Әбу Ханифаның дүниеден өтуі

 

Әбу Ханифаның һижра жыл санауы бойынша 150 жылы қайтыс болғандығын тарихи құжаттар растағанымен[1], нақты қалай қайтыс болғанына қатысты мәліметтердің дені әр түрлі.

Дауіт ибн Рашид осыған байланысты былай дейді: «Халифа Әбу Ханифаға қазы болуды ұсынған еді. Ол бұл ұсыныстан бас тартқан болатын. Сол үшін оны азаптағанын көрдім. Әр күні зынданнан шығарып, 10 дүре соғылатын. Осылайша, 110 дүре соғылды.  Оған «Қазылық лауазымды  қабыл ал» деді. Бірақ, имам «Мен мұндай лауазымға лайық емеспін» деп бас тартады.  Дүре соғылып жатқанда ол ақырын дауыстап: «Аллаһ тағалам! Құдіретіңмен мені олардың жамандығынан сақтай гөр» деп жалбарынатын еді.  Қазылық лауазымға отырмайтынын білгендіктен оның тамағына у қосып өлтірді»[2].

Ал Ибн Баздауи Әбу Ханифаның түрмеге қамалып біраз уақыт қысым көргенін, кейін Мансұрдың туыс-тары өзара ақылдасып, Әбу Ханифаны абақтыдан шығарып алғанын айтады. Бірақ, пәтуа айтуға, халықпен жолығуына тыйым салынады. Үйінен шығуға рұқсат бермейді. Өмірден озғанша үйқамақта болады[3]. Басқа бір риуаятта Әбу Ханифа түрмеде жатып, халифадан, тіпті, ас-ауқатты да қабылдамағандығы айтылады. Осылайша, ол баласына: «Балам, айына тамағыма 2 дирхам жұмсаймын. Мен қия басып шыға алмаймын. Маған ас-ауқатқа қаражат тауып жеткізіп бер»[4]дейді. Сөйтіп, Әбу Ханифа Халифа жіберген ауқаттан бас тартып, тек Куфадан алдырылған адал асымен күн көреді[5].  Әбу Ханифа түрмеден шыққаннан кейін Бағдатта 15 күндей  төсек тартып жатып, қайтыс болғандығы да айтылады[6].

Қорыта келгенде, бұл риуаяттардың барлығында оның қазылық лауазымынан бас тартып, абақтыда ауыр азап көргендігі, түрмедегі дүре жазасынан немесе уланып қайтыс болғаны айтылады[7]. Нақты өліміне не себеп болғанын білмесек те, өлім оны мына дүние азабынан құтқарады. Ол өз ойынан қайтпай, әделетсіздікке көз жұма алмайтынын көрсетіп, мемлекеттік қызметке бармай, ілімнің абыройын сақтап, сол жолда шейіттіктің шәрбәтін ішті.

Халық қара жамылып, Бағдатта қаралы күн туды. Білімді, діндар, тақуа, көркем мінезді, парасатты Әбу Ханифа халық алдында сыйлы да ардақты еді. Сондықтан, Ирак фақиһының, ұлы имамның  жаназасына барша Бағдат халқы қатысты. Қала көшелері онымен  қоштасуға шыққан адамдарға сыймай кетті[8]. Жаназасына 50 мың адам жиналғандығы, адамның көптігіне байланысты 6 рет жаназа намазы оқылып, сол күні асыр намазынан кейін ғана жерленгендігі айтылады[9]. Мүрдесі өзінің өсиетіне орай Бағдаттағы Хайзуран зиратының шығыс жағына қойылды[10]. Кейін Шәрәфулмүлк Әбу Саид әл-Мустәуи 1067 – жылы кесене тұрғызып, маңынан медресе салғызады. Қабірі қазіргі Бағдат қаласында өзінің атымен аталатын Ағзамия ауданында орналасқан[11].

Әбу Ханифаның замандасы Абдуллаһ ибн Мубарактың «Білімнің миы» деген[12]даналықтың дариясы Әбу Ханифа артынан мұсылман үмбетіне өшпес із қалдырып, жарық дүниемен қош айтысып кете барды.


[1]  Ибн Сағыд, Табақат, 6-т., 368-369-б.; Сәймиәри, 94-б.; Бағдади, Тарих, 13-т., 330-б.

 [2]   Әбу Захра,  Әбу Ханифа, 69-б.

 [3]  Манақибу Имам Ағзам 2-т, 15-б.

 [4]   Хайсами, 87-б.

 [5]  Р. Батыр, Әбу Ханифа жизн и наследие, 106-б.

[6]    Бағдади, Тарих, 13-т., 330-б

 [7] Яқуб ибн Шайба Ибн Мубарактан «Халифа Мансұр Әбу Ханифаның  қазы  болғанын қалады, ол бас тартты. Халифа Мансұр «сен боласың» деп ант етті. Әбу Ханифа «болмаймын» деп ант етті. Сонда Рабиғ ибн әл-Хажиб Әбу Ханифаға қарап «Халифа Мансұр ант етіп тұр, көрмейсің бе?» дейді. Сонда Әбу Ханифа «Халифа Мансұр антының каффаратын өтеуге шамасы жетеді, деп өзі антын бұзудан бас тартады. Содан кейін оны түрмеге қаматып, сол жерде қайтыс болады. Хайзуран деген жерде жерленеді.  әз-Зәхәби, 26-б.

 [8]  Әбу Захра, Әбу Ханифа, 52-б.

 [9] Саймиәри, 93-б.; Хәйсәми, Хайратул-хисан, 208-209-б.; Имам Ағзам қайтыс болар кезде өзін үкіметтің біреулерден заңсыз алып қойған жеріне емес, ешкмнің таласы жоқ адал жерге көмуін өсиет еткен екен. Сонда бұл өсиетті естіп, өзіне қысым көрсеткен халифа Әбу Жағфар тақуалығы мен адалдығына таң қалып: «Тірі яки қайтыс болған кезінде Әбу Ханифаға көрсеткендерімнен мені кім құтқара алар дейсің?!» деген екен. Әбу Захра, Әбу Ханифа, 49-б.

 [10] Сәймиәри, 93-б.; Зәхәби, Манақиб, 30-б.

[11] Ю. Шефки Явуз // Әбу Ханифа, Ислам Энцилопедиясы (Түркия Дианет Уақфы), 10-т. 133-б., Стамбул, 1994

 [12]  Хайсами, Хайратул-хисан, 32-б.