الله الرحمن الرحيم الملك القدوس السلام المؤمن المهيمن العزيز الجبار المتكبر الخالق البارئ المصور الغفار القهار الوهاب الرزاق الفتاح العليم القابض الباسط الخافض الرافع المعز المذل السميع البصير الحكم العدل اللطيف الخبير الحليم العظيم الغفور الشكور العلي الكبير الحفيظ المقيت الحسيب الجليل الكريم الرقيب المجيب الواسع الحكيم الودود المجيد الباعث الشهيد الحق الوكيل القوى المتين الولى الحميد المحصى المبدئ المعيد المحيى المميت الحي القيوم الواجد الماجد الواحد الصمد القادر المقتدر المقدم المؤخر الأول الأخر الظاهر الباطن الوالي المتعالي البر التواب المنتقم العفو الرؤوف مالك الملك ذو الجلال والإكرام المقسط الجامع الغني المغني المانع الضار النافع النور الهادي البديع الباقي الوارث الرشيد الصبور
+7 (7222) 52-19-11

Зина – ауыр күнәға бату

Құрметті мұсылман бауырлар! Алла тағала адам баласын жаратқаннан кейін, оларды қараусыз қалдырмаған. Өзінің таңдаулы құлдары болған пайғамбарларды жіберіп, оларға тура жолды нұсқаған. Солар арқылы жақсы мен жаманды, әділдік пен зұлымдықты, ақ пен қараны ажыратуды үйреткен. Алайда адам баласы үнемі пайғамбарларына бой ұсынып, солар көрсеткен жолмен жүрді дей алмаймыз. Пайғамбарымыздың көзін көріп жүрсе де, түрлі зұлымдықтар мен ұятсыз істерге бой алдырғандар көп болды. Ал пайғамбарлар өткеннен кейін жаман әрекеттерге беріліп кеткендер тіпті көп болды. Құранда:

فَخَلَفَ مِن بَعْدِهِمْ خَلْفٌ أَضَاعُوا الصَّلَاةَ وَاتَّبَعُوا الشَّهَوَاتِ فَسَوْفَ يَلْقَوْنَ غَيًّا

 «Бұл пайғамбарлардан кейін орындарына, намазды қойып, нәпсілеріне ергендер келді. Олар жақында (қияметте) адасуларының сазайын тартады»,[1] деген.

Алла тағала жақсы көрмейтін абыройсыз істердің бірі — зина. Қазіргі қоғамда осы бір іс көбейіп жатқаны белгілі. Сондықтан бүгінгі уағыз осы тақырыпқа арналады.

«Зина» сөзі ер не әйелдің некесіз бөгде біреумен төсек қатынасына түсу дегенді білдіреді.[2]

Қасиетті Құран Кәрімде айтылған Алланың үкімі мен пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистері және барлық Ислам ғұламалары зина жасауды бірауыздан ең ауыр күнәға жатқызады. Ол Ислам дінінде ғана емес, сондай-ақ өзге діндерде де тыйым салынған сүйкімсіз істер қатарына жатады.

Мейрімі шексіз Жаратушы Иеміз өзінің сүйікті құлдарын зина жасаудан сақтануды ескертіп, қасиетті Құран Кәрімде:

«وَلاَ تَقْرَبُواْ الزِّنَى»

«Зинаға жақындамаңдар»[3] деген. Аяттың мәніне үңілер болсақ, бұл жерде Алла тағала «зина жасамаңдар» деп тұрған жоқ, «зинаға жақындамаңдар» деу арқылы осы арсыз, ауыр күнәны жасау былай тұрсын оған жақындамауды, тіпті оған апаратын кез келген әрекеттен бойды аулақ ұстауды бұйырған. Түптеп келгенде, зина — тек екі күнәһардың ғана жасаған қылмысы емес, отбасының тамырына балта шабу және келешек қоғамның ыдырауына жол ашатын, халықты іштен ірітетін қоғамдық індет. Сондықтан да кез келген мұсылман баласы осы аса қауіпті дерт — зинақорлыққа және зинаға итермелейтін қандай да бір әрекеттен аулақ болуға зәру.

