,(«Әли-Имран» сүресі, 200-аят) деген аятымен мұсылмандарды Өзінің разылығын және жәннатын иелену үшін жарысуға шақырады. Мұсылмандар Алланың сүйіспеншілігіне бөленіп, сыйына қол жеткізу барысында сабыр жасауда бір-бірімен жарыса түседі. Иә, иман келтірген адам басына не іс түссе де сабырлы болып, Жаратқанға деген сеніміне еш селкеу түсірмеуге әрекет етеді. «Неге бұлай болып кетті?» деген секілді сөздерге мүлде жол берместен, ешнәрсе болмағандай сабыр ісінде өзара жарысын жалғастыра береді.

4.Бір-бірін сабырға үндейді

Қасиетті Құран Кәрім аятында:

وَلْتَكُنْ مِنْكُمْ أُمَّةٌ يَدْعُونَ إِلَى الْخَيْرِ وَيَأْمُرُونَ بِالْمَعْرُوفِ وَيَنْهَوْنَ عَنِ الْمُنْكَرِ وَأُولَئِكَ هُمُ الْمُفْلِحُونَ

«Сендерден жақсылыққа шақыратын сондай-ақ, дұрыстыққа қосып, бұрыстықтан тосатын бір топ болсын. Міне солар құтылушылар» («Әли-Имран» сүресі, 104-аят) делінген. міне осы аят аясында мұсылмандар бір-бірін жақсылыққа шақырып, жаманшылықтан қайтаруға шақыра отырып, қиын сәтте де мұсылман бауырлық танытып, сабырға үндейді. Өйткені, мұсылман бір дене секілді қуанышына қуанып, қиыншылығын бірге көтерісуге ат салысады. Сондай-ақ, өзіне не қалаған болса, өзге мұсылман бауырына да соны тілейді. Дүние және ақырет бақытын шын қалаған мұсылман өзге бауырларының да мұндай бақытқа жетуін қалап, жабырқағанда жанынан табылып, жылы сөзімен сабырға шақыра түседі. Әрине, бұл амал мұсылманның дертіне шипа, иманына қуат әкелмек. Мұның мысалын Пайғамбар (ﷺ) өмірінен үйрене аламыз. Дін дұшпандарынан қашып, Сәуір тауына тығылған сәтте өлтіруге келген олардың әрекетінен секем алған серігі Әбу Бәкірге: «Қорықпа! Алла Тағала бізбен бірге» деп сабырға үндегені үмметке үлгі іс болмақ.

Мұсылман не нәрсеге сабыр етеді?

Жалпы, ислам ғалымдары аят-хадистерден сабыр сөзінің бірнеше мағынада қолданғанын алға тартады. Мәселен, құлшылық етуде, тыйым салынған нәрселерден алыс болуда, пәлекеттер мен қиыншылықтарда, халық тарапынан көрген зәбір-жапаларға, жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтаруда т.б. жағдайларда сабыр таныту мүміндер үшін күш болып табылады. Ғұламалардың көбі сабырдың мынадай үш түріне тоқталады. Олар:

1. Басқа түскен бәлекетке сабыр.
2. Құлшылықта сабыр.
3. Күнә жасамауға сабыр.

Әйтсе де, сабырдың осы үш түрінен өзге нәрселерге де сабыр етудің маңыздылығына тоқталып кеткенді жөн көрдік:

1. Басқа түскен бәлекетке сабыр. Әрине, дүниеде қиындық көрмейтін пенде жоқ. Дегенмен, мұсылман баласы басына түскен бәлекетке сабыр етеді. Өйткені, бір қиыншылықтың артынан жақсылықтың келеріне де сенеді. Мұны Алла Тағала «Шарх» сүресінің 5,6-аяттарында:

فَإِنَّ مَعَ العسر يُسْراً . إِنَّ مَعَ العسر يُسْراً

«Негізінде ауырлықпен бірге бір жеңілдік бар. Шын мәнінде қиыншылықпен бірге бір оңайлық бар», - деп растай түседі.

2. Құлшылықта сабыр. Құлшылық ету мұсылман үшін маңызды нәрсе. Алайда адам нәпсі иесі болғандықтан иманы күшейгенде, құлышылығына ықылас танытқаны секілді, иманы әлсірегенде де ғибадатына немқұрайлы қарай бастайды. Осындай сәтте құлшылығымыздың құлықсыз қалмауы әрі үнемі жалғасымды болуы үшін сабыр ауадай қажет.

