НЕКЕ ДІН ЖОЛЫМЕН ҚИЫЛУЫ КЕРЕК Уағыз

Еліміз егемендік алғаннан кейін дініміз қайта жаңғырып, мешітке келіп, намаз оқып, имандылыққа бет бұрғандар  Құдайға шүкір көбейді. Осыған орай, кейбір намазхан бауырлар мен қарындастарды төмендегі сұрақ қатты мазалайтын сияқты.

Біздің ата-анамыз Кеңес дәуірінде үйленді, олар некелерін мемлекеттік неке қию орындарында қидырды, мешітте қидырмады. Енді сол ата-аналарымыздың некесі дұрыс па? – деген сұрақтарды жиі естіп жатамыз.

Жауап: Кеңес дәуірінде    мемлекеттік орындарда қиғызған некелері дұрыс, яғни неке болып саналады.

Шариғат бойынша неке қидыру қалай? Жалпы неке қалай дұрыс болады?

Некенің бір рүкні (діңгегі) бар. Ол жас-жұбайлардың бір-біріне деген келісімі болу керек.

Некенің дұрыс болу шарттары бар.

Ата-ананың келісімі болуы керек.

Куәгерлер болуы тиіс

Мәһр (қызға берілетін сыйлық).

Міне, осы жоғарыдағы шарттармен неке дұрыс болып саналады.

Енді Кеңес кезінде неке қию орталығында қиылған некеде: жас-жұбайлардың келісімі болды. Ата-аналар келісті, куәгерлер болды. Болашақ жұбайына болашақ жары сыйлық жасады.

Кеңес кезінде неке қию орталығында болған шарттар шариғат шарттарына сай келеді екен. Және шариғат бойынша «неке» деген сөз мағынасы «хабарландыру» дегенді білдіреді. Яғни екі жастың некелерін қиғаны жайында елге хабарлау.

Кеңес кезінде неке қию орталығында неке қиылғанда да осы «хабарландыру» жария етіледі. Демек, Кеңес дәуіріндегі ата-анамыздың некелері дұрыс деген сөз. Өйткені, шариғатқа сай келеді.

Қазіргі уақытта Құдайға шүкір еліміз дербес ел болып, қайта жаңғырды. Сондықтан, қазіргі уақытта некені мешіттерде қию қажет. Өйткені, оған қазір бізде толық мүмкіншілік бар. Неке дін жолымен де қиылуы қажет.

                                                                                            ҚМДБ-ның Семей аймағы бойынша
өкіл имамы:  Ержан  Малғажыұлы
Семей қаласы.