Ғаламдағы жүйесіздік салдары ненің салқынынан?

islam1
Ұлы Аллаһ Тағала адамзат баласының жасаған күнәларын ешқашан ескерусіз, сауалсыз бекерге жібермейді. Жасалынған күнәнің кесірі тек өзіне ғана емес, күллі қоғамға, ұлтқа, қоршаған табиғат әлеміне де белгілі бір деңгейде салдарын тигізеді. Ұлы Хақ Тағала осы хақында: «Жоқ, олай емес. Олардың істеген нәрселерінен жүректерін тат басты» (Мұтаффифин, 14)-деген тұрғыда ескерту жасайды. Жалпы, адам баласының ұзын ғұмыр белестерінде күнәларының еселеніп, жүректерінің асылық пен күпірге толуына байланысты көптеген есте қаларлық ғибратты жайттардың көрініс тапқандығы мәлім. Жан мен тән, болмыстары бұзылып, руханиятының өшуі мен тотығуына орай Ұлы Жаратушыдан айқын дәлелдер мен бұлтартпас ескертулер легі де келіп отырған. Құран баяндауында айтылмыш мәселе: «(Мұхаммед (с.ғ.с.): «Жер жүзінде кезіңдер де күнәһарлардың соңы қалай болғанын көріңдер» де»,-делінген бейнеде түсіндіріледі (Нәпіл, 69). Мәселен, Нұх (ғ.с.) пайғамбардың есімі Құран Кәрімде 43 жерде кездеседі. Оның қауымына қатысты барша оқиғалар адам баласына ежелден таныс болған ғибратты нышандар. «Рас Нұхты (ғ.с.) еліне жібердік. Сонда олардың ішінде тоғыз жүз елу жыл тұрды. Сол уақытта оларды топан басып алды, олар залым еді» (Ғанкәбүт, 14). Немесе келесі аяттарда: «Нұхтың (ғ.с.) елін де пайғамбарларды жасынға шығарған кезде суға батырып, оларды адам баласы үшін бір ғибрат қылдық. Сондай-ақ залымдар үшін күйзелтуші азап дайындадық. Ғад, Сәмүд және Рес елін, бұлардың арасында көптеген нәсілдерді де… Барлығына да мысалдар берген едік те мүлде жоқ еттік» (Фұрқан, 37-39). Ұлы Аллаһтың мысалдарында ешбір әділетсіздік пен жүйесіздік жоқ, Аллаһтың мысалдары-біздің өмір сүру қуатымыз бен тәубемізге келтіруші жарық бағдаршамымыз іспетті.
Аллаһтың кітабындағы көңілдері тотығып, ахлақтары бұзылған күнәһар қауымдардың ақыр соңдары қалай болғандары мұсылман жұртшылығына өте айқын мәселе болғандықтан, тек Нұх пайғамбардың (ғ.с.)  қауымына аз-кем тоқталдық. Жоғарыда мәлім етілгендегідей, күнәһар қауымдардың күнәсі күллі қоршаған тіршілік бесігіне, табиғатқа, ауаға, суға, тіпті жорғалаған жан-жануарларға да орасан кесапатын тигізеді. Болып өткен құбылыстардың соңынан Жаратушылық белгінің көптеген іс-өрнектерін анғарамыз. Өзінің Әл-Уәли (бүкіл әлемге үкім, әмір жүргізуші), Әл-Бали (бүкіл әлемді басқарушы) көркем есімдеріне сәйкес тіршілік ағымындағы белең алған ретсіздікті жүйелеп, Әл-Мүнтәкыйм (күнәлі пенделеріне әділдікпен жаза беруші) есіміне сайма-сай әділет тағын орнатады.
Адамзаттың күнәсынан зарар шеккен өзге жаратылыстар да Ұлы Хаққа жүгінеді екен. Мужаһид бұл төңірегінде былай деген: «Шынында құрғақшылық күшейіп, аспаннан тамшы тамбай қалғанда жануарлар: «Бұл-адам баласының күнәларының кесірі»,-деп күнәлі пенделерге қарсы қарғыс айтады». Икрима осы жайында: «Жер бетіндегі барлық жан-жануарлар, тіпті, қоңыздар мен шаяндарға дейін: «Адам баласының күнәларының кесірінен бір тамшы суға зар болдық»,-деп шағынады»,-деген. Шындығында, тіршілік тебіренісінің тартылып, аяусыз тілімделуіне де осы әлемдегі жүйенің жоғалуы мен имансыздықтың тереңдеп кетуі дәнекер болған.