3. Күнә жасамауға сабыр. Күнәнің жақсы нәрсе емес екенін ақылы бар адам біледі. Дегенмен, бойындағы нәпсі қалауына орай үлкенді-кішілі күнәларға жол беріп, артынан опық жеп жатады. Ал мұсылман күнәнің соңы жаза екенін және оның сұрауы бар екенін біліп, онан барынша сақтанады. Тіпті, құдайдан шын қорқумен ұялып, ешбір күнәға бармай, сабыр ете түседі.

Осы жоғарыда айтылған түрімен қоса мұсылман баласы мынадай жайттарда да сабыр сақтай білуі тиіс. Атап айтқанда:

Ар-ұятты сақтауда сабыр. Ар-ұят иманның қабы. Сол үшін де мұсылмандар өмірінің соңына дейін оны сақтауға сабыр етеді. Адамның адамгершілігін арттырып, құндылығын жоғырылататын нәрсе ар мен ұят. Демек, Алланың разылығын табуда бұл екі қасиеттің берері көп. Адаммен қатар жүретін нәпсісі арсыз, ұятсыз болуға шақырады. Иман бар жерде ар-ұят қатар жүреді. Ал оны өмірдің соңына дейін сақтауда сабыр аса маңызды. Мәселен, адамның нәпсісі дүниеде тәкаппарлыққа тартса, ар-ұятын сақтап сабыр етсе, қарапайым күн кешіп иманын байытады.

Шайтанның азғыруына сабыр. Адам ата жаралғаннан бері шайтан дұшпандық етіп келеді. Жәннаттан қуылуға да себепкер сол шайтан. Мұнысымен қоймай, ақырет күніне дейін адамзат баласын азғыруға мүмкіншілік алғаны тағы бар. Сол себепті шайтан адамдарды түрлі айласымен азғырып, тура жолдан тайдыруға әрекет жасайды. Мұндай сәтте нағыз мұсылман шайтанның дұшпан екенін түсініп, құрған айлаларына еш жол бермей, сабырлылықпен оған қарсы тұрады. Өйткені, Аллаға тәуекел етіп, сабыр еткенге шайтанның шырмауы жүрмейтіндігі ақиқат.

Жақсы мінезді сақтауда сабыр. Иә әрбір адам баласы Алланың көрсеткен жолымен жүруге міндетті. Ал оның жүйесі Алланың кәламы болған Құранда қамтылған. Айша анамыздан (р.а.): «Алла Елшісінің (ﷺ) мінез-құлқы қандай еді?», – деп сұраған кісілерге: «Сіздер Құран оқымайсыздар ма?», – дейді. Олар:«Әрине, оқимыз», – дейді. Сонда Айша (р.а.) анамыз: «Алла Елшісінің (ﷺ) мінез-құлқы – Құран еді», – деп жауап береді. Міне, Құранда сабырдың маңыздылығы да баяндалады. Бүкіл Алланың разылығына жеткізер жақсы мінезді сақтауда сабырдың орны ерекше. Өйткені, амалдардың сауапты, құлшылықтардың ләззатты болуы үшін тақуалық керек. Оған жібектей көркем мінезбен қол жеткізе алады. Көркем мінезді мінсіз қорғап, сақтауда сабыр қажет. Әрине, оған иман иелері ғана табандылық танытары белгілі.

Ешнәрседен қорықпауға сабыр. Мұсылман Алладан басқа ешнәрседен қорықпауға сабыр етеді. Өйткені, иманнан алыс адам әрнәрседен қорқақ келеді. Дегенмен мұсылман құдіретті Алла екенін Оның қалауынсыз ешкімнің зияны тимейтіндігін біледі. Алла Тағала былай дейді: «Негізінен шайтан өз достарын қорқытады. Сондықтан олардан қорықпаңдар да Менен қорқыңдар, егер мүмін болсаңдар» («Әли-Имран» сүресі, 175-аят). Аллаға деген иманына берік мұсылман өмірдегі төнген түрлі қауіп-қатерлерден қорықпайды. Өйткені, өзінің өмірде қорқумен де сыналатындығын біледі.

Мал-дүниесі кемігенде сабыр. Алла құлдарын түрлі нығметпен қамтамасыз еткен. Алайда адам тосыннан дүние-мүлкінен айрылып, сынаққа түскен сәтте өзін жоғалтып алатыны тағы бар. Мұндай сәтте мұсылман сабыр сақтап, оның қайырын Алладан күтеді. Оның мысалына тоқталып көрелік:

Имам Ағзам Әбу Ханифа өз заманының белді саудагері болған. Күндердің бірінде дәріс уақытында бір кісі жүгіріп келіп:

— Уа, имам, жүк алып келе жатқан кемеңіз батты, — депті. Имам Ағзам біраз кідірістен кейін:

— Аллаға шүкірлер болсын! — деп сабағын жалғастыра беріпті. Біраз уақыт өткен соң әлгі кісі қайта келіп:

