الله الرحمن الرحيم الملك القدوس السلام المؤمن المهيمن العزيز الجبار المتكبر الخالق البارئ المصور الغفار القهار الوهاب الرزاق الفتاح العليم القابض الباسط الخافض الرافع المعز المذل السميع البصير الحكم العدل اللطيف الخبير الحليم العظيم الغفور الشكور العلي الكبير الحفيظ المقيت الحسيب الجليل الكريم الرقيب المجيب الواسع الحكيم الودود المجيد الباعث الشهيد الحق الوكيل القوى المتين الولى الحميد المحصى المبدئ المعيد المحيى المميت الحي القيوم الواجد الماجد الواحد الصمد القادر المقتدر المقدم المؤخر الأول الأخر الظاهر الباطن الوالي المتعالي البر التواب المنتقم العفو الرؤوف مالك الملك ذو الجلال والإكرام المقسط الجامع الغني المغني المانع الضار النافع النور الهادي البديع الباقي الوارث الرشيد الصبور
+7 (7222) 52-19-11

ТӘНІ САУДЫҢ ЖАНЫ САУ

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемнің Раббысы Аллаға ғана лайық. Алланың ардақты Елшісі, адамзаттың ардақтысы Мұхаммедке Оның отбасы мен сахабаларына салауат-сәлемдер болсын.

Алла Тағала адам баласын басқа барша жаратылыстан ерекешелендіріп, ақыл мен сана беріп, бойын тіктеп, көркем түрде жаратты. Айта берсе сөз жетпейтін көптеген артықшылықтар берді. Оның бәрін шариғат тілінде «нығмет» деп атайды. Сол нығметтердің бірі денсаулық.

Адам баласы барында бағалай алмай, айырылып қалса таба алмайтын баға жетпес байлық та сол тәннің саулығы. Пайғамбарымыз ﷺ бір хадисінде:

عَنْ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا، قَالَ: قَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: نِعْمَتَانِ مَغْبُونٌ فِيهِمَا كَثِيرٌ مِنَ النَّاسِ: الصِّحَّةُ وَالْفَرَاغُ [1]

Абдулла ибн Аббас, Пайғамбардың ﷺ былай деп айтқанын жеткізеді:

«Адамдардың көбі қадіріне жете бермейтін екі нығмет бар, ол – денсаулық және бос уақыт».

Сондықтан да әрбір адам денсаулығы үшін Аллаға сансыз шүкір айтып, денсаулығының барында мүмкіншілікті пайдаланып, Аллаға құлшылық, адамдарға қызмет етуге талпынуы қажет. Жастық шақ және он екі мүше саулығы уақытша ғана берілген мүмкіншілік.

Өмірдің басы бала, ортасы адам,

Қартайып шал болған соң кетті шамаң.

Мақтап жүрген өмірің осы болса,

Үш ақ ауыз сөзбенен болды тәмам - деп Шәкәрім атамыз адамның үш кезеңін суреттей келе, жастық шақ адамның кемелденіп, денсаулығының мықты болатын уақыты екенін жырлаған.

Абыз ақсақал Әсет биге айтқан өсиетінде, әрбір нығметтің қадірін жанымызға батқанда ғана түсінетінімізді ескертіп;

«Аяқ-қолдың қадірін ақсағанда білерсің.

Отыз тістің қадірін қақсағанда білерсің.

Қызыл тілдің қадірін тоқтағанда білерсің» деген екен.

Адам баласына Алладан берілген баға жетпес нығметі денсаулықты бағалаудың және оны сақтаудың бір жолы, айнала қоршаған ортамыз бен дене мүшеміздің тазалығын сақтау және ішкен-жеген тамағымыздың да тазалығын қадағалау басты міндет.

Біріншіден,  өз жеріміздің, тұрған мекеніміздің таза болуына, жұртшылық демалатын және көп жүретін жерлер мен сулар, орман мен тауларда тәртіп сақтап, тазалығына өз үлесімізді қосу, өзіміз үшін де болашақ ұрпағымыз үшін де пайда. Шариғатымызда ағаш отырғызу өте жақсы әрі сауапты амалдардан. Өскен ағаш көшеміз бен даламызға көрік бергенімен қатар, ауаны тазартып, денсаулығымызға да пайдасы орасан.

Анас бин Малик деген сахаба (Алла одан разы болсын) Пайғамбарымыздың ﷺ былай деп айтқанын риуаят етеді:

إنْ قَامَتِ الساعَةَ وَفِي يَـدَ أَحَدَكُمْ فَسِيلَةَ فَإِنْ اسْتَطَاعَ أَنْ لَا تَقُومُ حَتى يَغْرِسُهَـا فَلْيُغْرِسُهَا

«Егер қиямет қайым келсе, біреуіңнің қолыңда құрма көшеті болса, шамасы келсе, соны ексін»[2] - деп әмір еткен.