Құран зина жасау мақсатында көңілдес, ашына табуды (اتخذ أَخْدَان) харам санаған.[4] (اتخذ أَخْدَان) «Иттиһазу аһдан» сөзі некесіз жыныстық қатынасқа түсу үшін ашына болу деген мағынаға келеді.[5]

Бұған қоса Құрандағы:

وَلاَ تَقْرَبُواْ الْفَوَاحِشَ مَا ظَهَرَ مِنْهَا وَمَا بَطَنَ

«Жамандықтардың (фауахиш) ашық, жасырын болғанына да жақындамаңдар»[6] деген аят күллі күнәларды қамтумен қатар зинадан да аулақ болыңдар деген мағынаны береді.

Негізінен, төсек әрекетіне шақыратын құмарлық сезімі — адамның табиғи болмысы, яғни жаратылысы. Бұл сезімді Алла тағала құлдарына ұрпақ жалғастыру үшін сыйға тартқан. Аталмыш сезімдерді жақсы не жаман жолға жұмсау адамдардың өз еркінде. Егер дұрыс қолданса, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үмбетінің көбеюіне үлес қосып, сауап алады. Ал дұрыс қолданбаса, Ібілістің ойыншығына айналады. Демек, адам бұл жаман жолға нәпсіне ергендіктен барады.

Әйгілі төрт халифаның бірі Әли ибн Әбу Тәліп (р.а.): «Ең қорқыныштысы — нәпсіге ие болмау. Нәпсінің жетегінде кету — адамды ақиқаттан аластатып, ақиретті ұмыттырады», — деген екен. Сол сияқты, ислам қағидасымен қарағанда, ең бақытты адам деп — өз нәпсісіне ие адамды айтады. Міне, рухани тұрғыдан адамның адамнан артықшылығы өз нәпсісін тізгіндей алуымен өлшенеді.

Ислам діні зинақорлық індеттің алдын алу үшін мұсылман баласына отбасылық өмірін ақ некемен бастауды әмір еткен. Алла тағаланың адал жолымен қосылып, перзент сүйіп, киелі шаңырақ көтеру арқылы өз ар-намыстарын сақтап қалмақ. Ал үйленуге шамасы келмегендерді қасиетті Құран Кәрімде:

وَلْيَسْتَعْفِفِ الَّذِينَ لَا يَجِدُونَ نِكَاحاً حَتَّى يُغْنِيَهُمْ اللَّهُ مِن فَضْلِهِ

«Үйлене алмағандар, Алла Өз кеңшілігімен байытқанға дейін, (күнәлі істерден) өздерін таза ұстасын...»[7], деп оларды ар-намысын сақтауға шақырған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да:

يا معشر الشباب من استطاع منكم الباءة فليتزوج فإنه أغض للبصر وأحصن للفرج ، ومن لم يستطع فعليه بالصوم فإنه له وجاء

«Уа, жастар! Араларыңыздан үйленуге жағдайлары барларыңыз үйленсін. Үйлену - көзді харамнан, бойды күнәдан сақтайды. Үйленуге жағдайы келмегендер ораза ұстасын. Себебі, ораза ол үшін қалқан»[8],— деп өсиет еткен. Иә, ораза арқылы нәпсіні тәрбиелеуге болады. Аш адамдардың мұндай арсыз қылықтарды жасамасы анық.

Тағы бірде:

تناكحوا تناسلوا تكاثروا فإني مُبَاهٍ بكم الأمم يوم القيامة

«Неке қидырып үйленіңдер, перзентті болып көбейіңдер. Әрине, мен сендердің көптіктеріңді қиямет күні басқа үмбеттің алдында мақтаныш етемін» деген.[9] Яғни, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұнда азғындыққа бой алдырып, қара көбейткендерді емес, жүрегі иманға толы, адамгершілігі мол жандардың көптігімен мақтанатынын меңзеген болатын. Демек, ақ некеде көзделген ең ізгі мақсат — адамзат ұрпағын адал жолмен сақтап, көбейту.

Және көбейтіп қана қоймай, пайғамбарымызға үмбет болатындай етіп тәрбиелеу де ата-анаға жүктеліп тұрғанын байқаймыз.

Ислам діні бөгде ер мен әйелдің арасындағы қатынасқа белгілі бір шек қойған. Бұл жайлы қасиетті Құранда:

قُل لِّلْمُؤْمِنِينَ يَغُضُّوا مِنْ أَبْصَارِهِمْ وَيَحْفَظُوا فُرُوجَهُمْ ذَلِكَ أَزْكَى لَهُمْ إِنَّ اللَّهَ خَبِيرٌ بِمَا يَصْنَعُونَ

وَقُل لِّلْمُؤْمِنَاتِ يَغْضُضْنَ مِنْ أَبْصَارِهِنَّ وَيَحْفَظْنَ فُرُوجَهُنَّ

«(Ей, Мұхаммед!) Мүміндерге айт: бөгде әйелдерге сұқтанып көз сүзбесін, абұйырларын (ұятты жерлерін) ашпасын. Олардың осылай еткені жақсы. Шынында, Алла олардың бар қылықтарын байқап тұрады. Мүмін әйелдерге айт: жат еркектерге көз сүзбесін, абұйырларын жапсын...»[10], — деп бұйырады.