— Уа, имам, біз жаңылған екенбіз, батқан кеме сіздікі емес екен, — деп хабар беріпті. Имам Ағзам бұл хабарды естіген кезде де, «Аллаға шүкірлер болсын! -дейді. Хабаршы аң таң болып:

— Уа, имам, кемеңіз суға батты деп хабар әкелгенде «әлхамдулилләһ» дедіңіз, батқан кеме сіздікі емес дедік, оған да «әлхамдулилләһ» дедіңіз мұның мәнісін түсіндіріп беріңіз, — дейді. Сонда Имам Ағзам:

«Сен «кемең суға батты», — деп хабар әкелгенде ішкі дүниемді, жүрегімді байқап қарадым. Жүрегім бір қалыпты соғып, ешқандай налу, өкіну сезген жоқпын. Сол себепті Аллаға шүкір айттым. Батқан кеме менікі емес екенін естігенде де жүрегім бір қалыпты соғып, алып ұшқан қуаныш сезім байқамадым. Өтпелі дүниенің өтпелі мал-мүлкіне деген осындай немқұрайлықты бергені үшін жаратқан Иеме шүкірлік айттым» деген екен.

Аштық пен жоқшылыққа сабыр. Өмір тіршілігінде әр адам түрлі сынақты басынан кешіреді. Біреуі аурумен, енді бірі дүниесінің азаюымен қайсібірі жоқшылықпен сыналады. Әрине, мұндай сәтте де мұсылман сабыр танытып, қиыншылыққа төзіммен қарайды. Шыны керек, қалтасы қалың жандар сәл тарыққанда пендешілікке салынып, Аллаға қарсы әрекеттер жасап, сол нығметтің иесін ақылынан шығарып жатады. Біреулері шыдамның шегінен асып, ішімдік секілді азғындыққа бой алдырады. Ал ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) аш жатқан күндерінде қарсылық танытпай сабыр ете білді. Саңлақ сахабалар да Алланың разылығын алу үшін сусыздыққа, аштыққа, жоқшылыққа пайғамбармен бірге шыдап бақты. Сол үшін мұсылман аштық пен жоқшылыққа да сабыр таныта түседі.

Сырқаттанғанда сабыр. Иманы болмаған жанның төзімділігі әр жағдайда өзгеріп тұрады. Өйткені, жақсылыққа жеткенде көңілі жайланса, әлдеқандай бастарына сынақ түсіп, қиналғанда мүлдем басқа болып өзгеріп сала береді. Өтпелі нәрсе болса да, оған сабыр таныта алмайды. Мұның бірден бір мысалы сырқаттану сәті. Шынында адамнның көркем мінезге ие немесе онан алыс екендігі сырқат, аштық, жоқшылық сәтте сыналады. Алла Тағала нағыз көркем мінезділіктің және жақсылықтың шарты қиыншылық пен сырқат сәтте сабыр етумен келетіндігін білдіреді. Ибраһим (а.с.) пайғамбардың «Ол, қашан ауырсам, маған шипа береді»(«Шуара» сүресі, 80-аят) дегені секілді сеніммен шипаны беруші Алла екеніне иланады, жәрдем сұрайды.

Сабырдың берер жемісі

Құранда былай делінеді:

والعصر إِنَّ الإنسان لَفِي خُسْرٍ إِلَّا الَّذِينَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ وَتَوَاصَوْا بِالْحَقِّ وَتَوَاصَوْا بِالصَّبْرِ

