Сұрақ: Ерлі-зайыптылардың ара-қатынасы қандай болу керек?

Жауап: Жұбайлық қарым-қатынас әдебі

Әрбір іс-амалдарымызда бізге ерекше өнеге, үлгі болатын жан – Алланың елшісі (с.а.с.). Жұбайлық қарым-қатынаста да ол (с.а.с.) үлкен үлгі болды.

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهَا قَالَتْ قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «خَيْرُكُمْ خَيْرُكُمْ لِأَهْلِهِ وَأَنَا خَيْرُكُمْ لِأَهْلِي» رَوَاهُ ابْنُ حِبَّان.

Айша анамыз (р.а.) былай деген: «Алланың елшісі (с.а.с.) былай деді: «Сендердің ең жақсыларың өз жанұясына жақсыларың. Араларыңдағы жанұясына ең жақсыларың  – менмін» (Ибн Хиббан риуаяты).

Асыл дінімізде сүннетке сай түрде үйленіп, халал жолмен қосылып, адал жолмен бала сүю қайырлы амалға жатады. Оған дәлел – төмендегі хадис.

عَنْ أَبِي ذَرٍّ أَنَّ نَاسًا مِنْ أَصْحَابِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالُوا لِلنَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: يَا رَسُولَ اللهِ، ذَهَبَ أَهْلُ الدُّثُورِ بِالأُجُورِ: يُصَلُّونَ كَمَا نُصَلِّي وَيَصُومُونَ كَمَا نَصُومُ وَيَتَصَدَّقُونَ بِفُضُولِ أَمْوَالِهِمْ قَالَ : «أَوَ لَيْسَ قَدْ جَعَلَ اللهُ لَكُمْ مَا تُصَدِّقُونَ : إِنَّ بِكُلِّ تَسْبِيحَةٍ صَدَقَةٌ وَكُلِّ تَكْبِيرَةٍ صَدَقَةٌ وَكُلِّ تَحْمِيدَةٍ صَدَقَةٌ وَكُلِّ تَهْلِيلَةٍ صَدَقَةٌ وَأَمْرُ بِالْمَعْرُوفِ صَدَقَةٌ وَنَهِى عَنْ مُنْكَرٍ صَدَقَةٌ وَفِي بِضْعِ أَحَدِكُمْ صَدَقَةٌ»، قَالُوا: يَا رَسُولَ اللهِ، أَيَأْتِي أَحَدُنَا شَهْوَتَهُ وَيَكُونُ لَهُ فِيهَا أَجْرٌ قَالَ: «أَرَأَيْتُمْ لَوْ وَضَعَهَا فِي حَرَامٌ أَكَانَ عَلَيْهِ فِيهَا وِزْرٌ فَكَذَلِكَ إِذَا وَضَعَهَا فِي الْحَلَالِ كَانَ لَهْ أَجْرٌ». رَوَاهُ مُسْلِمٌ.

Әбу Зар әл-Ғифариден (р.а.) былай дейді: «Пайғамбарға (с.а.с.) сахабаларының бір тобы келіп: «Уа, Расулалла! Байлық иелері көп сауапты алып кетті: олар біз сияқты намаз оқиды, біз сияқты ораза тұтады, сосын мал-мүліктерінің артығынан садақа береді», – дейді. Сонда Пайғамбар (с.а.с.): «Алла сендерге садақа шығаратын нәрселер жасамап па еді? Шындығында әрбір тәсбих («Субханаллаһ» деп айту) – садақа, әрбір тәкбір («Аллаһу әкбар» деп айту) – садақа, әрбір тәхмид(«Әлхамдулилләһ» деп айту) – садақа, әрбір тәһлил («Лә иләһә иллаллаһ» деп айту) – садақа, жақсы іске үндеу – садақа, жаман істен тыю – садақа, тіпті, біреулеріңнің мүшесінде де садақа бар», – деді. Сонда сахабалар: «Уа, Расулалла! Сонда біздің біреуіміз (әйелімен қосылып,) құмарын қандырса, соған да сауап бар ма?» – сұрады. Алланың елшісі (с.а.с.): «Көрмейсіңдер ме, ол оны (мүшесін) харамға салса, сол үшін оған күнә болмай ма? Соған керісінше егер ол онысын халалға салса (яғни, некемен қосылса) оған сауап болады», – деді. (Мүслім риуаяты).

Алланың елшісінің (с.а.с.) әрбір ісі бізге үлгі. Ол (с.а.с.) сахабаларына жұбайлық қатынас кезінде оқылатын дұғаны да үйреткен.

عَنِ بْنِ عَبَّاسٍ قَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «لَوْ أَنَّ أَحَدُكُمْ إِذَا أَتَى أَهْلَهُ قَالَ: بِسْمِ اللهِ، اللَّهُمَّ جَنِّبْنَا الشَّيْطَانَ وَجَنِّبِ الشَّيْطَانَ مَا رَزَقْتَنَا، فَإِنْ قَضَي بَيْنَهُمَا وَلَدًا لَمْ يَضُرُّهُ الشَّيْطَانُ». رَوَاهُ التِّرْمِذِيُ.

Абдулла ибн Аббастан (р.а.) Пайғамбар (с.а.с.) былай деген: «Сендердің біреулерің жұбайымен қосылғанда «Бисмилләһ, Аллаһумма джәннибнәш-шайтана, уа джәннибиш-шайтана ма разақтәнә» («Алланың атымен! Уа, Алла! Бізді шайтаннан аулақ қыл және бізге ризықтағанды (яғни, баланы) да шайтаннан аулақ қыла көр!») деп қосылса, егер олардың арасында бала нәсіп қылса, оған шайтан еш зиян ете алмайды». (Термези риуаяты).

Жалпы Ислам дінінде ер мен әйелдің тәни қатынасына тек некелескеннен кейін ғана рұқсат етіледі. Керісінше жағдайдағы тәни жақындық заңсыз қосылу – зина болып есептеледі. Бұған жол бермеудің бірден-бір амалы – шариғат шартына сай түрде үйлену. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде жастарды үйленуге шақырады. Үйлену арқылы олардың күнәдан аулақ болатындарын, ал үйленуге күші жетпеген жағдайда ораза тұтуларын, ар-намыстарын осылайша қорғаулары керектігін ескертеді.