Жауапты һәм жауапкершілік

Ислам дінінде жауапты жан – Аллаһтың әмірлерін орындап, тыйым салған нәрселерінен бойын аулақ ұстаған адам. Ислами жауапкершіліктің белгілі шарттары бар. Әуелі мұсылман болуы. Әлемді жоқтан жаратқан Ұлы Жаратушыға иман ету керек. Сонымен қатар, Оның періштелеріне, түсірген кітаптарына, жіберген пайғамбарларына және қиямет күніне, тағдырға сеніп, қайта тірілудің ақиқат екенін жүрекпен мойындап, тілмен айту нұр үстіне нұр. Жауапкершіліктің екінші шарты – адамның ақыл-есі толық, саналы болуы керек. Өзінің не істейтінін білетін, жақсы мен жамандықты ажырата білетін адам. Сондықтан, ақыл-есі ауысқан адамдар ғибадат етуге міндетті емес. Бұл дүниеде жасаған жамандықтары ақыретте сұралмайды.

Ұлы Жаратушы дінін тау мен тас, жан-жануарлар үшін түсірген жоқ. Ол дінін ардақты етіп жаратқан адамдарына түсірді. Бірақ ақыл-есі ауысқан немесе есінен танған адамдарға жауапкершілік жүктемеді. Тіпті, балиғат жасына дейінгі балаға да бұйрық міндеттелмейді. Пайғамбарына кітап беріп, ақыл иесі адамдарға жіберді. Сондықтан, балиғатқа толмай ерте көз жұмған балалар мен ақыл-есі ауысқан жандар ешқандай сұраққа алынбай, Аллаһтың рақымына бөленіп, мәңгілік бақыт бағы аталған жаннатқа барады.

Бірақ кейбір ғалымдардың бұл ғұмырда ақыл-есі ауысқан жандарды ақыретте Аллаһ сұраққа алады деген көзқарастары да бар. Ең дұрысын бір Аллаһ біледі. Жауапкершіліктің ең соңғы шарты – адам балиғат жасына толуы тиіс.
Ғұламалардың басым көпшілігінің көзқарасы бойынша, балиғат шағы қыз баланың – 9-15, ер баланың – 12-15 жасында білінеді. Бірақ кейбір қыз бала мен ер балада 15-ке келсе де, балиғат шағының белгілері байқалмауы мүмкін. Мұндай жағдайда, 15-ке толған соң балиғат жасына жетті деп есептеліп, жауапкерлік міндеті жүктеледі.