Қиямет қайым басталып, дүниенің астаң-кестеңі шығарын біліп тұрса да ағашты егіп үлгеруді өсиет етуі, ол амалдың сауабының қандай дәрежеде екенін байқауға болады.

Денсаулығымызға кесірін тигізетін бірден-бір зиянкес адамның күнделікті ішіп-жейтін ас-ауқатын дұрыс таңдамауы. «Ауру астан, дау қарындастан» демекші, мұсылман адам ішіп-жейтін асының тазалығына назар аудару керек. Біріншеден, ол адал яғни шариғат рұқсат беретін хәлалдан екенін қадағалау. Алла Тағала тыйған барлық нәрсе – харам, ал барлық харам денсаулыққа зиян. Ал, харам нәрсені адал деп айту адамды діннен шығарады. Өзі жаратқан пендесіне ненің пайда ненің зиян екенін Жаратушының Өзінен басқа кім жақсырақ біледі?! Мәселен Алла Тағала Құранда доңыз еті, аққан қан, өлексені харам етіп бекіткен.

إِنَّمَا حَرَّمَ عَلَيْكُمُ الْمَيْتَةَ وَالدَّمَ وَلَحْمَ الْخِنزِيرِ وَمَا أُهِلَّ بِهِ لِغَيْرِ اللّهِ فَمَنِ اضْطُرَّ غَيْرَ بَاغٍ وَلاَ عَادٍ فَلا إِثْمَ عَلَيْهِ إِنَّ اللّهَ غَفُورٌ رَّحِيمٌ

«Шынайы түрде сендерге өлексені, (арам өлген малды), қанды, доңыз етін және Алладан басқаның атымен бауыздалғанды арам қылды. Сонда кім мәжбүрленсе, қарсылық қылмаса, шектен шықпаса оған кінә жоқ. Күдіксіз Алла өте жарылқаушы, ерекше мейірімді»[3].

Осылардың қай-қайсысын алсақ та денсаулыққа зиянды екенін қазіргі медицинаның қыр-сырын меңгерген мұсылман емес ғалымдардың өзі дәлелдеп отыр[4].

Ибн Кәсир кейбір ғалымдардың сөзін жеткізіп былай дейді: «Алланың халал еткен нәрселерінің әрбірі жақсы саналады әрі ол адам баласының ағзасы мен дініне пайдалы. Ал әрбір харам еткен нәрсесі лас есептеледі әрі ол адам ағзасы мен дініне зиян келтіреді»[5].

Ішімдіктен әр бір есірткіш, алкогольды сусындарың барлық түрін Алла Тағала Құранда, Пайғамбарымыздың ﷺ хадистерінде харам етіп, тыйым салған.

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ إِنَّمَا الْخَمْرُ وَالْمَيْسِرُ وَالأَنصَابُ وَالأَزْلاَمُ رِجْسٌ مِّنْ عَمَلِ الشَّيْطَانِ فَاجْتَنِبُوهُ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ

«Әй мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар»[6].

Алкогольді ішімдіктердің қандай түрі болмасын, арақ, шарап, сыра т.б адамді есіртіп, миын айналдыратындардың жеңілі де ауыры да, ащысы да тұщысы да, қымбаты да арзаны да, көбі де азы харам болып бекітілген.

قَالَ النَّبيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: كُلُّ مُسْكِرٍ خَمْرٌ وَكُلُّ مُسْكِرٍ حَرَامٌ

«Барлық мас қылушы – арақ һәм барлық мас қылатын нәрсе харам»[7].

Есірткінің қай түрі болмасын, адамды абыройдан, ақылдан, отбасынан айыруға себеп болғанынан бөлек, деннің саулығына да орасан залалы бары баршамызға белігі. Пайғамбарымыз да бұл нәрселерді барлық жамандық атаулының бастауы екенін ескерткен мынадай хадисін естен шығармағанымыз абзал:

اِجْتَنِبُوا الْخَمْرُ فَإنهَا مِفْتَاحُ كُلِّ شَرٍّ

 «Арақтан сақ болыңдар. Ол ақиқатында барша жамандықтың кілті»[8]

Соны біле тұра денсаулық үшін деп ішетіндер де бар. Денсаулыққа кері әсер ететін нәрсені денсалық үшін деп ішу, ақылға сыймайтын әрекет. «Анда-санда аздап ішіп тұрсаң көп пайдасы бар екен» деген сылтаулар айтылып жатады. Бірақ біз мұсылман халқы, ненің пайда, ненің зиянды екенін көлденең келген көк аттыдан емес, алдымен Құран мен Хадистен және ғалымдардың кеңесінен біліп алуымыз қажет. Егер одан бізге зиян келетін болса, дініміз оны тыйым салады. Алланың ардақты Елшісі Мұхаммед пайғамбар ﷺ:

«Харам болған нәрселерде шипа жоқ.»[9] - деп кесіп айтқан (Бұхари).