«Ғасырға серт! Негізінен адам баласы зиянда. Бірақ сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендер, бір-біріне шындықты үгіттесіп, сабырды үгіттескендер, олар зиянға ұшырамайды» («Аср» сүресі, 1,2-аяттар).
Иә, Алла Тағала «Аср» сүресінде айтқанындай, сабыр мен әділетті бір-біріне насихаттаған адамдар табысқа жетері сөзсіз. Дүние жемістерімен қатар сабырлы жандарға ақырет күні еселеген сыйын алатындығы да уәде етілген. Олардың біршамасына қысқаша тоқталып кетейік:
Ақылдылық. Кейде ақыл иесі деген адамдар ашу үстінде түрлі лас сөздер мен істерге жол беріп, жеккөрінішті әрекеттерімен ақымақтық жасап жатады. Себебі, сабыр болмағаннан кейін сәл ғана қиыншылықтар ақылын жоғалтуына әкеліп соғады. Алайда мұсылман Алланың әміріне мойұнсынып, сабыр жасау арқылы ақыл деген үлкен нығметке қол жеткізеді. Әрбір нәрсені ақыл таразысына салып, ақырын бағалайтын болады.
Жақсылық. Расында сабырдың мәнін терең түсінген жан жақсылық жасауда жарысады. Мәселен, иман әлсіздігі немесе жауапкершілікті сезінбеуден кейбір жастар өзінің қарт анасын немесе әкесін бағып-қақпай, оңай жолы деп қарттар үйіне өткізе салуда. Ал, кейбір аналар өз баласын тастап кетсе, енді бір ер азаматтар өз жанұясын асыраудан бас тартуда. Алайда иманды, сабырлы пенде мұндай сәтте ата-анасын қамқорлыққа алып, қызметінде болып, жақсылық жасайды. Өйткені, ол Алладан шын қорқады, әрбір жасаған жақсылығы ақыретте алдынан шығарын да біледі.
Уәде. Мұсылман баласы өмірдің ащы-тұщысында еш мойымайды. Бұл бақытсыз өмір сүру дегенді білдірмейді. Өйткені, Алла иман еткен құлдарының жүрек түкпіріне сабыр және тәуекелмен келетін бақытты орналастырып қойған. Әрине, мұндай шынайы бақытқа ешкім ақымен сатып та алмайды. Расында мұсылман жүрегіндегі бақыт пен сенімнің нәтижесінде қандай қиындыққа кездессе де ешқашан қайғыға батып, берекесіздікке бой алдырмайды. Алла Тағала аятта былай дейді:
«(Мұхаммед ғ.с.): «Уа, иман келтірген құлдарым! Раббыларыңнан қорқыңдар! Бұл дүниеде жақсылық істегендерге жақсылық бар. Алланың жері кең. Шын мәнінде сабыр етушілерге сыйлықтары есепсіз орындалады» деп айт» («Зүмар» сүресі,10-аят). Міне, сабыр еткен құлдарына Алла уәдесін орындап, ақыретте сыйға бөлейді.
Жәннат. Жан-дүниесі Аллаға берілген пенде мына жалған өмірде малын, жанын, иелік еткен күллі нәрсесін жақсылыққа жұмсайды. Оның разылығын алу үшін жақсы және қиын сәттерде де сабыр етеді. Өйткені, ардақты пағамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) ізін басқан сахабалар, жалғасын тапқан мұсылмандар небір сынды басынан кешсе де, өмірінің соңына дейін имандарын сақтауда сабыр таныта білді. Өмірін сабырмен өткізген құлдарына ақыретте ең жақсы сый мен Алланың разылығы берілетіндігі жайында былай делінеді: «Сабыр етіп, ізгі іс істегендер, міне солар үшін жарылқау және зор сауап бар» («Һуд» сүресі, 11-аят). Алланың сабырлы құлдары ақыретте соңы жоқ жәннатқа қауышып, оларды періштелер сәлеммен қарсы алып, есендік тіленетіндігі мына аятта айтылады: «Міне бұлар, сабыр еткендіктері себепті жоғарғы сыйлыққа бөленеді. Аман-сәлеммен қарсы алынады» («Фурқан» сүресі, 75-аят). Келесі аятта: Міне соларға сабыр еткендіктері себепті сыйлықтары екі есе беріледі» («Қасас» сүресі, 54-аят) деп келеді. Дүние алаңында сабыр танытқан құлдарына жәннаттың нәсіп болатындығын Алла тағала аяттармен осылай білдіруде.
Иә, дүние қиыншылығында жүріп сабыр еткеннің күнәсі кешіріліп қана қоймай, көрсетілген сабырлығы үшін оған есепсіз сауап жазылып, дәрежесі көтеріле бермек. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (ﷺ) хадистерінде былай делінеді: «Мұсылманның табанына тікен кіргенде, Алланың разылығы үшін қаншалықты сабырлық танытса, оған соншалықты сауап (каффарат) жазылады», «Сабыр, жәннат қазыналарынан бір қазына», «Көңілің қаламаған нәрсеге сабыр етуде үлкен жақсылық (сауап) бар», «Ғибадаттың басы сабыр», Сабырдың имандағы орны, бастың денедегі орны секілді».
Құраннан қуат алып, пайғамбар хадисін өміріне нәр еткен біздің де ата-бабаларымыз ұрпағына «Сабыр түбі – сары алтын», «Сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» деп өшпестей даналық сөз қалдырған. Ал Жүсіп Баласағұн бабамыз: «Сабыр етсең – ісің оңға асады, шүкір қылсаң – жамандық та қашады», десе, Майлықожа Сұлтанқожаұлы: «Сабыр – ақылдың серігі», — деп айтқан.
Адамның адамгершілік қасиеті қиын сәтте білінері ақиқат. Олай болса, өмірдің сынынан сүрінбей, сабырдың сыйына бөленуді Жаратқан Алла баршамызға нәсіп етсін!