Бөтен еркектердің бөтен әйелдерге, бөтен әйелдердің басқа еркектерге құмарта қарауы — харам. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Әлиге:

«Ей, Әли! Қайта-қайта арқаңа үңіліп қарама. Өйткені, бір рет қарау-сенің хақың, ал екінші рет қарауға хақың жоқ»[11], деп өсиет айтты. Бұл харамға бойлау сатылы түрде жүзеге асатынын, яғни көз салумен, құлақ түрумен, тіл қатысумен, қол ұстасумен басталып, жүзеге асатынын көрсетеді. Ал ақыры зина әрекетіне апарып соқтыратынын меңзейді.

Адам кейде харам нәрсеге немесе ашық денеге еркінен тыс көз салып қоюы мүмкін. Мұндай жағдайда бірден, сол сәтте көзін тайдырып әкетуі тиіс. Оның жөні бөлек. Алайда одан соң екінші рет қайта қарамауға күш жұмсауымыз керек. Ол оңай шаруа емес. Бірақ күш-қуатты тек Алла береді. Адам тек ниет етсе болғаны. Сөйтсе де адам бұл дүниеде шайтанның құрығынан құтылу үшін Алланы еске алуы керек. Сонда ғана адам кесепаттан бойын таза ұстай алады.

Ардақты Елші (с.ғ.с.) өзіне әлдебір мәселе бойынша келген жас әйелге көз алмай қарап қалған жанындағы жас сахабаның бетін қолымен басқа жаққа көлегейлеп, оны күнәдан қақпайлады.

Бір құдси хадисте:

النظرة سهم مسموم من سهام الشيطان من تركها مخافتي أعقبتهُ عليها إيمانا يجد حلاوته في قلبه

«Харамға қарау — Ібілістің улы оғы, кім одан менен қорқып бас тартатын болса, мен оған терең иман беремін, оның дәмін жүрегінде сезеді»[12] делінген. Демек ер не әйелдің бөгде біреуге құмарта қарауы көз зинасы саналады.

Исламның алғашқы жылдарында мұсылмандықты қабылдағанымен, қараңғылық дәуірінде бойына сіңіп қалған жиіркенішті (зинақорлық) әдетінен арыла алмаған бір жас жігіт Алла Елшісіне (с.ғ.с.) келіп:

— Ей, Алланың Елшісі, маған зина жасау үшін рұқсат берсеңіз — дейді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жанында отырғандар жігіттің әбес өтінішін естіген сәтте оған бірден өре түрегеліп дүрсе қоя берді. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.) сабырлы қалпын бұзбай, оны жанына отырғызып, одан былай деп сұрады:

— Осындай нәрсенің сенің анаңа жасалғанын қалар ма едің?

— Әке-шешем Сенің жолыңда құрбан болсын, Уа, Алланың Елшісі, әрине, қаламаймын!

— Ешқандай адам анасына мұндай жиіркенішті қылықты қаламайды. Егер сенің  қызың болса, оған осындай әрекет жасағанын қалар ма едің?

— Жаным Саған құрбан болсын, ей, Алланың Елшісі, еш қаламас едім!

— Ешбір жан да қызына мұны тілемес еді. Ал әпкелеріңе осындай нәрсе жасалғанын қалар ма едің?

— Жоқ, пайғамбарым, мұны да қаламаймын!

— Ешкім де әпкелеріне мұндай сорды қаламайды. Қарындастарыңа ше, оларға осындай жамандық жасалғанын қалар ма едің?

— Жо-жоқ, қаламаймын!