Ал Пайғамбар тек ақиқатты ғана айтады.

Қазіргі уақытта басқа халықтан тарап, біздің еліміздің халқына соның ішінде мұсылмандар арасында да етек алып, үйреншікті әдетке айналған шылым тарту мәселесі жайында Құранда айтылмағандығын алға тартып, өзін ақтап жатады. Әрине ол заманда темекі тарту әдеті болмаған соң, ашық айтылмаса да, жанамалып түсінетін аяттар мен хадистерден оның да мұсылманның өмірінде орыны жоқ екенін байқаймыз. Түбінде залалы бар, денсаулықтың бұзылуына себеп болатын, өмірімзге қауіп төндіретін амалдарға шариғатымыз тыйым салады. Құран аяттарының бірінде Алла Тағала былай деп бұйырады:

وَلاَ تَقْتُلُواْ أَنفُسَكُمْ

«...Және өздеріңді-өздерің өлтірмеңдер...»[10].

Егер адамның өліміне себеп болған нәрсе темекі немесе сол сияқты зиянды, улы нәрселер болса, онда оның ақырғы дүниедегі жағдайы да жақсы емес екенін Пайғамбарымыз ﷺ хадисте былай түсіндірген:

«Кімде-кім өзін өткір затпен өлтірсе, қолындағы өткір зат тозақта мәңгіге қарнына қадалады. Кімде-кім өзін у ішіп өлтірсе, ол тозақта мәңгілік у жұтады. Кімде-кім өзін таудан тастап өлтірсе, тозақта мәңгі бақи құлайды»[11]

Егер шылымның никотинін аздаған мөлшердегі у десек, осы хадисте ескертілгендей, шылымның зардабынан қайтыс боғандардың да жағдайын елестетудің өзі қиын. Оның залалы туралы айтылып та, жазылып та жатыр. Оны естімеген, оқымаған адамның өзі, әр бір қорап темекіні сатып алған сайын сыртындағы анық жазуы, оған қоса денсаулыққа тигізетін орасан зор қатерін суреттеген қорқынышты бейнелердің өзі дәлел.

Құранда тыйым салынған, хадистерде зұлымдығы ескертілген нәрселерлерден мұсылман баласы бойын аулақ ұстағаны бұл дүниенің ғана емес, о дниесінің жарқын болуына себеп болары ақиқат. Қазіргі уақытта әлем ғалымдары дабыл қағып, бұл кеселден айығудың жолын іздестіруде. Олардың келтірген деректері адам шошырлықтай. Соның бірі ретінде ғаламтор бетінде жарық көрген «Темекінің мыңнан артық зияны» атты мақаланың үзінідісін ұсынып отырмыз:

«...Жыл сайын дүние жүзінде темекі шегудің салдарынан 4 млн. адам қайтыс болады екен. Мұны жыл бойына әр күн сайын 25 авиалайнер апатқа ұшырап, сол себепті түгел ажал құшқан пассажирлердің санымен салыстыруға болады. Бүгінде жер шарында 1,2 млрд. адам темекі шегетін көрінеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, 1997 жылы темекіден 3 млн. адам қайтыс болған болса, бұл көрсеткіш жыл сайын 33 пайызға өсіп отырған.

Бұл – бұл ма? Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебіне жүгінетін болсақ, егер жағдай өзгермесе, онда таяу жылдарда жарты миллиард тірі адамның түбіне темекі жетуі мүмкін көрінеді. Бұл қолайсыз мәлімдеме үрейлендіріп, үркіту үшін емес, нақты факт негізінде жасалып отыр. Ал, Қазақстанға келер болсақ, қазіргі уақытта 5 миллионға жуық адам темекі шегеді екен. Оның басым бөлігі орта жастағы адамдар болса керек. Адамдар бір Аллаға ғана құлшылық жасауға бұйырылған және Оның тыйым салған нәрселерінен сақтануға тиіс еді, бірақ, оған қарамастан, осы күнәлі істі жалғастырушыларды жоғарыдағы мәліметтің селт еткізбейтіні түсініксіз болып отыр. Темекі тартатын адам күніге орта есеппен 200 рет, айына 6 мың рет, жылына 72 мың рет ішке түтін тартса, ал 45 жастағы адам өмір бойына 2 млн. рет темекі тартады деседі.

