Қоғамдық моншаға баруға бола ма? Ассалаумағалейкум! Қоғамдық моншаға баруға бола ма? Омар.

Уағалейкумуссалам! Омар, қоғамдық моншада ер кісілер бір-бірінің әурет жерін көрмейтіндей жабылып жүретін болса, ондай моншада шомылудың ешбір ағаттығы жоқ[1]. Дегенмен, қазіргі кездегі көп моншаларда бұл мәселеге мән берілмей жататындықтан, мүмкін болса, бармаған дұрыс.

Бұл жайында сахаба Жәбир ибн Абдулладан жеткен бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.у): «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне сенсе, дамбалсыз моншаға кірмесін…»[2], – дей отырып, моншада әурет жердің жабық болуына баса назар аударған.

Ер кісілердің әурет жерлеріне Ханафи мәзһабы бойынша кіндік пен тізе аралығы жатады. Кіндіктің өзі әурет боп есептелмейді, ал тізе – әурет[3]. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.у) өзінің бір асыл сөзінде:«…Кіндіктен төмен және тізеден жоғарғы жерге қарамасын»[4], – дей келе, кіндіктің әурет еместігін білдірсе, келесі бір сөзінде: «Тізе әуретке жатады»[5], – деп, тізенің әуретке кіретіндігін баян еткен.

[1] Ибн Абидин, Раддуль Мухтар, «Китабуль Ижәрә»
[2] Тирмизи, Китабуль Әдәб – 2801.
[3] Сарахси, Мәбсут – 10/145 бет; Маусули, Әл-Ихтияр – 1/148-бет.
[4] Әбу Дәуід, Либас – 4114.
[5] Даруқутни – 878.