— Ешкім де қарындастарын қасіретке душар еткісі келмейді, — деген Алла Расулы (с.ғ.с.) қолын әлгі жігіттің жүрек тұсына қойып: «Раббым, мұның күнәсін кешір, жүрегін жамандықтардан тазарт, намысын сақтауға жәрдемші бол!» — деп дұға етеді. Міне, осылайша, жігітке ашуланбай, оның өрекпіген көңілін басып, зинақорлықтың жиіркенішті екенін осындай мысалдармен түсіндіріп, әкелік мейірім танытып, жанын жегі құрттай жеген әлгі күнәдан құтылуы үшін дұға етеді.[13] Жас жігіт сол сәттен бастап өмірінің соңына дейін иманына дақ түсірмеді. Бұл хадистен ұғарымыз өз анамызға, қарындасымызға, апа-қарындасымызға қаламайтын нәрсені бөтен әйелдерге байланысты қаламауымыз керек.

Ардақты елші (с.ғ.с.): «Егер де әйелдеріңіздің арлы, намысты болғанын қаласаңыз, бөгде әйелге құмарта қарамаңыз» деп өсиет ету арқылы қоғамдағы індеттің алдын алуға шақырады. Ар-намысын ойлаған жан өз шаңырағындағы қызына, әйеліне, әпке-қарындасына, басқа да жақындарына, бейтаныс кісіге де мұндай жамандықты тілемейтіні анық.

«Көз көрмесе, көңілің де тілемес, көзің көрсе, көңілінің құлауы түк емес», демекші улы жебенің нысанасы болғысы келмеген мұсылман баласы көздерін харамнан сақтауы тиіс.

Қазіргі таңда жастарымыз заман талабы осы екен деп, жартылай жалаңаштанып жүруді сәнге айналдырып алған. Бұл да зинақорлыққа бастайтын жолдардың бірі. Өйткені, «көзің көрсе — көңіл ауып қалады, көңіл ауса — кімдер ұстай алады!?» дегендей нәтижесінде, бөгде ер не әйел адамдардың күнә жасауына жол ашылады.

Ер-азамат әйеліне, әйелі еріне адал болмауы отбасында ауыр психологиялық ахуал туғы­зады. Бұл көптеген шаңырақтың шайқалуына, бойжеткендердің абыройдан айрылуына себеп болмақ. Көзі жәутеңдеген мыңдаған пәк сәбилер тастанды болып, жетімдер үйіне тоғытылып жатыр. Жылына саналы түрде қаншама жасанды түсікке жол беріліп отыр. Мәселен, Қазақстанда қазіргі таңда 100 мың тастанды бала, 600 балалар үйі бар. 2003 жылғы есеп бойынша 127200 жасанды түсік жасалғаны ресми тіркелген. Ал ресми тіркелмегені қанша екені белгісіз.

«Queens әйелдер бюросы» жетекшісінің мәлімдемесі бойынша, Канадада әр 6 минут сайын 1 зорлау оқиғасы тіркелген, әрбір үш әйелдің біреуі әйтеуір өмірінің бір кезеңінде зорлау оқиғасына тап болады екен. Тағы бір ірі мемлекетте 1998 жылы 49280 зорлау оқиғасы ресми тіркелген көрінеді.[14]

Әлем бойынша жыл сайын 32 миллион жасанды түсік жасалады екен! Бұл — күніне 87 мың деген сөз. Аналар тек сәбилерін ғана өлтіріп қоймай, өз ағзаларына да зор зиян келтіруде.[15]

Сонымен қатар осы күнде барған сайын көбейіп жатқан СПИД дерті де — осындай арсыздықтың бір көрінісі.

2005 жылы дүниежүзі бойынша ВИЧ пен СПИД жұқтырғандардың саны 40 миллион адамнан асып жығылған. Сонымен қатар 3,1 миллион адам, оның ішінде 570 мың бала осы дерттен көз жұмған екен.

Ал Қазақстанда алғаш рет 1987 жылы бұл дертке шалдыққан бір азамат тіркелген екен. Дәл қазіргі таңда Қазақстанда 11369 науқас тіркелген.

ТМД елдері арасында Ресей, Украина, Өзбекстан, Беллоруссиядан кейін бесінші орынға табан тіреппіз. Таза СПИД-ке шалдыққандар қатары — 605. Дені 29-39 жас аралығындағы ауру азаматтар жиі ұшырасады. Мұны ұлт тамырына балта шабатын қасірет деуге болады.[16]

Қоғамның мұндай халге келуіне қандай себеп?

Жақ жабылмай жарнамаланып жатқан тауарлардың астарында ер не әйелзатының жалаңаш тәнінің бейнеленуі, мерзімді басылым беттері мен теледидарларда бұл үрдістің кеңінен етек алуы — зинақорлыққа жол ашып, қоғамның азуына себеп болуда.