Қызығы сол, темекі шегуді о баста «ойнап» бастаған 100 адамның 80-і біртіндеп тұрақты шылымқорға айналады. Темекі шегудің зиян келтіретінін білсе де, шылымқорлар көбеймесе азаймай отыр. Темекі шегуші адамдар тек өзін ғана улап қоймай, қасындағы басқа адамдарды да улайтыны белгілі. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) қасиетті сөздерінде айтылғандай, адам өз денсаулығын қорғауға, оны бұзып, уландыратын әр нәрседен аулақ болуға міндетті еді...»[12]

Темекінің зияны шегушінің өзіне ғана болса, залалы да обалы мен күнәсі да өзіне. Ал, оның басқаларға зияны тиетінін ескерсек күнәсі да зияны да еселеп артады десек артық болмас. Темекі тартушының жақындары мен жанындағыларға келтірер зұлымдығы ауа арқылы емізулі әйел болса, сүт арқылы балаға зияны тиеді.

Алладан өзімізді әртүрлі кеселдерден қорғауды, денімізге саулық беруді сұрау күнделікті әдетімізге айналдыруымыз ләзім. Алладан өзіміз де соған лайықты амалдарды орындап, зиянкес әрекеттерден тоқталғанымыз дұрыс. Өйткені Алланың бізден талабы сондай. Құран Кәрімде Алла Тағала былай бұйырған:

إِنَّ اللّهَ لاَ يُغَيِّرُ مَا بِقَوْمٍ حَتَّى يُغَيِّرُواْ مَا بِأَنْفُسِهِمْ

 «Қай бір қауым өзін-өзі өзгертпейінше Алла оны өзгертпейді»[13]. 

Жоғарыда айтып өткеніміздей денсаулық Алладан берілген бір нығмет. Сол нығметті бағалап, көзіміздің қарашығындай сақтаудың өзі Аллаға деген шүкіршілігімізді білдіреді. Сол зор нығметке өз қолымызбен балта шаппай бағалау өзімізге қажетті іс.   

ذَلِكَ بِأَنَّ اللّهَ لَمْ يَكُ مُغَيِّرًا نِّعْمَةً أَنْعَمَهَا عَلَى قَوْمٍ حَتَّى يُغَيِّرُواْ مَا بِأَنفُسِهِمْ وَأَنَّ اللّهَ سَمِيعٌ عَلِيمٌ

«Міне Алла, бір қауымға берген нығметін; олар өздерін өзгертпейінше өзгертпейді. Шынында Алла, толық естуші, аса білуші»[14]

Өзіміз денсаулығымызға кереғар келетін амалдар жасап, соның кесірінен ауруға ұшырап, оны Алланың ісі деп айту қиын. Оның алдын алу амалдарын қарастырдық па? Әлде ол өзіміз сатып алған ауру ма? Осы сауалдарға да өзіміз жауап іздеп көруіміз керек-ақ.   

إِنَّ اللّهَ لاَ يَظْلِمُ النَّاسَ شَيْئًا وَلَكِنَّ النَّاسَ أَنفُسَهُمْ يَظْلِمُونَ

«Алла адамдарға еш зұлымдық қылмайды. Бірақ адамдар өздеріне өздері зұлымдық қылады»[15]

Көңіл көтеру мақсатында «денсаулық үшін» деп арақ ішсек, ермек үшін шылым тартсақ, қызық үшін, уақытша мастық үшін есірткі қолдансақ, тамақ болса болды екен деп харам-халалына қарамай не болса соны жей берсек, одан соң сол істеріміздің кесірінің бір қиындығы келіп қалса, оны өзімізден басқа ешкімнен көре алмаймыз.

Өзімізді және ұрпағымызды өмірдің әртүрлі жағдайларна дайындау үшін денсаулығымызды сақтау үшін соған лайықты салауатты өмір салтын ұстануымыз керек.

كَتَبَ عُمَرُ بْنُ الْخَطَّابِ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ إِلَى أَهْلِ الشَّامِ أَنْ عَلِّمُواْ أَوْلاَدَكُمُ السِّبَاحَةَ وَالرَّمْيَ وَالْفُرُوسِيَّةَ

Әділетті халифа Омар (р.а.) Шам еліне жазған хатында: «Өз балаларыңа садақтан оқ атуды, суда жүзуді және атқа мінуді үйретіңдер»[16], – деген.