Ұлы Жаратушы Құранда:«Адамдардың қолекі істегендерінен құрылықта да, теңізде де бүлінушілік шықты. Істеген нәрселерінің кейбіреулерінің (жазасын) тату үшін. Сонда бәлкім олар қайтар»,-дейді (Рум, 41). Ибн Әбу Дунияның жеткізген хадисі бойынша: «Расулуллаһтың (с.ғ.с.) заманында жер сілкінді. Сонда Расулуллаһ (с.ғ.с.) жердің бетіне қолын қойып: «Тыныштал! Оның уақыты әлі келген жоқ»,-деді. Сосын сахабаларына бұрылып: «Раббыларың сендерге базына айтады, жауап қайтарыңдар»,-деді. Ал, Омар ибн Хаттабтың (р.а.) кезеңінде жер сілкінді. Сонда ол: «Уа, халайық! Жер бостан бос сілкінбейді. Сендердің істерің үшін сілкінеді. Жаным қолында болғанмен ант етейін, егер тағы да сілкінер болса, сендердің араларыңда тұрмаймын»,-деді».
Раббымыз: «Қаншалаған болған кенттерді типыл қылдық. Міне, ол үсті-астына түсіп жатыр. Және иен қалған құдық, ойран болған сарай. Олар жер жүзінде кезіп жүрмеді ме? Сонда олардың түсінер жүректері және естір құлақтары болса еді. Негізінен көздері соқыр емес. Бірақ көкіректеріндегі жүректері соқыр»-деп мәлімдейді (Хаж, 45, 46). Осы жүректері соқыр, мөрлеулі себепті күллі жаратылыс бүтіндігіне запа шектіруде. Жаратушылық әмірге мойынұсынбау пендені Аллаһтың және Елшісінің (с.ғ.с.) қарғыстарына, сондай-ақ өзге жаратылыс иелерінің қарғысына лайықты етеді.
Жан әлемін мөрлеп, құлыптауымен қатар қауымдардың ризықтарының кемуіне де әкеліп соқтырады. Жаратушы Ие Әр-Раззақ (пенделеріне ризық беруші) есімімен әлемге ризық үлестіруші. «Ол сендерге аспаннан мол-мол жаңбыр жібереді. Әрі өздеріңді малдар, балалармен қамдайды. Және сендер үшін бақшалар жасап, өзендер ағызады» (Нұх, 11,12). Осы орайда Муснадта «Пенде өзінің істеген күнәсінің кесірінен келіп тұрған ризығынан қағылады»,-деген хадис келтірілген. Яғни, ізгілік пен тақуалықтан қашықтау-түрлі кесірлерге кез етеді. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Расында менің жүрегім күңгірттенеді. Расында мен Аллаһ Тағаладан күніне жүз peт жарылқау тілеймін»,-деуінде истиғфардың артықшылығы мен үлгісін көрсеткен (Муслим, Әбу Дауд). Себебі, «Аллаһ Тағала әрдайым истиғфар айтқан пендесіне қиыншылықтан құтылу жолын көрсетіп, барлық уайым, қайғысын кетіреді. Әрі ол күтпеген жерден ризығын нәсіп етеді» (Ибн Аббастан (р.а.) Әбу Дауд риуаят еткен).
Aллah Елшісі (с.ғ.с.): «Ей, үмметтерім! Кәлима шаһадат пен истиғфарды парыз біліп, ол екеуін әрдайым айтып жүріңдер. Себебі, шайтан былай деді: «Мен адамдарға күнә істер істетіп, олардың түбіне жетіп тозақы етемін десем, олар кәлима шаһадатпен Аллаһқа истиғфар айтып, менің түбіме жетпекші. Осыны көріп оларды бос, сауапсыз істермен әуре қылып қойдым. Енді олар өздерін тура жолда жүрміз деп ойлайды да, Аллаһқа истиғфар айтпайды».
Әлем Иесі бұл турасында: «Әй, мүміндер! Аллаһтан қорқыңдар да дұрыс сөз сөйлеңдер. Аллаһ істеріңді оңалтып, күнәларыңды жарылқайды. Сондай-ақ кім Аллаһқа, Елшісіне бой ұсынса, әрине, ол-ұлы табысқа ие болады» (Ахзап, 70,71). Хақ Тағала мен Пайғамбарына (с.ғ.с.) бойұсыну тегіс адамзат ғұмырнамасының қастерлі қағидасы.
Ибн Аббас (р.а.) былай деген екен: «Ізгілік адамның жүзін жарқын етіп, жүрегіне нұр, ризығына кеңдік, денесіне қуат беріп, адамдардың жүректеріне махаббат ұялатады. Ал, жамандық болса, пенденің жүзіне қара дақ, жүрегіне қараңғылық, денесіне әлжуаздық беріп, ризығын кемітеді, адамдардың оған деген жеккөрініш сезімдерін оятады».
Қорыта айтқанда, жоғарыда баян етілген ғаламдағы түрліше жүйесіздік, қараңғы түнекте қалған күнәлі қауымдардың жағдайлары, жаратылыс иелерінің жапа шегулері, жер бесігінің тербелістері, жан-жануарлардың Жаратушысына деген шағымдары, несібенің ортаюы секілді әр қилы күрделі жағдаяттар-жаһандағы ізгілік қайнарының тартылып, имансыздық салқынының салдарынан екендігі ақиқат. Ұлы Жаратушылық әмірге салқынқанды қарау-адамзатты үлкен табыстарға иегер етпейтіндігі белгілі.

М. Мұхамадиева,
Семей қаласы.