«Нәпсісіне жеңілген жан бұзылар, жанындағы жақсыларға күл шашар» дегендей, аталмыш арсыз жарнамаларға алданған жандар үлкен күнәға белшесінен батып жатады. Сондықтан да зинаға апаратын себепті алыстан емес, күнделікті өмірден іздегеніміз жөн.

Адам баласы жалаңаш тәнге құмарту арқылы жүрегіне қара дақ жинайды. Ал бұл өзгенің құқығына қол сұғумен тең. Егер де бұл өзгенің құқығына қол сұғу деп санамайтын болса, Алланың әміріне құлақ аспағаны үшін күнәһар саналады.

«Көзін бағып, ие болсын тіліне,

Ақыл тізгін салсын нәпсі тәніне», дегендей, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

مَنْ يَضْمَنْ لِي مَا بَيْنَ لَحْيَيْهِ وَمَا بَيْنَ رِجْلَيْهِ أَضْمَنْ لَهُ الْجَنَّةَ

«Маған мына екі нәрседе: екі жақ арасы мен екі аяқтың арасына (зина жасамауға) кепілдік берсеңдер, мен сендерге жәннатқа баратындарыңа кепілдік етемін»,[17] — деген.

Хадисте белгілі болғандай, кейбір адамдар зинақорлығымен қоса тілінен де табады.

Сондықтан да арсыздық пен азғындық ешкімге де абырой берген емес.

Бұл індет тек бұл дүниеде ғана емес, арғы дүниеде де жақсылық алып келмейтіні ақиқат.

Зина атаулыдан қанша алыс болсақ — соншалықты жамандықтан, ауру сырқаудан, қылмыстан, т.б. аулақ боламыз. Жезөкшелік, зинақорлық секілді жиіркенішті әрекеттер халқымызда болмаған. Бола қалған бірен-саран оқиғаларды да ауыр қылмыс санап, қоғамда індет ретінде жайылмауы үшін, әрі болашақ нәсілдің рухани тазалығын сақтау үшін қатаң жазалап отырған.

Тарихи деректерге қарар болсақ, зинақорлықтың салдарынан көптеген елдер жермен жексен болған. Мәселен Лұт пайғамбардың қауымы тым шектен шыққан еді. Қатты азғындаған оларда ер мен ер жанасушылық үйреншікті әдетке айналған болатын. Күнәға белшеден батқан қауымға Алла тағала жаза ретінде апат жіберді.[18] Исламға дейінгі кезеңде де зина жасау күнделікті әдетке айналған-ды. Дәл сол сияқты Рим мен Византияның түбіне осы нәпсіқұмарлық жеткен.

Сондықтан да зинадан қашқан адамның ақиретте де Алла тағаланың панасында болатынын ұмытпаған абзал. Нәпсіге, харам нәрселерге ислам ғана өз насихаты арқылы қарсы тұра алады.

Ұрпағымыздың иманды болуын, іргеміздің берік болуын қаласақ зинадан аулақ болуды жан-жақты насихаттауымыз ләзім.


[1] «Мариям», 19/59

[2] Рағиб әл-Исфахани, Муфрадату Әлфазыл-Құран, Дамаск, 1992, 384

[3] «Исра» 17/132

[4] Қараңыз: «Ниса», 4/25; «Майда», 5/5

[5] Елмалылы, Хақ діні Құран ділі, 1982, ІІ/1331

[6] «Әнғам», 6/151

[7] «Нұр» 24/33

[8] Бухари, Саум, 10; Әбу Дәуід, Никаһ, 1; Нәсаи, Сиям, 43; Ибн Мажә, Никаһ, 1

[9] Хадис энциклопедиясы, XVII, 187-б.

[10] «Нұр» 24/30-31

[11] Тирмизи, Әдаб, 28; Әбу Дәуід, Никаһ, 43

[12] Мүслим, Хаж, 407

[13] Мүснәд, V/256-257

[14] Қайрат Жолдыбай, Күдікпен күрес, А., 2008, 149-бет.

[15] «Ислам және Өркениет» газеті, №11 (119) Алматы, 2008ж. «Мені өлімге қалай қидың, анашым?!», 11-бет.

[16] www.aikyn.kz

[17] Бухари, Риқақ, 23; Мүслим, Китабуль иман, 42

[18] Қараңыз: «Ағраф», 7/80-84; «Нәмл», 27/54-58; «Әнкабут», 29/28-35.