Денсаулығымыз сыр берсе, оны өз уақытында емдеу де мұсылманның міндеті. Ал Алла мені сынау үшін ауру берген екен деп, қолымыздан келе тұра шамамыз жете тұра оны асқындырып алсақ, өзімізден басқа кім кінәлі болмақ. Шариғатымыз аурудан Аллаға жалбарына шипа тілеп, оның емін іздеуді талап етеді.

Пайғамбарымыз ﷺ бір хадисінде:

«О, Алланың құлдары! Емделіңдер, себебі дертті жаратқан Алла оның шипасын да жаратқан. Тек кәріліктің емі жоқ» — деген хадисін ұстана отырып, қазіргі таңдағы дамып жатқан медицинаның қызметтерін, бұрыннан келе жатқан халықтың емдердің адал түрлерін, сондай-ақ Пайғамбарымыз үйреткен емдік амалдарды және де Құрандағы шипа аятары мен хадистерде келген шипалық дұғаларды пайдалана отырып емделу, денсаулықты нығайту сауапты да міндетті амал екенін біле жүрейік.

Медицинада дәлелденген сақтануға тиісті нәрселерден сақтана отырып, Пайғамбарымыздың сүннеттерінде келген күнделікті іс-әрекеттерімізде жасалатын болар-болмас болып көрінген амалдарды естен шығармауымыз абзал. Мысалы, мүмкіндігінше суды, тамақты отырып ішу, дәретханада қажетсіз отырмау, іш дәрет алып жүру, әр дайым дәретпен жүруге дағдылану, тамақты шамадан тыс ішпеу, Рамазан айынан бөлек жиі сүннет оразаларды ұстау, ас алдында және кейін қол жуып, ауызды шаю, тісті тазалау тағы басқа да Пайғамбардан қалған пайдалы кеңестерге көңіл бөлу қажет.

أَبو هُرَيْرَةَ رضِيَ الله عنهُ قَالَ : قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صلى الله عليه وسلم : الْمُؤْمِنُ الْقَوِىُّ خَيْرٌ وَأَحَبُّ إِلَى اللَّهِ مِنَ الْمُؤْمِنِ الضَّعِيفِ وَفِى كُلٍّ خَيْرٌ احْرِصْ عَلَى مَا يَنْفَعُكَ وَاسْتَعِنْ بِاللَّهِ وَلاَ تَعْجِزْ وَإِنْ أَصَابَكَ شَيءٌ فَلاَ تَقُلْ لَوْ أَنِّى فَعَلْتُ كَانَ كَذَا وَكَذَا. وَلَكِنْ قُلْ قَدَرُ اللَّهِ وَمَا شَاءَ فَعَلَ فَإِنَّ لَوْ تَفْتَحُ عَمَلَ الشَّيْطَانِ

Әбу Һурайра (р.а.): «Күшті мұсылман әлсіз мұсылманға қарағанда жақсырақ, әрі Аллаға ұнамдырақ. Бірақ, екеуінде де қайыр бар. Өзіңе пайдалы дүниеге ұмтыл, Алладан жәрдем сұра, дәрменсіздік танытпа. Бір жағдайға тап бола қалсаң, «Егер мен былай істегенде былайша-былайша болар еді» деп айтпа. Алайда: «Алла Тағала жазды, Оның қалауы болды», деп айт. Өйткені, «егер» деген сөз шайтанға жол ашады», деген хадисті риуаят етеді.[17]   

Алла Тағала баршамызға тәннің саулығын, екі дүниенің жақсылығын нәсіп етсін!

[1] Имам Әл-бұхаридың хадис жинағы

[2]Имам Ахмад риуаят еткен хадис

[3] «Бақара» сүресі 173 аят

[4] Likar.info

[5] Ибн Кәсир, «Тәфсиру әл-қурани әл-Азим», 2/264

[6] «Мәида», сүресі 90-92 аяттар

[7]Әл Бұхари, Мүслім, Әбу Дәуіт, Термези және Нәсәи риуаят еткен хадис.

[8] Жәмиъуль ахадис

[9] Имам Әл Бұхари

[10] «Ниса» сүресі 29 аят

[11] Әбу Һурайрадан. Имам Әл Бұхари

[12] massaget.kz

[13] Рағыд сүресі 11 аят

[14] Әнфал сүресі 53 аят

[15] Юнус сүресі 44 аят

[16] Ас-Сиюти жеткізген.

[17] Имам Муслим риуаят еткен

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемнің Раббысы Аллаға ғана лайық.